С.Бабажанов: Арғымақ — Түркістан жылқысы

7517

Арғымақ анық қазақ жылқысы емес, Түркістан жағының жылқысы. Араб жылқысының тұқымы қандай жақсы болса, арғымақтың тұқымы да басқа жылқылардан шыққан емес. Қазақтар қазақы жылқының баласын арғымақ демейді, Түркістан жылқысының тұқымын арғымақ дейді.  Арғымақты қыр адамы бек бағалайды. Кенесары тұсында соның бір ақын жігіті арғымаққа көп өлең шығарған һәм Абылайдан да арғымақ турасынан көп мақал қалыпты.

Орысқа қарамаған бостандық уақытында өзді-өзі жауласып, орыс жеріне жорыққа аттанып жүрген кезінде һәм Ресейге қарата бастағанда қарсы атыс қылған күндерде қазаққа аттың жүйріктігі аса керек болған. Аты жүйрік мықты болса, қазақ қашса құтылып, қуса жетіп, аттың бұл екі өнері үстіне мінген кісісін тірі қалдыратын һәм байытатын еді. Жүйрік аты бар жігіт ұрыста қайратты да көп қылатын һәм алып қашса, құтылып пайда қылатын. Жүйрік арғымақ алуға қазақ ештемесін аямас еді. Жақсылы-жаманшылық жолмен де болса, бар айласын салып алатын. Абылайхан хан күнінде Алатаудағы қырғызды өзіне қаратқанда он үйден бір жақсы тұқымынан арғымақ айғыр, бір арғымақ бие берсін деп бұйырған. Абылайдың бұйрығын олар орнына келтірді.

Сол жиылған арғымақтарды хан өзге жылқылардан жеке бағуға бұйырған. Қырға жақсы арғымақтың басы сонан шыққан, қазақтардың айтуы бойынша. 1840 жылы Кенесары орыстармен соғысқанда көп батырлардың астында арғымақ болған һәм жоқтарына керек болды. Сонда түркімен жағынан жігіттер сатып та, ұрлап та һәм тіпті әйел беріп те алған көп арғымақтарды. Сол кезде Бұхара ханы мен Үргеніш ханы соғып, екеуі де Кенесарыны өзіне серік қылмаққа сыйға көп арғымақтар жіберген.

Кенесарыдан кейін қырда арғымақтар азая бастады. 1870 жылдары қырда арғымақтар тұқымы тіпті азайған. Түркімен арғымақтары қырға келген соң тебінде жүріп азып, анық түркімен жылқысына ұқсамай, бір түрлі болып кеткен, бірақ анық түркімен жылқысына қырда тұрған түркімен аттары ыстық-суыққа көніп қалған мықты. Анық түркімен аты көшке, жүріске, тамаққа, шыдамдылыққа қырда өскен түркімен атымен таласа алмайды. Самарқаннан келген түркімен арғымақтары мен қырда өскен түркімен арғымақтарын салыстырғанда көрінді, қырда өскен арғымақ аласа, анадай сұлу емес, басы үлкенірек, тұяғы ірірек.

Шапқан уақытында Самарқан арғымағы екі шақырымдай алдын бермеді. Онан алыс қырдың бәйге атының жолын шапса, қазақ аты озды. Қазақ арғымағы салған жерден шаппайды, жай жүгіреді шаба жөнелгенде. Үстіне мінген балалары атының мінезін біліп, қыстай қоймайды қамшылап, тебініп. Екі-үш шақырым шапқан соң созылып, түзеліп алып жөнеледі зырлап, түркімен атын артында қалдырып. Бұл айтқанның рас екені бір бәйгеде көрінді. Түркіменнен ол бәйгеде екі арғымақ, үш қазақы арғымақ шапқан еді, салған жерден түркімен арғымақтары озып жөнелген.

Бәйгенің айналасы бес шақырым құрылған шарбақтың ішіне жіберген. Аттар соны төрт айналса керек. 20 шақырым шапқаны. Басқа бір шақырымды 1 минут 10 секунд шапты. Аттардың бәрі бір шақырымға бірдей отырған. Екінші шақырымда Самарқан аттарының кеудесі озып, қазақы арғымақтардың үшеуі артында қатарласты. Екі шақырым таусылған  кезде қазақ арғымақтары кейін қалды һәм үшеуі үш бөлек болып кетті. 4 шақырым шапқанда Самарқан аттары артында қалып, қамшы салғызды. Шаршап қалған соң қамшылағаны, тебінгені еш пайда қылған жоқ.

Бәйгенің аяғында Самарқан аттары жаман болдырған, қазақ арғымақтары солықтап аузынан қатты көбік ағып, мұрнынан буы бұрқырап тұрса да, тоқтағаннан кейін тың көрінді, көзі жайнап, қайраттанып, балалардың астында тұрмады. Түркімен арғымақтары тегінде мықты екені Василий Струняшевтің турасынан да белгілі. Василий қазақта қолға түсіп жатып, екі арғымақпен 200 шақырым шөлден бір күнде өтіп қашқан. Мініп қашқан екі арғымағымен құтылған қазақ тұтқынынан. Жалғыз-ақ арғымақтың халі келеді мұндай іске. Шаршауды біліп, шабысынан танбайды.

Ең болдырғанда тура өліп кетеді. Василий Струняшевтің қашқанда бір аты сондай жолда өлген. Сондай арғымақ турасынан қазақ арасында әңгіме көп. Сол әңгімелердің бірі Струняшевтің әңгімесіндей-ақ бекер шығар, сөйтсе де, түркімен арғымақтарының жақсы екенін сонан байқауға болады. Өзге жылқының тұқымының қасында арғымақ артық. Бұған құлақ қою керек. Қазірде қырдан арғымақ тұқымы жылдан-жылға жоғалып барады, әлденеше тұқымға бөлініп. Адай жылқысының тұқымындай түркімен арғымағының тұқымы қырда жеке үйірлі болып жүрген жоқ, жалғыз-ақ Арал теңізінің жағасында ғана қалған, бірді-жарым болып. Енді бұл да қалмай барады, қырда қоңыр жылқысының, Алтай жылқысының тұқымын өсіре бастаған соң.

s-babazhanov Қожа — Салық БАБАЖАНОВ

«Дала уалаяты газетінен» алынды

3 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.