Ат үсті сайыс өнерлеріне баулу

10370

Сайыс ойыны (аударыспақ) – қазақ халқының жігіттерді күштілікке, шапшаңдыққа, тайсалмас батырлыққа баулитын, аттарын баптап, баулып шынықтыруды нысана ететін, оларды алып сайыскер етіп жетілдіретін маңызды ат ойыны.
Тарихи деректерге қарағанда, қазақтың сайысы – жамбы ату ойынымен бірге Сақ тайпасы кезінде жаралғаны мәлім. Жамбы атуда садақ, жебеден пайдаланылса, сайыста қара темір найзадан пайдаланған.
Қазақ сардарлары мен сарбаздары өз жауымен жекпе-жек шайқасқанда қаратамақ найзаны басты қару қатарында қолданған. Сайыста найза қолдану сайыс өнеріне жетілу сайыскерлік қуатын ұстау қазақ жасағына қабылданудың басты шарттарының бірі болған.
Демек сайыс — қазақтың өз өмірінде, тойда, мерекеде болсын, жаугершілік заманда болсын, қол бастаған жас батырлардың, атбал азаматтардың айла-тәсілге жаттығып, күш-қайратын шыңдап, қарсылас жауын жеңудің құралы болған.
Сайыс ойынында екі адам жекпе-жек тартысып аударысады. Қай жақ аттан аударып түсіріп кетсе сол жақ жеңген есептеледі. Ертеде сайыс ойынына шығатындар ұзындығы 2,5-3 метрлік ұшты найзалар қолданған. Қазақта рушылдық, бақталастық, атаққұмарлықтың өршуі — сайыскерлер қолындағы найзаны бір-біріне салып, күші жеткені қарсыласын жаралайтын, тіпті өлтіріп кететін тым қауіпті, үрейлі жағдай тудырып, тайпалар, рулар ара берекесіздік, алауыздықты асқындырған. Қазақ қауымы сайыстың осы қаупін көріп, сайыста найза ұстауға мүлде тыйым салған. Оның орнына сайыстың басқа түрін соның ішінде қарсыласын ерден қолымен жұлып түсіру әдісін қолдануды жолға қойған. Сонан сайыс ойыны «Аударысу ойыны» деп те аталған.
Сайыс ойыны тойда, аста, мерекелерде арнайы жүлде белгіленіп, ойналып отырған. Сайыс ойынын басқаратын төрешілер белгіленіп, олардың ұйымдастыруы бойынша өткізіліп отырған. Төрешілер тегіс жердегі кеңдігі 30-40 метрлік сайыс өтеу шеңберін сызып тамашашыларды 2 топқа бөліп отырғызады. Әр ауылдан бірден тегеурінді атбал азамат шығарып, мықты атқа мінгізіп, сайысқа түсіреді. Сайыскерлердің қолына қару берілмейді. Олар тек екі білегіне, атына сеніп аударысып, жүлдеге таласады. Аударысу барысында атына ер-тұрманы сай қайартты, әдісқой жігіттер қарсыласын ат үстінен аударып тастай алса, жеңген есептеліп жүлде алады. Қазақ өмірінде қазақ жігіттері сайысқа бала кезінен-ақ құмартып, өздігінен жаттығады. Қазақтың 4-5 жасар балалары шыбықтан ат мініп аударысып ойнайды. Атқа мініп қайыс тартады. Сөйтіп саты-саты бойынша өнерге жатылып, өресін биіктетеді. Мұндай жаттығу қазақ даласында мал баға жүріп, әр күні дегендей ойналып сахараны дыр-думанға бөлеп жатады. Қазақ жастары мына тіршілігін өзінің бақыты деп біледі. Сол себепті қазақ халқы ата-бабаларынан тартып кең өрісті, тың-тынысты ұлан-байтақ қазақ сахарасын шын жүректен сүйіп, кіндік кесіп, кір жуған қара орманды ата-мекенім деп біледі. Оны ары мен жанын пида етіп қорғауға, қызыл қанымен жыр-дастан және тарих жазуға бел буған.
Сайыс ойыны біздің қазақ даласында әлі де құнын жойғаны жоқ. Оны спорттық өреге көтеріп, спорттағы қағида-ережелер бойынша ойнауды жолға қою тиіс.
Ерте заманда қазақ балаларына үйрететін ат үсті ойындары өте көп болған. Мысалы, «ұстамақ», «тұсамақ», «ерттемек», «тартыспақ», «шабыспақ», «жарыспақ», «атыспақ», «шаншыспақ», «сайыспақ», «ұрыспақ», «тастамақ», «алыспақ», «күреспек», «қарғымақ» т. б.

Тартыспақ

Бұл ойнда ат үсті қимыл негіз, жаяу қимыл қосымша үйретіледі. Ойында балалардың дербес атқа міну, ат тізгінін жетік меңгеруі үшін ең алдымен тайға мінгізіп, оны ерттеу, жүгендеу, тұсау, ұстау әдістерін үйретіп өзара жарыстырады. Тайға міну өнерін әбден меңгерген соң, бәйге аттарға мінгізіп, жарыстарға қатынастырып әбден шыңдап, шынықтырады. Онан соң жеке-жеке аударыстырып, лақ терілерін беріп, көкпар тартқызып ат үстінде қол қарымын сынастырып, балалардың табандылығын, қайсарлығын жетілдіріп, ат үсті өнерінің қыр-сырына қанықтырады.

Тастамақ

Тастамақ — ел ішінде көп тараған күнделік тұрмыс пен қабысып кеткен халықтың ат үсті ойын түрлерінің бірі.
Тастамаққа негізінен арқан, құрық, бұғалық сияқты заттар пайдаланылады. Бұл өнерді үйрену алдында балалрға арқан есіп, құрық бұғалық жасаудың және оларды адам және малдарға тастау мен салу тәсілдері үйретіледі. Онан соң бұзау, құлын, қозы, лақ, тай, тайынша ұстатып, тастау өнеріне әбден машыққан соң, жүйрік тұлпарларға мінгізіп, шу асаулар мен қашағандарға шалма тастатып, кұрық, бұғалық салырып, тарпаңдарды жүгендеп мінуге жаттықтырады. Жылқы күзеу, қысырақ матау, жылқыға ен-таңба салу сияқты шаруашылықтың қарбалас кездерінде бәйге аттарға мінгізіп, жылқы ұстатып сынайды. Сөйтіп ұрпақтарын ат үсті өнеріне мықты қарулы да, қайратты азамат болып шығуға тәрбиелейді.

Алыспақ

Алыспақ — жаяу және ат үстінде бірдей ойналатын өнер.
«Алыспақ» ойынында көбінде балаларды түгел атқа мінгізіп, бір-бірін ат үстінен жұлып алуға аударып тастуға қол қайырыстырып қарсыластарына төтеп беруге машықтандырса; ал аттан түскен кезде алысудың, күресудің, шалудың, бұраудың, жата қалып лақтырудың айла-тәсілдері жан-жақтылы үйретіледі.
Алысу мен шалысудың аударысу мен күресудің қыр-сырын жетік меңгерген балалар есейгенде жаурындары жерге тимейтін балуан, дұшпандарын бұқтырып, қарсыластарына дес бермейтін, ат үсті өнері мен күрес өнеріне бірдей ысылған қайраты мығым, ақыл-айласы мол атпал азамат болып есейеді.

Қарғымақ

Қарғымақ — әр түрлі қауіп-қатерлер мен кедергі-тосқауылдардан шығу жолына машықтандыратын ат үсті ойын түрлерінің бірі.
«Қарғығанды білмеген – тірі ғаріп» деп қараған қазақ халқы қарғу, секіру, қарғыту, секіртудің өзін үлкен өнер қатарында бағалаған. Тіпті оны қатерлі жағдайлардан құтылудың маңызды құралы есептеп ұрпақтарына жастайынан қарғу, секіру, қарғыту, секіртудің сан түрлі әдіс-амалдарын үйретіп отырған.
Қарғымақ ойынын әртүрлі бас қосулар мен шаруадан қолдары босай қалған сәттерді пайдаланып балаларын атқа қондырып, биік қадаға арқан жіп керіп немесе, көлденең кедергі ағаш қойып секіртіп; ардалардан аттарын қарғытып үйреткен. Одан сырт, бас, дауал, ардалы сулардан қарғытып ұрпақтарына «Қарғымақ » өнерінің айла-тәсілін үйретіп, қыр-сырына қанықтырып отырған.
Қарғымақ өнері балаларды батыл, ер жүрек, тәуекелшіл болып, әрқандай қиындық пен бөгетті бұзып өтетін, ақыл-айласы мол батыр азамат болып шығуға баулиды.

Салыспақ

Салыспақ — ерте заманда ел ішінде көп жалпыласқан қазақ халқының ат үсті ұлттық өнердерінің бірі. Бұл өнер ат үсті мен жерде тең ойналады.
Салыспақ ойынына қамшы, сойыл, шоқпар, күрзі, босмойын қатарлы құралдар пайдаланылып, балаларға бұл қаруларды ат үстінде қалай ұстап, жерде қалай меңгеру, қалай сілтеп, қалай үйіріп, қалай ұру тәсілдері бір-бірлеп үйретіледі. Онан соң балаларды өзара сайыстырып жаттықтырады. Ең соңында сайысып жүріп жалт берілудің, тайсап кетудің, жалған көрініс беріп, қарсыласына тап берудің, сондай-ақ қорғану, сақтанудың әдіс-амалдарына жаттықтырады.

Шанышпақ

Шанышпақ — өнері де көбінде ат үстінде ойналатын ұрпақтарды ерлікке, табандылыққа баулып, денелерін шыңдап, шынықтыратын ат үсті ойыны.
Шанышпақ өнерінде ең алдымен балаларға қанжар, сүңгі, найза, кездік сияқты қол қаруларының қыр-сырын ұстау, қайыру, істету, сақтау әдістерін үйретеді. Онан соң сол қаруларды шаншу, түйреу, ілу әдістеріне жаттықтырады. Жаттықтыру барысында ұстаздары балалардың батылдығы мен ерлігін, қайсарлығы мен кескіндігін, ептілігі мен айлакерлігін арттыру үшін айсыз қараңғы түндерде ат үстінде шауып бара жатып найза қылышпен «қара» ілдіріп, «қара» шаптырып, « қара» шаныштырып, «қара» түйретіп машықтандырады. Сондай-ақ қаруларын ат үстінде қалай пайдаланып, қалай сақтаудың әдіс-амалдарын үйретіп, ат өнері мен қару өнеріне тең жетілген ержүрек азаматтар етіп жетілдіреді.

Шабыспақ

Шабыспақ — өнері де негізінен ат үстінде ойналатын байырғы дәстүрлі ойындардың бірі. Шабыспақ ойыныны қылыш, семсер, алдаспан шеберлері балаларды түгел атқа мінгізіп, қолдарына қару ұстатып, қолындағы қаруды ат үстінде қалай ұстап, қалай пайдалану; қалай тап беріп, қалай қорғану әдістерін бір-бірлеп үйретеді.
Егер балалар ат үстінде жақсы үйрене алмаса онда аттан түсіріп, қаруларды қалай ұстауға әбден жаттыққанға дейін жерде машықтандырады. Соңыда өзара сайыстырып, шабыстырып, әбден ысылған соң атпен шауып бара жатып шабу, шауып бара жатып сайысу; топ ішінде қалай шауып, қалай қоғану, қалай тап беру, қалай жалтару әдістері егжей-тегжейлі үйретіледі.

Атыспақ

Атыспақ – қазақ халқының той-мерекелері мен бұқаралық бас қосу кездерінде жиі ойналатын ат үсті ойындарының бірі. Бейбіт кезде қыз-жігіттер бас қосқанда «қара атып», «теңге атып» және аң атып, бәстесіп ойнайды.
Атыспақ ойынына көбінде садақ, мылтық, сақпан қатарлы ату құралдары пайдаланылады. Бұл ойын ертдеде қазақ халқының ерлік, серілік өнерінің бірі есептелгендіктен әр отбасы ұл-қыз демей ұрпақтарына садақ, сақпан, мылтық атуды міндетті түрде үйретіп, ұрпақтарын осы құралдардың қасиетіне жастайынан қанықтырып, атыс өнерінің қыр-сырына қанық болып өсуге баулыған.
Атыспақ өнері недәуір нәзік, әрі күрделі болатындықтан алдымен балаларға ату құралдарының жасалу, күту, ату, сақтау ерекшеліктері ұғындырылып, онан соң оны ұстау, ату әдістері үйретіліп, соңында «қара » атқызып жиын тойларда теңге атыстырып, жарыстырып, атыспақ өнерінің майталмандары етіп жетілдіруге күш салған.
Қазақ халқының ат үсті ойныдары өте көп болған. Бірақ солардың бірталайы заманның өтуі, адамдардың жаңалануы барысында ұмыт болып біздің дәуірге жетпей қалған. Қолыңыздағы бұл кітабымызға солардың ішінде әлі де ұмыт болмай қазірге дейін ел ішіндегі әртүрлі бас қосулар мен мереке-мейрамдарда ойналып жүрген 40-қа жуық түрін енгіздік. Бұлардан тыс қазақ халқының төрт түлік малмен қатысты ойын түрлері мен әдеттегі ойындары да недәуір мол. Алайда кітабымыздың мазмұны ат үсті ойын түрлері болғандықтан атқа қатыссыз басқа ойын түрлеріне тоқталамадық.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Смағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.