Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ: Жылқы моласы

7120

… «Өлмейтін құлға өлі балық кезігеді» деп тегін айтылмаған, – дейтін атам ашаршылық жылдар туралы әңгімесін күрсіне жалғап. – Біздің Қорғалжын, Жалманқұлақ өңірі аштықтың зардабын сонау 1929 жылдан тарта бастады. Қолымыздағы малдың бәрін «әртелге саламыз» деп өкімет құртты. Одан «Маңқа ауру» деп жылқыны қырды.
Мына Жалмаңқұлақ пен анау Қожакөлінің ортасында үлкен сай бар. Кезінде осы маңайдың қалың еркеккіндіктісін жауып жүріп сол сайдан әрі терең, әрі үлкен ор қаздырған. Сап-сау мыңдаған жылқыны «маңқаға» шығарып, сол сайда қырып салды ғой. Сол жерді кейін «Жылқы моласы» деп атап кеттік. Жылқыны мылтықпен де атады. Көбінесе кілең қолы қарулы жігіттер таңнан кешке дейін әлгі орға балтамен, сүйменмен шекеден ұрып құлатады. Оны ауданнан келген өкілдер, жамбасында алтыатары салпаңдаған мілитсиялар қадағалап, күзетіп жүреді. Жұртқа күндіз «Мына жылқыларға маңқа ауруы жұққан, жесеңдер сендер де ауру боласыңдар» деген үгіт жүргізеді. Бірақ, солар «қазақ арам өлгенді жемейді» десіп әлгі сайды түнде күзетпейді.
Сол кезде-ақ ел ашығып отырған. Қырып жатқан жылқының түк ауруы жоқ екенін бәріміз анық білеміз. Адамнан айла асқан ба? Бір-екі жігіт етігінің табанына кездікті тас қып байлап алады. Кездіктің ұшы өкшеден бір елідей ғана сыртта. Сүйменмен шекесінен қатты ұрсаң, жылқы сеспей қатады ғой. Ал. сәл ақырын ұрсаң ор түбіне мұрттай ұшса да бірден өлмей, тыпырлап жатады. Ондайда орға секіріп түсіп және ұру керек. Орға түскен кісі мілитсияның көзін ала бере өкшедегі кездік ұшымен тыпырлап жатқан жылқының тамағын «Бисмиллаһ» деп екі-үш рет піскілеп үлгереді. Аздап қан ағады. Содан «Қан шыққан мал адал» десіп, түнделетіп келіп әлгі жылқыны ұрлап әкетеміз. Тығылып жүріп пісіреміз. Аңду күшті. Біліп қойса «халық жауы» деп айдатып жібереді. Қанша ағайынымыз сондай нақақ жаланың құрбаны боп кете барды ғой.
Әне, бұл ел сөйтіп те жан баққан. Кейінгі жылдары соған да зар болғанбыз. «Өлмейтін құлға өлі балық кезігеді» деген осы қалқам. Қалың қазақты қынадай қырған сол ашаршылықтан да талайымыз тірі қалдық. Етіміз тірі, жанымыз сірі болғандық емес, Алла тағаланың ризығымызды тауыспағандығы. Мына сендердің көрер жарықтарыңның жазылып қойғандығы. Төрт жылға таяу соғыста жүргенімде де бұршақтай жауған немістің оғы жіліншігімді тесіп өткені болмаса, басқа жеріме дарымай, аман келдік. Енді міне сол зобалаң күндердің бірін көрмегендей отырысым мынау. Осының бәрін көрсеткен Жаратқан Иеме мың шүкірлік».
Атам осындай әңгіме соңындағы әдетінше құбыланы бетке алып, жайнамаз жайып жатар еді…
…Өскен өңіріміздің өткен-кеткенін бірталай біледі-ау деп жүрген Мәрлен бауырымның біздің ауылдың іргесіндегі «Жылқы моласы» туралы бұған дейін мүлде естімегенін айтқанында ойланып қалдым. Бұған дейін осы «Жылқы моласы» туралы сонау бір жылы ақын бауырыма әңгімелеп беріп, ол көп ұзамай «Жас алаш» гәзетіне жарияланған поэмасына арқау етті. Жылқының тарихын қамтыған «Қазанат» кітабына да «Жылқы моласының» қай өлкеде екенін енгізіп қойдық. Бірер жыл ілгеріде «Қаз-айтыс» сайтында жарық көрді. Бірақ, бәрібір аздық қылады екен. Сондықтан, тағы бір жаңғыртып қойғанның артығы жоқ қой деп шештік. Ал, «Жылқы моласы» жайлы кеңінен жазу Алла бұйыртса, алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.
tarihi-suret(Сурет туралы — шамамен 1982 жылы түсірілген фото-сурет. Оңнан солға қарай: жиырма жылға жуық Жалмаңқұлақ ауылының директоры қызметін атқарған Сұлтан Мәжитұлы Насыров, атам Жәкітай Әлімқожаұлы, ұзақ жылдар колхоз төрағасы болған Балтабек ата Исабекұлы және отыз жылдан астам сол өңірде молда болған Сәдуақас ата Оспанұлы)

Tolegen ZhakitaiТөлеген Жәкітайұлы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.