Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ: «Көзкөрген» қамшы

6955

Біздің үйдің төрінде қамшы ілулі тұрады. Оны көргендер «баяғының қамшысы екен-ау» деп қояды. Әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ. Кәдімгі алты таспа етіп өрілген, даланың қызыл торы тобылғысымен сапталған, ақ таспамен оралған қарапайым қамшы. Бірақ жай қамшы емес ол. Мен көрмеген аталас туыстарым мен әкелерім тұтқан қамшы. Қай жылы өрілгенін анық айта алмаймын, бірақ 1937 жылдан бұрын болған қамшы.
Қазақтың қағидасында сенің ата-бабаңды, о дүниелік болған ата-ананды көргендерді, сыйласқандарды «көзкөрген» деп айрықша құрмет тұтады, сыйлайды. Демек, бұл кісілердің жөні де, жолы да бөлек.
Міне, бұл қамшы да мен үшін «көзкөрген». Өзім әкем Кенжеахметті көрген жоқпын. Суреті де сақталмаған. Соғысқа кеткенде мен екі жастан жаңа ғана асқан сәби екенмін. Әкемнен қалған еш дүние, белгі мүлде жоқ. Ең ақыры сынық түймесі де қалмаған. Соғыстан қаралы хабар келгенде ағайын, туыстар үйдегі киімін бөлісіп әкетіпті. Оған ешкімді кінәлауға болмайды. Өйткені ол кезде киім жоқ қой. Әкем елге 25 жасында басқарма болған. Басқарма болған соң тұрмысы жаман болмайды ғой. Шешем Сәлима мұғалім екен. Есейіп мектепке барғанда өзіміздің жеке төрт қанатты, сырлы керегелі әдемі киіз үйіміз болды. Тұрмыстың тапшылығынан 1950 жылдары Шәмшия деген ағайынға аз ақшаға сатып жібердік. Өзім өсіп, азамат болған соң сол үйдің бір уығын немесе шаңырағының бір күлдіреуішін, болмаса кепіл ағашын алайын деп барғанымда ештеңесі де қалмапты. Бұл 1970 жылдар еді.
1975 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 40 жыл толуына орай туған ауылыма бардым. Бұл кезде біздің ауылдың ақсақалдары мен әжелеріміздің көзі тірі еді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деп алдымен ауыл ақсақалы, үлкені Қапыш молда келді. «Менің балам келіп қалыпты ғой» деп әкемнің құрдасы Дабыл келді. Жақын туыс «маңдайыма сыймай кеткен Кенжеахметімнің көзі ғой» деп мені көрген сайын көзіне жас алатын Тұрмағамбет шал келді. Өзім ауылдың үлкені «Кенжеахмет баласы кітап жазуды қойсын, пеш салудан артық өнер жоқ» деп сәлем айтып жататын Жанділдә қарттың үйіне түскенмін.
Шай қайнамай-ақ құрдастарым – Сүлеймен, Әбузара, Әбілғазы, Рақымжандар да келіп қалды. Бәріміздің де әкеміз соғыстан оралмаған, бәріміз де бір-бір тұяқпыз. Әрине, олар құрдас болған соң әзілдерін араластыра жүреді, келіншектері де олардан қалмайды. Сөзді отырар-отырмастан Сүлеймен бастаған.
– Жақында бір үлкен газеттен сенің төрт түлік мал туралы мақалыңды оқыдым. Әй, өмірі мал ұстап, мал бағып көрген жоқсың, сен оны қайдан білесің? Айтшы.
– Мал бақпағанмен, етін жеп, қымызын ішіп жүр ғой, деп – Зәуреш те іліп жатыр.
– Кәне, айта қойшы, оңқай асық малдың қай жақ аяғында болады? –деп қарсы сұрақ қойдым.
Сүлеймен сасып қалып, жанындағы екі құрдасына қарап еді, олар бетін бұрып әкетті. Төрт шал қарқылдап күлді.
– Әй, бәлемдер-ай, қақпанға мықтап түстіңдер-ау. Ал енді айтысып көріңдер…
– Оңқай асық болған соң, оң жағында болатын шығар… – деді Әбілғазы.
– Алдымен, малда оң жақ, сол жақ бола ма, соны бір түсіндіріп беріңдерші, – дедім.
Ашуы тез Тұрекең аналарға ұрысып жатыр:
– Ақымақтар, малдың мінер жағы, қамшылар жағы деген болады. Соны да білмегендерің бе? – деп ықтырып жіберді. – Бар, қой сойылып жатыр, қара, оңқай асық қай аяғында болады екен!
Жүгіріп шыққан Сүлеймен кідіріп келді де үнсіз отыра кетті. Оң асықтың қойдың мінер жағында болатынын енді біліпті.
Төрде отырған ақсақалдардың бәрі де соғысқа барып, көрмегенді көріп келген. Елден аттанған қырыққа жуық азаматтың бес-алтауы ғана оралған. Осы жерде олардың жақсы істері мен мінез қылықтары айтылды, кейбірі көзіне жас алды.
Есіктен Әбілғазының анасы Жамал кіріп келді де, қайнағаларына сәлем берді, менің бетімнен сүйді. Қатар отырып, үлкендердің әңгімесіне құлақ салып біраз отырған Жамал шешеміз үлкендерге қарап:
– Қайнағалар, әңгімелеріңіз ұсақтап кетті ғой. Одан да мына есі кірмей калған балаларға әкелерінің айта жүретіндей істері мен сөздерін еске ала отырмайсыздар ма? – деп қалды.
– Бұл келіндер бұрынғыдай емес, бізге өктем сөйлей бастады-ау.
– Сөйлесе сөйлесін. Сөйлейтін жөні де бар. Келіндерге өкпе жоқ.
Бұдан кейін Жамал тіпті бел алып кетті.
– Бізге, қайнағалар, өкпелей алмайсыңдар. Інілеріңнің шаңырағын шайқалтпай ұстадық па? Ұстадық. Олардан қалған бір-екі кішкентайларын арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жүріп жеткіздік пе? Жеткіздік. Осы уақытқа дейін жолдарыңызды кесіп өтіп көрдік пе? Жоқ. Тек қана отағасыларымыз кеткен соң іргеден келіп қол салғанда, беттеріңді қайырып тастағанымыз болмаса…
Шалдар кеңкілдеп күлді.
– Жамал келін рас айтады. Кешегі қиын кезде әйелдер шаңырақты да, елді де ұстады. Бұлардың беттері адам алдында да, аруақ алдында да, Құдай алдында да ашық, – деді молда.
– Рас, рас – десті қариялар.
– Е, соны мына балалардың алдында айтып мойындасаңдар болғаны. Біздің еңбегіміз өтелгені, – деп қарт ана бір көтеріліп қалды. Сосын:
– Ал, үлкендер, сіздерден рұқсат болса, айтар бұйымтайым бар.
– Е, айт, айт, шырағым, – десті қарттар.
– Алыстан мына ұлым келді деген соң әдейі келіп отырмын. Айтатыным бар. Сейіттің әкесі Менже ұл («Кенже ұл» деп тергегені) біздің ауылдың кішісі болатын. Аздап оқығаны, көргені көп болған соң ауылдың ақсақалдары оны колхозға басқарма етіп сайлады. Онда мына Сейіттің ұштығы түгіл, пұштығы да жоқ, тумаған. Бұл қолымызда туған бала ғой. Кіндігін мына Әбузараның шешесі Нағипа кескен. Несін айтасың, Менже ұлдың ісі мен сөзі бөлек еді ғой. Өздерің білесіңдер оның «амансың ба демеген сөздің керегі не, жоғары шық демеген төрдің керегі не» деген сөздерін әлі ұмытқан жоқпыз. Ақжалақ шешей сараң адам еді ғой, жарықтық. Жер хабар бермесін. Бір күні басқарма «жеңеше, қаймаққа тары былғап бере қойшы» депті. Жеңгесі «қайдағы тары, қайдағы қаймақ?!» деп теріс қараса керек. Сонда қайнысы «осы үйде қаймақ, тары болса, арам болсын» деші дегенде «құрысын, айта алмаймын» деп сұрағанын алдына қойыпты.
Айтайын дегенім бұл емес, басқа әңгіме. Біздің отағасы Қойшыекең (Қойшыбай) «күздігүні басқарма колхозшыларға шөп беріп жатқан көрінеді. Бір арба шөп түсіріп алайын» деп атына мініп кеткен. Бір бие сауымындай уақытта далпылдап шауып келіп, аттан түсе қалды. Қорқып кеттім.
– Не болды, отағасы ? – деймін мен қорқынышымды баса алмай.
– Ана боз тоқтыны әкел, соямын.
– Неге?
– Кенжеахметтен сөзден жеңіліп, жұрт алдында масқара болдым.
– Баладан жеңіліп не болды? – деймін мен. – Ол кезде Менже ұл 27 жаста, Қойшыекең 46 жаста болатын.
– Сөзді қой, кейін айтамын. Әкел тоқтыны.
Ол кезде өз малыңды өзің союға рұқсат етілмейді. Мал басы аз. Өкімет сондай заң шығарған. «Біреу айтып қойса қайтесің?» деймін мен.
– Айтпайды! – дейді ол сеніммен.
Сөйтсем, оқиға былай болыпты. Біздің отағасы барса, өзіміздің ағайындардың бірі арбаға шөп тиеп жатса керек. Қойшыекең басқармаға келіп:
– Анау шөп алып жатқан Дондадан менің жолым да, жасым да үлкен. Арбаны маған алып бер, шөп аламын. Кенжеахмет айтады «Қойшы-еке, тиеп жатқан шөбін аударып тастаған ұят қой. Ол кісі түсіріп алғаннан кейін сіздің шөбіңізді өзіміз тиеп, апарып берейік» депті. Қойшыекең ашуланшақтау адам еді: «Сен басқарма болған соң менің бетімді қайырайын деп тұрсың ба?! Өй, әкеңнің аузын…» деп ат үстінен қамшымен тартып-тартып қалыпты. Сол кезде арбаны айнала қашып жүрген Менже ұл: «Қойшы-еке, боқтасаң өз ағаң, сабасаң өз інің, менің ештеңем кеткен жоқ», – деп күліп тұрса керек. Сонда менің отағасым «алда, айналайын-ай, жұрт сені жақсы дейтін еді, рас екен ғой. Кешір, қалқам, менен бір білместік өткен екен. Ал, жігіттер, кешке біздің үйге келіңдер. Айыпқа бір тоқтымды соямын», – деп атына мініп, үйге шауып келген беті екен, – деді де көзінің жасын сығып алды. Сәлден соң:
– Міне, сол азаматтар жоқ бұл өмірде. Бәрі де соғыста шейіт болды. Олардан қалған көздер, міне, өсіп, ер жетті, азамат болды. Сондағы менің отағасым қолына ұстаған, аяулы Менже ұлдың арқасына тиіп, әлгіндей сөз қалған қамшы мынау, – деп қолындағы ораулы қамшыны суырып алды да:
– Шырағым Сейіт, мына қамшы біздің үйде 50 жыл тұрды. Әбілғазының әкесінің суреті бар, ал сенің әкеңнен еш белгі жоқ. Енді қалған уақытта осы қамшыны сен ұста. Бұл «көзкөрген» қамшы, – деп маған ұстатты да, тағы да ашына сөйлеп кетті:
– Сендерді жеткіземіз деп біз байғұстар не көрмедік. Аш жүрдік, жалаңаш жүрдік. Ыстықта күйдік, суықта тоңдық. Бірақ бәріне төздік. Топырағың торқа болғыр, анаң сені жеткіземін деп жүріп арбаға жеккен өгізі шанышқақтап «Қожабикенің» суына түсіп кетіп, сол арбада сенің өзің де барсың, бір ажалдан қалған Сәлима еді. Қыстың күні боранда қасқыр қамап, жүйрік биемен қашып құтылған Сәлима еді. Артынан сол «биеге құлын тастаттың» деп партиядан да, жұмыстан да шығып, сотталып кете жаздаған Сәлима еді. Ақыры алыста оқып жатқан саған барам деп адасып, қыстың көзі қырауда үш күн далада қалып ауру тапқан Сәлима еді. Бірақ тілегі қабыл болып, тәубасы түзу екен, сенің барлық қызығыңды көріп өтті. Өткенге салауат, сендер аман болыңдар.
Мен қолым дірілдеп, қамшыны қолыма ұстап отырмын. Көрмеген әкем көзіме елестейді. Қариялар да үнсіз толқып отыр. Көздерінде жас тұр. Ауыр күрсінеді.
Көпті көрген Жанділдә қарт қамшыны қолына алды.
– Мынау Мырзағұл Молдағали шебердің қолынан шыққан қамшы ғой. Зергер еді, 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып, хабарсыз кетті сабаз…
– «Шешеннің сөзі өлмейді, шебердің ісі өлмейд»і деген осы екен-ау, – деді Дабыл әкем.
– Шынында да, талай заманды бастан өткізген дүние екен, – деді жастар.
Содан бері осы «көзкөрген» қамшы біздің үйдің төрінде тұрады. Мен үшін әкемнің өзі де, суреті де осы қамшы. Жанында анамның суреті бар. Әр жылдың 9 мамыры күні қамшы дастарқан ортасынан орын алады.

sejit-kenzheahmetulyСейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ

Тобыл-Торғай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.