«Шұбар ат» күйінің шығу тарихы

17473

Сан ғасырлар бойы ел аузында сақталған күй аңыздарынан қазақтың музыкалық құдіретін еріксіз сезінесіз. Күй өнері ел тарихымен тығыз байланысты. Тарих қойнауына терең бойлап, өткен өмірдің үзік сырларын ой елегінен өткізсеңіз, әрідегі Оғыз, Қыпшақ, Сақ пен Ғұн, берідегі Түрік нәсілінің белінен тараған халықтың ежелден келе жатқан баба өнерінің қазақ топырағында тамырын өте терең жібергенін байқайсыз.
Қазақ музыка өнерінің тарихи тамыры беріден санағанның өзінде Қорқытқа дейінгі ғасырларға барып тіреледі. Оны халық күйлері айғақтайды. Жалпы, халық күйлерінің қай ғасырда туғанын тап басып айту қиын. Құйма құлақ қарттар арқылы бүгінге жеткен сондай көне күйлердің бірі — «Шұбар ат» күйі. Бүгін біз осы «Шұбар ат» күйінің қалай шыққанына тоқталмақпыз.
Ертеде Мәмбетәлі деген мерген жігіт алыста тұратын нағашысының ауылына қыдырып бара жатып, жол-жөнекей бір сән-салтанаты жарасқан салқар көштің үстінен түседі. Көш бастаған ақ сақалды қартпен амандық-саулық сұрасып, өзінің бара жатқан бағытын айтады. Бұл ұлы көш те сол бағытқа қоныс аударып келеді екен. Жолы болған Мәмбетәлі көш соңынан ереді. Жолшыбай көш бастап келе жатқан қарттың жетегіндегі ала бие құлындайды. Қарт:
— Құтты қонақ екенсің, шырағым! Мына бие жолда құлындады, сен де жолдан қосылған адамсың, сондықтан осы шұбар құлынды саған сыйға тарттым. Ала ғой, — деп Мәмбетәліге беріпті. Мәмбетәлі тірсегі майысқан жас құлынды шапанына орап, нағашысының үйіне әкеледі. Сөйтіп, бір жылдай сол жақта бақтырады. Құлын тай болғанда ауылына алып қайтып, үйірлі жылқының ішіне қосып жібереді. Өзімен-өзі жүретін қисық сүйек жуас құлынды жылқышылар да, Мәмбетәлі де елемейді. Арада біраз уақыт өтіп, баяғы шұбар құлын да қартая бастайды. Бір күні Мәмбетәлінің мініп жүрген аты кенеттен мертігіп, үйірлі жылқының ішінен таңдап мінерге ат іздейді. Сөйтіп, өзіне сыралғы кербез торының басына бұғалық тастайды. Бірақ тастаған бұғалығы неге екенін кім білсін, шұбардың мойнына түседі. Қанша бұғалық тастаса да, қыл арқан шұбардың мойнына қайта-қайта түсе береді. Болмаған соң Мәмбетәлі шұбарды үйіне әкеп үйретеді.
Не керек, Шұбармен талай рет аңға шығып, қасқыр, түлкі соғып алады. Бірақ шұбардың аламан бәйгеге шабатын нағыз хас жүйрік екенін сезбейді.
Бір күні көрші ауылда үлкен ас болып, Мәмбетәлі оған шұбарға мініп барады. Бәйгеге шабатын аттың қарасы молынан жиналған екен. Мәмбетәлі «осы шұбардың шабысын да бір сынайыншы» деп, шабатын аттардың қасына шұбарын байлай салады. Ат сыншысы барлық шабатын аттарды айналып қарап жүріп, бір кезде шетте тұрған шұбардың қасына келгенде қалт тоқтап, қайта-қайта айналып, басын шайқай береді. Ат иелері мазасы кеткен сыншының аузын бағып: «қай ат бұрын келер екен, қайсысының бағы жанып тұр?» деп, тағатсыздана жауап күтеді. Сонда сыншы:
— Көр де тұрыңдар, осы жарыстың бас бәйгесін анау шетте тұрған шұбар ат алады. Өзі сүйегіне ілініп тұрған кәрі ат екен. Ең болмаса өлерімнің алдында бір аламан топқа түссем-ау деп тіленіп-ақ тұр жануар, — дейді жұртты таңырқатып.
Бұрын талай рет бас бәйгені олжалағандар бұра тартқан сыншыны жақтырмай, кейбіреуі аузына келген сөзін айтып, ұрсысуға дейін барады.
Ал өздеріне сенімді семіз билер: «Денесін әрең көтеріп тұрған мына кәрі ат озатын болса, біздің мәпелеп жүрген аттарымыздың жылқы емес, есек болғаны да» деп, қарқылдай күліп, сыншыны келекелейді. «Сенбесеңдер өз обалдарыңнан көріңдер» деп, сыншы жұртқа өкпелеп кетіп қалады.
Ат айдаушы бәйгеге шабатын аттарды бөлек шығарып, ертең таң ата көмбеден жіберілетінін хабарлайды. Мәмбетәлі сол жерде Есен деген баланы тауып алып, шұбарға мінгізіп, аламан топқа қосып жібереді.
Таңғы салқынмен қаз-қатар жіберілген аттар ілгері қарай лап қойғанда, шұбар ат ең соңында қалып қояды. Сөйтіп, алдыңғы аттардан арақашықтығы алшақтай береді. Біраздан соң шұбардың денесі қызып, бауыры жазыла түседі. Бірте-бірте алдындағы аттарды қуып жетіп, біртіндеп басып оза бастайды. Осылайша Есен соңғы қарақшыға жетіп, «алда қандай ат бар?» деп сұрайды.
— Бірінші болып шауып бара жатқан ақ бақай мен қара кер ат, — дейді қарақшы.
Мұны естіген Есен шұбардың тізгінін бос қоя беріп, барынша ілгері ұмтылады. Денесі әбден қызған шұбар ат иесіне бой бермей, жер танабын қуыра түседі. Сәлден соң алдындағы ақ бақай мен қара керді қуып жетіп қана қоймай, басып озады. Жеке алға суырылып, қара үзіп шығады. Аттардың келуін тыпырши тосып тұрған қалың жұрт көз ұшынан көрінген жалғыз атты: «мынау әлгі ақ бақай не болмаса қара кер ғой» деп дауласып тұрғанда, бірінші болып келе жатқан шұбар ат болып шығады.
Шұбардың кәрі ат екеніне қарамай, күллі жүйрікті шаң қаптырып, аламан топтан суырылып бірінші болып келгеніне сыншыдан басқа бір адам сенбейді. Әсіресе, ақ бақай аттың иесі:
— Шұбар көмбеге бармай, жолдан қосылған, сондықтан бәйге менікі, — деп өршеленіп жеңістік бермей тұрғанда ат айдаушы келеді. Халық одан «шұбар атты көмбеден көрдің бе?» деп сұрайды. Ат айдаушы:
— Барлық ат бірге кеткенде шұбар ең соңында қалып қойған еді, — дейді. Мұнан соң амалы таусылған билер шұбар аттың бәйгесін беруге мәжбүр болады. Мәмбетәлі бәйгені алып, Есенге береді де, өзі ауылына қайтады. Сол шұбар аттың шабысына жиналған ел қатты разы болады. «Әсіресе, осы жиынның ішінде болған бір дүлдүл күйші шұбардың шабысына ерекше сүйсініп, «қараның бір аты, бидің мың атына тұрады» деп, сол заматта шабытына мініп, «Шұбар ат» күйін шығарған екен.

Төре Ғали, adyrna.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!