Таразда көкпардан ел чемпионаты басталды

1934

 Тараз төрінде көкпардан ересектер арасындағы ХХІ ел чемпионаты басталды. Төменде дүбірлі доданың алғашқы күнінің нәтижесі.

10 күнге жалғасар дүбірлі додада еліміздің 20 өңірінен 15 команда өзара бақ сынасатын болады. Биыл ғана ашылған үш облыстан әзірге команда жасақталып үлгермеген екен, ал Ақмола облысы мен ШҚО биылғы жылы да командасын жібермеді. Тіпті ШҚО соңғы үш жыл қатарынан ел чемпионатына құрама жібермей отыр. Сылтау – қаржы жоқ.

Сонымен дүбірлі доданың шымылдығын соңғы екі жылда екінші орынға тұрақтап келе жатқан Түркістан облысының «Құлагер» командасы мен Қызылорда облысының құрама командасы ашты.

«Құлагер» елдегі ең үздік екі команданың бірі екенін дәлелдеді. Алғашқы таймда-ақ Сырдың жігіттерін алаңнан сырғытып жіберді. Ойын қорытындысында есеп 13:5 болып, Түркістан түлектерінің жеңісімен аяқталды.

Салым салғандар:

«Құлагер» командасы:

Арман Жамалбеков – 3 салым

Абылайхан Нышанбеков – 1 салым

Абылай Қарқабат – 3 салым

Айдос Ерген – 1 салым

Әзірет Сейдулла – 1 салым

Нұрислам Төлеп – 2 салым

Темірхан Айтбаев – 2 салым

Қызлорда облысы құрама командасы:

Нұржан Қамбарбеков – 1 салым

Серік Мырзашев – 2 салым

Әкім Мәулен – 1 салым

Нұрлыбек Асқаров – 1 салым

Бүгінгі ойын кестесі бойынша алаңға 7 жұп шығуы керек. Екінші ойын Қазақстандағы командалық көкпардың даусыз жеңімпазы, әрі алаң иелері Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы мен Асланбек Жанбалаев жетекшілік ететін Атырау облысының «Нарын» командасы арасында өтті.

Бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, әбден сыралғы болып қалған қос команда бір-біріне есе жібермеуге барын салды. Десе де Нұрдәулет Момыновтың жігіттері чемпион екендерін дәлелдеді. Есеп – 7:2, Жамбыл жігіттері жеңімпаз.

Салым салғандар:

«Әулие ата» командасы:

Құрманбек Тұрғанбек – 2 салым

Ернат Мәлімбай – 1 салым

Айнабек Бердіқұл – 1 салым

Ернар Жарылқасын – 1 салым

Бағылан Шырынбаев – 1 салым

Ерғалым Жарылқасын – 1 салым.

«Нарын» командасы:

Ұлан Байтөреев – 1 салым

Нұржан Ерехан – 1 салым.

Жамбыл облысы құрамасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек осы додада ойынның алғашқы минутында-ақ салым салып үлгерген екен.

Үшінші болып алаңға шыққан Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы мен Қарағанды облысының құрама командасы тартысты ойын көрсетті. Бұған дейін аса көп кездеспеген қос команда топтық кезеңде өз мықтылығын көрсетіп қалуға тырысты. Қарағанды командасының жетекшісі Нұржан Шайхин құраманы қолға алғанына аз уақыт болса да, нәтижелі ойын көрсетуге талпынып жүрген жаттықтырушы.

Дегенмен 2012 жылы Өскеменде өткен ел чемпионатында чемпион атанған «Астана» командасы жақсы ойын көрсете білді. Есеп – 7:2, астаналықтардың мерейі үстем болды.

Салым салғандар:

«Астана» командасы:

Абай Ережеп – 4 салым

Жақсылық Амалбеков – 2 салым

Елдос Тілебалдиев – 1 салым.

Қарағанды құрамасы:

Елдос Байғазиев – 1 салым

Әнуар Жаңбырбаев – 1 салым.

Қарағанды облысының құрамасы өткен жылғы алғашқы үштікті қорытындылаған команда. Биылғы чемпионаттың алғашқы күні олқылық танытса да, топтық кезеңде әлі де бірнеше ойын өткізетінін еске салғымыз келеді. Демек, әлі де мүмкіндік бар.

Төртінші болып алаңға Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы мен Ақтөбе облысының құрама командасы шықты. Өткен жылы Ербол Ермағамбетовтің командасы тамаша ойын көрсете білген болатын. Бүгінгі тартысты бәсекеде де ең көп салым салған маңғыстаулық майталмандар болды. Есеп – 16:4. Маңғыстау командасы команда жетекшілігінен Қанағат Сүйебаев кеткелі сәл тізгінді жіберіп алса да, қайта ширай бастағанын көрсетті.

Салым салғандар:

«Адай ата» командасы:

Ербол Ермағамбетов – 1 салым

Руслан Дүйсенбай – 1 салым

Жасұлан Қуанышұлы – 1 салым

Данияр Ғалинұров – 2 салым

Әбуғали Әбдіжаппаров – 2 салым

Жорабек Ақбаев – 3 салым

Асанбай Нұрманов – 1 салым

Ринат Ибрагимов – 1 салым

Александр Пупенко – 2 салым

Әнес Етреков – 2 салым.

Ақтөбе құрама командасы:

Медет Бақдәулет – 2 салым

Жәнібек Жамалов – 1 салым

Нұрберген Кенжеболат – 1 салым.

Маңғыстаудың жігіттері осы ойында бәрі дерлік салым салған. Тіпті кейбірі 2-3 реттен қанжыға майлап үлгерді. Бұл «Адай ата» командасының жылдағы әдеті. Чемпионаттың алғашқы күндері бір ойында 15-20 салым салып тастайды. Алайда 2017 жылдан кейін үздік үштікке кіре алмай келеді.

Ақтөбе мен Маңғыстаудан кейін бесінші болып алаңға Қостанай облысы мен БҚО-ның құрама командалары шықты. Қос команда өткен жылы да кездескен. Қостанайдың «Тобылына» БҚО жігіттері 7:1-мен есе жіберген еді ол кезде. Ал биылғы ойында батыстың палуандары сол олқылықтың орнын толтырып, «Тобылға» кеткен есені қайтарды. Есеп – 6:5, БҚО құрамасының пайдасында.

Салым салғандар:

БҚО құрамасы:

Қуатбек Тұрар – 1 салым

Әділбек Тұрар – 1 салым

Нұрмағамбет Иманғазыұлы – 3 салым

Азамат Дулатбаев – 1 салым.

«Тобыл» командасы:

Қобыланды Дайыров – 1 салым

Оралхан Сұлтан – 4 салым.

Рыскелді Байтасовтың жігіттері биыл БҚО-ға есе жіберді. Екі команда да өзара бірнеше рет сынға түскен, сыралғы, кімнің қандай әдіс-айласы, кімнің қандай күш-қуаты барын толық меңгерген команда деуге болады.

Ойын алаңына алтыншы болып СҚО мен Алматы облысының құрама командалары шықты. Жамбыл облысы Тараз қаласының іргесіндегі Бестөбе атшабарында өтіп жатқан дүбірлі додада әр өңір өз намысын қолдан бермеуге барын салып жатыр.

Аталған екі команда бұған дейін кездеспеген десек те болады. Өткен жылғы чемпионатта Алматы облысы Алматы қаласынан ұтылса, СҚО құрамасы да тартысты ойын көрсете алған жоқ. Десе де, бүгінгі бәсекеде Алматы облысы құрамасының десі басым түскенін айту ләзім. Есеп – 11-2, Жетісу жігіттері жеңімпаздар қатарында.

Салым салғандар:

Алматы облысы құрамасы:

Бақытжан Сайдолданов – 1 салым

Ержанат Тоқтарбаев – 2 салым

Еркебұлан Әбдіманап – 2 салым

Темірлан Сейітбеков – 2 салым

Мәді Сейділлә – 4 салым.

СҚО құрамасындағы екі салымды кім салғанын анық біле алмады.

Бүгінгі күнді қорытындылау үшін алаңда жетінші болып Шымкент қаласы мен Алматы қаласының құрама командалары кездесті. ХХІ рет жалауын көтерген чемпионатта қос мегаполистің шабандоздары өзара мықтыны анықтауға барын салды. Десе де, бұрыннан көкпардың дәстүрлі мектебі қалыптасқан Шымкент жігіттері алматылықтарды ойсырата ұтты. Есеп – 15:1.

Соңғы ойында да салым салған жігіттердің кім екенін нақты анықтай алған жоқпыз, алдағы уақытта бұны толықтыратын боламыз.

Қалай десек те, Әулие ата төрінде байрағын көтерген бәсеке еліміздің биыл өтетін екі үлкен додаға дайындығын пысықтау, ел құрамасын іріктеуде айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Себебі биыл қыркүйек айында Шымкентте Көкпардан ІІ Әлем чемпионыты өтеді. Сонымен қатар Түркия төрінде Көшпенділер ойыны өтеді деп жоспарланып отыр.

Ертең де алаңда 7 ойын өтетін болады.

BAQ.KZ

4 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.