Ат әбзелдері жайлы мақал-мәтелдер

4093

Бұған дейін Argymaq.kz сайты қазақтың жылқыға қатысты мақал-мәтелдерін жинастырып, жариялаған болатын. Бұл жолы оқырман назарына ат әбзелдеріне қатысты сөз мәйегін ұсынуды жөн көрдік. Бұл әліпби бойынша А-мен басталатын мақал-мәтелдер екенін ескертеміз. Оқырман сұранысына орай, алдағы уақытта әліпби ретімен ер-тұрманға қатысты өзге де мақал-мәтелдерді жариялаймыз.

Argymaq.kz

Ағайынның азғанын өзі білмес, жат білер.
Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер.

Айтқызып істеген істің іске сәндігі жоқ,
Қамшылатып шапқан жүйріктің жүйрікке сәндігі жоқ.

Айттырған—жаманның ісі,
Қамшылатқан—шабанның ісі.

Айылың құйысқандай болса,
Алашың туысқандай болсын.

Айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды.

Айырылар тамыр ердің артқы қасын сұрайды.

Ақсақ атқа – алтын таға.

Ақылды ердің ішінде
Алтын ерлі ат жатар.
Ақылды әйел ішінде
Алтын бесікті ұл жатар.

Ақылсыз жігіт – ауыздықсыз ат.

Ақымаққа арқан көрсетсең, асылып өледі.

Ақымақтан арқан бойы алыс жүр,
Тұрлаусыздан тұсау бойы алыс жүр.

Ала арқан кеспей арылмас.

Алғаш атыңды тұсаула,
Кейін Құдайға тапсыр.

Алдыңғы айылдың батқанын,
Иесі білмес ат білер.

Алдыңғы айылдың батқанын, иесі білмес ат білер,
Азаматтың қадірін, ағайын емес жат білер.

Алтын ерің атқа тисе,
Алтынын ал да, отқа жақ.

Алтынды ерің атқа тисе, алтынын ал да отқа жақ,
Ағайының атыңа тисе, аманыңда жөніңді тап.

Ант ұрғанның ер-тұрманы оңбас.

Арамдықтың арқаны қысқа.

Арғымақ атқа – алтын қасты ер керек:
Арқалап отын тасыған,
Арқасы терге сасыған.

Арқан бойы жолдың тұсау бойы төтелігі бар.

Арқан үзіледі, борыш үзілмейді.

Арқанды ат қазығына оралар.

Арқанның ұзыны жақсы,
Сөздің қысқасы жақсы.

Арқасына ер батқан ат аяңшыл келеді.

Артқы айылым берік болса,
Атым тулап нетерсің?
Ағайында бірлік болса,
Жатым маған нетерсің?

Артқы айылың мықты болса,
Атың тулап не істейді?

Артқы қастың батқанын
Қаптал білмес, ат білер.

Арық атқа қамшы ауыр.

Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.

Арық атқа қамшы ойнар,
Жыртық үйге тамшы ойнар.

Арық атқа қамшы үйір,
Жыртық үйге тамшы үйір.

Асау атты таға тоқтатады.

Асауға ноқта,
Жүйрікке – тұмар.

Асауға – тұсау.

Асыл темір атқа таға болмас.

Ат айланып қазығын табар.

Ат айланып қазығын табар,
Ер айланып жазығын табар.

Ат арқасына ер батса, аяңшыл болады.

Ат арқасына ер батса,
Аяңшыл болады.
Ерге жаттың тізесі батса,
Ағайыншыл болады.

Ат аяғын тағалар.

Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.

Ат мінсең, еріңді сайла,
Егін ексең, келіңді сайла.

Ат тапсаң, еріңді сайла,
Қысырақ салсаң, желіңді сайла.

Ат тұсаусыз болмас,
Адам дұспансыз болмас.

Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер үйірін сағынса,
Айыл-тұрман тағынар.

Атасы басқаны Құдай қосады,
Үйірі басқаны ноқта қосады.

Атдорба түбін жаламай,
Ат тойламайды.

Атқа алтын таға тағаласа,
Есек аяғын көтеріпті.

Атқа жаның ашыса,
Артқы айылды қатты тарт.

Аттан айрылсаң да,
Ер-тоқымынан айрылма.

Аттан бұрын ер тап.

Атты қамшымен айдама, жеммен айда.

Атты қамшымен айдама,
Талмасын десең, жеммен айда.

Атты қамшыменен жүргізбе, баппен жүргіз.

Атты қамшымен ұрып секірте алғаныңмен,
Семірте алмайсың.

Атты тағаласаң,
Есек аяғын көтереді.

Атына қарай – тұрманы.
Егініне қарай – қырманы.

Атына қарай тұрманы,
Еңбегіне қарай қырманы.

Атың тайғақ болса,
Ақ текенің мүйізімен тағала.
Заманың тайғақ болса,
Бір жақсыны сағала.

Атың арық болса, жерден көрме,
Атың жауыр болса, ерден көрме.

Атыңа батса алтын ер,
Атып ұр да, отқа жақ.

Атыңды жүріп тұрғанда қамшыла.

Атыңды тасқа арқандап, Тәңірге жыла.

Атыңнан айырылсаң да, еріңнен айырылма.

Атыңның басын алыпсың да,
Жорғасы қалып па?
Атыңның жемін таусыпсың да,
Дорбасы қалып па?

Аузың өкпеде болсын,
Қолың ноқтада болсын.

Ауылыңда қария болса,
Жазулы хатпен тең.
Айналаңда төбе болса,
Ерттеулі атпен тең.

Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес,
Қара қайыстан соққан шүйенің дағы кетпес.

Аюды ноқталап мініп,
Қойдың қозысынан шошыпты.

Аяғы – ат, қолы – қамшы.

Құрастырған Ержан Жаубай
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.