Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Ат баптау

11440

Бәйге атын баптау сырбаздықпен ұқыптылық, қырағылық, бағым-күтімді талап етеді. Сондықтан да халқымыз «Ұстараның жүзінде жүгіреді» «Ат шаппайды, бап шабады» деген аталы сөздерді тегін айтпаса керек. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Жылқының бәрі жүйрік емес, адамның бәрі бапкер емес. Аты келіскенмен бабы келіспесе, аттың бағы байланады, бабы келіскенмен, аты келіспес иесінің меселдесі қайтады. Сондықтан да жылқының толып жатқан қасиет, белгілеріне көңілі толған атбегі әрі қарай таңдаған сәйгүлігін баптауға кіріседі.
Қазақтың бұрынғы тәжірибесінде жүйріктігіне анық көзі жеткен сәйгүліктің қасына бір құрбандық қосып жіберетін болған. Сәйгүліктің жілік майының ағарып жаратуға жеткен-жетпегендігін анық білу үшін оның жанындағы бірге оттап бір жүрген қосар жылқыны сойып көреді екен. Егер жілік майы ағарып шынылана бастаса ғана сәйгүлікті жаратуға кіріседі. Бұл, әрине, шаңтимес желқанат пырақты арман еткен, көшпелі бабаларымыздың шын жүйрікті баптау қандай қиын болса да, қаншама шығынға батса да, не істеуге де даяр екенін білдіретін ғажайып үлгі.

Құлын кезінен көзі түссе желкесін ноқтаға қидырып, желіге қамамайды, еркін жетілуін қадағалайды. Кейбіреулер телілеп өсіреді. Тай, құнанында жаншып мініп қолын түсірмейді. Тек қана балаларға мінгізіп бас білдіреді. Жетекке үйретеді. Дөненінде піштіреді. Қанбұт пішпелерді мініп түсуге, бәйгеге қосуға болмайды. Боркемік болып ажаты қайтады Содан бестісінде баптауға кіріссеңіз, бұла болып өскен шын жүйріктің айдарынан жел есетін кезі осы. «Бестіні бетінен сақта» дейтін сөзді халқымыз тегін айтпаса керек.

Осы тұста қазақ дәстүрінде жылқының бір жасын қосып сынайтынын айта кетудің артығы болмас. Мұның сыры, жылқы түлігінің құрсақтағы күніне дейінгісін бір жасқа балағандықтан болса керек. Адамның жасын да осылай есептейтінін еске алу жөн. Қазақ халқы жылқыны адамнан кем көрмейтіндігінің тағы бір куәсі осы дер едік.

Олай болса, атқұмар бапкерлер шаңтимес жүйріктерін адамша қастерлейді, кірлі қолмен ұстамайды. Шілде айы толған кезде (15 жаңасында) таң асыра суытып үйір аттарына қосып, отты сұлу, жон-жоталардан жайылымдарына оттатып семіртеді. Жылқы «самал салқын жерге бітсем» деп армандайды деген халық нақылы бар. Олай болса, жаз маусымында тоғайлы, шыбын-шіркейлі, ой жерлерге оттатудан сақ болған абзал. Қыстың сары аязында қоңын төмендетіп, денесін үсікке шалдырмау керек.

Ол үшін қаңтардан бастап қолға алып, жылы қораларда ұстап, нәрлі пішенмен азықтандырады. Бәйге атының жем шөбін күн ілгері әзірлейді. Онда таудың тарлауы, көннің қияғы, қырдың жоңышқасы, жасаңның қазотын жасыл күйінде жауып алып, нілін бойына сіңіріп, кептіріп, көлеңке жерге сақтаған болу шарт. Өзеннің өлеңін жегізуден сақ болу жөн. Күніне 1,5-2 литр сиыр сүтін беріп тұрса артық болмас еді. Жоғарыда әзірленген пішендерден күніне 12-15 кг немесе тойғанынша жегізген абзал. Егер атыңыз тойып тұрса, таңдайына татымайтын, немесе денеге нәр болып жұқпайтын (зиянды болуы да мүмкін) шөп турлерін жемейді. Бір талын да іріктеп тастай алады. Ол тоспада (науада) қалады. Егер атыңыз аш болса алдына келгенін қарамай жеп қоюы мүмкін. Ол зиянды. Соңғы кездің бапкерлері сұлылап семіртуді машыққа айландырып жүр Бұл дұрыс емес. Сұлыны көп жеген аттың іші майланады да, (әсіресе жүрегі майланса қатерлі) шапқан кезде ішкі майлар ыдырап, аттың кеудесіне қан түсіреді. Сұлыны көп жеген шаңтиместердің бір-екі жылдан кейін шаңның астында қалғанын бір-ақ көресің. Тәжірибелі бапкерлер сұлы жеп жыра салып, семірген аттардың қолаңсасынан қан алып аман сақтап қалатын көрінеді. Қыс мерзімінде қорада жемделген сәйгүліктің арқасына тимейтін (атқа тимейтін) жеңіл ертоқым салып, аптасына екі рет 15-20 км. жолға аяңдап бүлкілдетіп желіп қол-аяғын жазып, бусандырып, терісін кеңітіп, 5-6 сағат суытып отырса, аламан бәйгеде қалаған бабына оңай түседі.

Қыстай қорада бапталып, қолдан су ішкен жануарды қаражарыс (қамау терін алу) басталардан 15 тәулік бұрын босатып, үйіріне жібереді. Бұл да қисыны бар игі дәстүр. Жылқы малы көңіл күйдің түлігі ғой. Аз күн болса да өз үйіріне қосылып, жүні тіріліп жайнап шыға келеді. Бір аптадан кейін қайта ұсталады. Сөйтіп байлайды, жаратады, бабына келтіріп бәйгеге қосады. Той дүбірі таянған кезде атбегілер, сыншылар тіпті қарайған қауым бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай-ақ аманнан кейін «Ат байладың ба?» — деп сұрайды.

— Иә, байланды — деп жауап береді. «Байланған» аттары ұзын шылбырлармен қазықтан арқандаулы тұрғанын көресің. Қайсыбірі тырайып ұйықтап жатады.

Кейбір бапкерлер «Атым жатпай қойды» — деп мазасызданып отырғанын көресің. Амалсыз қынжыласың. Жаратқан атты жатқызып қою жақсы бапкердің тәсілі. Жата берген аттың бұлшық еттері ширамайды, сіңірлері қатаймайды, серіппелілігі нашарлайды, денесін жимайды, бей-жай, мезі бола береді.

Сондықтан да атам қазақ «атты байла» деді емес пе? Олай болса, байлаған құсап басын жерге жетпейтіндей етіп, жатып ұйықтай алатындай етіп байлау керек. Қазыққа, діңгекке байлауға әсте болмайды. Оның қауіп-қатері көп болады.

Кермедегі ат еркін айланып жан-жағын толық бағдарлап өз еркімен тұра алады. Керменің өзен судан, үйден, мал қорасы, сиырдың желісінен 100 метрдей алыс болуы жөн. Әсіресе түйе жатып, сиіп-тышқан жерлерден аулақ болу жөн. Кермені 10-12 құлаш қайыс арқаннан тартады. Діңгектерін 2-2,5 метр ұзындықтағы бөрене ағаштардан орнатады. Керменің күншығыс жағына 20 метрдей қашықтықта, кедір-бұдырсыз тепсең дөңес жерге құм төгіп, таңертең-кешке үнемі аунатып тұру керек. Байлаудағы аттың боғын күніне тазалап отырумен бірге керменің орнын 10 күн сайын жаңалап отырған жөн.

Орайы келгенде айта кететін бір жай жайлау туралы. Бапкерлер әуелі атына жайлы жайлауға қоныстануды күнілгері ойластырып отырады. Жайлау айналасы толық көрінетін беті ашық, ағын сулы, мол отты, салқын самал есіп тұратын жер болумен бірге қаражарыс жолына жақын болу керек. Бәйге атын ұстаған күннен бастап үкілеп, кежімдеп жарата бастайды. Әрбір жарысқа түсер алдында шашу шашылып, «Алдың ашық, маңдайың жарық болсын, Алла Тағала ақ жолын берсін» деп тілек тілейді.

 

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы, IMG_1675

Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.