Президент күні мерекесіне орай Меркіде көкпар өтті (ФОТО)

4861

«1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні» мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы Меркі ауданы Тәтті ауылында жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен көкпар  өткізілді.

Ұлттық спортты дамытып, ата-бабамыздың мұра еткен баға жетпес қазынасын дәріптей отырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ үздік спортшылар мен сәйгүлік баптайтын атбегілерді анықтап, облыс құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараның жастардың күші мен ептілігін арттырып, батылдық пен ерлік қасиеттерін дамыта түсері анық.

Көкпарды тамашалауға облыстың түпкір-түпкірінен жұртшылық көп жиналды. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаев пен әлемдік деңгейдегі турнирлердің жеңімпаздары қатысты.  Мерекелік іс-шараны ашқан Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Жарылқасынұлы атаулы мерекемен аудан тұрғындарын және барша қазақстандықтарды құттықтай отырып, Тәтті ауылдық округінің әкіміне, ауыл ақсақалдарына және тұрғындарына осындай игі шара үшін аудан әкімі Мейірхан Азатұлының атынан зор алғысын білдірді.

Ұлттық ойынның жанашыры Тәтті ауылдық округінің әкімі Алметов Талғат Аманқұлұлының басшылық етуімен, Жамбыл облысы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясы, сондай-ақ Тәтті ауылының Көкпар федерациясының президенті Төлебаев Амантай Сейітжанұлының қолдауымен өткен ашық турнирге 18 команда қатысты.

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада кіл мықтылар арасынан ең үздіктерді анықтау оңайға соққан жоқ. Нәтижесінде ақтық сынға сүрінбей өтіп, 18 команданың ішінде кәсібиліктерімен оза шапқан «Тәтті ауылы» командасы айқын есеппен 1-орынды және ауыспалы кубокты жеңіп алды.

2-орын — «Меркі округі» командасы

3-орын — «Байзақ-Датқа» командасы

Сонымен қатар, Абылайхан Нышанбек, Әділет Мамыт, Ақылбек Қымызбаев және Асқар Есеналиевтар «Үздік шабандоздар» атанып, арнайы жүлделерге ие болды.

Барлық жеңімпаздар кубоктар, медальдер мен дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Атап өтерлік жайт, ойынның жеңімпазы атанған «Тәтті ауылы» командасының капитаны Асхат Алметов ауыспалы кубокты келесі жылы Шу ауданында өткізу үшін «Сауытбек-Шу» командасының капитаны Қуаныш Тойшыбаевқа табыстады.

Бұл бастаманы дәстүрге айналдыруды мақсат еткен ұйымдастырушы спортсүйер азаматтар қазақтың нағыз ұлттық ойыны көкпардан ашық турнирді әр жыл сайын кең көлемде өткізуді жоспарлап отырғаны көңіл қуантарлық жайт.

Олай болса, бабадан қалған ізгі салтымыз бен ұлттық мәдениетіміздің дамуына сіздер де, атсалысыңыздар, құрметті ағайын!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!