Ботай жылқысы. Қызылжарда ерекше ескерткіш ашылды

Солтүстіктегі Қызылжар қаласының кіре берісінде Ботай мәдениетіне арналған ерекше археологиялық ескерткіш ашылды.
Жаңа монумент – Қазақстан мен бүкіл адамзат тарихындағы Ботай мәдениетінің маңызын бейнелейтін өнер туындысы. Бұл жоба ата-баба мұрасын ұлықтап, туған өлке тарихына қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Қаланың «Оңтүстік» бекеті жағынан кіреберісте орналасқан ескерткіш Қала күніне орайластырылып, қонақтарға заманауи әрі тартымды көрініс ретінде әсер сыйлауды мақсат етеді.
Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ емес: Ботай мәдениеті Солтүстік Қазақстан облысы аумағында пайда болған, әрі облыстағы Айыртау ауданында алғаш рет жылқы қолға үйретілген. Бұл – өңір тарихи мен мәдени маңызын айқындайды.
Жобаға сәйкес, кіреберіс аумағында орындықтар, көше шамдары, төбешіктер, жол жабынын төсеу, гүлзарлар бар.
Ескерткіш авторлары – белгілі мүсіншілер Асқар Нартов пен Мұрат Сыздықов және Жалын Бауырхан. Мүсінді жасауға 4 ай уақыт кеткен. Гранит пен қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі 14 метр.
Мүсінші Жалын Бауырханның сөзіне қарағанда, тұғырын үшқырлап, үш мәдениетті ұштастырған. Ал композицияның келесі бөлігі қара жерді бейнелейді. Ондағы балбал тастар мен таңбалы тастар ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі іспетті. Ал ескерткіштің негізгі бөлігі – асауға бұғалық лақтырып жатқан адам. Адамзат жылқыны алғаш рет Қазақ даласында қолға үйретті дегенді білдіретін символ.
Естеріңізде болса, 6 мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстан жерінде жылқы алғаш рет қолға үйретілген. Ал Ботай қонысы – әлемдік деңгейдегі маңызды археологиялық жаңалық еді.
Argymaq.kz