Үкімет назарына: Жылқы өсіруге кешенді көзқарас қажет
Соңғы кезде елімізде асыл тұқымды мал түрлерін өсіруге қатысты бірқатар мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге аса бастады. Оның алғашқы нәтижелері де тәп-тәуір. Бұл істе ең алдымен сиыр мен қой-ешкіні асылдандыру жұмыстары ауызға бірінші оралады. Жөн-ақ.
Әйтсе де төрт түліктің төресі іспеттес жылқы тұқымының жай-күйін жақсарту мәселесі алдыңғы аталған түліктердің тасасында қалып келеді десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Осы орайда нақты деректерге сүйенсек, биыл республикамызда асыл тұқымды жылқының үлесі оның жалпы санының небәрі 7,5 пайызын құраған екен. Қанағат тұтуға тұра қоятындай көрсеткіш емес, әрине. Рас, республикамыздың кейбір өңірлерінде, соның ішінде Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 18-20 пайыздың аралығында болып отыр. Мұның өзі аталған облыстарда асыл тұқымды жылқы санын арттыру ісінде әжептәуір жұмыстар қолға алынғанын көрсетсе керек. Сондықтан да «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, аталған облыстардың мысалында жылқы түлігін асылдандыру ісіне қатысты ізденістер мен іркілістер жөнінде әңгіме қозғағанды жөн көреміз.
Бұл ретте, ең алдымен, тілге тиек етерлік жәйт, жылқы еті мен сүті, яғни аталған түліктен алынатын қымыз – ұлт денсаулығына оң әсер ете алатын емдік тағам мен сусын екендігі. Бұл тұжырым бүгінде ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Тіпті тұтастай әлем бойынша алғанда, бүгінде жылқы еті мен сүтіне деген сұраныс өсіп келе жатқаны белгілі. Өнімді мол беретін жылқы шаруашылығын өркендетудің қажеттілігі де осы тұстан туындайды. Асыл тұқымды жылқы өсіру мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан мән беру – оның ертеңі де өрісті болатынына кепілдік бермек. Біз бүгінгі материалымызды өндіріске әзірлеу кезінде көтеріліп отырған мәселеге орай бірқатар маман-ғалыммен және сала жанашырларымен ой-пікір алмасқан едік.
Оларға қойылған алғашқы сауал — асыл тұқымды жылқы шаруашылығын өркендету үшін оған ең алдымен қандай фактор қажет деген сауал болатын. Осы мәселеге орай ең алдымен Мұғалжар асыл тұқымды жылқысын өсірумен шұғылданатын «Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаев ой сабақтады. Оның мәлімдеуінше, асыл тұқымды жылқы санын өсіру қалпақпен соғып ала қоятын оңай шаруа емес. Бұл жанқиярлық еңбек пен іргелі ізденістерді қажет етеді. Текті тұқым алудың басты жолы – аталық малға байланысты. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, асыл тұқымды жылқы өсіру дегеніміз әншейін құр бос сөз болып шығады дейді ол. Ғалымның ой-тұжырымынан түйгеніміз – аталық малдың, яғни айғырдың жаа тұқымын шығару көздеген мақсат пен табысқа жетудің басты кепілі. Жаңадан шыққан аталық із бұған дейінгі ізашарларымен салыстыра қарағанда салмағы мен сыртқы тұрқы және өнімділігі жоғары болуы тиіс. Осындай талап пен стандарт республиканың барлық өңіріндегі асыл тұқымды жылқы өсірумен шұғылданатын шаруашылықтарға енгізілсе, биылғы 7,5 пайыздық көрсеткіш бірнеше есе өсер еді дейді ол.
Бұл тұста нақты Ақтөбе облысы мысалында сөз сабақтар болсақ, бүгінгі күні бұл бағытта өңірдегі «Жанқанат», «Жансая» және «Сәт» шаруа қожалықтары асылдандыру жұмыстарын бір ізге түсіре алғаны бір мерей. Ал «Мұғалжар жылқылары» ЖШС бұл жауапты іске ғылыми көзқарас тұрғысынан терең мән бере бастағаны байқалады. Мұндағы бағылатын Мұғалжар және Көшім асыл тұқымды жылқылары етті әрі сүтті болуымен ерекшеленеді. Жоғарыда айталғандай, аталған ЖШС-да таза қанды, өнімді мол беретін жылқы шығару ісі жан-жақты ойластырылған. Мұндағы басты мақсат – бұрынан бар тұқымдық қасиетті одан әрі жақсарту мен жетілдіруге бағытталған. Аталған үйірдегі «Бостандық» деген атау берілген асыл тұқымды айғыр 2012 жылдың төлі болып шықты.
Сала жанашырлары жылқы тұқымын жетілдіруге қатысты жәйттер үкімет деңгейінде түбегейлі шешімін табуы қажет деп есептейді. Дәл сол кезде жылқы еті мен сүтіне деген сұранысты өтеу мүмкіндігі туар еді дейді олар. Шынтуайтына келгенде, асыл тұқымды Мұғалжар және Көшім жылқыларын өсіру ісіне айта қаларлықтай орасан мол қаражаттың қажеті шамалы. Өйткені аталған түлік түрдері алты ай қыс бойы тебінде жүрген соң, арнайы әзірленген жем-шөпті қажет ете бермейді. Қолда, мал қорада қамалып тұратын сәттері өте сирек. Аталған жылқылардың тағы бір ерекшелігі – суыққа төзімділігі. Айталық, сонау сексенінші жылдардың аяқ кезінде Саха елінен келгендер Ақтөбеден бірнеше үйір Мұғалжар жылқысын қалап, сатып алып кетіпті. Кейіннен олар ақтөбелік аммандарға бір хабарласқанда 60 градус ақырған аязға да Мұғалжар жылқысының мыңқ етпегенін сүйсіне хабарлапты. Сонымен бірге бұл жылқылар шалғай елде тебінге де жақсы түсіпті.
Ал асыл тұқымды Көшім жылқысының жай-күйіне келсек, бұл түр «Буденновская», «Донская» және «Владимировская» секілді салмағы ауыр, тұрқы ірі ресейлік асыл тұқымды жылқылармен жергілікті жылқы қанының араласуынан пайда болғандығы. Асыл тұқымды жылқының бұл түрі де бап талғамайды. Тебінде жақсы жайылады. Еті мен сүтінің өнімділігі Мұғалжар жылқысынан кем түспейді. Оның өсіру де көп шығынды қажет етпейді. Бұл жөнінде газет тілшісіне кезінде Көшім тұқымдас жылқыны шығарып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп бергені үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген Ақжайықтың ардақты ақсақалдарының бірі Әділғазы Нұрғалиев.
Қысқасы, бүгінгі күні Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында асыл тұқымды Мұғалжар және Көшім тұқымдас жылқылардың саны өсіп келеді. Мұның өзі оң нышан, жағымды құбылыс болғанымен бұл іс аталған өңірлерді әрі тұтастай республикамызда жаппай мал шаруашылығы өндірісшілерінің емес, ат төбеліндей, тіпті саусақпен санап аларлықтай сала жанашырларының еншісінде қалғандай көрінеді. Міне, дәл осы санаттағы асыл тұқымды жылқы өсірушілер Үкімет тарапынан туғызылатын қолдауды сезіне алмай жүргеніне де қол қоя аламыз.
Батыс Қазақстан облысындағы асыл тұқымды жылқы өсіру ісінің кәнігі шебері, осы саланың шын жанашыры мен майталманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарынң кандидаты Алтай Зайнуллин асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын адамдардың төккен тері мен жұмсаған шығындары өзін-өзі мүлдем ақтамайтынын айтып берді. Оның ойынша, мұндай есіл еңбектің өтеуінің басты жолы – мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау, яғни аталған саланы субсидиялау болмақ.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұған дейінгі Қазақстан халқына жолдаған өз Жолдауларының бірінде республикада жайылымдық мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі мен қажеттілігі жөнінде атқарушы және өкілетті органдардың алдына нақты міндеттер қойғаны ұмытыла қойған жоқ. Бұған ең ыңғайлысы да, бүгінгі әңгімемізде көтеріліп отырғандай, жылқы шаруашылығы екені анық. Бүгінгі күні еліміздің түпкір-түпкірінде әлі күнге дейін бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінде, соның ішінде 9 миллион гектар жайылымдық алқаптарда жылқы малын көбірек өсіру ісі жаппай қолға алынса, мұның ешқандай артықшылығы болмас еді. Сондай-ақ ел ішінде иесіз қалған фермалар мен бұрынғы мал бағу орындарының тұсынан бүгінгі заман талабына сай нысандар тұрғызылып, қайтадан жаңғырған инфрақұрылымдық жүйелер асыл тұқымды жылқы шаруашылығын өркендетуге лайықталса, бұдан ешкім де ұтылмас еді. Ақтөбе және Батыс Қазаұстан облыстарында қазіргі кезде бұл бағытта басталған бастамалардың баянды болғанын қалаймыз.
Елімізде асыл тұқымды жылқының үлес салмағынң өсуі – дүниежүзі бойынша жыл сайын өсір келе жатқан жылқы малы өнімдеріне деген сұранымды өтеуге басты негіз қалайтыны кәміл. Өз кезегінде бұл жауапты іс Ауыл шаруашылығы министрілігінің ұдайы назарында болса, қордаланып қалған түйіндердің бірқатары шешілері хақ. Асыл тұқымды жылқы шаруашылығын мемлекеттік тұрғыдан қолдау ісі ұлт денсаулығы мен игілігіне қызмет жасай алатын басты тұтқалардың бірі десек, қателесе қоймаспыз.
Бұл бағытта ұтымды ұсыныстар мен ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің де тигізер пайдасы мен шапағаты мол болмақ. Тіпті бүгінгі мақаламызда көрсетілгендей, Ақтөбе және Батыс Қазақстан секілді асыл тұқымды жылқы өсіруді оң жолға қоя білген облыстар үшін жергілікті және республикалық бюджеттерден қаржы мүмкіндігін қарастырғанның да артықшылығы жоқ секлді. Осы тұрғыда бүгінгі көтерілген мәселелер тиісті атқарушы және өкілетті органдар өкілдеріне ой салып жатса, алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.
«Егемен Қазақстан» газеті