Құлагердің көз жасы

8015

Айтса сөзі екі кетпей орындалатын, ортасына сыйлы, қара қылды қақ айырып сөйлейтін Арқаның бір төресі келіп, Ақан Серіден сұрапты дейді:
-Ақан, Құлагеріңді ауыл тұрмақ, тұтас қазақ таныды, жылқының да жасы келді, Ақан деген атың осы атпен шықты, Ақаннан алған тәбәрігім осы еді деп, Құлагерді қажет десең, мінбей-ақ жетектеп жүрейін, осы елде сөзімнің жерге қалған жері жоқ еді, беделімді де білесің, қишы, маған Құлагеріңді деп қиылыпты,- деседі.
Ақан Сері төрде отырған төреге, босағада тұрған Құлагерге жалтақ-жалтақ алма-кезек қарап келісіпті деседі.
«Үйір-үйір жылқы ұсынып, ат басындай алтын беремін»- деп келген талай бай Ақанның алдынан құр қол қайтып жатқан кезең болса керек. Төре «ананы берем, мынаны берем» деп сөз шығындамапты.
Содан, содан… елге мақтаулы мырзаның соңына ілесіп, Ақан Сері сүйретіліп «Құлагерін» жетектеп, төренің ауылына барыпты. Төре төріне отырғызып, Ақанмен елдегі ана-мына жағдайды айтып, ет асып, қонақ етіп жайғарады.
Кешқұрым жатар орында «Ақан Сері төсегіңіз салулы төр үйде, тынығып демалыңыз»-десе, Ақан: -«Құлагердің қасына барып жантаямын, маған әуреге түспеңдер,»-депті.
Сонымен не керек төре таңертең қораға басын сұқса, Ақан Сері көк майса шөптің үстінде жатып, иығына басын салған Құлагердің кекілінен сыйпап, күбірлеп сөйлеп жатыр дейді. Сөйтсе, сөйтсе… Құлагердің көзінен жас сорғалап, ағып жатыр екен… Жануар сезіп жатқан ғой жолайрықты… Төре ана сорғалаған жасты көріп өзі шошып кетіпті. Сол тұрғанда айқайға басты дейді:
-Алып кет, ана Құлагеріңді, мынауың жануар емес, адам ғой… қылқұйырықтың киесі ғой, болды қайт, ауылыңа атыңда өзіңе, атағыңда өзіңе деп…
Төре серінің ас-суын беріп, шапанын жауып, төбе басына дейін шығарып салды дейді… Жолға шыққан Құлагердің көзінде ұшқынның пайда болғанын да төре киелі жануардың көзінен көріпті!!!

11329807_754582117996221_4189613725813789532_nНұрлан Соңғыбайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!