Шаппай бәйге беру дәстүрі

6511

Қазақ халқының бәйге, бәсеке сайысында «шаппай бәйге алу», «шаппай бәйге беру» салты бар. Бұл дәстүрді көбінде, көпке танылған дүйім елге мәлім дүлдүл жүйріктерге береді. Ол үшін той төрешісі елден рұқсат сұрайды. Ол: «Онсызда алда озып келеді, атты қинамай-ақ бас бәйгені берсек қайтеді?» — деп жария етеді. Бұған кейде тойшылар келісіп, кейде келіспей жатады. Бастысы жүйрік кімдікі болуында болады. Қазақ салтында жүйріктер не бай, не патша, не төре, билердікі немесе қарапайым халықтың бірінікі болады. Халық кедей, жалғыз бас адамдардың жүйрігі болса, ұйғарып, бас бәйгені соған бергізеді. Ал ауқатты, билік иесі болса ұйғармай, «шаппайбер бәйгені» бергізбейтін кездер болады. Кейде бұл тап аралық тартыс, тайталасты да туғызып жатады. Осыған орай басқадай да бәйге, сайыстарда озатындарға ел «Шаппай бәйге алатынның өзі» десіп жатады.
Алайда, шаппай бәйге беру салты өте сирек кездеседі. Себебі бұл шешімнің соңы көбінде дау-шар, араздыққа ұласып кетеді. Сол үшін ел неде болса, жүйріктердің күшін сынауды алға ұсынып, «шын жүйрік өрге келсе – өршеленер» деген қағидаға сай бәйге-сайысқа салып, өз көздерін жеткізуді талап етеді.

Биқұмар Кәмәлашұлы,
«Қазақтың дәстүрлі атбегілігі мен құсбегілігі»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.