Елордада ұлтық спорттан «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтеді

3730
10 қыркүйек күні Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тұңғыш рет ұлттық спорт түрлерінен «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтеді. Онда ұлттық ойындарымыздың оннан аса түрінен сайыстарды тамашалай алатын боласыздар. 

Осы ерекше шараға орай бүгін Астанада баспасөз мәсілихаты өтті. Астана, Алматы қалалары мен бірге барлық 14 облыстың командалары бақ сынайтын дүбірлі додада;

Орта қашықтықтағы жүйріктердің бәйгесі;

Еліміздің таңдаулы 16 командасы үш тәулік көкпар;

Аударыспақ додасы;

Теңге ілудің ең үздік шеберлері;

Қыз қуудың теңдессіз жұптары;

Шу асауды жүгенсіз мінетін жүректі жігіттер;

Құралайды көзге атқан садақшылар;

Тоғызқұмалақ;

Асық атудың бәсекесі;

Қыран баптап түлкі, қасқыр аулаған;

Қаршыға мен сұңқар баптап сан түрлі құс ілдірген құсбегілер;

Ор қоянды қыр асырмай ұстайтын жүйрік тазылар фестивалі «Астана жұлдызы» турниріндегі жұрт айта жүрер қызықтың қатарын арттырады.

Бұл ойынның ерекшелігіне тоқталған Ұлттық спорт түрлерінің вице-президенті Ерлен Оспанов бұл алдағы жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық екенін айтты.

«Алдағы жылы еліміз үшін ерекше жыл болғалы тұрғанын баршаңыз білесіздер. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі барысында Астанамызға ат басын тірейтін көрермендер біздің қалаларымызға, техникаларымызға қызыға қоймасы анық. Себебі мұндай ғимараттар мен көліктер өздерінде де бар. Ал керісінше біз оларды көшпелілік салтымызбен, ұлттық ерекшелігімізбен тамсандыра аламыз. «Астана жұлдызы» республикалық турнирі осы көрмеде көрермендерге ұсынатын ұлттық спорт түрлерінің дайындық жұмысы деп түсінулеріңізге болады» — деді вице-президент.

Жүлде қоры қомақты сайысқа қатысушы командалар да осал емес. Және бір айта кетерлігі оңтүстік өңірден гөрі ұлттық спорты кенжелеп қалған солтүстік өңірді қамту «Астана жұлдызындағы» бір мақсат. Бұл шара Астанада өтіп жатқан спорттық айлықтың жалғасы дейді Астана қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов.

«Өздеріңіз байқағандай қыркүйек айы басталғалы бері Астанада спорттық шаралар жиі өткізіліп жатыр. Кеше ғана «Астана марафонды» мәреге жеткіздік. «Астана жұлдызы» республикалық турнирі де сол астанада қолға алған спорттық айлықтың бір бөлшегі деп айтуымызға болады. биыл алғаш рет қолға алғанымызбен, бұл шара дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады» — дейді Астана қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов.

«Қазанат» атшабарында өтетін ұлттық ойындардан басқа да қалың қауым сүйсіне тамашалайтын тартымды қызықтар аз болмайды. Ықшамдай айтсақ, атшабар алаңын жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың байырғы тұрмыс-салты насихатталады. Желіде құлын жусатқан жылқылы ауылдың «Қымызмұрындығы», көгенге қой-ешкісін байлаған қойлы ауылдың, сиырлы, түйелі ауылдардың шынайы қарбалас тіршілігі қала жұртшылығына таңдай қақтырар көріністер болмақ. Шаңырақты шеңберлеп, морға салып уық иген, темір мен ағаштан түйін түйген қазақы ұсталар шеберлігі назарға ұсынылады. Сонымен қатар, турнир барысында әйгілі өнер иелерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламалар, қол өнер көрмелері және тойшы қауымға арнап ұлттық тағам түрлерінен фестивальдер ұйымдастырылады. Қазақ ұлтына тән осындай сән-салтанатпен қалың қауымның үш күн ұдайы көңілін көтеретін республикалық «Астана жұлдызы» турнирінің тамашасынан қапы қалмаңыз ағайын!

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!