Дәстүрлі «Алтын тұғыр» иегерлерін марапаттау салтанаты өтеді

4466

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жыл сайын желтоқсан айында байрақты бәсекелердің үздіктерін анықтап, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді. 2013 жылдан бастау алған «Алтын Тұғыр» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі биыл да жалғасын таппақ.
Соңғы жылдары ұлттық спортымыз тек өз елімізде ғана емес, шет елде де дамып, еліміздің беделінің көтерілуіне ықпал етуде. Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасында көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді ойын түрлері халықаралық деңгейге көтерілді. Спортшыларымыз Қытай елінде аударыспақтан өткен ІІ Азия чемпионаты, Алматы қаласында ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары», Қырғызстанда өткен «Көшпелілер ойындары» сынды 2016 жылғы ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетті.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен өткен Қазақстан чемпионаты, «Астана жұлдызы» респубикалық турнирі, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі, бүркітшілердің халықаралық фестивалі сияқты елішілік бәсекелерде топ жарған саңлақтарымыздың қатары аз емес.
Ұлтымыздың баға жетпес қазынасын дамытуға сүбелі үлес қосқан сондай ақтаңгер азаматтардың мерейін көтеріп, халыққа кеңінен таныстыруды көздеген биылғы «Алтын тұғыр» атты үздік спортшыларды марапаттау рәсіміне Астана қаласындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қалың шоғыры арнайы шақырылып отыр. Іс-шараның өткізілетін орны – «Астана» концерт залы.
Сонымен қатар, 22 желтоқсан күні «Алтын Тұғыр» марапаттау рәсімінен бұрын Астанадағы «Жұмбақтас» мейманханасында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының 2016 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау және 2017 жылдың Күнтізбелік жоспарын қарау, Көкпар ойынының халықаралық ережесін талқылау, бекіту сияқты аса маңызды шаруаларды күн тәртібіне енгізген алқа мәжілісі өткізілмекші.
Жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын Ұлттық спортымыздың болашақта бұқаралық спортқа айналуына сіз де үлес қосам десеңіз «Алтын Тұғырдың» думанды кешінен тыс қалмаңыз.
Спорт үздіктерін марапаттау рәсімінен соң еліміздің танымал өнер жұлдыздарының жеңімпаздарға арнаған концерті өтеді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!