Естайдың кәрліктен емес, зорлықтан өлген көк аты
«Әкеміз аяғынан кемтар, мүгедек болды. Мен ағамның қолында өстім. Ол орта шаруа, момын кісі еді. Ағамның екі жақсы аты болатын. Ат жалын тартар шаққа жеткенімде сол екі аттың бірі, бәйгеден келіп жүрген қарақасқа жүйрікті тақымыма бастым. Ағам қолымды қаққан жоқ»…
Бұл — белгілі ғалым, абайтанушы, жазушы Қайым Мұхаметхановтың әнші, сазгер Естай Беркімбаев туралы жазған «Екі кездесу» атты естелігінен алынған үзінді. Қазақтың кез келген баласы секілді, Естайдың да жылқы малына деген ықыласы ерекше екенін осы бір төрт-бес сөйлеммен баяндаған жазушы жоғарыда аталған сөздерді әншінің өз ауызынан естіп, жазып алған. Ал Естайдың серілікке мініп шығатын меншікті көк аты болғанын жалпақ жұрт біле бермейді. Ақынның сенімді серігіне айналған жануар туралы бұған дейін мүлде жазылмай келді.
Жалпы, жылқы туралы әңгіме қозғағанда Ақан серінің Құлагері аузымызға бірінші болып оралады. Ол заңды да. Қазақ халқы жылқы малын әспеттеп, жеті қазынаға жатқызған. Мінсең – көлік, кисең – киім, ішсең – ас болатын жануарды ерекше қастерлеген. Әр адамның бәсіре жылқысының болуы – бағзы заманнан қалыптасқан дәстүр. Ертедегі батырлар жаугершілік заманда алдымен өзінің күш-қайратына сенсе, одан кейін астындағы тұлпарына сенім артқан. Сол секілді, сал-серілердің де көздің жауын алар сымбатты, асыл тұқымды жылқылары болған. Естайдың көк аты мен үкілі домбырасы да әншінің қолқанаты болыпты деседі.
Әншінің Жәнәбіл атты ұлынан туған үлкен немересі Зекен апа бүгінде сексеннен асты. Соған қарамастан, атасы туралы көрген-білгенін, естігенін келелі басқосуларда, жиын-тойларда үнемі сөз етіп отырады. Ақкөл-Жайылма өңірінде тұратын Зекен апаға сәлем бере барғанымда:
«Естайдың домбырасы мен Қорлан сыйлаған жүзігі талай әңгімеге арқау болды ғой. Оны әркім әрқалай айтып, жұртты дүдәмал ойға да қалдырды. Дегенмен, ел ішінде Естайдың жеке заттары туралы арагідік қана айтылады. Оның меншікті көк аты, жез самаурыны мен Алматыдан әкелген қара чемоданы жайлы ешкім біле бермейді», деген болатын. Мен де ұлы әнші ұрпақтарының бірімін. Кезінде өзімнің атам, Естайдың немере інісі Қыздарбек те ақынның көк аты болғанын әңгіме арасында жиі айтатын.
– Атамыз жылқықұмар еді. Ол барған жерінен ат мінбей келмейтін. Қазақ өнерін қадірлейтін жұртшылық оған үнемі осылай cый-құрмет көрсететін. Атамның меншікті көк аты болды. Оны өзінен басқа адам мінбейтін. Жануардың күтімімен де өзі айналысатын. Апталап, айлап серілік құрып жол жүргенде көк атты мініп кететін. Ерекше атап өтерлігі, оны атама ешкім сыйлаған жоқ. Ол біздің үйдің биелерінің бірінен туған жануар еді. Атам оны тай кезінен үйретіп, баптады. Арбаға, шанаға жекті. Жылқы малы адам секілді сезімтал келеді екен… Атам көк атқа жекіген кездерінде жануар екі құлағын қайшылап, мүлги қалатынын талай көргенбіз. Ал сейіл құруға аттанарда әкем Жәнәбіл әлгі көк атты күміс ермен ерттеп, әшекейлі әбзелдерін тағатын, — дейді Зекен апа.
Естай Беркімбайұлы көк атты ерекше құрметтеген. Оған мына бір оқиға дәлел. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына мініске тәуір жылқылардың да алынғаны баршаға мәлім. Сол бір дүрбелең шақта ауылдың жылпостары Естайдың көк атын жылқы жинаушылардың қолына тапсырып жібереді. Әрине, сүйікті атынан қол үзу Естайға оңай түспейді. «Атам таң намазын оқып болып, күндегі әдетінше жүзін құбылаға бұрып, Құран оқитын. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін еді, жарықтық. Бір күні таңғы шайын ішті де, Павлодар қаласына жол жүретінін айтты. Себебін сұрамадық. Сөйтсек, атамыз сондағы әскери бөлімге барыпты. Бөлім бастықтарына өзін таныстырған шаруасын баяндайды. Көк атты өзіне қайтарып берулерін өтінеді. Елге танымал атақты адамның өтінішін жерде қалдырмаған басшылар жануарды иесіне тапсырады. Атам оны ауылға мініп келгенде үлкен той болғаны әлі есімде. Жануардың жал-құйрығын күзеп тастапты. Дәл осы бейне санамда ерекше сақталып қалыпты», — дейді өткен күндерді сағынышпен еске алған Зекен апа.
Көк ат одан кейін де Естай ақынға біраз жыл серік болды. Әнші онымен біраз жерді шарлады. Жануар небір қиындықтарды да өткереді. Өкініштісі, көк ат кәріліктен емес, зорлықтан өліпті. Бұл жайында Зекен апа: «Сол кездегі ауылдың шолақ белсенділерінің бірі көк атты атамыздан тартып алып, қара жұмысқа жекті. Жылқы жарықтық әбден арып, құр сүлдері қалды. Бір күні түскі асымызды ішіп отыр едік, атамыз терезе жаққа үңілді. Сөйтсек, аяқтарын зорға басып, көк ат сүйретіліп келіп тұр екен. Атам асын тастай салып, далаға шықты. Сол аралықта көк аттың да демі үзілді. Оның өлімі баршамызға қаралы қазадай ауыр тиді…», – деген болатын.
Естай ақын сенімді серігінен осылай айырылыпты…
журналист.
Павлодар қаласы.
argymaq.kz