Ел чемпионаты. Бүгінгі күннің нәтижесі

1816

Жамбыл облысы Тараз қаласы маңында Көкпар мен аударыспақтан ХХІ Ел чемпионаты өтіп жатыр.

20-30 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланған дүбірлі додада еліміздің 15 өңірінен 15 команда өзара мықтыны анықтап жатыр. Чемпионатқа ШҚО көкпаршылары биылмен үшінші жыл қатарынан келмей қалды. Ал осы жолы олардың қатарына Ақмола облысы қосылған екен.

Өздеріңіз білетіндей, бұған дейінгі үш күнде топтық кезеңде өзара мықтыны анықтаған додапаздар, шеңбер ережесімен топтағы командалар өзара ойын өткізіп жатыр. 

Сонымен бүгінгі алаңға шыққан командалардың жетістігі туралы айтсақ:

Әуелі Жоғарғы лиганың қос командасы тақым түйістірді. Атыраудың «Нарыны» мен Қызылорда облысының құрамасы бүгінгі күннің шымылдығын түрген еді, Жайықтың жігіттері Ақмешіттің аламандарынан айласын асырып кетті. Есеп – 15:1. Жеңіс Асланбек Жанбаланың шәкірттерінің қанжығасында.

Салым салғандар:

«Нарын» командасы:

Ынтымақ Әліпбаев – 5 салым

Қайыржан Сүлейменов – 3 салым

Алмат Жүнісов – 3 салым

Нарбай Құлынбаев – 1 салым

Нұржан Ерехан – 3 салым.

Қызылорда облысының құрамасы:

Нұрлыбек Асқаров – 1 салым.

Естеріңізде болса, наурыз айында өткен «Наурыз-2022» ұлттық сыйлығына үміткерлердің бірі болған еді. Бүгінгі ойында ең көп салым салған көкпаршылардың бірі болды.

«Нарын» мен Қызылордадан кейін алаңға Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасы мен Түркістан облысының «Тұран» командасы шықты. Бұған дейінгі чемпионаттарда жолығып, сыралғы болып қалған қос команда жақсы ойын көрсетті. Соңғы кезде дайындықты күшейтіп, жаттығуды жиілеткен «Астана» «Тұранға» төтеп беруге барын салды. Десе де, кәнігі көкпаршылармен толығып, оңтүстікте үлкен мектеп қалыптастырып үлгерген Ғани Ахметбаевтың шәкірттері дес бермеді. Есеп – 8:3.

Салым салғандар:

«Тұран» командасы:

Әділет Мамыт – 1 салым

Арман Жамалбеков – 1 салым

Абылайхан Нышанбеков – 1 салым

Әзірет Сейдулла – 3 салым

Нұрбек Сәмет – 2 салым

«Астана» командасы:

Жақсылық Амалбеков – 1 салым

Арслан Қабжанов – 2 салым.

Түркістан облысының құрамасы кеше әйгілі жекпе-жек аты, 2017 жылы Әлем чемпионатын, 2019 жылы Азия чемпионатын, ҚР чемпионатын бірнеше дүркін ұтқан Намыскөктен айырылып қалған еді. Ат иесі Ғани Ахметбаевтың сөзіне қарағанда жылқыға көз тиген болуы мүмкін. Қайырлы шығын болсын дейміз командаға.

«Астана» мен «Тұраннан» кейін алаңға Қарағанды облысының құрама командасы мен Жамбыл облысы «Әулие ата» командасы шығуы тиіс еді. Белгілі себептерге байланысты Қарағанды облысының командасы алаңға 6-ақ атпен шыққандықтан, ойын болмай, ойын ережесіне сай жеңіс бірден «Әулие ата» командасына 3:0 есебімен жазылды.

Жеңісты ойнамай иеленген «Тұран» командасынан кейін алаңға Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы мен БҚО құрамасы шықты. Маңғыстаудық марқасқалары әдеттегідей бастырмалата салым салды. Тіпті Жайықтың жігіттеріне жерден серке көтеруге мұрша бермеді десе де болады. Екі таймнан соң есеп көрсеткіші – 12:2 болды. БҚО 50 минутта бар болғаны 2 салым салып үлгерді.

Салым салғандар:

«Адай ата» командасы:

Жасұлан Қуанышұлы – 1 салым

Әбуғали Әбжаппаров – 6 салым

Жорабек Ақбаев – 2 салым

Александр Пупенко – 2 салым

Айбек Болатов – 1 салым.

БҚО құрамасы:

Нұрбол Рахметілдаев – 1 салым

Қуатбек Тұрар – 1 салым.

Әбуғали әзірге Ел чемпионатындағы ең көп салым салған бір ғана ойыншы болып тұр. Бұған дейін бір ойында 5 салым салған бірнеше көкпаршы болған еді. Көкпар сүйер қауымға Әбу есімімен танымал жас жігіт қазіргі кезде нағыз дер шағында.

Бұл екі командадан соң алаңға Қостанай облысының «Тобыл» командасы мен Павлодар облысының құрама командасы шықты. «А» тобында айқасқа түскен қос команда еліміздегі ортанқол құрамалардың қатарында. Екеуі де деңгейлес. Бір-бірінің сырын жақсы біледі. Содан болар алаңда қызықты да, тартысты ойын көрсетті. «Тобыл» топтық кезеңде қанша тырысса да, Керекудің жігіттері көлденең тұрды. Есеп – 7:3, Павлодар палуандары ат басын оздырды.

Салым салғандар:

Павлодар облысының құрамасы:

Рамазан Шалғынбаев – 1 салым

Ерқанат Молдабек – 2 салым

Медерәли Меден – 1 салым

Еркебұлан Тауасар – 3 салым

«Тобыл» командасы:

Оралхан Сұлтан – 3 салым.

«Тобыл» командасының сапындағы Оралхан Сұлтан ең белді ойыншының бірі. Бұған дейін де өз командасына қомақты салым салып берген тастақым шабандоз. Бүгін де өздеріңіз байқағандай, құрама еншісіндегі 3 салымды да бір өзі салды.

Осымен чемпионат додасының бесінші күні аяқталды. Ертең, яғни 26 сәуір аударыспақтан 82, 91, 100 және 100+ салмақтары бойынша мықтылар сынға түседі.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!