Азия чемпионаты. Жекпе-жексіз келген жеңіс
Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы «Байсерке» атшабарында өтіп жатқан Жастар арасындағы І Азия чемпионатында Б тобы бойынша келесі кезек Ресей мен Тәжікстан құрамасы арасында өтуі керек еді.
Екі құрама да кешегі бәсекеде бірі Қытайдан, бірі Моңғолия құрамасынан ұтылған болатын.
Көрерменнің көз алдында екі құраманың да мемлекеттік әнұраны шырқалып, ойын енді басталар сәтте шу шықты. Тәжікстан құрамасы ресейліктер арасында қазақ жігіттерінің барын алға тартты. Сонымен төрешілер тексерісті бастап жібергенде, Тәжік палуандарының (айналдырған 7 көкпаршы келген бұл елден) арасында 4 адамның жас мөлшері шекті жас (25 жасқа дейін) мөлшерінен асып кеткені анықталды.
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендей, Ресей құрамының сапындағы бір қазаққа бола шу шығарған Тәжік құрамасы өз артын өздері ашты. Рас, кеше бұл команда Моңғолия құрамасымен ойнаған. Ол кезде де бұл құрамада жасы 35-ке келген жігіттер ойынағаны белгілі болатын. Дегенмен моңғолиялықтар ойнай беруге рұқсат бергендіктен, додаға қатысуға төрешілер мен ұйымдастырушы тарап рұқсат еткен еді. Бүгін де тып-тыныш ойнай берулеріне болар еді, әңгімені өздері бастады.
«Чемпионатқа небары 7 ойыншымен келді. Оның төртеуінің жасы асып кеткен. Біз ойын ережесінде Қазақстаннан өзге елдерден келетін командалардың құрамындағы ойыншылардың жасы 25-ке дейін болуына рұқсат бергенбіз. Енді, тыныш қана ойнай берсе, ешкім ештеңе демес еді, Ресей құрамасындағы 1 қазақты көре қалған екен. Әуелі ойын шартын өздері ұстанғандары дұрыс еді. Ақыры ойын шартын бұзып отырғандықтан Тәжікстан құрамасындағы жасы асып кеткен жігіттерді ойыннан шеттеттік. Сол кезде құрамда 3-ақ ойыншы қалды. Өздеріңіз білетіндей, құрамадағы ойыншы саны кемінде 7 адам болуы керек. Біз жеңісті Ресей құрамасына беруге шештік. Есеп – 3:0» — дейді чемпионаттың көкпар бойынша бас төрешісі Нұрдәулет Момынов.
Сонымен Б тобы бойынша үшінші ойын болмады, ойын болмаса да, жеңіс Ресей құрамасының қанжығасында.