«Жеті қарақшы». Әлиакбар — көкпардың көнекөзі

3525

Ата-бабадан келе жатқан асыл мұраларымыздың бірі – көкпар ойыны бүгінде елімізде заман талабына сай жаңаша қалыптасу кезеңін бастан кешіп жатыр.

Оны спорт ретінде дамыту мықтап қолға алынған. Ережесі де пысықталды. Соған сәйкес ел біріншіліктері, халықаралық сайыстар өтіп жатыр. Бұл көкпарды дамытудың жаңа мүмкіндіктері екені даусыз. Ал осы ретте дәстүрлі көкпарымыздың жағдайы қалай? Ол тасада қалып қойған жоқ па? Өйткені ол туралы қоғамда түрлі сын-пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Мысалы, қазір жаппай көкпарларда бұрынғыдай шын тартыстың болмайтындығы, шабандоздар өзара келісіммен шабатындығы, сол үшін де көкпарлар тез тарқап кететіндігі айтылады. Көкпарға аттары бар бай-бағландардың ықпалы зор екені де алға тартылады. Әрине, нағыз шабандозды анықтап беретін бірегей сынақ – осы дәстүрлі жаппай көкпар екені сөзсіз. Сондықтан да оның шоқтығы қашанда биік тұрғанын қалайсың. Осы орайда қалың жұртшылыққа ой салар, намысқа сына жүгіртер деген ниетпен, өткен ғасырдың аңызға айналған көкпарларының бел ортасында жүріп, танылған атақты шабандозды әңгімеге тартып, көкпарға арнаған ғұмырынан сыр бөлісуді сұраған едік. Талай жас шабандозды тәрбиелеп өсіріп, алғысқа бөленіп жүрген ардагер көкпаршының өмір жолы, көкпардың кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы көңілінде жүрген ой-пікірлері әңгіме арқауына айналды.

 Көкпардың тарланбозы

Өмірде қарттыққа қимайтын адамдар болады. «Өмір бойы жас болып, халқының мерейін асқақтатып жүре берсе екен!» дейсің. Олар кімдер? Әрине, ел намысын арқалаған, елінің мәртебесін асқақтатқан, өнерімен тәнті еткен, халқының мақтанышына бөленген, текті мінез, асыл жандар. Солардың бірі, атақты көкпаршы, еліміздің бүкіл оңтүстік өңіріне және көрші елдердің көкпар сүйер қауымына жақсы таныс, көкпардан КСРО чемпионы Әлиакбар Үсіпбеков. Кейіпкерімізге сөз кезегін бермей тұрып, оған қатысты бір көкпардағы оқиғаны сыр-сұхбаттың беташары ретінде оқырман назарына ұсынамыз.

1985 жыл. Қара күз. Күн жексенбі. Селдір тұманға бусанған суық ауа. Күн сәскеге жақындаған. Прогресс ауылының маңында көне жайлаудың көзіндей болған кішігірім көгалды сайда бата көкпардың аса қызған сәті. Адамдардың у-шуы, аттардың кісінегені, тұяқ дүбірі – естіген адамның делебесін қоздырады.

Сайдың шетіне бірнеше жүк көлігі теріс қаратылып, қатар қойылған. Солардың жанында және панасында жигули, москвич, нива секілді жеңіл көліктер де шоғырланыпты. Көкпардың ордасы, тойханасы осы жер. Күн сайын «жоспар, жоспар» деп қаныңды ішетін колхоз басшылығының күңкілі мен діңкілін бір сәт ұмытып, арқа-бастары жазылып, байырғы қазақы қалпына түсіп, текті құмарлыққа бой алдырған ауыл халқы да осында: бастарына тымақ, үстеріне шапан, тон, шекпен киіп, белді шаршымен буған ақсақалдар. Құлақшын, күпәйке, күртке киген қарасақалдар, бойдақтар мен бозбалалар. Соғыс жүріп жатса да саудасын ұмытпайтын, пістесі мен кәуабы дайын тұратын өзге ұлттың пысықтары да бір шеттен орын тепкен. Иә, ауылда той-томалақ пен клубтағы үнді киноларынан басқа еркек кіндіктің көретін қызығы осы.

Ортаңғы жүк көлігінің шанағында көкпар беруші әулеттің өкілдері. Ортасында Бахы ата. Көкпарды басқарушы әрі оны апта сайын өткізіп тұруға күш салып жүрген қадірлі ақсақалымыз. Соғыс ардагері.

Кейде келесі көкпарды өткізуге ниет білдіретіндер табылмай жатса, көкпардың соңында әдеттегідей:

— Әй, көкпарды әкеліңдер! — деп, тақымға түсіп әбден тартылған, ат тұяғымен жаншылған серкені алдыртады. Сөйтіп, аузына қараған дүйім жұртты тағы да бір шолып өтіп: «Пәленше қайда?», — дейді. Іздеп, тауып, өзіне шақыртып алған соң, жұрттың алдында қолқа салады:

— Шырақ, айналайын, келесі көкпар сенің еншіңде! Мына көкпарды ал! Шалдардың шешімі осы! Қане, қолыңды жай!

Егер анау қипақтап: «Ақсақал, мен…», — деп, әр түрлі себептер айтып, бұлтаруға әрекет жасаса:

— Сөзді қой! Алмасаң болмайды. Сенен басқа кімге берем, өзің ойлашы. Құдайға шүкір, бар ғой туысқандарың, өсіп-өнген жансыңдар. Көмектеседі, — деп, алмасына қоймай қолын жайғызып, бата беріп, мақұлдатып жібереді. Бүкіл жұрт қол жайып тұрғанда алмай көр!

Анадай жерде сабанмен шеңберленген мәре (Бахы ата таңертең есегімен бір қап сабан әкеліп, жайып кеткен). Жерге тасталған серкеден көз жазып қалмауға тырысып, қамшы тістеп, қол созып, ұмтылуға дайын тұрған апайтөс жігіттер. Аттарын тебініп, алға ұмсынып, иін тіресе тыпыршып тұр. Ауыл арасындағы көкпар болса да, дәу көкпарда көсілетін, атан жілік палуандар да бой көрсетіп қалады. Бүгін де солай болды. Көкпардың нағыз көкжалдары бас қосыпты: көбек Төлеш ата, құлшығаш Әбілқасым, оразгелді Жасұзақ, құлшығаш Жексембай, рамадан Есімхан және алғи руының белді шабандоздары Нұржан, Қаранан, Қошқар және Ырысбай нағашылар.

Солардың ішінде ауылдың мақтанышы, ауылдың ғана емес-ау бүкіл оңтүстік өңірдің мақтанышы болып келе жатқан шабандоз, өткен жылы ғана көкпардан КСРО чемпионы атанған атақты темір тақым Әлиакбар көке де бар. Жұрттың көзі соларда. Әңгімесі де солар туралы. Солардың түр-тұлғасы, салған салымдары, астындағы аттары, тіпті жеке бастары да талқыға түседі…

Ал көз алмай қызыға қарап тұрған ауыл балалары үшін шабандоздар – нағыз батырлар. Олар туралы әңгіме мектептегі үзіліс кезінде де жалғасады.

— Көкпар жерде жатсын! Таста! Таста, шырақ! Әлі аталған жоқ!

— Әй, көкпар жерде ма? Ақалақшы қайда?

— Ата! Ата! Атай беріңіз! Көкпар жерде!

Қамшысына шаршы байлаған ақалақшы доданың бір шетінен қолын көтерді.

— Ооооу, арғы басы тойханадан – 10 сом, барып аласың! Бергі басы – 10 сом, келіп аласың!

— Ал, еңкей! Еңкей! Ұмтыл! Мықты бол, палуан, мықты бол!

— Әй, жаяулар бері тұрсаңдаршы! Балаларға ие болыңдар!

Дода! Бүкіл тіршіліктің бітім-болмысы мен құпиясы осы бір таңғажайып айналымға сиып кеткендей! Адамдар мен аттар біте қайнасқан қалың нөпірдің үстінен көтерілген бу аспанға будақтайды. Бір-біріне тиіп сатырласқан үзеңгілер, сатыр-сұтыр соғылған қамшылар, ауыздықпен алысып, шиыршық атып, алға ұмтылған аттар. Шыр айналған қалың сүрдектің ішінде бірін-бірі ығыстырып, төмен қарап, саңылау іздеп, көкпарға қол созған шабандоздар. Қапысын тауып, бірінші болып еңкейіп, тақымға басып, арғы мәреге жеткізу. «Бұрқ-сарқ қайнаған қазанның» ішінен кейбір аттар оқырана шапшып, кісінеп, көкке ұмтылады.

Міне, жан алып, жан беріскен, қым-қиғаш қалың додадан, ат бауырына жабысып еңкейген шабандоздардың бірі серкені сүйрете жылжып, додадан енді шыға бергенде келесі аттың тұяғы оны жерге қайта жанши салды. Көкпардан айырылып: «Қап, шешең…», — деп, басын көтеріп, еңсесін тіктеген ол, көзіне түскен құлақшынын көтеріп, аттың басын кері бұрды. Қамшымен сауырдан бір осып өтіп, қамшыны аузына қайта тістеді де қалың додаға қайта кірді.

Бақ шаба ма, бап шаба ма?! Көкпар көбек Төлеш атаның қолына ілінді. Астында көбек Қалау атаның торы төбелі. Талай көкпарда бәйге салған есті жануар, иесіне көкпар тие салысымен мұз жарғыш кемедей доданы бұза жарып, көкпарға жабысқандарды қоса сүйреп, шабысын үдете берді. Қалың нөпір жер дүниені дүбірлетіп, артынан кете барды.

Көкпар арғы мәреге кеткен соң, еркінсіген жаяулар сол жаққа көз тігіп, аттар таптап, илеп тастаған жермен бірте-бірте жылжып, мәренің үстіне шығып кетті. Гу-гу әңгіме.

Бір сәт, арғы мәреде буы будақтаған қалың доданың көбесін сөгіп, бір ат жұлқына шығып, солға қарай көлденең шапты. Көкпарды оң қолымен сүйрете көтерген шабандоз, лезде еңсесін тіктеп, көкпарды қос қолдап шірене тартып, тақымына басты да, сол қолымен аттың басын бергі мәреге бұрды. Бахы атаның: «Әй, айналайындар! Бері, бері тұрыңдар!», — деген сөзі естіле салысымен, халық кейін қарай серпілді.

Иә, дәл өзі! Әлиакбар! Астында өзінің белгілі торы аты. Көкпарға қолы тисе айырылмайтынын білетіндер қуып әуре болмай-ақ, жайдақ желіске салып, бергі мәреге бет бұрды. Алайда көкпарға жаңадан қатысып, аты шыға бастаған, көрші ауылдардың бірінен келген жас перілердің бірі Әлекеңді мәреден шыға бере тосып алып, көкпардың бір қолына ал кеп жармассын! Ат бауырына бүгіле жатып, қос қолдап тұрып, әрбір тартқанда екі аттың белі теңселіп, бір-біріне жанасып-ақ кетеді. «Апырай, ауып кетпесе екен!», — деген ой мені еріксіз мазалады. Нағыз тартыстың өзі болды. Ешкім кедергі жасамады. Қараған жұрт риза. Жемтігінің тамағына жабысқан қасқырдың сірескен жақ сүйгендей тақымын тастай қылған Әлиакбар көкем, ат үстінде тас-түйін келеді. Қарсыласына қарап, бірдеңе айта ма қалай…

— Әй, айналайын көпшілік! Былай тұрыңдар!

— Туралап айда, Әлиакбар, туралап айда! — деген дауыстар естіледі.

Таңертең ғана тоң болып жатқан көгалдың қидаланған топырағы мен шөп-шаламын аспанға атып, тапырақтай шапқан қос ат, танаулары делдиіп, қамшы салдырмай, мәреге қатар келді.

Бахы ақсақал: «Таста, Әлиакбар, Таста!», — деп микрофонсыз-ақ саңқылдап тұр. Жұрттың арасынан біреулер: «Таста, Әлиакбар! Адал, адал!, — деп жатса, енді біреулер, көкпарға жармасқан жас жігітті қолдап: «Тарт! Тарт! Қайтпа!», — деп, дем беріп қояды.

Қайтер екен? Жіберер емес! Мәссаған, атының оң жамбасына көлденең жатып алған ол, ердің басына кеудесін тіреп, ышқына тартады дейсің! «Бұл несі? Ашу-ыза ма? Әлде намыс па? Болды емес пе, ала-алмайтыны белгілі ғой. Ойбай-ау, кімнен тартып алғысы келеді өзі?!», — деп қоям ішімнен. Дәл қазір көкпар қолынан шығып кетсе, өзін ұстай алмай жерге мұрттай ұшуы мүмкін. Жұрт аяй ма? Мазағына қалады.

Кім тартса да, қапы қалдырудың неше түрлі әдісін білетін Әлиакбар, олардың біреуін де жасамады. Міне, қызық! Қайта, қарсыласының ыңғайына көніп, ауыздықты мықтап ұстап, мәренің ішін айналып тұрып алды. Тартушыға сұрлана қарап қояды. Іштей таңырқап: «Ал тарта ғой, арманда кетпе!», — дегендей. Аттылы-жаяудың барлығы шуылдаса қарап тұр. Біреулер: «Әй, Әлиакбар, бере салсайшы!», — деп қалжыңдаса, енді біреулер: «Жоқ, берме! Берме! Қолынан келсе тартып алсын!», — дейді.

Қанша минут өткенін кім білсін, бір сәтте «Жетер!» дегендей сыңай танытқан тәжірибелі шабандоз, оң қолын көкпардан ала бере, тістеген қамшысын қолына алды да, әлгі жігіттің атының сауырынан бар пәрменімен тартып кеп жіберді. Дойыр қамшы тиген ат, көкпарға жабысқан иесін жұла-мұла мәреден ытқып шығып, анадай жерге дейін шауып барды. Үстіндегі иесі, ауыздықты шірене тартып, әрең тоқтатты. Ашуға булыққан болса керек, атын қамшының астына алды. Бастан ұрғаны несі?! Одан да өзіңді ұрсаңшы… Кейін ол басын салбыратып, шеттей берді…

Ал көкпарды тақымға басып, шығармаудың үлгісін көрсеткен Әлиакбар шабандоз, асықпай тақымын босатып, көкпарды жерге тастай салды…

— Көкпардың арғы басына руы көбек Пірән ақсақалдың ұлы Төлеш палуан салды! Астында көбек Қалау ақсақалдың торы төбелі. Бергі басына руы көшік Бекжан ақсақалдың ұлы Әлиакбар палуан салды! Астында өзінің торы аты. Келіп, салымдарыңды алыңдар!

Шулаған халықтың қошеметінде шек болмады. Шыдамдылық танытқанына, жас жігітке тартуға мүмкіндік бергеніне риза.

Жаяу жүрген бауырлары Әлиакбарды ортаға алып, қол алысып, сусын ұсынды. Енді кімнің атына мінетіні талқыланса керек, әлдекімге атының тізгінін ұстатқан ол, аттан жерге түспей, екі аяғын үзеңгіден босатып, ер үстінде жүресінен отырды.

Етігі қандай тамаша! Не деген етік! Өкшесінің биігін-ай! Арнайы тіктірген ғой. Қонышы тізесін жабады.

Енді бір сәтте мектеп директоры Сатан ағамыздың ұлы алдына әкеп көлденең тартқан – ойнақшып тұрған жирен қасқаның үстіне секіріп мініп, аяғын үзеңгіге салып, тізгінді қолға алды. Сөйтті де тойхананың алдына барып, тойбасшыға: «Тойханадан атап жіберіңіз!», — деді де салымды алмастан, мәреге жиналған шабандоздардың арасына еніп кетті.

Неге екенін қайдам, осы көрініс сол кездегі бозбала жастағы маған қатты әсер етті. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Көкпар шабатын жер көп ұзамай егістікке айналды. Сол кезде колхоз басшылығының бұл ісіне наразы болған ақсақалдар да бүгінде арамызда жоқ… Қылышынан қан тамған қызыл империя да келмеске кетті. Ата-бабаларымыздың көз-жасы жібермеген шығар… Бата көкпардың мекені болған ауылымыздың атауы тәуелсіздік жылдары Көкпарсай болып өзгерді. Көкпар шабатын жер берілмесе де, бұл да болса көңілге жұбаныш екен…

Ал саналы ғұмырын көкпар өнеріне арнаған Әлиакбар шабандоз бүгінде пайғамбар жасынан асып барады. Бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген қадірлі әке, немерелеріне сүйікті ата, еліне ардақты азамат. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы әрі аудандық көкпар федерациясының төрағасы. Асыл ағамен кездесіп, сұхбаттасу көңілдің түкпірінде жатқан арман еді.

Осы жолы сәті түсіп, үйіне бардым. Жылы шырай танытып, қарсы алды. Көкеміз Аллаға шүкір, әлі тың. Бір топ жігітті алдына салып, қуып жүріп сабауға қауқары жетеді. Қасында немере інісі, менің сыныптасым Нақытбек те отыр екен. Әлекеңнің жаңа ғана жол жүріп келгенін білем. Аздап мазасы болмай, шаршаңқырап отырса да, әңгімелесуге келісті. Талай сыннан сүрінбей өтіп, талай белесті бағындырған Әлекең, қызығы мен шыжығы мол өмірінің бір ғана шетін ашқандай болды.

Менің ұстазым – ауыл ақсақалдары

Өмір – өзен. Су ағады, тас қалады. Көкпар да сол – сан-ғасырлардан бері ата-бабамыздан саф алтындай сақталып, мұра болып келе жатқан киелі өнер. Сол өнерді бір адамдай игердім деп айта аламын. Биыл міне, 64-ке шықтым. Өкінерім жоқ. Мақтанарым көп. Менің темір тақым Әлиакбар болып қалыптасқаным – ұстаздарымның арқасы. Әңгімемді бірінші солардан бастауым керек. Олар – ауылдың көнекөз, дуалы ауыз қарттары: Амангелді, Бахы, Керімқұл, Жандар, Байзақ, Бекзат, Қожымбет, Көбей, Сапарбек, Қалау секілді аталарым. Әрине, арасында әкем Бекжан да бар. Солардың тәрбиесін көріп өстім. Солардың аттарын шауып, шабандоз атандым. Мен сол кісілермен мақтанамын. Егер ұстаздарыңның жақсылығын еске алып, мақтанбасаң, шәкірттерің де сені ертең еске алмайды. Бұл өмір заңы. Ал менде құдайға шүкір, артымнан ерген: Бақыт, Нақып, Темірхан, Мұхтархан, Мақсат, Тайыр, Ескендір секілді шәкірт інілерім бар. Өзімнің немере інілерім: Бақтияр, Дәурен, Жәнібек, Асқар, Жантай. Ұлым Бекболат.

Жұрт бізді: «Жеті қарақшы» деп атап кеткен. Қарақшылық қылған түгіміз жоқ. Мақсатымыз – осы өнерге адал болу. Ауылдың, қала берді елдің намысын жырту. Ұлттық өнерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.

Аталарымнан басқа Төлеш, Сатан, Берікбай, Байзақ, Әбсамат, Базар, Қасамбай, Жексембай, Қалыбай секілді ағаларымның тәрбиесін көрдім. Адамгершілікті, ағайынгершілікті бағалауды үйрендім. Ағайынды ренжітіп алудан оңай нәрсе жоқ екенін түсіндім. Бір күні көкпардан келіп, демалып жатсам, жеңешең келіп оятады:

— Директор қайынаға келіп тұр.

— Қай директор?

— Мектеп директоры.

— Үйге кірсін да.

— «Кірмеймін» дейді.

Апұл-ғұпыл киініп, аң-таң болып, сыртқы шықтым. Есік алдында жиденің томарына аяғын тіреп тұр екен.

— Көке, ассалаумағалейкүм! Қалайсыз?

— Уәлейкүмсалам…

— Көке, тыныштық па? Үйге кірсеңізші.

— Жоқ кірмеймін… Әй, Әлиакбар, сен маған мынаны айтшы. Тек ашығын айт. Менің ағайындықтан мінім бар ма? Туысқандықтан мінім бар ма?

— Жоқ, көке. Ол не дегеніңіз? Қайдағы мін?

— Олай болса, кеше біздің атқа неге мінбедің?

— Ой, көке, менің Сізге деген құрметім ерекше ғой. Айыпқа бұйырмаңыз. Реті келмеді. Басқа кісілерге бұрынырақ уәде беріп қойған едім. Бірақ сөзіңіз орынды. Енді алдағы көкпарларға атыңызды өзім апарып, өзім шауып, үйіңізге өзім әкеп тұратын болам. Сіз үйде жеңешемнің қасында шай ішіп отыра беріңіз. Ал қазір, ішке кіріңіз. Дәм татыңыз, — деп, уәде беріп, дастарханға шақырдым. Содан кейін әр көкпарда бірінші кезекте ауылдағы ағайынның атын мінетін болдым. 

Бастау

Мен көкпарды 16 жасымда ауылдың бата көкпарынан бастаған адаммын. Мектепте оқитын кезім. Есімде, Мақталы дейтін ауылда өткен көкпарлардың бірінде серкені мәреге бір-екі метр жетпей түсіріп алдым. Сонда Төлеш көкем тойбасшыға барып: «Ошантай ақсақал, болдырыңыз. Жаңадан көрініп келе жатқан жас пері еді. Меселі қайтпасын, тауы шағылмасын», — деп, айтып жүріп болдыртты. Мұны қалай ұмытайын!? Міне, сөйтіп, намысқа тырысып, шауып жүрдік. Салым салсақ, жүрегіміз жарыла қуанамыз. Салым ол кезде – бет сүртер бір шаршы немесе бір жұп кебіс қой. Бірақ маңыздысы ол емес, маңыздысы – намыс еді. Үлкендердің сенімін ақтау, оларды ұятқа қалдырмау.

Мектепті бітірген соң, дәу көкпарға белсене қатыса бастадым. Ең бірінші аламан көкпар есімде. 1975 жылы Өзбекстанның Фариш деген ауданының Кәттәқорған деген жерінде дәу көкпар болды. Сол тойда Жасұзақ шабандоз бір салды, мен екі салдым. Біріншісін – өз атыммен, екіншісін – бір тәжіктің атымен. Ең алғашқы салымдарым: бір ешкі мен тігін машинасы. Сонда әнтек қуанып, үйге келіп, әкем мен анамды қуантқаным бар. Бірақ әкем мені мақтамайтын: «Сені мен емес, ел мақтасын!», — дейтін. Қайта: «Ана жерде неге айырылып қалдың, мына жерде тағы айырылып қалдың, қызталақ. Атты бекерге зорықтырып жүрсің», — деп намысымды қайрайтын. Қазір ойлап отырсам, соның барлығы тәрбие екен.

Әке сұсы

1977 жылы алғи Өмірзақ деген кісі дәу көкпар берді. Сол көкпардың додасында қарсы келген ат, кеудесімен соғып, аяғымды қайырып жіберді. Тізем шығып кетті. Додадан шығып, әупірімдеп аттан түстім. Үлкендер сүйемелдеп, машинаға апарып отырғызды. Бір уақытта әкем келді. Қасында тама көбек Таңат деген ақсақал бар. Аттан түсті. Түсі суық.

— Неге отырсың?

— Көке, жаңа додада бір ат аяғымды қайырып кетті. Тізем шығып кетті-ау деймін. Қатты ауырып тұр, — деп, ісе бастаған тіземді көрсеттім. Әкем тіземді ұстап, сипалап көрді де, жау алмайтынын білді ме қалай:

— Шаппасаң шаппа, мына Таңат атаңның көкжалына мін! Көкпарды аттың үстінде тамашала. Отырма бұлай! — деді.

— Көке, ауырады ғой…

— Е, аяғыңның… Мін, деген соң мін!

Көкпардың ақыры болып қалған. Баруы бір тай, қайтуы түйе. Ішімнен әкемнің мұншалықты қаталдығына ызаланып, оны түсінбей, тістеніп, атқа міндем де, арғы мәреге қарай аяңдадым. Бір кезде арғы мәреден бір жігіт, додадан еңкейіп, көкпарды көтере-мөтере шықта да тура маған қарай айдаса бола ма!? Өзі келіп ұрынды! «Іздегенге сұраған» дегендей, аяғымның ауырғаны жайына қалды. Жата-жармасып, көкпарды құшақтап, жұлып алдым да, шыққан аяғымның тақымына басып, атты қамшылап, бергі мәреге тарттым. Айтбозым Құдайберген көкпарға жабысып алған. Ажырамайды. Тастай алмаймын ғой жаңағы. Микрофонда алғи Айнабек: «Таста! Таста! Қалаған жеріңе таста!», — деп айқайлайды екен. Мен оны естімеймін. Мәрені қанша айналғаным есімде жоқ. Ақырғы салым, жұрттар жабылып жатыр. Әйтеуір, Алланың қолдауымен, бір уақытта дәл мәренің үстіне келіп, көкпарды тастадым. Сол көкпарда әкемнің маған ерекше риза болып, көңілі толып, мейіріммен қарағаны әлі көз алдымда.

Ал аяқ не болды десейші?! Аяқ бүгіліп қалған. Жазылмайды. Ісіп кеткен. Ет қызумен білмегем. Негізі сынғаннан шыққан жаман ғой. Жаныңды көзіңе көрсетеді. Ойбайлап кетесің. Содан аттан әзер дегенде түстім.

Ауылда Иса деген сынықшы бар еді. Адамдар ол кісіні іздеп, алыстан жердің жер-түбінен келетін. Ұстаған жері ем болатын, жарықтықтың. Әкем мені тез арада сол кісіге алып барды.

— Ойбой, шырағым, аяқтың быт-шытын шығарыпсың ғой, — деді ұстап көріп, – 12 жерден шығып кетіпті, тізеңнен бастап, башпайыңа дейін. Тамырларың да айқасқан.

Жарты сағаттың ішінде буындарды орын-орнына қойып, тауықтың мәйегін жағып, дәкемен мықтап байлап тастады.

Балалық қой. Сынықшының: «Аяғыңды күт. Атқа пәлен уақыт мінбе», — дегеніне қарамадым. Үйде көп жатпадым. Көкпарға қайта-қайта барып жүріп, осы тіземді бір-екі мәрте тағы шығарып алдым. Ойнамалы болып қалды. Соған қарамастан, дәріханадан арнайы бандаж сатып алып, соны киіп, бәрібір шауып жүрдік қой. Оның үстіне әкем Бекжан емес пе, шалдар жатқызбайды ғой. Е, көкең көкпардың жолында иығын да, бұғанасын да сындырды ғой…

Әкем кезінде колхоз басқарған, елге танымал кісі болған. Ашуланса бетіне қарай алмайтынбыз. Бізді қойшы, жұрт қарай алмайтын. Шүйіле қадалған кезде, жаныңды шығарып жібере жаздайтын. Ел басқарып жүрген кезінде оның сөзіне халық тоқтаған. Бізге сол көзқарасының өзі-ақ жеткілікті еді. Ал анам жарықтық, ақылды, мейірімді жан болды. Барлық мәселемізді сол кісі арқылы шешетінбіз. Әке мен баланың арасында алтын көпір іспеттес еді…

Шыны керек, мен қазір: «Әкемдей қаталмын», — деп айта алмаймын. Мен қазір өзімді тіпті: «Бұрынғы шалдар секілді шалмын», — деп те айтуға ауызым бармайды. Неге? Өйткені қазір барлығы әлгі… не деуші еді – бизнесмен болып кеткен. Мысалы, бір ініме: «Әй, мына пәленше менің досым еді, сен соның атын мінші», — деп айта алмаймын. Айтсам да мінгізе алмаймын! Өйткені қазір аты бар, ақшасы бар бизнесмендер иеленіп алған шабандоздардың барлығын. Бірі – Жәнібекті, екіншісі – Бақтиярды деген сияқты. Заманды нарық билеп, шалдардың сөзі далада қалып барады. Біз кезінде намыс үшін кімнің атын болса да міне беруші едік. Шалдардың сөзі заң еді. Ал қазіргі жастар бірінші ақша мен пайданы ойлайды. Олар үшін бәрі сатылады. Жоқ! Сатылмайтын, саудаға түсіруге болмайтын құндылықтар да бар бұл өмірде. Олар – адамгершілік, ағайынгершілік, бауырмалдық. Олардан безсек не боламыз?! Адамды ынтымаққа шақыратын сол қасиеттер емес пе!?

Арғымақтан туған қазанат

Небір сырбаз, атбегі, асыл ағалардың аттарын шаптым. Қайсыбірін айта берейін. Сонда да аты аңызға айналған аттардың бірнешеуін айтпай кете алмаймын. Айтсам да, олардың асыл қасиеттерін сипаттап, жеткізе алмасым анық. Олар да адам секілді, өмірге бір келген жануарлар ғой.

80-жылдары Өзбекстанның Жиззақ деген жерінде Басқұл деген атбегі тұрды. Бесқасқа және Жирен қасқа деген екі аты болды. Екеуі де өте мықты аттар еді. Әсіресе біріншісі. Құлақтары тым кішкентай, адамға жұғымсыз, орташа бойлы ғана ат еді, жануар. Ағайындар: «Әй, Әлиакбар, сен мына атқа қалай қорықпай мініп жүрсің? Доданың ішінде қалып қоймасың ба?» — дейтін. Денесі кішілеу болғанымен жүрегі мықты, нағыз жауынгер ат еді. Қандай қалың болса да, балық секілді сүңгіп баратын. Көкпарға қолыңды тигізеді. Додадан алып шығады. Мәреге жеткізіп салады. Сол атпен Самарқан бар ма, Бұхара бар ма, Навои бар ма, көкпар іздеп, оза шауып, бәйге алып жүрдік. Қасымда адал достарым: Нұржан, Әбілқасым, Жасұзақ, Есімхан секілді палуандар жүрді.

Көшік Әбдәкім деген кісінің атақты қара аты нағыз қазанаттың өзі еді. Сол атпен 1982 жылы 20 желтоқсанда Ташкент облысының Шыназ ауданында өткен үлкен көкпардың ақырын салдым. Ол кездері көкпарда қазіргідей машина тігілмейтін. Бірақ сол тойда көкпардың ақырғы салымына су жаңа «Нива» автокөлігі берілетін болды.

Нағыз керме тартыс басталды. Алланың қолдауымен көкпарға қолым жетті. Тақымға басып алдым. Нұржан досым «18-бен» жетектеп жүр. Жылжып-жылжып бір уақытта тойханаға жақындадық. Бірақ мәреге жолай алсамшы! Жабылған жұртта есеп жоқ. Қыспаққа алып, жүргізбейді. Тойбасшы: «Таста! Таста! Қайда тастасаң да тастасаң болды», — деп айқайлайды. Мен әрине, оны естімеймін. Сөйтіп жүріп, көкпарды мәреге әкеліп тастадым ғой. Көлікті мініп, үйге келдік. Мырзахан деген ағамның әйелінің аяғы ауыр болатын. Бірнеше жылдан бері бала көтермей жүрген. Сол күні кешке толғатып, перзентханаға кетіп, ұл босанды. Мұзаппар деген ініміз өмірге келді.

Тағы бір атақты ат — «18». Алғи руының биі, аты дүйім жұртқа белгілі Айнабек деген кісінің алғи Шәріпбай ақсақалға 18 мың сомға сатқан аты еді. Сол ат кейін «18» аталып кетті. 80-жылдары сол атпен шауып жүрдім. Үстінде отырсаң, сән-салтанатың тасып, өзіңді бейне бір тойханада отырғандай сезінесің. Жайлылығында сөз жоқ еді, жануардың. Кейде жүріп келе жатып, қарғып кетіп, орғытып, еркелейтінін айтсайшы!

90-жылдары менің екінші тынысымды ашқан байлар-жандар Шүкірбай ақсақалдың «Жигули торысы» болды. Кезінде су жаңа алтылық «Жигули» жеңіл автокөлігі мен бір өгіз беріп, сатып алған ат. Онымен көкпарды алмау мүмкін емес еді. Қалаған жеріңе барады, қалаған жеріңнен көкпарды көтерткізеді.

Сарыағашта Қожабек деген кісінің көкпары болды. Шүкірбай ақсақал атты камазға артып, жолға шықты. Біз оны көкпарда күтіп тұрмыз-күтіп тұрмыз. Жоқ. Келмеген соң, басқа аттарға мінуге тура келді. Бір уақытта баласы Тәшкенбай інім айқайлайды: «Көке, ат келді!» Сол сәтте көкпардың ақыры аталған еді. Сөйтсе, жолда көлік бұзылып, кешіккен ғой. Бергі мәреге 20 метрдей жерде қырғын дода болып жатыр. Ақырғы салым. Міне, сол атпен шауып бардым да додаға сыналап кіріп, көкпарды құшақтаған күйі, тақымға басып, апарып салдым.

Тағы бірде құмда Бимырза деген жерде ірі көкпар болды. Ақырғы салым – екі өгіз, бір тай. Нұржан досыма айттым:

— Әй, Нұржан. Сенің қолың жүрмей жатыр ғой. Мә, мына «Жигули торыға» мінші.

— Ойбай, Әлиакбар, «Жигули торымен» салсам жақсы, салмасам ұятқа қалам ғой.

— Мін деген соң, мін!

Мінді де көкпарға қолы тиді. Бірақ, әттеген-ай, мәреге жақындағанда айырылып қалды. Сол заматта Нұржанды өз атыма мінгіздім де, өзім «Жигули торыға» қарғып мініп, жануарды қалыңға қайта салдым. Ешқандай тосқаулға қарамастан серкенің үстіне алып барды ғой. Көкпарға қолым жетіп, тақымға бастым да, көкпардың ақырын салдым. Міне, мұның барлығы «Жигули торының» ерліктері.

Ат ерді ғана емес, бүкіл елді құтқарады ғой, айналайын. Ата-бабаларымыз осынша жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ғана емес, аттардың адал еңбегімен де қорғады емес пе?! Біздің мақтанышымыз да, сән-салтанатымыз да – жылқы. Ешқандай техника қазақтың атын шығармаған, шығармайды да. Жылқы мінезді қазақтың атын тек жылқы ғана шығарады. Қазақ – жылқысымен қазақ. Қазақты қазақ еткен – жылқы! Жылқыны жылқы еткен – қазақ!

«Мына қоңырат үйімен қоштасып шыққан ба?»

Адам жас кезінде өлемін деп ойламайды екен. Көкпарда ет қызумен, намыспен қауіп-қатердің не екенін ұмытып кетесің. 89-жылы Қазығұрт жақта биік екі жардың ортасында үлкен көкпар болды. Оны Әбдібай деген кісі берді. Медеу деген мықты шабандоз ұлы болатын.

Астымда сарыағаштық алғи Қожанның Луговойдан келген сары аты. Абсенттің тұқымы. Кезінде 20 мың сом ұсынып, сұрап барғандарға берілмеген ат. Қалыңға кіріп, көкпарға қолым тиіп, арғы мәреге апардып тастадым. Додаға қайта кіргенім, көкпарды тақымға басып алып, жарды жағалап ұшар басына шыққаным есімде. Сол сәтте аттың басын төмен қарай бұрып, төпелеп қамшы басыппын ғой. Мұны көргендер: «Мына қоңырат үйінен қоштасып шыққан ба, қалай? Атқа қамшы басқаны несі?!» – деп жағаларын ұстапты. Содан төмен қарай құстай ұшқан күйі бергі мәреге жетіп, көкпарды тастадым. Артыма қарасам, қуғыншылар алыста енді төмен түсіп келе жатыр екен…

КСРО біріншілігі

1984 жыл. Мынау Шығыс арықтың арғы жағында, Өзбекстанның Салыкер деген кентінде ферма бастығы болып істеп жүрген кезім. Бір күні совхоз бастығы Базар Маманов ағам шақырып алып:

— Әлиакбар, Ташкенттен нұсқау келді. Көкпардан Өзбекстан құрама командасы Ресейдің Краснодар деген жеріне барып, Бүкілодақтық ат спорты жарысына қатысады екен. Соған сені шақырады. Спорт министрлігінің бір өкілі келе жатыр. Дайындал, — деді.

Айтқан адамы келді. Виктор Иванович Левадный деген кісі екен.

— Алеке, — деді ол, — Краснодарға барып, көкпар шауып қайтамыз. Сен команда капитанысың. Саған үлкен сенім артып отырмыз. Жігіттер таңдалды. Енді дайындыққа кірісу керек. Барлық жағдайларыңды жасаймыз, — деді. «Көкпар қайда?» деп жүрген кезіміз ғой.

— Жарайды, — деп келісе кеттім.

Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас Сырдария деген совхозында рамадан Есімхан деген жігіт бар. Қазақтардан сол екеуміз ғана. Қалғандары кілең өзбектер. Барлығы 15-20 адам жиналды. Содан Өзбекстан бойынша мықты аттарды таңдап алып, оларға жаттығуға деп 10-15 ешкіні қосып, барлығын пойызға артып, атбегілер де ішінде, Краснодарға жөнелттік. Өзіміз ұшақпен жеттік. Қыркүйек айы. Біріншілікке алты одақтас республика: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Әзірбайжан құрама командалары қатысты.

Қазақстанның атынан Әбекең – Әбілхан Дауылбаев бастаған жігіттер. Ол біз жақтың қазақтарын қоспайды. Оған өз аймағының шабандоздары да жетіп жатыр. Өңшең «Сен тұр, мен атайын», — дейтін жігіттер. Мен енді жұмысым Өзбекстанда болған соң әрі арнайы шақырту алған соң, Өзбекстанның атынан бара жатырмын.

Содан не керек, жаттығу басталды да кетті. Бірақ көп ұзамай, ұйымдастырушылар мені тізімнен шығарып тастады. Айтатын уәждері: «Әлиакбар Үсіпбеков — Қазақстанның азаматы. Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылдық кеңесінде тіркелген. Көкпарға қатысуға болмайды».

Енді не істейміз? Левадный ұшаққа бару-келуіне билет алды да маған: «Елге тарт. Пропискаңды Өзбекстанға, Салыкерге ауыстыр да, қайтадан ұшып кел. Үлгересің», — деді. Содан Ташкентке ұшып келдім дағы, апыл-ғұпыл Өзбекстанға тіркеліп, Краснодарға қайта ұшып, таңғы сағат 7:00-де қондым. Ал күндізгі сағат 14:00-де көкпар басталды да кетті. Алғашқы ойында Қазақстанды 5:1 есебімен ұтып кеттік. Аяқ алысымыз жаман емес. Арынымыз қатты. Қарсыластардың барлығын жеңіп, финалда Қазақстан командасымен тағы да бақ сынасатын болдық. Ертең финалға шығамыз деген күні Әбілхан бар, тағы екі-үш жігіт бар, Есімхан екеумізді кешке мейрамханаға шақырды.

— Жігіттер, сендерге ұту мақсат па? Қазақ жеңсе болмай ма? Қазаққа бүйректерің бұрмай ма? – дегендей сөздер айтып, ортаға алды.

— Әбеке, бұл не дегеніңіз?, — дедім, — бізден не айып? Сұранып келгеніміз жоқ, сенім арқалап келіп отырмыз. Еңбегіміз адал. Иә, бүйрегіміз бұратыны рас. Бұрғанда не істейміз? Бізге де оңай емес. Ұят деген бар. Бірақ нар тәуекел! Былай істейік. Есімханның жасы үлкен ғой. Төрелігін сол айтсын. Соның сөзіне тоқтайық, — дедім. Есімхан:

— Жоқ, шешімін өзің айт. Команда капитанысың ғой. Сенің сөзіңе тоқтайық, — деді.

— Ертең, әңгіме шығып кетсе, ұят болмай ма?

— Ұят болмайды.

— Олай болса, ұтыламыз, — дедім. – Әбеке, көкпардың аяғына дейін тең есепті ұстауға тырысайық. Соңғы сәтте сіз серкенің артқы қолынан, мен алдыңғы қолынан еңкейемін. Алдыңғы қолды ұстау қиын ғой, артқы аяғы мықты әрі ұстауға ыңғайлы.

— Жарайды, — деп, қуанып кетті. Барлығы риза болысты. Қол алысып, тарқастық.

Ертеңіне 4:0 болып ойысырай ұтылып жатырмыз. Алаңның шетінде Левадный байғұс: «Алик, че такое? Что с тобой?», — деп жан дауысы шығып, басын ұстап, айғайлап жатыр. Ішімнен: «Айғайлама! Осыған да риза бол», — деп қоям. Сөйтіп жүріп, есепті 5:5-ке жеткіздік. Ең соңында келісім бойынша мен алдыңғы аяқтан, Әбілхан артқы аяқтан еңкейді. Бірақ сол сәтте Әбілханның аты омақасып құлап қалса бола ма?! Мен көкпарды оңғарып, басып алдым. Қазақстан құрамасында Ленгірден Шымырбай деген жігіт бар еді. Сол жата келіп жармасты.

— Әлиакбар, берсең бердің. Бермесең аяғыңды сындырамын, — дейді маған.

Ашуым шығып кетті.

— Өй, әкеңді пәлен қылайын. Менің аяғым шөп еді саған, сынып кете беретін. Ал тартып ал, қолыңнан келсе, — дедім де атқа қамшы басып, мәреге құйғыта шаба жөнелдім. Апарып, салдым да жібердім. Сөйтіп Қазақстанды 6:5 есебімен ұтып кеттік. Айырмашылық бір-ақ салым. Левадный байғұс, өзбек ағайындар, қалпақтарын аспанға атып, естері шыға қуанып, барлығымызды құшақтап жатыр. Туды желбіретіп, ипподромды айналдық. Өзбекстан басшылығы Ташкенттің ипподромында күтіп алып, құрмет көрсетті. Мақтау қағазын берді. Команда капитаны ретінде 187 сом алдым. Қалғандарына шамамен 150 сомнан тиді. Ұзыннан ұзақ дастархан жайылды. Құстың сүтінен басқаның барлығы бар.

Жарыстың алдында маған: «Егер бірінші орын алсақ, саған сыйға ГАЗ-24 «Волга» автокөлігін сыйға тартамыз», — деп уәде етілген еді. Дастархан басында: «Виктор Иванович, машина қайда? Уәде беріп едіңіз ғой? Айтқан өздеріңіз, — дедім.

— Алеке, кушай, кушай. Все будет. Все будет. Все для твоего дело, — деп бет қаратпады.

Амал нешік, машинаны бермей қойды. Кейін өзі мініп жүргенін көзіміз көрді. Ал біз, берген ақшаны алып, палауын жеп, шайын ішіп, елге қайттық. Келесі жолы бармай қойдым. Левадный үйге келіп, жалынып, өліп кете жаздады. Мен: «Бармаймын. Бір сөзіңе сенбеймін», — деп тұрып алдым.

Кемал қажының көкпары

Талай дәу көкпарларға – екі күндік, үш күндік тойларға қатысып, бұйырғанын салып жүрдік. Есімде, 80-жылдары мынау Жиззаққа жақын Темірәзім деген жерде (одақ кезінде Өзбекстанға жалға беріліп, кейіннен соның қарамағында қалып қойған Тимирязев атындағы совхоз)  оразгелді Исатай деген кісінің екі күндік дәу көкпарында 23 рет салым салғаным бар. Сонда Нұржан досым: «Әй, Әлиакбар, осы көкпарда сенен оздым ба деп едім. Сөйтсем, тағы да озып кетіпсің ғой», — деп, қағытқаны бар.

Бірақ сол көкпарлардың ішінде мен үшін 40-жылдық совхоздың (қазіргі Атамекен ауылы) талай жыл бас есепшісі болған көбек Кемал қажының берген екі күндік дәу көкпарының орны бөлек. Ол 1991 жылы ерте көктемде мына Арнасайға жақын маңда өтті. Көкпарға өте ыңғайлы, ойпаң жерде үш жүздің басы қосылған үлкен көкпар болды. Қара құрым халық. Аттардың санында есеп жоқ.

Сол көкпардың алдында ғана жеңешең екеуміз бір тойға барып келгенбіз. Шаршаумын, ұйқы қанбаған. Маза жоқ. Қабақ қатулы. Бірінші күні үш-ақ рет салдым. Дәу көкпарда үш-төрт рет салғанды місе тұтпайтын кезіміз ғой. Көңілім түсіп, қапа болдым. Содан кешке бір топ көкпаршы Арнасайға келін болып түскен Гүлмира деген немере қарындасымның үйіне сау етіп, кіріп бардық. Қасымда Темірхан, Мұхтархан секілді інілерім әрі шәкірттерім.

— Әй, көке, бүгін салмасаңыз, ертең саласыз. Ештеңе етпейді. Ілінбей кететіндер де бар ғой, — деп мені жұбатып жатыр. Мен:

— Бүгін ешқандай салым салғаным жоқ, — деп тамаққа да зауқым болмай, ешкіммен сөйлескім де келмей, басқа бөлмеге барып, жатып қалдым.

Бәрін айт та бірін айт, сол көкпардан көңілім сәл де болса жайланып қайттым. Ертеңіне 12 рет салыппын…

Көкпарға қиянат жасалмасын!

Мен көкпардың қазандық енгізілген түріне мүлдем қарсымын. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Әйтпесе шалдардан еститін едік қой. Шабандоздар мен аттарға қарсы жасалған, бұдан өткен қиянат бола ма?! Қарап тұрсаң, сол қазандыққа соғылып, барлығы құлап жатады: ат та, адам да. Сол бізге керек пе? Сол бізге қызық па? Қызығатын түгі жоқ. Бұл аттың да адамның да соры. Ренжитіндер ренжи берсін. Жаңашылдықты да, жаңа ережені де абайлап, жөнімен енгізу қажет. Оны ел қолдауы керек.

Ал шеңберді, яғни командалық көкпарды мен қолдаймын. Оған кезінде өзімде қатыстым. Қазір, құдайға шүкір, елімізде мұндай көкпардың ережесі бекітілген. Бұл дұрыс қадам. Өйткені көкпар – нағыз спорт. Намысты қозғайтын, дәстүрді жаңғыртатын ұлттық спорт. Оны заман ағымына сай, жақсы жағына қарай дамытып, түрлендіріп отыру заңды. Ал енді қазандық дегенге енді қайтып оралмаймыз деген үміттемін.

Ғани Ахметбаев деген інім бар. Түркістан облыстық көкпар федерациясының президенті. Көкпарды спорт ретінде дамытуға қолынан келгенінше ат салысып жүр. Барлығымыз сол бағытта жұмыс жасауымыз керек деп санаймын.

Экспресс-көкпар қашан тоқтайды?

Жасыратыны жоқ, қазір дәстүрлі дәу көкпарлардың уақыты ұзаққа созылмайтын болып барады. Бір сызықтың бойымен барып-келіп, салып жатады. Біреуі еңкейіп алса, қалғандары арғы мәрені іздеп кете барады. Оу, сонда тартыс қайда қалды?! Бұрынғыдай бір орында сіресіп, жанартау секілді түтіні шығып жататын көкпарлар қазір кемде-кем. Жұртқа соны көрудің өзі не тұрады!?

Біздің федерацияда Бәкір деген азамат жұмыс істейді. Оның өткізетін көкпарына кейбір «Менмін» дейтін шабандоздар қатыспайды. Неге? Өйткені ол өз көкпарында айналдырмайды, байлатпайды, жетектетпейді. Аттардың саны 100 болса да, 1000 болса осы талап сақталады. Осы үшін қаншама ұрыс-жанжал туындаса да, көкпарды таза, әділ өткізуге күш салып келеді. Мен мұны қолдаймын. Қазір осы дәстүрді шамамыз келгенше өз күшімізбен жаңғыртып жатқан жайымыз бар. Бұл румен-рудың арасындағы көкпар емес қой. Көкпарда әркімнің құқы бірдей. Нағыз шабандоздар осындай көкпарлардан шыңдалып шығады. Көкпарды өзіне тән текті қасиетін, әділдігін сақтай отырып, ортақ ережемен өткізу қажет. Көкпар – тілімізден кейін, ата-бабадан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін мәңгілік асыл мұраларымыздың бірі. Өйткені көкпар – ұлттық тектілігіміздің бір қыры…

Әңгімелескен Жаппарберген Айбота

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.