Төрехан МАЙБАС. Керат

kerat

І

Мен дүниеге келгенде шахтерлер әкемнің отбасына жиналып, дүниеге тағы бір шахтер келді деп қауқылдасыпты…

 ІІ

Шақ-шұқ…

Шақ-шұқ…

Тыр-тыр-ыр…

Қылует өтіп жатқан бұрғышылар шапқысының шақылы мен кейінде ғана пайда болған қолбұрғылардың ащы, жіңішке тырылы ілгерлеген сайын алыстағанның орнына өкшелеп ту соңынан қалар емес. Бұлшық еттердің түйіліп, байланып қалатын өрлеуіттен кібіртіктемей келе жатқанда осы шақ-шұқтардан қашып келе жатыр.

Міне, квершлаг… Қитұрқы бұрылыстар…Жасырынбақ ойнап жүргендей бұрыш-бұрыштарға тығылып алған еңістер мен өрлер…

Мұның бәрі Кератқа жақсы таныс. «Қазір айдау жолдай еңіске түседі, қораптар өздері жүйткиді».

Аяғын бос тастап келеді. Айдаушы балада үн жоқ. «Қалғып-шұлғып келе жатқан шығар…»

Өрлеу де басталды. Қораптар артқа тартатындай, бұл алға. Ауырлап келеді. Сәл де болса босаңсыған болаттай бұлшық еттер қайтып шиырықпайтындай.

Гудок аңырады.

Қалт тоқтады. «Қазір байлаудан босатады. Сағал астауда сабан аралас кебек жатқан шығар…»

Айдаушы балада үн жоқ. «Неге босатпайды?»

Гудок қайтып аңырады.

Бала да оянса керек.

– Айт шүу, Керат!

«Өрге кеп тоқтағанын қарашы».

– Айт, шүу!

Керат тырп етпеді.

Борша-борша терлеген денесі өлімсіреген оттас шамдарының сәулесімен жалт-жұлт етіп, үстіндегі салтақ лайсаңы қарауытып, жұлдыз жұтып жатқан түнгі айдын ортасында адасып қалған қара жерден аумайды. Жерасты ауыр, дымқыл ауаға ащы тер иісі қосылып қолқаны атып тұр. Алдап та, жекіріп те Кератты орнынан қозғалта алмай бала да терледі.

Оқпаннан саумал жел есті. Малқос иіс сейіліп қоя берді.

Мүлгіген тыныштықты бұзып тұрған бірқалыпты тамшылар тырсылы мен баланың шіңкілі ғана.

– Айт, шүу, Керат!..

Гудок үшінші рет аңырады.

«Неге босатпайды? Сауырдағы ұйып бара жатқан лайсаңдарды неге түсірмейді? Неге айқайлайды? Неге?»

Басы дың ете қалды. «Осып өтті-ау…»

Қамшы жаңа көріп жүрген ноқайы емес. Бірақ бастан салғызып көрмеген-ді. Суылын да естіп үлгермеді. «Жанын кейде жегідей жеп жүретін оң жамбасы неге тызылдап тұр? Тыртықтан ұрған ғой…»

– Кера… Кера… енді өзің… енді мен…

«Жас иесінің мұрны шуылдай ма-ау, әлде қорсылдай ма-ау, қалай?»

Тұрып-тұрып мойнынан құшақтады.

Солай екеуі біраз тұрды…

ІІІ

Шалп-шұлп…

Бала қорсылынан тыйылды.

Шалп-шұлп…

«Келе жатыр… Сепкілбет… Қарабұжыр… Ақсақ…»

Шалп-шұлп…

«Қазір келеді де босатады. Сонсоң барлығы өзі осында кеп түскен тар қорапқа мінеді… Сонсоң?.. Әрине, сағым билеген жарық дүние… Мені де бір шығарса ғой. Жалғыз қалдырады-ау қазір…»

Бірінші болып Қарабұжыр, сонсоң Сақалтай, сонсоң… сонсоң… Сепкілбет келді.

Ақсағы дәртені ағытты.

Манағы өлімсіреп тұрған жарықты жер жұтып қойғандай. Теміржолдан шықпай келе жатыр. Арттан қораптардың ауыр тақ-тұқы естіледі.

Тақ-тұқ күшейе түсті.

Тақ-тұқ…

Тақ-тұқ…

ІҮ

Тик-так…

Ағал-сағал астаудағы су мұп-мұздай екен. Дем алмастан-ақ ішетін су… Тістен өткен соң тайқып шықты.

Тик-так…

Тик-так…

Төтелден үзіліп түсіп жатқан баданадай-баданадай ірі тамшылар мұрынға жанай құлап қытығын келтіреді. Тура Кербайталдың қылығы.

Көпке шейін алаңқайда енесімен тұрды.

Ыстық табы қайта қоймаған кезде мұны енесінен айырды. Үлкен алаңқайда өзі қатарластар бірін бірі қуып, құйрықтарын аспанға шаншып жарысып жүр екен. Біреуі бөлініп жанына келген. Кербайтал!..

Айдарларынан жел есіп, екеуі сол күні ұзақ шапқан. Жер апшысын қуырып шауып еді-ау.

Жем бере бастаған кез. Көп уақыт өтсе керек. Алаңқайға кірер қақпада кідіріп қалған. Енесін көрді. Жанында құлыны бар. Өзіндей кер екен. Бір жағынан қызғанғандай болды…

Сол күні өзін бұрыннан да қақпайлап жүретіндер тіпті тықсырып жіберді. Теуіп, тістесіп көпке дейін жолатпай қойған. Әсіресе, жуан мойын Шағырдың тепкісі ерен қатты екен. Кербайталдың басқамен кетпегені күшіне күш қосқандай. Мойнынан теуіп жеңді. Әне, Буырыл! Оның құлақ жымитқанынан-ақ басқалар жанына жоламайтын. Өзі де ығып жүретін.

Сол күні жекпе-жекте бірінші рет жеңілді. Сенгені серіппедей аяғы еді. Буырыл тепкіге түспеді.

Сол күні үлкендерше екеуі ұзақ шайнасты. Шағыр тепкен мойын шыдамады. Жеңілді. Кербайталдан айырылды. Бірақ енді екінші Шағыр емес, өзі.

Сол күні Кербайталды өзгертті. Шағырдың төрт аяғын тең басатын Ақбақайын иемденді. Тек Кербайталдай қытықтамайды. «Неге екен?»

Ертеңіне Ақбақай Шағырына кетті. Тоқтатқан жоқ. Несіне тоқтатады? Бәрібір Кербайталдай қытықтамайды. Кербайтал да қайтып келді. Буырылмен тағы да шайнасармын деп ойлаған. Келмеді. Кешкісін әдейі жанай өтті. Құлағын да жымитқан жоқ. Кешегі айбар да жоқ. Өзінен ол да ығатындай.

Тик-так…

Тик-так…

Сонсоң не болып еді?

А-а… Өжірелерге бөлген. Көрші өжіредегі Буырыл екеуі бұрынғыдай емес. Алаңқайға да сирек шығарады. Сондықтан Кербайталды көруі де сирек.

Қар жауыпты. Алаңқайға жібергенде көрді. Бұрын көрмеген сүрең болды. Ұстап алып бәрін жығып жатыр, жығып жатыр. Көпке шейін ұстатпаған Буырыл екеуі болды. Сонсоң? Қазір не болса сол болды.

Дүние өзгерді. Әлде өздері өзгерді.

Түсініксіз. Бұрынғыдай жер тарпып, күлдір-күлдір кісінеуді қойды. Буырыл да, Шағыр да – бәрі… бәрі мәңгіріп кеткендей. Тебісіп, шайнасып жатқан ешқайсысы жоқ.

Кейінгі кезде дәлізге де шығармайтын болды.

Ең соңғы рет алаңқайға шығарғанда Кербайтал шұрқырап келіп мойындасып, жалын тарап, тістеп жалымен ойнаған. Бұл орнынан қозғалмады. Қайтып оны кездестірген емес…

Сонсоң не болып еді? Өжіреден айдап шығып қуалай жөнелген… Жо-жоқ, әуелі басқаларын алып кеткен. Дәлізге шығарғанда көрген. Жүздеген өжіре бос тұрған-ды…

Сонсоң өздерін… Биік-биік үйлері сондай суық көрінген бір жерге әкелген. Түні бойы иіріліп тұрды. Нәр сызған жоқ. Ертеңінде маңдайында шүпірлеген жазуы бар жұлдызды, күндегі көріп жүргенінен үлкендеу теміржолмен арсыл-гүрсіл қорап үйлер келді. «Бет алыстары күнбатыс па еді?»

Соған тиеген… Содан тақ-тұқ…

Тақ-тұқ…

Қанша жүргендері белгісіз. Тас қараңғы суықта қайта түсіріп, қайта қиқулата қуған. Бір-ақ күннің ішінде бәріне көндігіп шыға келді. Арбаны да сүйрейтін болды, үстіндегі адамдарды да ауырсынбайтын болды. Аузы үнемі сасып тұратын Сартапал өргізіп-жатқызып жүрді. Үнемі түтіндеп тұратын аузынан түспейтін ұзын пәлесінің иісіне де, иесіне де бойы үйренді.

Сонсоң…

Тарс-тұрс…

Тарс-тұрс…

Алапат күндер басталды. Жан түршігерлік ысқырықтар мен гүрс еткенен кейін ойылып түсетін құдықтар… Аспандағы құс сынды ұшып жүрген пәлелердің гүрілі… – бәрі сондай жат еді.

Көп гүрілдің біреуі мұны Буырылдан айырды. Келесі… келесі бір қара жер лайсаң болып жатқанда осындай гүрілдің біреуі өзін де алып ұрған. Оң жамбасынан баса алмай қалды. Өзінен аттам жерде қарауытқан кішкене төмпешіктен адам аяғы көрінеді. Басқалары келіп қазып алғанда көрді. Иесі екен. Оны көтеріп алып кетті.

Қайтып иесін көрген жоқ.

Аяғын сылтып басатын болды. Оң жамбасын ауырсынбайтын болған кезде қорап үйлерге қайтып тиелді. Әкелген жақта жан түршігерлік гүрсілдер жоқ екен. Одан кейін де көп жүрді. Міне, қазір тас қараңғы шыңырауда. Бірақ…

Иесі қайда екен?

Тик-так…

Тик-так…

Иесінің тәтті шақпақ қантын аңсады.

Ү

Гудок аңырады.

Орнына кеп тұрды. Күндегі тірлік. Тар қораптан түсіп жатыр, түсіп жатыр. Бұжырқара… Ақсақ… Айдаушы бала ғана көрінбейді. Мынауысы кім екен? Жұлдызы бар киімі көзіне оттай басылды. «Сартапал иесі!»

Басқа болып шықты. Тағы бір Ақсақ… Аяғын өзіндей сылтып басады. «Бұл да ана жаққа барып, оң жамбасынан баса алмай қалған шығар…»

Ақсақ жұмған аузын ашпайтын айдаушы баладай емес. Өзімен өзі сөйлеседі. Қала берді өзіне әлденелер дейді… «Сонау бір күндердегідей…»

Сасық түтін иісі… Оңға… Солға… Тағы басқа ұмытыла бастаған қадау-қадау бұйырықтар бәрі, бәрі сол күндердегідей. Тек иесі басқа… «Қант берер ме екен?»

Квершлагке келді. Қораптар әлі көрінбейді. Олар келгенше Ақсақ иесі өзінің ұйысып, тас болып қатып қалған құйрық-жалын тарап, күлтелеген болды.

Бәрі жабылып бес қорапты итеріп әкелді. Алғашқыдай зілмәуір емес қазір… Күндегі итіңімен бос қораптарды қайтып әкелді. Осылайша бірнеше рет әрі… бері…

Орта жолда болса керек. Еңіске түсерде қораптардың алдыңғы екеуі аударылып түсті. Өзі де мұрттай ұша жаздады. Шатқаяқтап әзер қалды. Иесі Сепкілбеттерді ертіп әкелді. Қарбұжыр бар, бәрі қораптарды орнына қойды. Ақтарылып қалған тас қиыршықтарын қайта тиеді.

– Айт, шүу!

Қораптар енді қозғала берген.

Гудок аңырады.

Керат әдеттігінше қалт тоқтады. Босатуын тосып тұр. Жаңа иесі босата қоймады. Қарабұжыр кеп дәртені ағытты. Иесі енді Қарабұжырмен айқайласты.

Қанша ұзағанымен қуып жетіп қайта жекті. Әудем жер итеріп әкепті. «Айдаушы баланың болмағанын қарашы…»

– Айт, шүу!

Керат қозғалмады. «Кеше де өстіп босатқан…»

Босатпады. Өздері артынан итеріп, амалсыздан тартты.

Ауырлап келеді…

ҮІ

Міне, тағы да жалғыз қалды.

Төтелден ағып жатқан мөлдір суды құлағын қайшылап ұз-а-ақ сыңғытып ішті.

Тик-так…

Тик-так…

Көз алдына жон арқасы теп тегіс, жұмыр мойын Кербайтал келді.

Көз алдына жоталы жон, ботатірсек Ақбақай келді…

ҮІІ

Шақ-шұқ…

Шақ-шұқ…

Сепкілбет – Сергоның қолы қолына жұғар емес. Нән балға Ақсақ – Мәмедте құлаштап соғады.

Сәл әріректегі шапқыға бірінші рет түскен айдаушы бала мен дүлей күш Қарабұжыр – Қожан да ширақ қимылдайды. Мана баланы жассынып басқалар алмағанда Қожан алған. Қателеспепті. Қолбұрғыға ауысқан Қоңқақ – Ахмет мұның жанында қорбалаңдаған маймақ сияқты. Тегі шапқы деген майым-майым маймақтардың қолы емес.

– Нешінші? – келгендер кен тиейтін күрекшілер еді.

Қожан жауап орнына жұдырығын көрсетті. Бесінші дегені. Күрекшілер бос тұрмай бөлініп алып, шапқышыларға көмектесті. Бірінші болып Мәмедтер бітті.

– Ура-а! Бар үш жоспар!..

– Ура-а!..

Осы кезде Қожанның жуан дауысы қатар шықты:

– Біз төртті бастадық!

– Ура-а!

Айқайменен жандарына келген десятникті де байқамапты.

– Сәл кешігіппін, көріп тұрмын…

– Қайдағы үш, біз төрттің де мұртын сындырып қойдық…

Тағы да ура! Тек баланың ғана дауысы шықпады. Біржолата қарлығыпты.

Траншқа бәрі жиналды. Күрекшілер, шапқышылар, қолбұрғышылар, дәрі атушылар… Десятник сөз сөйледі. Үш жоспармен құттықтады.

– Шахтаға батереялы екі электровоз… субұрғылар…

– Ура-а! Керат үшін ура-а!

– Левитан хабарлады, бүгін Керчь азат етіл…

– Ура-а!

Керчь Сепкілбет Сергоның туған жері еді, жылап жіберді. Бірін бірі аспанға атып, бұрынғыдай күңкілдеспей еменжарқын сөйлесіп, тарай бастады.

Квершлагке келді.

Керат та жоқ, тиеулі тұрған вагондар да жоқ.

– Обал дағы… Қап, бес вагонды ағытып қоймай…

– Қалай сүйретіп кетті екен бәрін?

ҮІІІ

Оқпанға мана келген. Иесі әлі жоқ…

Оң жамбасын оңбай ауыртып алыпты. Не боп кетті өзі? Мына қораптарды әзер тоқтатты ғой.

Қызық өздері. Ура-алап алып әлі жоқ. Бұл келгелі қаш-а-ан?

Көз алдына сол бір күндер келді

Ура-а! Әне, Буырыл шауып келеді!

Ура-а! Міне, серпіле шауып өзі келеді

Ура-а! Тарс-тұрс… Аяқтары жерге тиер-тиместен адамдар шауып келеді.

Ал бұлар әлі жоқ!

«Қызық өздері…»

ІХ

Ертеңінде айтқандай-ақ шахтаға батереялы екі электровоз түсірілді.

– Қош бол, Керат!

Х

Жер үстіне шығарылған Кератты көрші совхоздан біреулер келіп алып кетіпті.

Совхоздан ауданға май таситын көрінеді.

– Қош, шахтер ат!..

ХІ

Жарық дүниені бір көрсем дегені бекершілік екен. Жарқ етті де жоқ болды.

Салдыр-гүлдір арба… Қораптардай ауыр болмағанымен жүрісі тым ұза-а-ақ!

Ертеңді-кеш байлаудан бір босамайды.

Бұл тірлігінің мазасыз болатын түрі бар.

Арбаның шиқылы…

Шабаланған иттер…

Адамдардың ұзынды-қысқалы қамшылары…

Үйреніп қалған тас шыңырауды аңсады.

Гудок үнін естімегелі қаш-а-ан?!

ХІІ

Батереялы электровоз рахат…

Бәрі де енді жұмысқа жаяулап барып, жаяулап қайтпайды…

Шапқышылар біржолата бұрғыларға ауысты.

Ақсақ айдаушы мен бала электровозда…

–Айт, шүу Кера!

Темір атқа әлі үйренісе алмай жүр.

ХІІІ

Айсыз түн көрдей қап-қараңғы. Өліарадағыдай ызғар бар.

Керат қайтып келіпті.

– Ура-а!

Бала қалған шөпті әкеліп салды. Өткен-кеткенді айтып бәрі махорка орай бастаған. Оттық талы сөне берген соң Мәмед қағаз жақты. Бала шар етті.

Ақшаңқан жарықтан Кераттың қарашығы ағып кетіпті…

Бәрінің иықтары селкілдейді…

Діні қатты деген Қарабұжыр Қожанның өзі көзіне жас алды.

ХІҮ

Мен дүниеге келгенде Керат о дүниеге кетіпті.

Шахтерлер дүниеден тағы бір шахтер өтті деп күрсінісіпті…

T.MaibasТөрехан Майбас, этнограф жазушы.

1974 жыл. Қарағанды. argymaq.kz 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>