Мұнайлыдағы қымыз саудасы
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының кәсіпкері, «Дүйсенбаев» шаруашылық қожалығының иегері Абай Жәдігеров жылқы өсірумен айналысады. 5 жыл бұрын ол өз ісін бастаған кезде табында небәрі 20 жылқы болды. Енді оның саны 175-ке жетті, олардың ішінде француз, араб, қырғыз, башқұрт, ресей, ағылшын тұқымы бар. Мысалы, Франциядан құлынды ол 60 мың долларға сатып алған. Шаруашылықта 12 адам жұмыс істейді. Табыс көзі — қымыз сату.
«Қазіргі сәтте Абай Жәдігеров — қымыз сататын аудандағы жалғыз кәсіпкер. Агроөнеркәсіптік кешенде жаңа биіктерге қол жеткізу үшін кәсіпкерге Мұнайлы ауданы Кәсіпкерлер палатасы жәрдем көрсетуге әзір. Егер келешекте кәсіпкер жақын қалалар мен аудандардағы дүкендерге дайын өнімін жеткізу мәселесін шешсе, оған кәсіпкерлерді қолдау орталығы да көмектеседі. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес беру, сауатты бизнес-жоспар жасау, бизнестің қысқамерзімді негіздеріне оқыту еш қиындық тудырмайды», — деп атап өтті ауданның КП филиалының директоры Әділет Сами.
Шаруа қожалығында қысқы уақытта 7 биеден күніне 10 литр сүт алынады. Жазғы уақытта орташа 100 литр алуға болады. Қымызды негізінен аудан, облыс орталығының тұрғындары сатып алады. Олар таң сәріден өздері-ақ шаруашылыққа келеді, сондықтан қымыз сату жағынан проблема жоқ.
«Әр күні таңертең шаруашылыққа 50-60 адам келіп, қымыз сатып алады. Қымыз өкпе, бүйрек, асқазан ауруларына ем, әрі тәбетті арттырады. Қымызбен несеп-тас ауруын, өкпе, туберкулез, асқазан жарасы, атерсклерозды емдеп, орталық жүйке жүйесі, қан айналым жүйесін жақсартуға болады. Тілек білдірушілер де көп, таңғы 5-тен келіп кезекке тұрады. Барлығын ұлттық сусынмен қамтамасыз ету әзірге мүмкін емес. Келешекте үйірді 500-ге жеткіземіз. Бұл қымыз өндірісін арттыруға, адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Таяу уақытта кәсіпкерлікті қолдау орталығына бармақпын. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жайлы білгім келеді, егер шарты тиімді болса, банктен кредит алуға қарсы емеспін», — деген ойымен бөлісті А. Жәдігеров.
ҚазАқпарат