Азия чемпионаты аяқталды
Жамбы ату спортынан ересектер арасында өткен алғашқы Азия чемпионаты аяқталды.
Қазақстан, Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд қатарлы 14 елдің өкілдері қатысқан тартысты сайыс «Мажар», «Түрік», «Азия» және «Жамбы» (Қазақ) қатарлы төрт түрлі стильден нағыз мергенді анықтады.
Алғашқы күні 60 спортшы нағыз мергенді анықтау үшін «Мажар» стилінен сынға түсті. Өздерін қазақтарға ең жақын халықпыз деп санайтын мадиярлардың нысана көздеуінің өзіндік ерекшелігі бар. 8 топқа бөлінген Сарықұрлық сайыпқырандарының арасынан Саудияның сайлауыттары топ жарды. Алғашқы үштіктің нәтижесі мынадай:
«Мажар стилі»
I орын. Hisham Ali R Al-Tamimi – 76,81 ұпай, (Сауд Арабиясы) 500 мың теңге;
II орын. Бексауыт Батыр – 70,59 ұпай (Қазақстан) 300 мың теңге;
III орын.Ералхан Айкөз – 67,68 ұпай (Қазақстан) 200 мың теңге;
Сайыстың екінші күні алаң Ат үстінде садақ атудың классикалық үлгісіне орай түрленіп шыға келді. Яғни, сайыс алаңы «Азия стиліне» сай жабдықталды. Мұнда да спортшыларға төрт мүмкіндік беріліп, үш нысана қойылды. Жеңімпаздар:
«Азия стилі»
I орын. Hisham Ali R Al-Tamimi-дің рекордын – 78,15 ұпай, (Сауд Арабиясы) 500 мың теңге;
II орын. Нұрсұлтан Бірлікбаев – 74,35 ұпай (Қазақстан) 300 мың теңге;
III орын. Ералхан Айкөз – 72,83 ұпай (Қазақстан) 200 мың теңге;
Кеше кешкі жаңбырдан соң жарыс алаңы әжептәуір су болған екен. Десе де ипподромның арнайы төселген құмдағы суды өзіне сіңіріп, жер беті дегдіп қалыпты. Бүгін спортшылар Жамбы ату спортындағы ең күрделі стиль – «Түрік стилі» бойынша мергендіктерін сыналтады. Жарыс жолына «қозы жауырын қу жебе, тарта алмасам маған серт!» деп шыққан спортшылар, «Түрік силінің» оңай-оспақ дүние емес екенін алғашқы айналымнан-ақ сезінді. Әсіресе бұған дейінгі екі стильде алдына жан салмаған саудиялық сұрмергендер, көшпенділердің көне өнері оңай шағылар жаңғақ емесін ұқты.
Бұл сайыста біздің елдің намысын қорғаған Батыр Бексауыттың жолын кесер ешкім болмады. Ойын нәтижесі мынадай:
«Түрік стилі»
I орын. Бексауыт Батыр – 50,40 ұпай (Қазақстан) 500 мың теңге;
II орын. Rakan Al Mubarak – 47,03 ұпай (Сауд Арабия) 300 мың теңге;
III орын. Arsa Wening Arrosyad – 41,19 ұпай (Индонезия) 200 мың теңге;
Ойынның төртінші күні Жамбы атудан ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатының төртінші стилі – «Жамбы» сарапқа салынды.
Шымкентте желдің жылдамдығы 32 метр/секундқа жетсе де, спортшылар сайысты тоқтатпады. «Жамбы» стилінің ерекшелігі аспаға ілінген қола, күміс, алтын жамбыны атып түсіруге талпынған ойыншылар, шын мергендік танытар сәт келгенін түсінді. Бұған дейінгі бір орнынан қозғалмай тұратын нысанаға тигізу мынаның қасында шынымен ойын екен. Жел тербеген жамбыға желдей ескен жебені дәл тигізу – тек мергендікті ғана емес, нағыз стратегтікті талап етеді.
Сонымен, сөзді көп созбай, жеңімпаздардың аты-жөнін атайық:
«Жамбы стилі»
I орын. Bader Ali R Al-Tamimi – 67,22 ұпай (Сауд Арабия) 500 мың теңге;
II орын. Otgon-Ulzii Battulga – 59,01 ұпай (Моңғолия) 300 мың теңге;
III орын. Любовь Морока – 55,38 ұпай (Ресей Федерациясы) 200 мың теңге;
Сонымен ҚР Жамбы ату федерациясы ұйымдастырып, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы қолдау білдірген Жамбы атудан ересектер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.
Жамбы ату спортындағы төрт стиль аяқталған соң, стиьлдер бойынша үздік үштікке енген спортшылар өзара мықтыны анықтау мақсатында «Тайтұяқ» атты. Алайда, бес метр биікке ілінген тай тұяғындай нысананы атып түсіру ешкімнің қолынан келмеді. Бұған кешке таман күшейіп кеткені де әсер етпей қоймады. Сонымен «Тайтұяқтың» жүлдесі үшін тігілген 2000 доллар жүлде ешкімге бұйырмады.
Азия жамбы ату федерациясының алғашқы іс-шарасы ретінде өткен сайысқа «Самұрық қазына» әл-ауқат қоры АҚ мен Alageum компаниясы екенін де айта кеткен абзал.
Argymaq.kz