Серікжан ағамның биебауы (сурет)

12447

80Біздің шаңырақтың азды-көпті аша тұяқтысы мен қылқұйрықтысы Серікжан ағамның қолында. Қысқы ақ қар, күзгі шабындық, көктемгі төлдету науқаны барлығы соның мойнында. Рас күзде біздің әулетке қарасты екі-үш шаппаны жігіттер жабылып шауып береді. Қалған уақытта Секең ағам таңның атысы, күннің батысымен азғана малдың айналасында. Күзде күзеуге, одан қыстауға, қыстаудан ақпанның аяғы, наурыздың басы мал төлдететін өлкеге, одан маусым шыға жайлауға көшетін Секең тамыздың аяғына қарай күзеуге көшіп жүргені. Алдындағы азғана малдың күйіне бола жылына төрт көшетін Секеңнің қысы-жазы желіден құлыны кеткен емес. Ел секілді ат шаптырым желі тартып, азаннан кешке дейін бие сауудан қолы босамай жатпаса да, Тәңірі таңдайына берген бес биесі үзілген емес.
Бар ауыртпалық артта қалып, арқа-басы кеңіп қалатын жаздың үш айының бір айдан астамында Серікжан ағам биелерін байлайды. Биыл да шілденің бірінен бастап байлаған биелерін тамыз туа ағытты.
Туған өлкеден жырақ жүріп, ауылға айлап-жылдап бір ат басын бұрғанда біздің де мәре-сәре болатынымыз осы Секеңнің биебауының басы. Биыл да дәл біз барған күні Сырғалы жайлауында қазық майлап, желі тартып жатыр екен ағам. Атажұрттан ат арытып келді деп айғырдың маңдайына май жағып, сауырына сүт шашатын ырымды маған жасатты. (Бұл молшылық пен, тыныштықтың, құлындардың амандығын Алландан тілеп жасайтын ырым).
Сонымен баршағыңыздың назарларыңызға Серікжан ағамның биебауынан көріністер ұсындым. Айтпақшы суреттердің сапасы әлсіздеу болды, айып етпеңіздер. Ал суреттерді түсірген Мәдина Махамбетқызы.

1 сурет — Желі басындағы Торы айғыр
2 сурет — Серікжан ағам желіге құлын байлауда
3 сурет — Құлын асау болмайма байламаса
4 сурет — Құла құлын желіге тұрмай тулауда
5 сурет — Күні бойы тулаған Құла құлын ертеңінде «күйез боп қапты»
6 сурет — Өз аймағын «белгілеу»
7 сурет — Биені бүкпелеп сауу
8 сурет — күрделеп сауу
9 сурет — Желі басынан көрініс
10 сурет — Сәл түсінік бере кетейін. Мына тұрған торы бие өз құлынын қызғанып, құла құлынның енесі — ақсұры биені шайнап тастаған екен. Серікжан ағам оны жазалады. Екі күн кекіліне тоқпақ байлаған еді «қойдан жуас» бола қалды.
11 сурет — Көзгіл құлын жарық. Болашақта жақсы ат шығуы мүмкін.
12 сурет — Торы айғыр биебауда жусап тұр.

Жаубай Ержан, Арғымақ.кз

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.