Қазеннің Қаракөгі

2690

Тарбағатай өлкесі қай заманда болмасын өнерден кенде болған емес. Әсіресе күйшілік өнердің тамыры тереңнен бастау алатын рухани құнарлы аймақ. Шығыс Қазақстан күйлерінің ескі нұсқаларының сақталған жері де осы Тарбағатай өлкесінің Ақсуат өңірі болып саналады. Бағаналы Саятөлеков, Мәткәрім Есенқұлов сынды дәулескерлік дәстүрдің дарабоздары осы өлкеде өмір сүріп, күй өнерінің көкжиегін кеңейткен. Қазіргі таңда осынау ұланғайыр күйшілік дәстүрдің алтын арқауын үзбей жалғастырып келе жатқан өнер майталмандарының бірі – күйші Қазен Әбуғазыұлы.

Күйші Қазен Әбуғазыұлы

… Жастайынан атқа құмар болып өскен Қазен: «Әкемнен қалған үш-төрт сиырым бар. Олардан маған не пайда? Одан да бір ат мінейін» — деген ойға келеді. Ол кезде ер жетіп, жасы жиырманы маңайлаған кезі екен. Ойына әкесінің кезінде замандасы, бірге күресіп, әңгімелесіп, үнемі бірге жүретін Қыдырхан деген досы келеді. Оның атты жақсы танитынын бұрыннан елден естіп жүріпті. Сол Қыдарханға барады.

— Әкеммен дос болдың, әкемдейсің, «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін»- деген бар. Кеше өз көзіңмен көрдің, қолыңнан өткіздің, менің ат мінгім келіп тұр, енді маған бір ат таңдап беріңіз, — дейді оған.

— Әй, балам, бұл ойың дұрыс екен. Осы атқа жететін мал-мүлкің бар ма? — деп сұрапты Қыдырхан.

— Екі-үш сиырым бар, соны сатқым келіп тұр – дейді Қазен.

— Онда сен соларды сатып, дайында, мен ат таңдап берейін – депті әкесінің досы.

Ол кезде жылқы қымбат. Сол үш-төрт сиырдың бәрін сатып, Дөрбілжін қаласының мал базарына барып, ат таңдауға кірісіпті.

Мал базары үлкен бір алаңда орналасқан, елдің бәрі малын әкеліп, сатып жатады. Ортасы базар болса, айналасы толған дүкен екен. Базарға кіре бере Қазен мен Қыдырхан екеуінің көзі бір қаракөк атқа түседі. Арық болғанда сүйегі ыңыршақ болып тұр. Бойы ұзын, ешкі бас, мойыны сала-құлаш ұзын ат екен. Қыдырхан бірден сол аттың жанына барыпты. Ал Қазеннің көзі жаңағы аттың арғы жағында тұрған семіз, ойнақтап секіріп тұрған құласұр атқа түседі. Сол атқа барып ары айналдырып, бері айналдырып тұрғанда Қыдырхан шақырады. Ол да жаңағы арық аттың жанынан айналшықтап шықпай, әбден зер салып қарап тұрғанына да біраз уақыт болған. Көңілі жаңағы құласұр атқа ауып тұрған Қазен, «апыр-ай, мына арық атты ал деп айтар ма екен?» деп күдіктеніп келе жатады. Семіз атты алса бір керемет болады деп ойлаған болса керек. Оны сезіп тұрған Қыдырхан:

— Әй, балам, сен әлгі семіз атқа қызығып тұрсың ғой деймін? — дейді.

– Иә, соған қызығып тұрмын — деп жасырмай ойын айтады.

— Сен оған қызықпа. Ол ат болмайды. Жай семіздігінен ғана секіріп, аласұрып тұр. Сен өзі елдің алдында жүргің келе ме, әлде елдің шаңында қалғың келе ме? — деп сұрайды.

– Елдің соңында қалғым келмейді, алдында жүргім келеді — деп жауап берді Қазен.

– Онда мені тыңдасаң осы атты ал. Егер біреудің шаңында қалсаң, не болмаса осы ат дос-дұшпаныңа таба қылса, обалың мына менде болсын! — деп Қыдырхан ақылын айтып, Қазенге өзі таңдаған атты алғызады.

Атты алып базардан шығып, қайтайын деп тұрғанында алдарынан дос-жарандары кездесіп қалады. Солардың арасында «қыс бойы жем беріп баптаған» жүйрік атын алып келген Ахметхан деген жігіт болады. Жігіттердің бәрі «Аттың құйрығын жу» деп болмаған соң сол базардағы асханалардың біріне барады.

«Ол кезде базардағы асханалардан шыққан лағман, палау, тұшпара сияқты неше түрлі тағамдардың иісі мұрын жаратын» — дейді Қазен ата.

Жігіттерді тұшпараға тойдырып, «ал енді аттың құйрығын жуған деген осы» — деп, қайта шығады. Шыққандары сол-ақ еді әлгі Ахметхан деген жігіт:

— Жарысайық, — дейді.

— Ой мен қайдан жарысам, мына ат арық — деп Қазен жауап беріп еді, Ахметхан:

— Адам осындай ат ала ма екен? — деп мазақ қылып Қазенннің атын ары айналып, бері айналып, қамшымен былай өтіп ұрып кетіп, былай өтіп ұрып кетіп, алдына шығып алып намысына тиеді. Оған шыдай алмаған Қазен «ал енді не болса ол болсын, намысты қолдан бермейін» — деп, Аллаға тәуекел етіп, «жығылса жығылар, өлсе өлер» деген оймен аттың басын қоябереді. Дәл сол кезде Ахметханның аты жанынан оқ болып өте шығады да, бірталай жерге ұзап кетеді. Соңынан қалмай шауып келе жатқанда алдынан бір жаман, ескі көпір шығады. «Құдай-ау осы көпірден сақтай көр, мына ат аяғын сұғып алар ма екен?» — дегенше болмай, аты көпірден зулап, аман өте шығады. Көпірден өткен соң қас қағым сәтте жаңағы Ахметханның атын басып озып, қара көрсетпей ауылына қарай жөнеледі.

Ауылға кіре берісте бір үлкен төбе бар еді. Сол төбеге ауылдың бірнеше ақсақалы шығып алып, күнде әңгіме-дүкен құрып отырады екен. Анау алыста жарысып келе жатқан екі жігітті көріп:

— Көктемгі батпақта жарысып жүрген мыналар кім болды екен? — деп сөйлепті. Сол сәтте жандарына жаңағы Қазеннің атын таңдап берген Қыдырхан келе қалып:

— Әй, мынау Әбуғазының ұлы ғой. Маған ат таңдап бер деп, соған бір ат таңдап берген едім, ана Ахметхан да барған еді, сол еліртіп, қоймай жарыстырған ғой — депті.

Қазен ауылға Ахметханнан бір шақырымдай озып келеді. Ауылдағы елдің бәрі «атың жақсы екен» деп мақтаудың астында қалдырыпты.

Жаз бойы атына жем беріп, баптап, енді күзде жігіттермен «лақ ойнайтын» болады. Ол кезде арғы беттегі «лақ ойнау» деген кәдімгі «көкпар» екен.

Көк аттың арқасында ол «жүйрік атты бала» атанып, сол төңірекке даңқы жайылып кетеді. Қайда барса да: «Ой, ана жүйрік атты бала келді. Енді бізге лақ жоқ. Лақты әкетпей тұра тұр, біз біраз ойнап алайық» — деп ел шулайды екен. Содан жарайды деп көкпаршылар әбден лақты тартып болған кезде ғана алып жөнеліп, ешкімді жеткізбей кетеді екен.

Көк ат асқан жүйрік болған, небір бәйгені бермейтін мақтаулы деген аттарды көкпарда шаң қаптырып жүріпті. Бір-ақ арнайы жаратып бәйгеге қоспапты.

Бір жылы арық болған кезінде бәйге көруге барғанда жора-жолдастары: «Әй, сенің мына жүйрік атыңды бәйгеге қосу керек» — деп болмай бәйгеге қостырады. Сол бәйгеде атқа бір ересектеу келген, салмағы ауыр шабарман жігітті отырғызып жіберіпті. Сол жолы аламан бәйгеден мәреге екінші болып келген екен. Кейін өкімет ауысып, бір-екі жылдан соң атты өз қарауына алып жұмысқа салады. Бірақ бәйге, көкпар болған кездерде Қазен атты жұмыстан доғарып алып, мініп кете береді екен. Көрген ел сыйлағаннан ештеңе деп сөкпепті. Өкіметке де ешкім ол туралы тіс жарып айтпайды екен. Егер білсе «жұмысты тоқтаттың» деп айыптап, жазалауы мүмкін. Ол кезде Қазен ауылда есепші, шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Жаздың бір күні өкімет атты өз жұмысына пайдаланады. Қарасудың бойындағы тал көпірдің бірінде кіре тартадыып келе жатып, көпірдің астынан ұшқан үйректен үркіп, арбадағы екі ат бірін-бірі қағып, құлағанда көк аттың қолқасы үзіліп, сол жерде өліп кетеді. Қазен осыдан кейін бірер жыл өкіметке қызмет істеп, 1962 жылы елмен бірге шекарадан асып, атамекенге оралады.

Қазен Әбуғазыұлының жылқыға арналған күйлері:

«Майдақоңыр». Ауылда жылқы ұстап жүрген кезінде сол жылқылардың арасында бір қолтума биелерінен туған «Майдақоңыр» деген ерекше жақсы ат болыпты. Сол аттың жүріс-тұрысына арнап шығарған күйі екен.

«Топ жирен». Бір жылдары күйшіге ылғи жирен жылқы бітті. Жал-құйрығы әппақ бірыңғай жылқылардың тобына арналған күй «Топ жирен» деп аталды.

«Торжорға аттың бүлкілі». Жылқы малына арналған кезекті туындыларының бірі. Жолаушылай жүріп келе жатып атының жорғалаған жүрісіне риза болып, соған арнаған күйі.

«Қалдыгер». Бірде бәйгеге қосуға дайындап жүрген дөнен атын, мал көруге шауып барып келіп, қораға суытып байлап қойғанда, ұры алып кетіпті. Ол ауызында қалы бар ерекше нысаналы жылқы, әрі Ақан серінің Құлагері секілді кер ат болған екен.Ұрылар алып кеткен соң сол беті табылмағанына налып шығарған күйі екен.

«Ерке күрең». Күрең аттың еркелеп, ойнақтап жүрген жүрісін тамашалап отырып, соны сипаттап шығарған күй.

Қарт күйші Қазен Әбуғазыұлы бүгінгі күні жасы сексеннен асса да әлі домбырасын қолынан тастамай, өз жанынан күй шығарып тартып, оны жас ұрпаққа мұра етуде.

2002 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы қaзaқ ұлттық кoнceрвaтoрияcының ғылыми зeрттey лaбoрaтoрияcынa өз oрындayындa 20-ғa жyық күйлeрiн жaздырды.

2006 жылы қазан айында 70 жасқа толу мерейтойына орай Ақсуат аулында күйшінің шығармаларынан облыстық деңгейде, музыка мектебі оқушылары арасында конкурс өткізілді.

2009 жылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясына Қазен Әбуғазыұлының бірнеше күйі енген. Оның күйлeрi сaрыны, құрылымы, oрындaлy мәнeрi жaғынaн Aлтaй-Тaрбaғaтaй күйшiлiк мeктeбiнiң iзiмeн тyындaғaн күйлeр.

Күйші, өнер зерттеуші, М. Әбуғазы,

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер

академиясының студенті А. Ақияшев.

«Тарбағатайдың тарланбоз күйшісі»

мақаласынан қысқартылып алынды.

Мұқабада: Абай Чунчаиловтың «Көкпар» картинасы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!