«Елорда бәйгесі». Ұшқыр бәйгенің жүлдегерлері

896

Астана күніне орай елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында «Елорда бәйгесі» республикалық турнирі өтті.

Арқа төсін айтұяқтар дүбірлетпегелі де көп болған еді. Бүгін Есіл жағасындағы ерке қаланың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында астана-байтақтың аламан алаңы алыс-жақыннан келген алшаңбоздарға толды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық спорт қауымдастығы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл айтулы іс-шараның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтаев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Қазақ халқының рухын көтеріп, арқасын қоздыратын ұлттық спортымыздың бірі – бәйге болса, сол бәйгенің сәнін келтіретін, осынау ұланғайыр далаға иелік етуімізге ересен еңбек сіңірген ұлттық брендіміз – қазақтың қазанаты. Елорда күніне орай осындай аламан бәйге ұйымдастырып, мерекенің сәнін асырып жатқанымыздың өзі үлкен мерей. Бәріңізді қала күнімен құттықтаймын, – деді Е.Тоғжанов.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов атшабарға жиналған қауымды қала күнімен құттықтап, бас қаламыз одан ары өркендей берсін деген ақ тілегін жеткізді.

Елорданың 25 жылдық мерейтойына арнап өткізіліп отырған бұл республикалық бәйгеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан 150-ден астам сәйгүлік бақ сынады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.

Айтулы аламан – 1 400 және 2 400 метрдің ұшқыр бәйгесі, 7-9 шақырымның құнан бәйгесі, 16 шақырым топ бәйге және 20-21 шақырымның аламан бәйгесі қатарлы 7 түр бойынша өтті.

Сонымен дүбірлі бәйгенің шымылдығын ашқан Қостанай жылқысы тұқымының 2400 метрге тыз еткен Ұшқыр бәйгесінде жүлде алған жүйріктер:

2400 метрге небары 4 жүйрік қатысқан болатын. Олар да өзара орынды дау-дамайсыз бөлісіп ала салды.

Сонымен:

І орын: Қостанай қаласынан келген Гүлжайна есімді биеге бұйырды. Шабандозы (жокей) да, бапкері де – Ескендір Белдібаев, ат иесі – Нұрбол Әбдірахманов. Гүлжайна – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Имидоса деген айғыр мен Гвоздика есімді биенің төлі. Жүлдесі – 1,4 млн теңге.

ІІ орын: Ақмола облысынан келген Тафия есімді бие алды. Шабандозы (жокей) – Алмат Белдібаев, бапкері – Дамир Клисов, ат иесі – Нұрбол Әбдірахманов. Тафия – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Фарина деген айғыр мен Тасбұлақ есімді биенің төлі. Жүлдесі – 900 мың теңге.

ІІІ орын: Қостанай облысынан келген Тахмина есімді биеге бұйырды. Шабандозы (жокей) – Рамазан Құсайынов, бапкері әрі ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин. Тахмина – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Тайталас деген айғыр мен Формула есімді биенің төлі. Жүлдесі – 600 мың теңге.

ІV орын: Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына қарасты Фандера есімді биеге бұйырды. Шабандозы (жокей) – Сәкен Қарманов, бапкері әрі ат иесі – Игілік Қарманов. Фандера – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Наурызтой деген айғыр мен Фируза есімді биенің төлі.

Мұнан соң аламан алаңына 1,4 шақымға шабатын ұшқыр құнандар шықты. «Жас үміт» деп аталатын бәйгенің бұл түрінде де 4 тыз етпе өзара алымдыны анықтады.

І орын: Ақмола облысынан келген Рибека есімді байталға бұйырды. Шабандозы (жокей) – Ескендір Белдібаев, бапкері – Алмаз Култасов, ат иесі – Сейсенбек Қабайұлы. Рибека – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Ромео Нью деген айғыр мен Бахрома есімді биенің төлі. Жүлдесі – 500 мың теңге.

ІІ орын: Қостанай облысынан келген Коржик есімді құнан алды. Шабандозы (жокей) – Абылайхан Садманов, бапкері – Ғанибек Қыпшақбаев, ат иесі – Берік Доданов. Коржик – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Алтын Дакар деген айғыр мен Ажар есімді биенің төлі. Жүлдесі – 300 мың теңге.

ІІІ орын: Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына қарасты Руханият есімді құнанға бұйырды. Шабандозы (жокей) – Сәкен Қарманов, бапкері әрі ат иесі – Игілік Қарманов. Руханият – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Преферанс деген айғыр мен Таласар есімді биенің төлі. Жүлдесі – 200 мың теңге.

ІV орын: Қостанай облысынан келген Гүлсары есімді биеге бұйырды. Шабандозы (жокей) – Рамазан Құсайынов, бапкері әрі ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин. Гүлсарының енесі Формула есімді бие.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.