Қайрат Исхан. Бұл – қазақ жылқысының жетістігі!

Tarpan1

Дүниежүзінде 250-ге тарта жылқы тұқымымен тұқымдық тобы өсіріледі. Олар бір-бірінен шығу тегі, өнімдік бағыты, дене құрлысы мен тірілей салмағы, зат алмасуы бойынша ерекшеленеді.

Жылқы тұқымдарын топтастырып, жіктеу (классификациялау) оларды зерттеуді жеңілдетіп, асылдандыру ісін жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік тудырады.

Зоотехникалық жіктеулерде жылқыларды жергілікті тұқымдарына қарай – далалық, таулық, ормандық деп үш экологиялық типке бөлсе, ал зауыттық тұқымдарына – мініс, міністі-жегісті, желісті, ауыр жүк тартатын, жегіс тұқымдарын жатқызады.

Қазақтарда жылқы тұқымын түрге бөлудің өзіндік жүйесі қалыптасқан. Қандай да болмасын сыртынан қарағанда дене бітімі келісті, жақсы деген аттың өзі көшпенді өмірдің барлық салаларына бірдей жарай бермеген. Сондықтан жылқыны таңдағанда бітіміне, жүрісіне, мінезіне т.б. қасиеттеріне қарай отырып, аттың қай қасиеті қандай мақсатқа жарауы керек деген ойменен, яғни пайдалану тұрғысынан түрге бөлген.

2017 жылы ҚР Ұлттық спорт федерациясынын ұйымдастырумен 2 қыркүйекте 51 шақырымдық қашықтықты екі мәрте бағындырған «Самал» атты сәйгүлігіміз болатын!

Ал содан бірнеше жыл бұрын 2011 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы Кендірліде алысқа шабатын 120 шақырымдық «марофон» ат бәйгесін бағындырған қазақтың адай типті жылқысы Жаңаөзендік сәйгүлік «Аққанат» бірінші болып келген!

Адай жылқысы қысқы суыққа жабы жылқысындай онша көндіккен емес, бірақ оңтүстік аймақтың шөлейт даласының шөбі сұйық жайылымдарына өте көнбіс. Өздері әрі ұшқыр, әрі алсыс жолға мініске өте төзімді. Салт мініп арнайы сынақтан өткізген кезде адай жылқысы 25,2 километрді 41 минутта, 297 километрді бір тәулікте өтіп, ерекше көрсеткіш көрсеткен.

Ал Қостанай жылқысының «Червонец» деген айығыры 100 километр қашықтықты 4 сағат 1 минут 5 секунд, осы тұқымның «Бедовая» деген биесі 1 тәулікте 286,2 километр жер жүрген. «Зевс» дейтін айғыр 456 кг жүкті орнынан қозғаған. Мұның өзі қара жолмен тартылатын 9 тонна 120 килограмм жүкке тең.

Көшім жылқысы жұмысқа көнбіс. Мысалы, «Дикарь» және «Могучий» деген айғырлар салт мінгенде бір тәулікте 280 км-ден астам, ал жеңіл арбаға жегілген «Каток» деген ат 294 км жер жүрген.

Қазақ жабы жылқысы алыс жолға төзімді келеді. Мысалы, 1954 жылы Ақтөбе облысы Ембі кеңшарында өткен Бүкіл одақттық ауыл шаруашылық көрмесінде I-дәрежелі диплом алған «Золотник» деген айғыр арнайы сынақ кезінде тәулігіне 264 километр жолды бағындырған.

Ұлттық ат спортын дамыту мақсатында тәуелсіз Қазақстан тариxында болмаған 130 шақырымдық ұлы аламан бәйге, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, «Атқа міну мәдениеті» аясында өткізілді. Бұл бәйгені Зайсан ауданының атбегілер қоғамы және жылқы сүйер қауымы ұйымдастырды. Ұлы дала жарысының 130 шақырымдық аламан бәйгесі таңғы 7:47-де басталып, түс ауа сағат 14:20 да аяқталды.

Бірінші ұзына қашықтық 65 шақырымды бірінші болып өткен ат 2 сағат 51 минутта игерді. Жалпы бәйгеге қосылған ат саны – 33, сонын ішінде 65 шақырымды 32-сі өткен. 130 шақырымдық бәйге 6 сағат 38 минут уақытты қамтыған. Орташа жылдамдық 20,4км/сағ. Көмбеден 8 сәйгүлік өткен, ал қалған 24 ат 110 шақырымнан кейін тізгінді тежеген.

Бұндай дүбірлі бәйге Қазақ елінде тұңғыш рет өтіп отыр!

130-шақырымдық ұлы дала аламан бәйгесінде аттар үздіксіз, дем алмастан мәре сызығын қиып өткен. Міне, Қазақ жылқысы қандай десе, осылар деуге болады!

Ұлан ғайыр жерімізді ата-бабамыз өзі төзімді, өзі ұшқыр, өзі белді, өзі ұзақ қашықтықты бағындыратын, өзі асыл жылқылармен қорғағандығының дәлелі!

Шығыс десе, Шығыс жерінен атақты би Боранбайдың 10 мың жылқынан таңдалып алынған, 27 жыл xан батыры Қабанбай бабамыздың серігі болған «Қубас» тұлпары, 1960 жылдары дүйім жұртты шулатқан, бүгінгі таңға дейін ел есінде сақталған «Елікжирен», 1990 жылдары «Еркежирен» және атақты атбегі Бошай Кітапбаевтің «үш қарасы – Құланқара, Бұланқара, Желмая» атанған бәйгелері еске түседі! Шығыстық ақындар осы аталған тұлпарларға әр уақыта өлең арнаған.

Қуанышбай Сатпақұлы өзінің хас тұлпары «Елікжиреніне» арнаған өлеңі:

Елікжирен

Тұлпарым ойлап туған ел мүддесін,
Шапқанда шаршы топтан қара үзесің.
Аузымен құс тістеген жүйріктердің,
Тигіздің бүгін жерге сан тізесін.

Семейге осы жылы тойға арналдың,
Өзіңдей бәрі тұлпар барған малдың.
Бас қосқан он төрт аудан бәсекеде,
Елігім, есе бермей бәйгеңді алған.

Семейді осыменен екі көрдің,
Алдына көпшіліктің екі келдің.
Атағын Ақсуаттың көтеруге,
Жануар шапқан сайын екілендің.

Ерке жирен

Тұрсынғазы Рахимов «Ерке жирен» тұлпарына арнаған әні.
Сөзі: Мерғали Ибраев

Шабандоз тақымдарын қатты қысып,
Ат кетті тұрған жерден атқып ұшып.
Артынан ақсақалдар салды ұран,
Тұмақты оңды-солды лақтырысып ей-ей.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Қаршадай тізгін берген жас балаға,
Қазақта бәйге десе ес қала ма?!
Хамза қарт тәуекел деп күбірледі-ау,
Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Майлышат, Майлыаяқшат медет бер деп,
Жерінде ұлы Мұхтар жебеп көр деп.
Бұл тойға келіп қалған Ақсуаттан,
Баптаған Ерке жирен себепкер боп.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Ерке еді-ау құнанында қолында өскен,
Тас қия Тарбағатай төрінде өскен.
Жануар мені жерге қаратпа деп,
Хамза қарт қала берді көрінбестен.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Бар мұнда Өскеменнен Киікқара,
Көп аттан бітімі өзге биік дара.
Бар мұнда Шұбартаудың Шаңтимесі,
Ат екен жал-құйрығы сұйық қана.
Бар мұнда Керекудің Кертөбелі,
Ат емес өз елінде ертегі еді.
Жылмиған кілең жүйрік елу төрт ат,
Ауданнан озып келген ең төмені.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Бапкердің атқа шапқан кенже ұлы,
Бар мұнда Қарағанды Нар қызылы.
Топ жарған Топай көгі Балқаш жақтан,
Бұл тойға қосылыпты ең қызығы.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Күлтелеп кекіл жалын баптамаған,
Секілді Сарыарқада ат қалмаған.
Шаң борап шабысынан шапқан аттың,
Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Дүркіреп селдей жосып келеді аттар,
Бәрінде ел намысы аманат бар.
Бір шоғыр құстай ұшып таяп қалды,
Ішінде қылаң ат бар, баран ат бар.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Келерін көкірегіне ерте түйген,
Шорт қылып жал-құйрығын келте түйген.
Алыстан көрген көзді сүйсіндіріп,
Алдында келеді, әне, Ерке жирен.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Қалады шама жетсе кім егеспей,
Қашықтық жүрген үшін сын еместей.
Тұлпарлар бәленше жер, түгенше жер
Деген сөз жирен үшін түк еместей.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Жұлдыздай соңғы айналым ағып келді,
Келгенін Ерке жирен халық көрді.
Көзіне жас іркілген Хамза қартқа,
Қалың жұрт «Сүйінші!» деп шауып келді.
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

«Өзінше жүйрігі бар әр даланың,
Қызғанса озған аты – таңданамын.
Бұл жолғы бас бәйгем де халықтікі,
Мұхтардай ұлы жанға аранағанмын-ей,
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!

Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен,
Қуанып балаша мәз еліменен.
Құшақтап Ерке жирен мойынынан,
Иіскеді моншақ-моншақ теріменен,
Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен-ай!!!

Ал 130 шақырымдық «Ұлы дала аламан» бәйгесін ұтқан Шығыс Қазақстан облысы катонқарағайлық Ерболат Тоқсановтың «Тарпаң» атты тұлпары.

Бұл тұлпарлар Қазақтың қандай жылқы тұқымына жатады деген көрермендер арасында пікір талас туындады. Біреулер айтады бұл байырғы «Найман» жылқысы дейді, енді біреулер бұл будан дейді, тағы басқалар ағылшын шатыс дейді.

Ал жылқыны фенотипі бойынша бағалағанда екі топ белгілеріне баға беру арқылы негізделіп жүргізіледі. Олар: дене бітімі, сыртқы дене пішіні және негізгі өнімдік қасиеттері.

Жылқылардың дене бітімі мен дене пішініне қарап, оның бірнеше қасиетін жеткілікті дәрежеде бағалауға болады. Жылқыны бағалағанда оның пішініне үлкен мән беріледі. Жылқының жүрісіне, күшіне, әсемділігіне тікелей қатысы бар, сыртқы дене мүшелеріне көзбен баға берумен шектелмей, нақтылы өлшенеді. Сондықтан Қазақстан Республикасының жергілікті жылқы тұқымдарын бағалау (бонитировкалау) жөніндегі нұсқаулыққа (2014ж) сүйене отырып, 130 шақырымды бағындырған «Тарпаң» атты тұлпардың дене өлшемдерін келтірейік.

tarpan14

Tarpan1

Қазақтың жергілікті дала жылқысы «Тарпаң».

130 шақырымдық бәйгеде І-ші орынды бағындырған ат

Ат иесі Шығыс өңіріне танымал атбегі Тоқсанов Ерболат. Ерболат атбегі елге 2013 жылы хан батыр Қабанбай ескерткішінің ашылу салтанатына ұйыдастырылған 41-шақырымдық ат шабысында «Байшұбар» атты сәйгүлікпен елге танымал болған.

Ал көмбеге 3 км қалғанша «Тарпаңмен» қатарласа шауқан «Пырақ» атты бәйгеміз II-ші орынды иеленді. Бәйгенің түр-түсі: құла, жасы тоғызда, жыл бойы міністе жүрген. Бар болғаны тұлпарымыз 27 күн ғана бәйгеге жаратылған, соған қарамастан, үлкен жетістікке жетіп отыр. Ат бапкері: Серкенов Қайрат, шабандозы: Тұрсынханов Қуаныш.

pyraq

Қазақтың жергілікті дала жылқысы «Пырақ».

130 шақырымдық бәйгеде II-ші орынды бағындырған ат. Дене өлшемдері: (160-178-190-19,5см см. Түсі: күрең)

Үшінші болып мәре сызығыннан өткен – «Ферзь». Ат иесі: Суханов Бауыржан, шабандозы: Базанов Архат. «Ферзьдің» түсі: қара торы, жасы жетіде, ат.

ferz

Қазақтың жергілікті дала жылқысы «Ферзь».

130 шақырымдық бәйгеде III-ші орынды бағындырған ат

Қазақ жылқылары төзімділігімен, сыртқы орта жағдайына көнбістілігімен, жыл бойы үйірде болып, тебіндеуімен, табиғат құбылысына бейімделгіштігімен тағы басқа ерекше қасиеттерімен бағаланады. Сондықтан Қазақ xалқымен бірге жасасып келе жатқан ұлы дала жылқы тұқымы, жергілікті қазақ жылқысы – «Тарпаң», «Пырақ», «Ферзь» атты тұлпарлар болып табылады.

Атам қазақтың: «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек. Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» деп айтқанындай, 130 шақырым бойы ат үстінде тапжылмай отырып, тақымдары талмай, ұзақ қашықтықты бағындырып, ерекше ерлік, азаматтық көрсеткен шабандоздарымыз ат үстінде ел қорғайтын батырлар ұрпағы дер едім.

Қазақ қазақ болып, ұлт болып қалғаны үшін ата-баба мен атқа қарыздар. Осыншама кең байтақ жерді бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды, бізге аманат етіп тапсырды. Міне, осы аманатты 130 шақырымдық ат бәйгесін ұйымдастырып, қазақтың аттары мен азаматтарынның ерекше төзімділігін көрсету арқылы орындап жатқандаймыз!

Қортындылай келе, «Жылқыны қолға үйрету арқылы біз­дің бабаларымыз өз дәуірінде адам айт­қысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ау­қым­да алсақ, шаруашылықта теңдессіз революцияға жол аш­ты…» деп жазды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. Сондықтан бұл тұлпарлар Қазақ халқына тиесілі.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасында Ұлттық ат спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған және бұрын-соңды болмаған 130 шақырымдық ұлы аламан бәйгеге жайында Зайсандық ақын Бақытбек Қызырұлы былай толғанады:

Бәйгіден келді, АЛАШТЫҢ мықты аттары!

Аягөз, Катон, мықты ғой Зайсан аттарың!
Сүйсіндірді, Қазақты шапқан баптарың!
Өте берсін, жылда-жылда ұлы той!
Бәйгілі болсын, сіздер міңген аттарың!

Дүбірлі той, жаңғыртты Шығыс өңірін!
Бір көтеріп, бейқам Қазақ көңілін.
Жоңғарды қуған, сынығы Найман жылқының…
Бәйгіден келді, «Тарпаң» торы дүлділің!

Қабанбай міңген, Қубастың бұлар құлыны!
Биіктеп көкке, тарады жылқы тұқымы.
Жүз отызды, бағындырған жылқылар
Бүкіл әлем, мойындап жатыр жұртыңды!

Неткен тұлпар, неткен тақым, неткен ер?!
Шыдап шапқан, жүз отызға,етпен тер.
Батыр деген, атаққа бұлар лайықты,
Осы жағын, ағайын ұмытып кетпеңдер!

Қуанып жатыр, исі Қазақ баласы!
Тыныстап жатыр, елімнің байтақ даласы!
Қазақ аты, жылқының болды төресі!
Қазақи аттың, емделді дерттен жарасы…

Мың рақымет, ағама атты баптаған!
Бауырында түнеп, шырт ұйқыға жатпаған!
Ерболат аға, жасай берсін әулетің!
Тәрбиелеп тұлпар, осы күнге сақтаған!

Бұл жарысқа, жан-жақтан келді сұңқарлар,
Ақтөбеден, батыстан келді тұлпарлар!
Ресейде жеңген, бұл арғымақ бәйгіні
Жүз жиырма шақырым, шауып өткен тұлпар бар!

Бұндай жарыс, жер бетінде болмаған!
Қазақпыз ғой, жылқымен жерді қорғаған!
Төртінші келген, Ордақасқа тұлпардын
Әріп ағам, досына сыйғып жолдаған!

Шетінен жомарт, атбегі, бапкер ағалар,
Келешек буын, сіздерді силап жағалар.
Тәңірім берсін, екі дүниенің бақытын!
Достықтың туын, жоғары ұстаған ағалар!

Дүбірлі тойды, өткізді Зайсан өңірі!
Өр Алтайды, көтеріп Тәңір көңілі!
Атқа мінер, ағалардың шарасын
Мадақтап жатты, Қазақтың барлық өңірі!

Құтты болсын Санжар інім бәйгеңіз!
Шабыт беріп, ағаңа бауыр “Беу” деңіз!
Құдай қосса, тұяғың талай топ жарар
Торы төбел, Дастархан атты бәйгеңіз!

Найман, Уақ, Керей, Шығысымда бір туған!
Аналар мықты, батырда туған жыр туған!
Ұлы шапса, бәйгіге тақым қысатын.
Айналып қана кетейін Қазақ ұлтымнан!

Шығыста туғам, Зайсаным менің, бір төбем!
Найманмын ғой, жылқы үшін менде жыр төгем!
Зымырап қанша, өтседе уақыт тоқтамай…
Тарихтан орын, алады -ау демін бір төбем?!

Шаба берсін, Қазағымның аттары!
Жана берсін, бәйгілі болып бақтары!
Бітпесінші дүбірлі той Қазақта!
Жасай берсін, Қазақтың Қазан аттары!

  Пайдаланған әдебиеттер

 1. Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың жеті қыры.

2. Нечаев И.Н. Мясное коневодство (табунное). Алма-Ата: Кайнар, 1975.

3. Бегімбетова Г., Исхан Қ. «Ат спорты» // оқу құралы. (ISBN 978-601-241-284-4). –Алматы: Нур Принт 2013 жыл. 220 бет.

4. Әкімбеков Б.Р., Әкімбеков А.Р. «Әлемдегі негізгі жылқы тұқымдары». Алматы; ТОО «Нур-Принт» 2013 ж.

5. Әбішұлы С., «Тұлпардың тұяғымен өрілген тарих» Алматы; «Информ-А» 2013 ж. 352 бет.

Khairat I.А/ш.ғ.к, доцент Исxан Қайрат Жәлелұлы

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>