Солдатхан ОРАЙХАНҰЛЫ. Шыңғыс ханның қос тұлпары туралы жыр (Басы)

9410

«Шыңғыс ханның қос тұлпар туралы жыры», «Шыңғыс ханның үш жүз Тәйшілермен шайқасы», «Шыңғыс ханның тоғыз тұғыр уәзірімен жетім ұлдың шешендік шежіресі» ежелден бергі Түркі тектес көшпенді тайпалардың береке-бірлікті, ынтымақ-достықты, тату-тәтті сыйластықты аңсаған аса маңызды ұлағатты, монғол халқының ауыз әдебиетінің ең сындарлы мұрасы:
Аралап таппас,
Алтын қазынасы.
Іздеп таппас,
Інжу маржаны.
Бұл жыр бұған дейін еш бір елдің тілінде жарыққа шықпаған. ХІY ғасырдан бері монғол халқының арасында ауызша таралып, астарлы аңызға айналып жалғасып келген. Халық аузынан жинақталып толық нұсқасымен монғол тілінде баспадан жарық көргеніне де оншақты жылдың жүзі болды.
Жырды толық нұсқасынан монғол тілінен қазақ тіліне аударып, нәзиралап оқырмандарға ұсынуды жөн көрдім.

Солдатхан Орайханұлы

Өткен сонау заманда,
Өктем Шыңғыс қағанда.
Ардақтаған сетерлеп,
Аңыз болған тәмамға.

Бедеу ұшқыр, сабалы,
Биесінен тұлымшақ.
Тұлпар сынды сағалы,
Туыпты егіз құлыншақ.

150f4d9f8cd61d77originalЕгіз туған құлынды,
Еркелетіп желілеп.
Оқшау жерге ырымдап,
Он биеге телілеп.

Әр әдіспен мәпелеп,
Әлімсақтан сыналған.
Жылы бағып жекелеп,
Жылдан аман шығарған.

Болмысынан бағамды,
Болған тұста жабағы.
Толмысынан қағанның,
Талғамына жағады.

Құнан шыға әбзелдеп,
Құйрық жалын тарады.
Дөненінде көзім деп,
Дөңес сынай қарады.

Бестісінде кежімдеп,
Белестерден орады.
Аңсары ауып төзім жеп,
Алтай жаққа қарады.

Көңілде бар көптен-гі,
Көкей тауын қалады.
Келер алда көктемгі,
Кентайға ауды алаңы.

Астамдығын асырды,
Аралап тау-даланы.
Ұланғайыр ашылды,
Ұлы Шыңғыс араны.

Сәт сапарға жекелеп,
Сәндеп үлкен тұлпарды.
Асқар асып төтелеп,
Алтай жаққа бұлтарды.

Алдын орап шұбыртып,
Атқылатты құлжасын.
Жеңсік асын қуыртып
Жегізсе де олжасын,

4Шындық үшін кештің не?
Шығарғанда серуенге,
Тіс жармапты ешкімге
Тілеу тілеп көрген бе?…

Еріттетті Шыңғыс хан,
Енді кіші тұлпарды.
Көкірегін жын қысқан,
Көкей тауға жалтарды.

Қырқалата шарлады,
Қырғын болып оқ құшты.
Барлап аю, арланды,
Барыспен де соқтықты.

Оң мен солға сайрандап,
Одан да ары зәрленді.
Орағытып ойрандап,
Ойсыратты-ай Керуленді.

Қорғанбаған жеңісін,
Қолдан тегін тапса да.
Жолданбаған жемісін,
Жорыған ебін жапса да!

Аңғармапты ел сағалап,
Аңды қалай атқанын.
Қайда қуат бағалап,
Құдірет күштің жатқанын.

Қалған жерде тасырқап,
Қарамаған тағалап.
Талықса да тосырқап,
Тарта берген сабалап.

Әр тұстарда шаршаған,
Әспендетіп, дара атап.
Көлгірсіген баршаға,
Көрсетпеген марапат.

Қадірлетіп бір басын,
Қаперге де ілмеген.
Қаһармандық тұлғасын,
Қасиеттей білмеген!

* * *

4 (1)Ескерілмес емес тым,
Еркіндіктің кетеуі.
Оқшау барып кеңесті,
Ортаға сап екеуі.

Қадір тұта білмеген,
Қаталдыққа өкпелеп.
«Масқаралық бұл деген,
Мазақ болдық текке көп.

Тайымыздан сауырлап,
Тақымыңды создырды.
Құлынынан жауырлап,
Құнымызды тоздырды.

Дөненінде есіртіп,
Дөңес бар ма аспаған.
Бестімізде көсілтіп,
Белес бар ма баспаған.

Керегінің барлығын,
Келсек тағы атқарып.
Атқарғанда жарлығын,
Аталдың ба мақталып?», —

Деп інісі бағана,
Дегбірсіздеп ширығып.
Салды сарсаң ағаға,
Сабырсыздап қиғылық.

— Асқақтатқанда Алтайға,
Арқаңыздан қақты ма?
Көсілткенде Көкейге,
Көңіліңізді тапты ма?

Шалқытқанда Кентайға,
Шарапатын тақты ма?
Қарпытқанда Қантайға,
Қабырғаңа жапты ма?

Тайпалы елге қор болып,
Татымапты табысың.
Тақияма тар болып,
Таусылды, аға, намысым!

Талабыңа таңдаған,
Танылмаса еңбегім.
Қара басын қамдаған,
Қалай оған сенбегін.

Жарылқайтын ел тауып,
Жағу керек селбесе.
Жан саялар жер тауып,
Жату керек ендеше!

Жақса өзіне саудасы,
Жады хандар үшін сын.
Ескермеген тәубасын,
Есіне алып түсінсін.

Алтайға асып кетейік,
Алға бастар талғамым.
Жақсылығын күтейік,
Жаратушы Алланың.

Әй, ағатай, тыңдаңыз,
Әйтпегенде сарғайып.
Көрмекпіз не мұнда біз,
Көкей тауын барлайық.

Кентайдың да шұрайлы,
Келісті әсем қыр-ойы.
Соған жетіп немесе,
Соны тұрмыс құрайық.

Оттығы мол он есе,
Оң мен солы оның да.
Орман, нулы немесе,
Орнығайық Ононға.

Ағатай-ау, бұл жолғы,
Аманатымды алыңыз.
Алдыңызда құл болдым,
Ақылға кең салыңыз?

Жаман ханға ұтылып,
Жалбарынбай өсейік.
Тәлкегінен құтылып,
Тәуелсіз күн кешейік.

Тұраламай тағадан,
Тұяғыңа жағатын.
Таптым мекен, ағажан,
Таусылмайтын тағатың.

Шырмауыққа байланбай,
Шырқап алыс кетейік.
Боқшылыққа айланбай,
Бостандыққа жетейік.

Тершісеңіз тегінде,
Терлігімді жабайын.
Тоңазысаң тебінде,
Тоқымымды жабайын.

Шығыс жаққа бет алып,
Шынығайық жаңадан.
Ысылайық шет барып,
Ықылас бер жан аға?!, —

Деп інісі тепеңдеп,
Демесіне қоймады.
«Сорым жеңген екен»,- деп,
Сонда ағасы ойлады.

Amazing-Animal-Pics-Horses-on-Green-Grass-High-Mountains-as-BackgroundАғасы:

— Боздағым-ай, боздағым,
Болмас жырды қозғадың.
Орны толмас опық жер,
Осы ма еді тозбағың?!

Ақ сүтін пәк ақтамай,
Ана қайдан табасың?!
Қажырлықты сақтамай,
Қайтып ханға жағасың?!

Алыс бармай сұңқардың,
Ашылмайды маңдайы.
Жауыр болмай тұлпардың,
Жаттықпайды қандайы.

Арып-шаршап төзімнен,
Айырылатын кезің бе ең?!
Туған жерден безінген,
Түңілдім мен сөзіңнен.

Іні тұлпар:

Ерсілікке кешірім,
Ете көріп тыңдаңыз?
Арланатын несі мін,
Алдап келсе сұм нағыз.

Шаққан ащы мұңыма,
Шамырқанба, жан аға!
Әдепсіз деп сынама,
Әділетсіз қарама!

Тоймас, топас надан да,
Тоқырайтын тұйық бар.
Арман қуған маған да,
Аспақ асқар биік бар!

Қайырымсыз хандарға,
Қайғырмайтын бас қалың.
Қадірменді жандарға,
Қай қайда да дос қалын.

Қиналмай-ақ кетер ем,
Қимай тұрмын сізді, аға.
Бостандыққа жетер ем,
Бодан жүрген біз ғана!

Аға тұлпар:

— Бәрекелді-ай, боздағым,
Бәлкім осы тозбағым.
Жақсы-ақ еді қолыңды,
Жарастықпен созғаның.

Ала жібін ауылдың,
Асыл туған аттай ма?
Басқа түссе ауыр күн,
Бар дәулетін сатпай ма?

Ерен ердің жадында,
Ел тілеуі жатпай ма?!
Қайратты дер шағыңда,
Қабырғаңа батпай ма?

Ағайынды кексітіп,
Ақ үмітін құмытып.
Өміріңді өксітіп,
Өтпекпісің ұмытып.

Алты ай қыста керітіп,
Арда емізіп есірткен.
Он биеге телітіп,
Ордасында өсірткен.

«Қос тұлпарым» дейтұғын,
Қорлауың ба қағанды?
Қамымызды жейтұғын,
Қаралауың данаңды!

Білім берген кешеннің,
Бітірместен қарызын.
Аппақ сүтін шешеңнің,
Ақтамастан парызын.

Жетілдірген әр қадам,
Жерді жеріп кетпексің.
Шынықтырған ортадан,
Шығып неге жетпексің?!

Жаңғыртқанда бағаңды,
Жалын кімнің жармақсың.
Қаңғыртқанда ағаңды,
Қай ұшпаққа бармақсың?

Орынсыз еш жауласқан,
Орға басы төнбей ме?
Ебін тауып даулассаң,
Ердің ері көнбей ме?

Қағанатқа сыймаған,
Қарағым-ау қас қылық.
Әрі-сәрі қиналам,
Әкелмес деп жақсылық.

Қайтып мүлде меселдең,
Қайғы шексең не етесің.
Жүрек жұтқан десе де,
Жүгенсіз-ақ екенсің!

Ар ұяттан айрылып,
Асқақтаған оңбайды.
Додаланба қаймығып,
Доғар! Бозым, ондайды.

307332Іні тұлпар:

Жомарттарға қарқынды,
Жолдас қалың қайда да.
Арғымаққа тартымды,
Алыстық жоқ дейді, аға.

Ермесең де, ерсең де,
Ерегіске көнді інің.
Керіс бағып өлсем де,
Кетті жалғыз онда інің! —

Деп тарайып, буырқанды,
Демеу таппай сабырлы.
Бебеулетіп шырқайды,
Бетке алып Үшшағылды.

Аңғармаған түгін де,
Аға сөзіне абайлап.
Алтын терек түбінде,
Аялдады ол қарайлап.

Жүгіндіріп намысқа,
Жүгіртті ойын тұңғиық.
«Жалғыз кетпек алысқа,
Жан ағасын кім қиып»…

Осы шақта зар қаққан,
Ойда жоқта қайдағы.
Әзәзілсіп әр жақтан,
Әнші құстар сайрады.

Қойды сұмдық сұрақты,
Қолқа салып тынбады.
Жалғыз жүрген пырақты,
Жан-алқымдап сындады.

Табалағыш оңайдан,
Таңдандырып пақырды.
Көлбелеңдеп тоғайдан,
Көкек зарын шақырды.

«Бір туылған тұлпардан,
Бірлік кеткен айғағы.
Майдандасып жалтарған,
Маңдайдан бақ тайғаны!

Талабына жарамай,
Талықтырып бағамын.
Қабағына қарамай,
Қайран еткен қағанын!»

Қырғауылдар қырқылдап,
Қырнап тамақ қырнады.
Тоты, торғай тырқылдап,
Тосын-тосын жырлады.

«Берекесі жоқтықтан,
Безіп кеткен елінен.
Кекірелеп тоқтықтан,
Кезіп келген жерінен!»-

Деген таба дұшпанын,
Дерттей батып жанына.
Қаралауы мыстанның,
Қардай қатты қанына.

Назалантып тағылған,
Намыс белін босатып.
Туралап Үшшағылға,
Тұяғынан тас атып.

Құрақ тұңған бұлаққа,
Құлай кетті кеш барып.
Жасып кетті бірақ та,
Жан ағасын еске алып.

Көкшоқыға аялдап,
Көктем желге өптіріп.
Жатқандығы аяулы-ақ,
Жасық терін кептіріп!…

Жасып қалған ағасы,
Жарып тағат таппады.
Егізіне жаны ашып,
Елегізіп жатпады.

Қадағалай жалыққан,
Қалмас үшін наласы.
Қуғыншылап талыққан,
Қуып жеткен ағасы:

Аға тұлпар:

— Отқа қақтап пісірген,
Ойламың аз, інім-ай!
Сергелдеңге түсірген,
Секем алмас құның-ай!

Өзгелерді елемей,
Өзіңді-өзің зор тұтпақ.
Есіргенің неден, ей,
Ел мен жерді көр тұтпақ?!

Желіккеннен сау ма деп,
Жетімсіреп келдім мен.
Жем болдың ба жауға деп,
Жеделдетіп желдім мен.

— Деп еңіреп қауышқан,
Дер сағынған ағасы.
Ірің үңгіп тауысқан,
Іріп түсті тағасы.

* * *

Тұлдансыған пішінде,
Тұлпарларын кектенген.
Көріпті хан түсінде,
Көмес жерге шеттенген.

«Жануарда бұйрықша,
Жаратылған дос пырақ.
Ата-анадан айрықша,
Артық туған қос пырақ.

Есептесіп қағын да,
Ерегісіп шалғайда…
Бақ таятын шағында,
Бастан қырсық шалмай ма?!

Оқшауланып үздігіп,
Отарынан сырғақтап.
Бостандыққа із бұрып,
Босып шыққан бір жаққа.

Ер-тұрманымды арқалап,
Елсіз-құлсыз жүр екем.
Көкжиекті қалқалап,
Көзім сүзіп тұр екем…» —

Деп Боғда хан түсінен,
Дегенменен торықты.
Тәуір көрген ішінен,
Тәуіпті әкеп жорытты.

Төбесінен бөтенше,
Төніп келген қауіппен.
Сенбеді хан төтенше,
Секемденген тәуіпке.

Бұйрық берді қырланып,
Бұзып елдің шырқысын.
— Түк қалдырмай қырдағы,
Түгенде! — деп жылқысын.

— Егіз тұлпар бар болса,
Ерте қайтып келіңдер.
Аумақта бұл жоқ болса,
Анық айтып беріңдер!

Құрастырды шырқырап,
Құл-құтандар жылқысын.
Шырғалаңда шұрқырап,
Шыққан екен шырқы шын.

Бурыл айғыр жануар,
Бұратылып арықтап.
Бойында әйтеу жаны бар,
Болдырыпты тарыққан.

Қайғы жұтып құлынға,
Қараң тұтқан күндері.
Қайран асыл биенің,
Қалған ғой құр сүлдері.

Қос тұлпардың қаралап,
Қорланса да жорығын.
Таба алмады аралап,
Тау мен тастың қорығын.

Қарақшылар сыралғы,
Қақсатып хан бұралды.
Тоғыз тайпа ел-жұрты,
Тоғысқанша сұралды.

Азалы хан тағызым,
Ақбоз атын шалдыртты.
Айшықталған қобызын,
Ақ ордадан алдыртты.

Алтын жебе садағын,
Арқасына асады!
Күмістеткен белбеуін,
Күрмелегенше басады…

«Анасы еді киесі,
Алда-жалда тосар», — деп.
Сетерлеген биесін,
Серіктікке қосарлап.

Жасағының барлығын,
Жақсылыққа қаратты.
Жариялап жарлығын,
Жамағатқа таратты:

«Күдікті ең Көкейдің
Күнгей бетін тексеріп,
Тебінгілі Алтайдың
Теріскейін ескеріп.

Алда-жалда тапсаңдар,
Атқалақтап саспаңдар.
Байырқалап қыспаңдар,
Бабын тауып ұстаңдар!

Жақсылыққа сияпат,
Жария етем дерегін.
Түлігімнің төртеуін,
Түгелімен беремін!»-

Деп Шыңғыс хан жар шашып,
Дербес елмен жүздесті.
Тұрақ таппай шаршасып,
Тұлпарларын іздесті.

11169707_414529275393109_6004721209024503719_oМоңғол тілінен тәржімалаған
Қазақстан жазушылар одағының
мүшесі, ақын Солдатхан Орайханұлы (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!