АШМ назарына! Шошқаға жасалған жағдай жылқыға да жасалса дейміз

3094

Атақты ақын Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында былай дейді:

Жанына еліміздің жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан.

Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.

Атты артық көрген елміз мінген тақтан,

Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан!

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

Аттарға шаң шығарып келе жатқан…

Қазіргі таңда ат бәйгесі туралы сөз бола қалса, атақты Қостанай жылқысы еске түсері анық. Бұл тұқымды шығаруда белгілі ғалымдармен қоса қарапайым шаруа адамдарының да маңдай тері төгіліп, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы міністі-жегісті жылқы тұқымдарынан кем емес әрі далалық жайылымға бейім етіп шығарып еді. Жақын қашықтыққа шабудан немесе ұшқыр аттар жарысында дүниежүзілік рекордтың иесі ағылшынның таза қанды жылқысы болса, Қостанай жылқысы екінші орында тұратыны анық. Мінекей қазір осы жылқының болашағы бұлыңғыр болып тұрғаны ат сүйер қауымды уайымға салып, түрлі сұрақтардың тууына себепкер болып отыр.

Шынында да біздің ауылшаруашылығы министрлігіне келетін мамандардың көбін, қазақтың «қара шаңырағы» ауыл мәселесі толғандырмайтын сияқты. Басшылыққа келген адамдар төрт түлікке берілетін субсидия мәселесінде тұрақтылық көрсетпеді. Селекциялық асылдандыру, ғылыми жұмыстарға қаржылай демеушілік болмағаннан кейін, көптеген шаруашылық иелері асылдандыру жұмыстарымен айналысқылары келмейді, ал бұл өз кезегінде малдың өнімділік сапасының нашарлауына әкелетініне күмән жоқ.

Дүниежүзілік саудада Ұлттық бренд есебінде жарнамалап, экспортқа шығаруға болатын мал өнімдері көп. Солардың қатарында жылқы шаруашылығынан алынатын органикалық таза бие сүті өнімдерін – құрғақ саумалды, түрлі қоспа қосылған қымызды, жылқы еті мен жылқы етінен жасалған өнімдермен шығуға мүмкіндік мол.

Мысалға Дүниежүзілік сауда ұйымында біздің астық және майлы дақыл өнімдерінің сапасы жоғары, сұранысқа ие. Бұл өндірісті жандандыруда мемлекетіміз көптеген жұмыс атқарып, субсидия көлемі мен түрлерін де соңғы жылдары әжептуір өсіре білді. Көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына деп Республика бюджетінен арзандатылған бағамен жанар-жағар май бөлінеді. Бұл әрине құптарлық іс. Осы сияқты жақсы жаңалық құс, ірі қара, қой-ешкі және шошқа шаруашылығында да бар, тек қана төрт түліктің төресі жылқы мен түйе шаруашылығы «жетім баланың» күйін кешіп отыр.

Егін шаруашылығында агротехнологияға сай атқарған қызметіңмен төккен маңдай теріңнің жемісін күзде көресің, кейін тым қарбалас жұмыстар азаяды. Кейбіреулері күзгі сүдігер жырту, қар тоқтату сияқты агротехнологиялармен айналыспайды да.

Ал мал шаруашылығы жаздың аптап ыстығына, қыстың қытымыр аязы мен дүлей боранына қарап жатпайды, тынымсыз еңбек. Мал шаруашылығында сенбі-жексенбі немесе мереке деп үйде жатып алу жоқ. Осыны үкіметіміз көріп-білмей ме, ал білсе неге алалайды? Мал азығын дайындауға бөлінетін субсидия көлемін неге жергілікті әкімшілікке іліп қойғанын түсінбей дал болып отырмыз. Жергілікті бюджет жетім-жесірлердің мәселелерін, аумағындағы жолдар мен ауыз су сияқты өзекті мәселелерін шеше алмай жатқанда азық дайындауға кететін шығынды субсидиялау туралы бас қатырғылары келмесі анық.

Қазіргі таңда жылқы шаруашылығына берілетін субсидия тек сатып алынатын бір бас асыл тұқымды айғырға – 100 000 тг, бітті. Қалған субсидия түрлері ол жергілікті әкімшіліктің құзыретінде мал азығы шығынын азайту, ғылыми селекциялық, асылдандыру жұмыстарына бөлінетін қаржылай көмек. Ал мұндай көмектің шарапатын Республикамызда тек Ақтөбе облысы шаруалары ғана көріп отыр.

Төрт түліктің төресі – жылқы дегеніміз бос әңгіме. Қазір «талпақ танаудың» тасы өрге домалап тұр. Бұқа сатып алуға бөлінетін субсидия көлемі де айғырдан асып тұр – 140 000 тг. Мына жерде айта кету керек, сауын сиырды сатып алуға да 140 мың тенге, ал асыл тұқымды байтал немесе бие сатып алуға көк тиын жоқ. Ал шошқада асылдандыру жұмыстары мен торайларға деп тағы 40 000 теңге әр басқа төленеді. Мегежін жылына кем дегенде екі рет торайлап, бір тапқанда 10-12 торай әкеледі. Сонда сатып алынған бір мегежін жылына 20-22 торай туса, әр басқа 40 000 теңгеден субсидияланса есептей беріңіз милионнан асып кетеді. Ал мұндай «ыстық ықыластан» жылқы мен түйе шаруашылығы құр қалып отыр.

Биылғы Республикамыздағы құрғақшылық барлық өңірге дерлік салқынын тигізді. Әсіресе Маңғыстау мен Қызылорда облысының кейбір аудандарында нағыз жұттың өзі болды. Осы кезде жылқы азығын дайындауға деген субсидиялар болса, шаруалар жетпегенін өзі қосып, жақын облыстардан жем-шөп дайындауда әжептәуір көмек болар еді.

Кезінде Голощекин жылқыға түрпідей тиіп, аяғында қыл құйрықтының және аштықтан қырылған қазақ халқының қарғысы ұрып өзіде оңбай, атылып кеткен еді. Әлде бұл да басқа елдің мүддесін көздеп отырған саясат па, өз асылын, өз қазағымды аяқ асты еткен неткен сұрқия жоспар. Теледидардан ауылшаруашылығы министрлігінің бір маманы сұрақ қойған журналистке жауап беріп жатыр «шошқа шаруашылығы тез жетілгіш және тез өнім береді, әрі біз көп ұлтты елміз, сондықтан олардың да мүддесін ойлау керек» деп. Бұл қай сасқаны, біздің теріскейдің де біраз басқа ұлт өкілдері шошқа етінен гөрі қазір соғымға жылқы союда, жылқыны кей қазақтардан да көп ұстайды. Шошқа етінің зияны мен астық дақылды азықтардың қымбатшылығынан қой-ешкі, сиыр мен жылқы ұстауға көшіп жатыр.

Ірі қара шаруашылығында ғылыми селекциялық, асылдандыру жұмыстарына бөлінетін қаржы түрлері мен көлемі жылқы мен түйе шаруашылығына да пайдалану керек. Асылжан Мамытбеков министр болған кезде жылқыға субсидия бөлгізбей, олар өз күндерін өздері көреді деген саясат әлі ұстанып келе жатқаны өте өкінішті. Бұл саясат – Қостанай жылқы тұқымының құрып кету қауіпіне душар еткен саясат болды.

Қазіргі Қостанай жылқы тұқымы жергілікті өнімді жылқы тұқымдарындай қыста тебіндей алмайды, оларда тері асты май қабаты нашар дамыған, қызу қанды яғни спорттық бағыттағы жылқы болғандықтан, қыста жабық қораларда ұстау керек. Ал бұл дегеніміз ерекше күтім мен азық шығынын және ұдайы тренинг жасап отыруды қажет етеді. Кезінде Ресейде де Дон жылқы тұқымы құрып кете жаздап, содан ел болып бірігіп, үкімет қаржылай көмек беріп, жеке меншік иелерінен таза Дон жылқыларын арнайы жылқы зауытына сатып алып, санын көбейтіп, ғалымдармен бірлесе селекциялық жұмыстар жүргізіп асыл тұқымды Дон жылқысын құтқарып қалып еді. Осындай тәсілді енді бізге де қолдануға тура келіп отыр.

Ғылым мен өндіріс бірлесе жұмыс атқаратындай мүмкіндік жасалынып және ғалымдар сол шаруашылық басшысының қас-қабағына қарап қалмай, шынайы жұмыс істеу үшін қаржыландыру арнайы қордан бөлініп отырса.

Елдің үміті ұлт болашағын ойлаған жаңа басшымыз ауылшаруашылығы министрі Е. Ш. Қарашүкеевте. Ұлттық намысы бар азаматтардың бірі болып, киелі Қостанай жылқы тұқымының наласына қалмай, жылқы мен түйе шаруашылығына деген көзқарасы дұрыс болады деген сенімде болғымыз келеді.

Құрметпен ғалым – зоотехник Ерлік Жікішев

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.