Тауасар атбегі

Адай Тауасар деген атбегі төрт-бес кісімен бірге жолаушылап келе жатып, көрінім жерде бір қора қой жайып жүрген қойшыны көріп, соған соға жүргелі бұрылып барып: «Бағып жүргенің кімнің қойы?» – деп сұрапты. Қойшы: «Пәленше байдың қойы», – депті. «Ендеше сол байда шаруам бар еді», – деп кейін қалған сол ауылға барып қонып, ертең жүрерде шаруасын сұраса: «Маған анау қойшының астындағы торы шолақты бер, мен сізге құр ат немесе құлынды бие берейін, біреуге бір тұғыр бермек едім, жылқым шетінен жақсы боп беруге қимай тұрмын», – деп келісіп, торы шолақ атты әкетіп, орнына жақсы құр ат беріп жібереді.
Енді торы шолақ атты жылқыға қосып жіберіп, қасына күйі торы шолақ атпен бірдей екі атты қосып қояды. Жылқышыларға «мініп, түспеңдер!» деп ескертеді. Бір жыл өткен соң жаңағы саяқтың біреуін сойып қарайды, енді бір жыл өткен соң екіншісін сойып қарап, торы шолақты жаратып бәйгеге қосады. Торы шолақ бәйгеден бірінші келеді. Үлкен жиын-тойларда «Тауасардың торы шолағы» ылғи бірінші келеді, бәйгенің алдын бермейді. «Бұл торы шолақ қайдан шықты?» деген әңгіме болып, баяғы байдың қой торысы екені анықталып, арты дауға ұласып, ақыры торы шолақтың орнына атын беріп, өзі қайтып алады. Елге апарып жаратып, торы атты бәйгеге қосса бәйгенің артын бермейді. Содан кейін де бірнеше рет жаратып, жиын-тойларда бәйгеге қосса торы ат шаппайды. Осыдан кейін елдегілер: «Бұл атқа Тауасар бірдеңе жасаған болар», – деп, Тауасарға келіп аттың жайын айтады. Сонда Тауасар: «Бұл торы аттың маңдайына қыздырып, ұлтарағымды басқан едім, өзімнен рұқсатсыз шаппа деп, сондықтан бұл ат менсіз шаппайды», – депті. Ел адамдары:
«Онда не алсаң да алатыныңды ал да, аттың бағын байлама», – депті. Содан кейін Тауасар атбегі торы атты өзі жаратып, бәйгеден келітіріп береді және ат бұрынғы қалпына келіпті. Оған риза болған ел адамдары: «Ал енді не алсаң да берелік, айт алатыныңды, арғымақ ат, айғыр аласың ба, болмаса арғымақ жақсы бие аласың ба?» – дегенде, Тауасар: «Мен ат, айғыр, биеңді алмаймын, маған жылқыңнан бір құлын бер, өзім таңдап алайын», – депті. Соған келіскен соң Тауасар: «Ендеше жылқыңнан қос құлын таңдап аламын», – деген екен. Былай шыққан соң жылқышыға. «Саған бір жақсы ат мінгізем, тек маған қай құлынның қандай қасиеті барын жасырмай айт», – дейді. Жылқышы: «Басқа құлындарды білмеймін, мына бір ұрғашы қара құлын түнде жылқы жусағанда жатып ұйықтайды, сол ұйықтағаннан жылқы өргенде де оянбай таң атқанша ұйықтайды, не енесін қалдырып кетем, болмаса өзін оятып аламын. Ал мынау ұрғашы ақ құлын күндіз жылқылар жусап тұрғанда, құлындар шауып ойнағанда енесінің үстінен секіріп былай да былай өткенде аяқтары енесінің еш жеріне тимей кете береді”, – депті. Содан Тауасар жаңағы ұйқысы көп қара құлынды алыпты. Кейін жаратып бәйгеге қосқанда екеуі бірге қосылса, бірінші болып Тауасар алған байтал келеді, екінші болып манағы ақ байтал келеді екен. Ал екеуі екі бөлек шапса, қандай бәйгеде де екеуі де бірінші келіп тұратын болған.
«Қойшының астындағы жаман торының жүйрік екенін қайдан білдіңіз?» – дегендерге Тауасар. «Үш-төрт кісі болып жолаушы кетіп бара жатыр едік. Көрінім жерде жатқан бір отар қойды, оны бағып жүрген қойшыны көрдім. Қойшының астындағы аты жерден бір-екі тал шөп жеп, басын көтеріп, бізге қарап қайта-қайта елегізіп, тықыршығанын көріп, бұрылып барып аттың өрен жүйрік екенін білдім де жата жабыстым», – деген екен.
Мыңбай Сәдуов, республикалық құрметті теміржолшы,
Жылой ауданы.










