Мажарстандық қонақ ЭКСПО-ға атпен келе жатыр (ФОТО/ВИДЕО)

6792

Біз мадиярлардың қазақ жеріне салт атпен саяхаттап келмекші екенін оқырмандарымызға ілгеріде хабарлаған болатынбыз. Маусым айының ортасында венгриялықтардың «Жібек  жолы» деп аталатын,  үш кезеңнен тұратын, 2016-2017-2018 жылдарға арналған сол сапарлары басталып кетті. Экспедиция басшысы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен көп жыл тығыз байланыста жүрген, Венгрияның «Аударыспақ   Хунгари» федерациясының президенті Иштван Бенце мырза. Ақтаудан бастап бірнеше облыстың жерін басып, салт атпен екі жарым мың шақырым жол жүрген  аталмыш экспедиция   «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында көкпардан, аударыспақтан, жамбы атудан өтетін дүниежүзілік ұлттық спорт жарыстары басталар қарсаңда, яғни, тамыздың алғашқы онкүндігінде Астанаға ат басын тіремекші.

            Оқырман есіне салып өтсек, Иштван Бенце мырзаның қазақтың ұлан-ғайыр даласын атпен шарлап шығуы бір бұл емес. Өзінің қазақ, қыпшақ ұрпағы екенін мақтан тұтатын Иштван бұған дейін де бірнеше мыңдаған шақырымдарды салт атпен ерінбей-жалықпай жүріп өткен. 2009 жылы «Алтын адамнан Атиллаға дейін» атты экспедицияны басқарып (6500 км), Қазақстанға бір келіп қайтқан. Одан соңғы «Еуразия» сапарында  (6000 км) Иштван бастаған үш салт атты мадияр бауырымыз 2012 жылдың   1 наурызында Будапешттен шығып  Румыния жері мен Қара теңізді басып өтіп, Әзірбайжан, Кавказ, Грузия елдерін аралаумен Астана қаласының мерекесіне орайластырып, 6  шілде күні Елордаға ат басын тірепті.

           img-20170620-wa0001    Иштван Бенце мен Ласло Цаконың бұл жолғы «Жібек  жолы» сапары үш кезеңнен тұратын, 2016-2018 жылдарға арналған өте ауқымды сапар екен. Мақсаттары – Венгриядан бастап салт атпен Сербия, Болгария, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корей мемлекеттерін аралап, ежелгі Жібек жолының даңқын және бір жаңғырту. Бас-аяғы он бес мың шақырымды құрайтын бұл сапардың басы 2016 жылы Венгрияның О-Сайла қаласынан басталып, Сербия, Болгария елдерін аралап,  Қара теңізді кемемен өтіп,  содан соң атпен Грузия арқылы Әзербайжанның тарихи ауданы саналатын Оғыз өлкесіне жетіп, ұзақ сапардың алғашқы кезеңі өткен күзде тәмамдалды. Бұл сапардың қашықтығы 3500 шақырымға созылған.

                     Биылғы жылдың маусым айында қайта жалғасқан сол «Жібек жолы» сапарының екінші кезеңі Әзірбайжан жерінен басталып, жаһангез мадиярлар Каспий теңізі арқылы кемемен Ақтауға жеткен. Сөйтіп, мажарлықтар бір айға жуық уақытта Маңғыстау, Ақтөбе,  Торғай, Қарағанды, Ақмола даласын салт атпен көктей өтті.

           img-20170620-wa0005 Атажұртын, жалпы, ата-бабалары жүріп өткен жолдарды атпен шарлаудан жалықпайтын Иштван Бенце өзінің бір сұхбатында: «Біздің арғы тегіміз қыпшақ. Қазақта бар кейбір дәстүрлер бізде де бар. Мысалы, орта Венгрияда бүгінгі күнге дейін ең құрметті деген қонаққа қойдың басын ұсынады. Көрдіңіз бе, біздің туыстыққа бұдан артық қандай дәлел керек? Әсіресе, біз қалың қыпшақ мекен еткен Торғай өңірін ерекше жақсы көреміз.  Әрине, Торғайдан Венгрияға дейін үлкен арақашықтық бар, бірақ бұл бізге кедергі емес. Өйткені, біз көшпенділерміз. Атқа қонып, ата-бабаларымыздың отанына келу біз үшін түк те емес» деген екен.

Иштван Бенце осы жолы да сол айтқан сөзінде тұрып, ата-бабаларының отанын армансыз аралауда. Маңғыстау, Ақтөбе өлкесін басып, мың шақырымнан астам салт жүріп қалың қыпшақ мекендеген Торғай даласына да табан тигізіпті. Әрине, ақиқатына жүгінсек, бұл айтуға ғана оңай шаруа ғой. Әйтпесе, салт атпен айға жуық сапар шегудің бейнетін басынан кешкен адам ғана түсінер.

Қазақ елі мен Венгрия мемлекеті арасындағы ынтымақтастық пен татулыққа өз шама-шарқынша үлес қосып жүрген, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық жарыстардан венгриялық спортшыларды қалдырмайтын Иштван Бенценің аталмыш сапарына біз де бей-жай қарай алмадық. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы атынан телефон шалып, амандық-саулық білісіп отырдық. Осы тұста «Жібек жолы» экспедициясына Қазақстандағы Венгрия елшілігінің, бірнеше облыс пен аудан басшыларының әр елді мекендерде кездесу ұйымдастырып, тиісті қамқорлықтарын көрсеткенін айтып өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, экспедиция 800 шақырымдық Маңғыстау облысының даласымен өтер сәтте Маңғыстау облыстық ұлттық спорт клубының директоры Қанағат Сүйебаевтың жолаушыларды атпен, көлікпен, аудармашы маманмен бір өзі қамтамасыз етіп, оншақты күн бойы атпен бірге  жүріп, облыс шегарасынан шығарып салғанын, Атырау өңірінің азаматы Оразғали Қаршегеновтің өзінің жекеменшік жол талғамайтын көлігін экспедиция сапары аяқталғанша венгриялықтарға жүргізушісімен қоса берген азаматтықтарын да қазақы меймандостыққа балап, орайлы тұста ризашылығымызды білдіріп өтуді жөн көрдік.

Біз жуырда «Жібек жолы» экспедициясының Қазақстандағы сапарын жоспарлауға атсалысқан, 20-маусымнан бастап венгриялықтармен үзеңгілес жүрген Мырзабаев  Бекарыстан ағамызбен хабарластық.  Бекарыстан Боранқұлұлы Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі табиғат және экологияны ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері, далалық экспедиция ұйымдастыруда тәжірибесі мол маман. Біздердің сауалымызға орай Бекарыстан Боранқұлұлы  «Жібек жолы» экспедициясының сапар барысы туралы төмендегідей мәліметтерді айтып берді.

      %d0%b8%d1%88%d1%82%d0%b5%d0%ba%d0%b5-768x512   «Маусым айының 12-де «Жібек жолы» экспедициясының маршрутын жоспарлау мақсатында біздер Ақтауға жиналдық. Содан, Ақтаудан басталатын ұзақ сапардың басын  Маңғыстау облыстық ұлттық спорт клубының директоры Қанағат Сүйебаев інім өз міндетіне алған соң, мен өз облысымыздың шекарасынан қосылмақ болып Ақтөбеге оралдым.  Экспедиция тізгіні Иштван Бенценің қолында. Оның жанында жерлесі, кинооператор Ласло Цако бар. Қанағаттың өзі жол бастап отырып олар Ақтаудан шыққаннан салт атпен Отпан тау, Шетпе, Бейнеу маңындағы ескерткіштерді аралай жүріп, Сам-доңызтау ескерткіштеріне соғып, одан Үстірттің үстіменен Шалқардың Бозой дейтін жеріне дейін бір аптада жетіпті.

          %d0%b8%d1%89%d1%82%d0%b2%d0%b0%d0%bd-768x512   Көптеген тарихи орындарды аралай жүрген. Үстірттің үстіндегі зерттелген ғажайып ескерткіштерге соққан. Венгрлер Үстірттегі ертеде біздің бабалардың ұлутасқа, қайрақтасқа қашап салған өрнекті «мадияр өрнегі» деп есептейді. Өйткені, венгриядағы ежелгі өрнектер осы өрнектермен өте ұқсас келеді екен.

            Содан мен экспедицияға Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының Бозой деген жерінен қосылдым. Бұл маусымның 20-сы күні. Міне, айға жуықтап қалды, сол уақыттан бері мадияр бауырларыммен күн-түн бірге жүрмін. Талай ғажап өңірлерді тамашалап келеміз. Әйгілі Қазанғап күйші сүйегі жатқан Айшуақ ауылына қонақ болдық. Онда Қазанғап күйін орындайтын күйші ақсақалдар да әлі бар екен. Әсіресе, белгілі Қазанғаптанушы, күйші Нұрболат Балмағанбетов  шерткен Қазанғаптың аққуға, жылқыға, жан-жануарларға байланысты таңғажайып күйлерді тыңдадық. Мадияр туыстарға атақты батыр Көтібардың ұлы Есет кесенесін көрсеттік. Сонау Ақсақ темір заманында тұрғызылған Балғасын кесенесіне соқтық. Бұл өлке ертеде әйгілі Орақ батырға қоныс болған жер. Тарихи оқиғаларға тұнып тұрған өңір ғой.

 Содан Ақтөбе облысының Ырғыздағы метеорид түскен Жаманшың атты жерге тоқтадық. Төрткүл дүние ғалымдары таңданатын өңірдің бірі осы. Мұнда метеорид 700 мың жыл бұрын жерге түскен деп есептеледі. Әлемдегі жүзден астам метеоридтер ішінен көлемі жағынан Тунгустан кейінгі екінші орын алатын осы Жаманшың метеориді. Қазан шұңқыр диаметрі бес жарым шақырым. Метеорид диаметрі 500 метр. Жер планетасының басқа бұрышында жоқ «Иргизит» деп аталатын құнды тастар тек осы Жаманшыңда ғана бар. Жұрт соны іздейді. Мұнда жабайы туризм қалыптасқан.

Осы өлкеде кезінде жоңғарға қарсы Кіші жүздің қалың қолы жиналған.  Мұнда Әбілқайырдың 40-50 мың әскері бірнеше ай соғыс даярлығын жасапты. Мұны естіген венгрлер: «сонша қалың әскер сол уақытта қалай тамақтанған? Тамақты қалай пісірген?» деп таңғалады. Ол заманда құлан, киік көп. Әскердің негізгі тамағы сол дала жануарлары болғанын айта келе, қазан-ошақсыз-ақ жорық тамағын қалай пісіруге болатынын көрсеттік.

Облыс, аудан басшыларының қадағалауымен әр елдімекендерде венгрлермен кездесу жасалып отырды. Меймандарымыз құрмет-сыйдан кенде болған жоқ. Сөйтіп, оншақты күнде Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандарына қарасты 700 шақырымға жуық жерін басып өттік.

Содан Ақтөбе шекарасынан асып, Қостанай облысына қарасты Торғайдың Ақшығанақ дейтін ауылына жеттік. Сол маңға таяу тұрған Әбілхайыр ханның зираты бейнетаспаға түсірілді. Одан Жангелдин ауданы, Міржақып Дулатовтың ауылы Қызбелге жеттік. Мұнда Міржақыптың атындағы мектеп және ескерткіші бар екен. Осы өлкеде венгрлердің 2012 жылы арнайы барып орнатып кеткен, ағашқа өрнектеп жасалған түркілердің  9 метрлік биік ескерткіші тұр.

Қызбелден Амантоғай арқылы Амангелді ауданына, одан Арқалыққа өттік. Ол жерлерде де естен кетпес керемет кездесулер ұйымдастырылды. Жергілікті халықтың мадиярларға деген құрметтері тіпті ерекше.

Арқалықтан соң Ә.Майкөтов атындағы ауылға аз аялдап, одан Қарағанды облысының жері Қарақойын-Қашырлының жазық даласы арқылы, Құланөтпес өзеніне тірелдік. Құланөтпес ауылы тұрғындарының қолынан дәм таттық. Нұра ауданына қарайтын Жанбөбек ауылындағы Қарақойын орта мектебінде бір әдемі кездесу өтті.

Қазіргі кезде біз Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарайтын өңірдеміз. Ендігі жоспар Есіл өзені бойындағы қалың тарихи ескерткіштерді асықпай аралау.  Сөйтіп, бұйыртса, тамыз айының алғашқы онкүндігінде Астанаға осы салт атты тобымызбен бармақшымыз».

       %d0%b8%d1%88%d1%82%d0%b1%d0%b0%d0%bd-768x512      Міне, біз Мырзабаев  Бекарыстан ағамыздан естіген «Жібек жолы» экспедициясының сапары жайлы ұзақ әңгімесін осылайша ықшамдай жарияладық. Жолаушылар бас-аяғы 2,5 шақырым жолды салт  атпен жүріп өткен. Орта есеппен тәулігіне 70 шақырымнан жүріп отырған. Бұл Иштван Бенце мырзаның өз айтуынша қазақ даласын төртінші мәрте атпен аралауы екен. Осы сапарлардағы мадияр туыстар көздеген ең үлкен шаруаның бірі –  2009-2011-2016-2017 жылдары біздің елде түсірілген және 2018 жылы түсірілетін бейнетаспаларды біріктіріп,  бір үлкен тарихи-деректі фильм жасау көрінеді.

         Ендігі әңгімені, бұйыртса тамыз айында Иштван Бенце мырзаның өз аузынан естиміз деген үміттеміз. Оған дейін атажұртын аралауға құмар мадияр туыстардың сапары сәтті болғай деп тілейік.

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.