Жылқы тұқымы алтыншы-жетінші ұрпаққа келгенде әлсірей бастайды

15823

Ақтөбе Тәжірибе стансасы жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ғалым-селекционер, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Серікбай Рзабаевтың пікірінше, бұл салаға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет. Сонда ет, сүт мәселесінде проблема болмайтыны өз алдына, еліміз тұрғындарының денсаулығы да түзелер еді. 

Жылқыңыздың «руы» кім?

1929 жылы қазақ даласында кәм­песке болғаны мәлім. Мұғалжар тауы­ның етегінде өмір сүрген Назар руы­ның ірі байлары Құдайберген мен Шошаның жылқылары негі­зін­де 1930 жылы Темір ауданының ау­­­мағында Ембі жылқы зауыты құ­рылды.

Жылқы тұқымын асылдандыру да сол кезде қолға алынған. Сол кез­де сұрыпталып алынған 11 ай­ғыр­дың Аблан, Бұзотар, Зверек, Мальчик, Огонек, Черкас аталатын же­теуінен аталық із қалмаған. Сон­дық­тан жаңа линия (аталық із – ред.) Замок (1927 жылы туған), Пи­сатель (1929 жылы туған), Бүркіт (1929 жылы туған), Заур (1929 жылы ту­ған) төрт айғырдан тарайды.
Оқырманға түсінікті болуы үшін, линия дегеніміз не, соған тоқ­та­ла кетейік. Қазір ғалымдар оны ата­лық із, желі деп екі түрлі аударып жүр. С.Рзабаевтың пікірінше, ата­лық із дегеніміз дұрыс. Ал қазақы ұғым­ға, тіпті жақындатсақ, жылқы ішін­дегі ру деп алсақ та болады. Яғ­ни жоғарыда айтылған төрт ай­ғыр – төрт «рудың» басы. «Ру» болу үшін бір айғырдан екі еркек құлын тарауы керек, әрине, ұрғашылары да болуы тиіс. Кемі 4 айғыр, 40 бие болуы қажет. Сұрыптау кезінде тұ­қым­ның әлсіздері былай шығары­лып, тек мықтылары ғана қалдыры­ла­тыны белгілі жайт.
Қазақта ру – жеті атаға дейін сақ­талады. Бір ғажабы, жыл­қы­да алтыншы, жетінші ұрпаққа кел­генде тұқым әлсірейді екен. Де­мек, «жаңа ру» қалыптастыру керек.
Жоғарыда төрт «рубасыны» айт­тық. Үш-төрт «атадан» кейін ғылым нәтиже бере бастады. Заур­дан тараған Зубр (1959 жылы туған), Бүркіттен тараған «Барқыт» (1959 жылы туған) жаңа зерттеулердің ба­сы болды. 1983 жылы осы екі ай­ғырдан тараған жылқылардан жаңа зауыттық аталық із пайда болды. Бұл кеңес өкіметінде табындағы жыл­қы шаруашылығындағы ал­ғаш­қы зауыттық аталық із болып тір­кел­ді. Кейін Қайыңды зауытында «Баз», «Парадный» атты жабы тұ­қым­ды қазақы жылқының зауыт­тық аталық ізі дүниеге келді.

Көшім, Мұғалжар жылқылары

koshimӘуелде Ембі жылқы зауыты әс­керге мініс көлік даярлады. Бірақ елуінші жылдарда жылқы көлік ре­­тінде пайдаланылмайтын бол­ды. Сондықтан енді ет-сүт бағытында­ғы жылқы әзірлеу қажет еді. Атақты ға­­лым Ю.Барминцев жабыны ұсы­нып­ты. Өйткені жал-құйрығы қаба, да­ланың аққұйын боранын елей бер­мей, тебінге түсетін жабы – ғы­лым үшін таптырмайтын «мате­риал» еді. Оны асылдандырып, же­тілдіру ар­қылы ет-сүт бағы­тын­да­ғы жылқы шаруашылығын да­мытуға болатын. М.Борисов, Ю.Барминцев, А.Бел­яев, С.Рзабаев, В. Ғұбашев, А.Нұр­ға­лиев сынды ғалым-селекцио­нер­лер осы жолда тынымсыз еңбек ет­ті. Соның арқасында Көшім жыл­қ­ысы дүниеге келді. 1980 жылы М.Бо­ри­сов, Ю.Барминцев, А.Беляев,
С.Рза­баев, В.Ғұбашевтерге Қа­зақ ССР Мем­лекеттік сыйлығы берілді.
Сол тұста Ақтөбедегі Тәжірибе стан­сасымен тізе қосып, жұмыс іс­теген Қайыңды, Талдық жылқы зау­ыт­­тарының аты дүрілдеді. Бү­кіл­­о­дақтық көрмелерде жүлде алма­ған кезі аз.
Тоқсаныншы жылдардағы дүр­белең жылқы шаруашылығына да кесірін тигізді. Тіпті асылтұқымды жылқының айырбасқа кеткен кезі де болды. Бұл кезде ақтөбелік ға­лым­дар мен ауыл шаруашылығы са­ласының басшылары Мұғалжар жыл­қысын тіркете алмай, тағы әу­реге түсті. 1993 жылы Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне түскен құ­жат сөзбұйдаға салынды. С.Рза­баев­тың республика орталығына жа­саған бірнеше сапарынан түк те шық­пады.
1997 жылы облысқа Президент Нұр­сұлтан Назарбаев іссапармен кел­ді. Сол кезде оған Мұғалжар жыл­­­қысы көрсетіледі. Жылқы үйі­рін көргенде Елбасының көзі жарқ ете қалыпты. Мән-жайға қаныққан­нан кейін: «Мына жылқыны сақтап қалу керек» депті Мемлекет бас­шы­сы.
Соның арқасында Мұғалжар жыл­қысы дүниеге келді. «Жақсыдан ша­рапат» деген осы да.
Серікбай Рзабаевта Елбасының сол сапарларынан түсірілген кадр­лар әлі бар. Отбасы үшін өте қымбат жәдігер. Келген қонағына әуелі со­ны көрсетеді. Айтпақшы, Прези­дент­пен кейін де кездесудің сәті түс­ті. 2001 жылы облысқа келген са­­парында Есет батыр атындағы мек­тепте Елбасының Рзабаевпен әң­гімесі белгіленген 2 минуттың ор­нына 8,5 минутқа созылыпты.

Жылқы шаруашылығы палатасын Ақтөбеде құру керек

Қазір облыстағы 8 жылқы ша­р­уа­шылығы Тәжірибе стансасының жылқы шаруашылығы бөлімімен ті­келей жұмыс істеп отыр. Бөлім же­текшісі Серікбай Рзабаев пен оның ұлдары Толыбек, Қаныбектер бұл шаруашылықтардағы жасалып жат­қан жұмыстарды бүге-шігесіне дейін біледі. Қазір Көшім жыл­қы­сы­нан – 3, Мұғалжар жылқысынан – 4 ата­лық із бар. Тағы 3 аталық із дайын­далу үстінде.
Қазір облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың бастамасымен өңір­де өндіріс пен ғылымды ұштастыру қол­ға алынып жатыр. Жуырда Ақ­тө­бе ауылшаруашылық колледжі­нің ғимаратында ғалымдардың, жо­ғары оқу орындары басшылары­ның қатысуымен үлкен жиын өтті.
Серікбай Рзабаев мұндай қа­дам­ға дән риза. Өйткені ғылымсыз өндірістің алға басуы қиын. Мыса­лы, осы ғылымның арқасында біз­дің жылқылардың салмағы қазір 1930-жылдардан бері жүзден астам ке­ліге артты.
Ғалым-селекционердің өзі ай­на­лысып отырған жылқы шаруа­шы­лығы хақында айтары көп-ақ. Со­ның ең бастыларын тізбелеп кө­рейік.
Республикада жылқы саны өсіп отыр. Тіпті кеңес кезіндегіден де көп. Мысалы, ол кезде 1 миллион 300 мыңның шамасында қылқұй­рық өрсе, қазір елімізде 2 миллионға жуық жылқы бар. Оның 90 мыңы – біздің облыста. Бұл – Үкімет тара­­пы­нан ешқандай қолдау болма­ған­­дағы жағдай. Ал сәл демеу бол­са, бұл сала дүрілдеп-ақ кетейін деп тұр. Мысалы, ірі қараны көбей­туге арналған «Сыбаға», «Құлан», «Ырыс» секілді неше түрлі мемле­кет­­тік бағдарламалар бар. Мемлекет ар­найы субсидия беріп отыр. Ал, жыл­қы баққан адамға түк қолдау жа­­сал­майды. Рас, сатып алушыға бір жылқы үшін 40 мың теңге бері­ле­ді. Серік Рзабаевтың байламын­ша, субсидия сатып алушыға емес, сатушыға, яғни жылқы шаруа­шы­лығын ұстап отырған адамға берілуі ке­рек. Сатып алушыға берілген қар­жы кейде қағаз жүзіндегі сатып алу-сату сияқты сыZhylkhy sharuashylygyбайластыққа әке­ліп соқтыруы мүмкін…
Көшім, Мұғалжар жылқыла­ры­ның һәм қазақы жабының бір ар­тық­шылығы, суыққа төзімділігі. Қыс бойы тебінге түседі. Қолға тұра­тын сәті өте сирек. Сондықтан көп шығынды қажет етпейді. Сек­сенін­ші жылдарда сонау Якутиядан ке­ліп, біраз жылқы алып кеткен ма­­мандардың айтуынша, біздің жыл­қылар 60 градус суыққа да селт етпей, тебінге түсе береді екен. Өйт­кені Саха елінде қаншама суық бол­ғанымен қар біздегідей қатпай­тын көрінеді. Оның себебі Ақтөбе­дегі­дей ақбасқын боран жоқ, қалың ағаштың арасына түскен қар анау-мынау желді де «елей» бермейді. Біздің жылқыларға мұндай қардың астынан шөп тауып жеу қиын емес екен…
Өз аяғымен жайылатын жылқы етін­де холестерин болмайтыны бел­гілі. Ал қымыз, оның пайдасы жө­нін­де айтып жатудың өзі артық. Ен­­деше, шығыны аз, пайдасы көп жыл­қы шаруашылығын неге қол­дамасқа?!
Жылқы санының өскенін айт­тық. Ал енді оның қаншасы асыл­тұқым­ды? Осы жағына келгенде кібіртіктей беретініміз рас. Дамыған елдерде асылтұқымды жылқы саны 50 пайыздан асуын қатты қадағалай­ды. Біздің елімізде ол – 4-ақ пайыз, ал Ақтөбе облысында – 11 пайыз. Қа­зір жыл сайын Қазақстанның түк­пір-түкпірінен келіп, Ақтөбенің жыл­қыларын пышақ үсті талап әке­теді. Былтыр 238 жылқы сатылған. Әсіресе, айғырға сұраныс көп. Бір айғырға 450 мың теңгені қиналмай бе­реді. Негізінен, 2,5 жас шамасын­да­ғы жылқылар сатылады. Рзабаев­тың телефонында тыным болмай­ды. Шығыс Қазақстаннан, Сол­түс­тік Қазақстаннан, Қостанайдан, Ал­матыдан, Көкшетаудан сабыла­тын­дар қаншама? Ана жолы даңқты палуан, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те Ақтөбеге келген сапарында Серік­бай ағасына әдейі соғып, 30 айғыр алатынын айтқан. Өйткені біздің жылқылар 300 келіден астам ет, 15 литр сүт береді. Жабағысы­ның өзі 150 келіден кем бермейді. Ба­зар­дың тіліне салсақ, 1 келі сүй­ек­ке 5 келі ет шығып тұр. Биелердің тірі­лей салмағы 560, ал айғырлардың тірі­лей салмағы 600 келіден де аса­ды. Мұндай көрсеткішке орыстың рысактары мен ауыр жүк тасығыш (тяжелевоз – ред.) жылқылары маңай­­лай да алмайды. Әрі олар суық­қа төзімсіз.
Жылқы шаруашылығын ұстап отырғандарға жер беру мәселесін де қа­рамаса болмайды. Ғылымда бір құлынды биенің жайылымы үшін 16 гектар жер бөлу керектігі қарас­ты­рылған. Бірақ көп шаруашылық­тарда ондай жер жоқ.
Тағы бір мәселе – маман даяр­лау керек. Қазір сауатты маман аз. Еліміз Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің жылқы шаруашылығы бөлімін ұзақ жылдар басқарған, осы сала бойынша оқулық жазған, даңқты ғалым Борис Бардиннің: «Жыл­қы шаруашылығының бола­ша­ғы туралы кесіп-пішіп, ештеңе айта алмаймын. Бірақ міне, Серік Рзабаевтың ұлдары өсіп, екеуі де ветеринарлық факультетті бітірді. Жыл­қы шаруашылығымен айналы­сып жүр. Біз осындай адамдардың арқасында жылқы шаруашылығын дамытамыз…» деуі тегін емес. Әке­лі-балалы Серік, Толыбек, Қа­ны­бек Рзабаевтар қазір облыстағы жыл­қыны асылдандыру ісінің ба­сында тұр. Өкінішке қарай, респуб­ликадағы шаруашылықтардың 90 пайызында зооселекция жүргізіл­мей­ді. Өйткені маман жоқ…
Жылқының екі жауы бар – қас­қыр мен ұры. Әсіресе, ұрылар. 2011 жылы TS-AGRO шаруашылы­ғы­нан 653 келі шығатын «Ғажайып» деген айғыры үйірімен ұрланды. Бұл – шаруашылық үшін ғана емес, күл­лі еліміз үшін үлкен шығын, ғы­лым­ға деген қиянат.
Қазір ет-сүт өнімін беру бағы­тын­дағы жылқы шаруашылығы па­ла­тасын қай жерде құру керектігі жө­нінде әртүрлі пікір бар. Әрине, әркім көрпені өзіне қарай тартады. Па­латаны Ақтөбеде құру керек. Рза­баевтың пікірі – осы! Өйткені мұнда оған барлық мүмкіндік бар. Жо­ғарыда айтылғандай, жылқысы­ның асылтұқымдысы 11 пайызға же­тетін Ақтөбеден басқа бірде-бір облыс жоқ. Күллі Қазақстан жыл сайын Ақтөбенің жылқысын тала­сып алады. Сонау кеңес заманының өзінде Мұғалжарда өткен аукционда Рзабаевтың жылқыларын жан-жақ­тан келген атқұмарлар сол уақыт­тағы бір жеңіл көлік бағасына сатып алғанын да ұмытпайық. Сосын біз­де мықты база бар. Анау кеңес за­манының өзінде бүкіл одақта зауыт­тық аталық із Ақтөбеде ғана шы­ғарылды. Сөйте тұрып, палата­ны басқа жерден құру деген әңгіме мүлде басқа сыймайды.

Кристаловичтің үстеліне ешкім отырмайды,
Рзабаев кітабын шығара алмай жүр…

Осы мақаланы жазу барысында ға­ламтордан жылқыға қатысты дүниелерді бір ақтарып шықтым. Әсі­ресе, «Польша мақтанышы. Янов Подласки жылқы зауыты» де­ген деректі фильмді қызыға қа­ра­дым. Сонда бір керемет мә­лімет бар. Әрине, арғы түбі араб сәй­гүлік­терінен тарайтын араб-поляк жыл­қысының әлемде өте мықты баға­ла­натыны, түрлі көрмелерде топ жа­ратыны бөлек әңгіме. Бірақ ме­нің назарымды ерекше аудартқаны ол емес, жылқы зауыты директоры­ның орны бос тұратындығы. Жо-жоқ, директор бар, бірақ осы зауыт­ты 1991 жылға дейін 33 жыл бас­қа­рып, бүгінгі деңгейге жеткізген бі­лік­ті маман, Польшаның мақта­ны­шы­на айналған жылқытанушы ға­лым Андрей Кристаловичке деген құрмет ретінде оның үстеліне ешкім отырмайды екен. Артында асылтұ­қым­ды жылқы туралы 5 том кітап қал­дырған ғалымның еңбегін по­ляк­тар көзінің қарашығындай сақ­тап отыр. Әсіресе, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде 1921 – 1930 жылдардағы жүргізілген ғылыми еңбектерді сақтап қалғандығы үшін де құрметтейді. Міне, ғалымға, ғы­лымға деген құрмет!
…Ал енді бізге келейік. Қазір Се­рікбай Рзабаевтың қолында 1954 жылдан 1979 жылға дейін қай айғыр қандай биеге шауып, одан қандай құлын туды, оның түсі, салмағы қан­­дай болды, одан туған қай құ­лын айғыр болып, қандай биеге түс­ті, осы жылдар ішінде тағы қан­дай жұмыстар жасалды, бәрі-бәрі бар ғылыми еңбектің 535 беттік бір томдығы дайын тұр. Қолжазба күйін­де. 2003 жылы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің «Асыл­тұқымды малдың мемлекеттік кі­тап­тарын жүргізудің ережесін бе­кіту» туралы бұйрығына сәйкес, АТММК-ның 1-томына осы «Мұ­ғал­жар тұқымды жылқыны ен­гізу туралы» министрдің бұйрығы шы­ғып, қаржы да бөлінген. Кейін су аяғы құрдымға кеткен…
Серікбай ағаның қолында 2-том­ның да барлық мағлұматтары бар. 78 жастағы ғалымның қолында­ғы бар құнды деректі оның көзі тірісінде мемлекеттің байлығына айналдыруға не кедергі?!
Кейіпкеріміздің Қазақ ССР Мем­лекеттік сыйлығының иегері еке­нін айттық. Тәуелсіздік алғалы бер­гі кезеңде де бұл кісі орасан зор еңбек етіп келеді. Бірақ ширек ға­сыр ішінде оның кеудесіне бірде-бір мемлекеттік награда ілінбеуі де ұят-ау…
Нағыз еңбек адамы, нағыз ға­лым дегеніңіз осы кісі емес пе?!

Bauyrzhan B. Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

aikyn.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.