Тұрсынхан ЗӘКЕН. Жылқы – бізді баба тарихпен байланыстыратын дәнекер

8818

Дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық некен-саяқ кездеседі. Қазақты және оның арғы ата-бабаларының тарихын жылқысыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде бізді баба тарихпен байланыстыратын бірден бір дәнекер, тірі экспонат. Жылқы бейнесі ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз. Ол— ұлтымыздың мақтаны, көзайымы, бүтін бір көркемдік әлемі. Егер біреу тарихта қазақты қазақ қылған не нәрсе десе, мен оны жылқы дер едім.
Жылқыны ата-бабаларымыз ең ерте қолға үйреткен. Арбаға жеккен және соғыста пайдаланған. Ұзақ жорықтар мен жегімнің, міністің қажетіне бола аттың айыл-тұрман, әбзелін ойлап тапқан. Француздың атақты шығыстанушы ғалымы, академик Рене Груссе өзінің «Дала империясы» атты еңбегінде: «Ең алғаш жылқы малы Оңтүстік орыс даласында пайда болған. Жылқыны алғаш қолға үйретушілердің көшпенділер болғаны күмән тудырмайды. Жылқы қолға үйретілісімен-ақ соғысқа пайдаланылды. Атты сарбазды кемелдендіре түсетін түрлі техникалық тапқырлықтардың ішінде, үзеңгінің маңызы тіптен айырықша болған. Ол арқылы сарбаз ат үстінде өзін орнықты әрі мығым сезінетін. Екі қолы бос болатын. Соғыс кезінде үзеңгі солтүстіктегі атты ұлттарды ұзақ уақытқа дейін оңтүстіктегі жатақшы жұрттарға қарағанда ырықты етіп келді. Еуропалықтардың үзеңгіні қолдануы VІ ғасырда—аварлар басып кіргеннен кейін ғана болды» – деген еді(1.18).
Оның айтып отырған «Оңтүстік орыс даласы» — шын мәнінде Қазақ даласының солтүстігі, Сібірдің оңтүстік етегі, қарт Алтай мен Саян қабырғалары және түріктің Өтүкен жынысы болатын. Қазба қалдықтары бұдан 7000 жыл бұрын Еуразия даласы жылқыны қолға үйретушілердің Отаны болған дегенге меңзейді. Соңғы кездегі археологиялық деректер Қазақстан мен оған көршілес аймақтарда біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 мың жылдықтар кезінде жылқы тек қолға үйретіліп қана қоймай, бір түрлі мәдени феномен ретінде, әлде қашан кең таралғанын дәлелдейді. Мұндай орындардың қатарына Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті, Арқайым ескерткіштері, сондай-ақ сақ, ғұн заманының мұралары жатады (Берел, Шілікті, Есік қорғаны т.б.). Өткен ғасырдың 80-жылдарында Көкшетау аймағынан табылған жылқы қорымын тереңірек зерттеген ғалымдар бұнда жерленген жылқылардың қазіргі қазақ жылқысымен бір текті екенін анықтады.
tumblrОсыдан ширек ғасыр бұрын қытай ғалымы Цай Хоншэн орыс зерттеушісі В.И.Палкиннің пікірлерін қолдай отырып: “Түркі дәуіріндегі Алтай жылқысының негізгі бой-тұрқы қазіргі қазақ жылқысына ұқсайды” деген еді (2.276). Екінші бір қытай зерттеушісі Сэ Чэнся «Қытайдың жылқы тарихы» атты кітабында: «Қазақ жылқысы деп жүргеніміз— қазіргі Іле жылқысы, ол нәсілді тұқымдардың бірі», – деп атап көрсеткен-ді (3.326). Осы тектес түрлі археологиялық деректер мен ғылыми тұжырымдар қазақ халқының ежелгі сақ, ғұн, үйсін және түріктердің этникалық тұрғыдан ғана емес, шаруашылық және мәдени-рухани тұрғыдан да бірден-бір мұрагері екенін дәлелдей түседі.
Түркі қағанаты кезінен жеткен мәңгітастарда қағандардың соғыста мінген аттарына айырықша маңыз беріледі. Қағанның қай соғыста қандай ат мінгеніне дейін тәптіштеп көрсетеді. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің батыс бетінің 32-40 жолдарында (абзацында) «ол 21 жасында Ча-ча сенгунмен соғысты. Ең ілкі рет Тадықын шордың боз атын мініп айқасты, … екінші рет Ышбара Ямтардың боз атын мініп айқасты, … Үшінші рет Иеген-сіліг бектің кежімді торы атын мініп айқасты… Жарағына жүзден артық оқ тиді. Дулығалы басына бірін де тигізбеді… Күлтегін 26 жасында біз Қырғызға қарысы аттандық… байырқудың ақ айғырын мініп, опыра шабуылдап, бір ерін оқпен ұрды. Екі ерін ұтылап шаншыды… Ол жылы Түркешке қарысы Алтын жынысын айналып өтіп, Ертіс өзенін кеше шабуылдадық… соғыстық. Күлтегін басы боз (ақ бас) ат мініп шабуылдады… Елін бағындырып алдық… қара Түркеш халқы жау болды… Күлтегінді аз қолмен аттандырып жібердік. Жойқын соғыс болды. (Ол) алып шалысты ақ атын мініп айқасты. Қара түркеш халқын сонда өлтірдік. Жеңіп алдық…» деген тіркестер кездеседі. Бұдан соң мәтіннің оң жақ бетінің 2, 3, 4 жолдарында Күлтегіннің қарлұқтармен, аздармен және ізгілдермен жүргізген соғыстарында да осы Алып шалысты ақ атын мініп шайқасқандығын, ол аттың сол соғыста «құлағанын» (өлгенін) жазады. Онан соңғы соғыстарда Күлтегін Азбан ақ және Аз баран деген аттарын мініп айқасады (5, 6, 8 жол). Ең соңында оғыздар ордасын басқанда «Енесіз жетім ағын» мініп шайқасады (9-жол) (4.175-177).
Жылқыға байланысты бұл эпизоттардың бәрі ортағасыр мен Қазақ хандығы дәуіріндегі төл әдебиетіміздегі ат образының қалыптасуына негіз болды.
Көне түріктер жылқыны қазіргі қазақ тіліндегідей «жылқы» деп атаған. Ал атты «ат», мініс атты «мінгү ат» деген (5.41). Олар аттың түсін де қазіргі қазақтарша атаған. Мысалы, жалы қара болатын бозғыл сары, аздап ала-шабыр, құбақан жылқыны «құла» деп атаған. Соған байланысты қазіргідей жабайы жылқының бір түрін қазақтар ертеден «құлан» дейді. Өйткені бұл түрдегі жабайы түліктің түсі де құла жылқыға бейім болған. «Құла» сөзі қазіргі қазақ тілінде малдың және заттың түсін білдіретін сын есім сөз. Ол кейде «ала-құла» түрінде де кездеседі. Бүгінде Хуанхэнің солтүстігінде 150 шақырымға созылып жатқан, биіктігі 2000-2500 метр келетін қара тауды қытайлар Хэлань-шань дейді. Шын мәнінде осы атаудың да арғы бабаларымыз түріктердің «құла» (немесе—«құлан») сөзінен шыққанын қытай ғалымдары мойындайды. Мағнасы «құла(н) тау» (соңғы «шань» сөзі тау дегенді білдіреді). Көктем кезінде басының қары ала-шұбарлап көпке дейін жатып алатын бұл тауды қытайлар кей әдебиеттерде «Ала-шань» деп те жазады. «Ала» сөзі кәдімгі қазақ тіліндегі «ала». Демек, ертеде «ала», «құла» мәндес ұғым болған. Қытайлар оны ежелгі түрікшесіне сай дыбыстық аудармасымен қабылдаған. Алыстан қарағанда бауырының желкілдек сары шөбі құланның сарғылт денесіне, таудың қарайған сұлбасы оның жалына, ал тау басында жатқан аламыш қарлар құланның жал-құйрығындағы ақ-ала қылға ұқсаған. Табғаштар Суй патшалығы кайхуан жылнамасының 11 жылынан (б.д. 592 ж.) бастап бұл тауды Хэлань атаған. Ал оған «Ала» сөзі қай кезде телінгені белгісіз. Бірақ, дәл осы 592 жыл, яғни VІ ғасырдың соңы түріктердің батыста Темір-қақпа мен шығыста Қыдырхан қыратына дейінгі жерді еркін меңгеріп, қайта дәуірлеген кезі еді. Бұл кезде түріктердің ат тұяғы Ала (-Құла) таудан өтіп, Хуанхэ шалмасына дейін жетіп тұратын. Демек, таудың түріктер тарапынан «құлан» (құла) аталуы бұдан әлде қайда бұрын болған деуге толық негіз бар.
Жаздың шыжыған аптабында көз ұшында көлбіреген сағымға оранып, үйір-үйірімен жосып бара жататын құландар ерте күннен-ақ қазақтың ен жазира даласынан көптеп кездесетін. Олардың шамамен он мың жыл бұрын қолға үйретіле келе осы күнгі үй жылқысына айланғаны мәлім. Ғылыми зерттеулер де кәдімгі жылқының ең жақын тегі осы керқұландар екенін дәлелдейді. Қазақта:

kerkulanБұрқылдаған қақ көзі,
Суат болмас демеңіз,
Жер тағысы керқұлан,
Жылқы болмас демеңіз, – деген қария сөзі бар. Осы тектес: «жылқының арғы атасы—керік, бергі атасы — құлан» – дейтін көне сөз тағы бар. Осының өзі-ақ, біздің арғы аталарымыз жер бетінде жылқыны тым ерте қолға үйреткен халықтың бірі екенін паш еткендей. Оның үстіне жылқы түлігінің бірден бір тегі кер құландар әлі күнге өзінің өсіп-өнген жаратылыстық ортасы — байырғы Қазақ даласын мекендеп келеді. Осынау ен даланың қысы ежелден қатал болғанымен, онда жылқы баласына өзін аман сақтап қалуға мүмкіндік беретін табиғи шарт-шағдайлар жетіп артылатын. Жылқы малын қатал қыстан алып шығатын біріншіден—оның тұяғы мен қыртысты терісі десек, екіншіден дала қойнауындағы табиғи ықтасынды, тебінге толы жайылымдар еді. Бұлардың қатарына Ежелгі Өтукен, Қарақұрым, Қыдырхан, Кенді, Шұғай, Құла, Бөрілі, Аталай, Боғда, Бәйтік-Қаптық, Жоламан (Тянь-шань), Алтай, Тарбағатай, Майлы-Жайыр, Орқашар, Арқас, Сауыр, Қалба тауларының күнгейі мен қобыларын, Хэси дәлізі, Тұрфан және Жоңғар ойпаттарын, Балқаш бойы мен Жетісу саласын, Қарқара, Жұлдыз жайлауын, Шу, Талас аңғарын, Қаратаудың күнгейі мен теріскейін, Арқаның қырат-қобыларын, Маңғыстау маңы мен Еділ–Жайық арасын, Орал бойын т.б. жатқызуға болады.
ХІІІ ғасырда жайма кекілдердің (қидандардың) ұлы саяхатшысы Ұты-сақал (Иелюй-чуцай) Шыңғыс қолына ілесіп Жоңғар даласына келеді. Ол Еренқабырға (Тянь-шанның солтүстік қапталы) мен Алтай тауының арасын алып жатқан кең даланы, онда өрген қоңыр аңдар мен жыртқыштарды, асыр салған құландарды көріп қатты тебіренеді, әрі:

Teginpyrak

Таң патшасы Лишыминге тарту етілген түркілердің арғымағы Тегінпырақ

Үйір-үйір құландар тау ешкілермен араласып,
Қоңыр аю, ақ марал, кер бұғылар жосылар.
Ер жігіттер садағын сайлап аң қуса
Алдарынан
Теңбіл қаблан мен көкше бөрі жыртылып-айырылар,
-деп өлең жазады.
Бүгінде қазақтың қара мекені, қасиетті Жоңғар даласының сонау қиыр шетінде сақталған ондаған жер аттары (Құланқазған, Құлансай, Құланбастау т.б.) бұл өлкенің бағзы замандардан құландар мекені болғанын еске салады. Оның үстіне сол маңдағы Бәйтік-Қаптық тауларының қия жартастарынан бұдан 3000 жыл бұрын қашалған дала тағысы кер құланның суреттері табылды (6.564-565). Әр алуан жылқы бейнесі қашалған петроглифтер біздің даламыздың әр шалғайына тараған. Бір ғана солтүстік Синьцзян өңірінен (Қазақстанмен шекаралас) қытай ғалымдары олардың неше ондаған нұсқасын тапты. Демек, адамдар тым ертеден-ақ жылқыны әспеттеп, оны өнер туындысына айналдыра білген.
Рене Груссе бұл жөнінде: «…Дала — жылқының Отаны. Далалықтар жаратылысынан ат құлағында ойнаған сарбаздар. Батыстағы парсылар мен шығыстағы түрк-монғолдар ат әбзелдерін ойлап табушылар… Құдды біздің қытайлықтар арасынан көз жеткізгеніміздей, біздің дәуіріміздің ІІІ ғасырында олар атты сарбаздарын жасақтаған тұста ғұндарға еліктеп шалбар киюді үйренді… Денесі қол тоқпақтай (ғұн) жауынгерлері ат үстінде садақ тартудың шебері еді. Олар ә дегенше жауын ту алыстан көздеп ұшырып түсіретін (біз айтып жүрген патия жебесі шын мәнінде скифтер мен ғұндардың жебесі). Олардың соғыс кезінде қолданатын жебесі мен шалмасының әдетте аңшылықта қолданатын қаруларынан еш айырмашылығы жоқ болатын… Ыстық жаз айларында жапан дала шөлді аймақтың жалғасындай әсер беретін. Мұндайда көшпенділер малға жайлы қоныстар табу үшін Қыдырхан, Алтай, Тарбағатай тауларының етектеріне қарай жылжитын… Қыс кезінде оңтүстіктің жылы жерлерін, Ыстықкөл мен оңтүстік-шығыс тараптағы Хуанхэ аңғарының құнарлы топырағын көксеп тұратын» – дейді (1.4-5).
Осы орайда C.Доссонның (C.d’Ohsson) монғолдар жайлы айта келіп, «олар адаммен соғыспайтын кезде аңмен соғысатын» деген сөзі еске түседі (7. 153).
О заманда ол шеті мен бұл шеті жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға созылатын аумақта көшпенділерді бір ғана жерге тәуелдеп қою қиянат болар еді. Әр жыл сайын тұрақты түрде барып қайтып тұратын даланың әр қиыры олардың үйреншікті мекені болатын. Олар, тіпті, оңтүстік-шығыстағы Хуанхэ шалмасын да өз ата мекеніне балайтын. Себебі олар терістіктің қатал қысынан сақтану үшін біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ ғасырға дейін Хуанхэ (Құла-мөрін) аңғарын тұрақты түрде мекендеп келді. Сондықтан да жылқы түлігін ең әуелі ұзаққа созылған осындай салқар көш пен аңшылық үшін пайдаланды. Бірақ кейін келе бұрыннан дала төсін ен жайлаған көшпенділер аяқ астынан тар заманға тап болды. Біздің дәуірімізден бұрынғы ІІІ ғасырда Цин Шихуан қытай топырағын бірлікке келтіргеннен кейін, дереу солтүстікке қанат жайып, Хуанхэ шалмасын ғұндардан тартып алды. Содан бастап олар әр күз сайын тезірек жетуді «көксеп тұратын» Хуанхэ бойының «құнарлы сары топырағы» көзден бұлбұл ұшты. Қытайлар онда 44 аудан құрып, мықтап орнығып алды. Онымен қоймай, басып алған жерлерін молынан қамтып қорған сала бастады. Көшпенділер өте алмасын деп қорғанды тас кесектерден аса биік, әрі мықты етіп, ұзыннан ұзаққа соза түсті. Бұған қарамастан, ғұндар оның салынып бітпеген тұстарынан жол тауып, ішкері кіре берді. Олар үшін мал мен басын аман алып қалудан басқа мақсат жоқ болатын. Бірақ, бәрібір жатақшы қытайлар мен хандық жасақтары олардың алдынан қару көтеріп қарысы шықты. Кейін тарихтың эпопеясына айналған көшпелілер мен Табғаш жұрты арасындағы мың жылдық соғыс осылай басталды.
Сөйтіп, біздің дәуірімізден бұрынғы ІІІ ғасырдан бастап жылқы малының стратегиялық маңызы артты. С.Доссон жазғандай көшпенділер өмір сүру үшін енді «аңмен де, адаммен де соғысатын» болды. Бұл процесс жылқы түлігінің сапалануына әсер етті. Белі жуан, мықты, жүрісті һәм шапшаң айғырлардың тұқымы ғана талдап алынып, қалған еркек жылқы түгел ақтатылып, мініске, жегімге және жүкке пайдаланылды. Астыларында ат болғандықтан «Олар ешкім алдын ала болжай алмайтын сәтте егінші аймақтардың шекарасында пайда болатын. Адамдар мен мал-мүлікті бұлап-талайтын. Одан соң қайтарма шабуылға ұшырамай тұрып олжаларын ала тайып тұратын. Артынан қуғын түскенде қытай қолын алдап шөлге немесе түз далаға шығарып әкетіп, ұрымтал тұстан қоршап, жебенің астына алатын. Өздері ешқандай қауіп-қатерге ұшырамаған жағдайда қарсы жақ әбден ашыққан және шаршап, сүлкіні түскен кезде барып тарпа бассалып қырып тастайтын. Олардың атты сарбаздары өте шапшаң әрі көздегенін мүлт жібермейтін мерген болғандықтан дала төсінде ең ертедегі ғұндардан тартып, кешегі Шыңғысханға дейін соғыстың осы тәсілін еш өзгертпей пайдаланды. Бұндай соғыс тәсілі барлық атты халықтардың ішінде, мейлі шығыстағы ғұндар немесе батыстағы скифтер болсын, бәрінде бірдей болды. Құдды Геродот атап көрсеткендей, скифтердің Дариге төтеп беруінде де осындай амал-айла қолданылды» (1.29-30).
Сондықтан Түріктің Білге қағаны жасы жетпістен асқан Тониқұққа қала салып отырықтану, бұдда мен даоизм жолын ұстану туралы кеңес бергенде Тониқұқ бұған бірден қарысы болады. «Түріктің халық саны табғаштардың жүзден біріне жетпейді. Біз бір жерде отырықтанбай көшіп-қонып жүргендігіміз, аң аулап, қару өнеріне төселгендігіміздің арқасында оларға төтеп беріп келеміз. Күшейген кезімізде шабуыл жасап, әлсіреп бара жатсақ тау сағалап, орман аралап табғаштардың қалың қолын шарасыз күйге түсіріп жүрміз. Егер қала салып, отырықтанған жағдайда соғыста бір жеңілсек қайтып бас көтере алмай түгел тұтқын боламыз. Бұдда мен лаоцзы тәлімі адамды ізгілікке, көмпістікке үйретеді. Ол ерлікке бастар жол емес», – дейді. Осы принципті олардың ата-бабасы ғұндар да ұстанған. Демек, қала салып отырықтану олар үшін қиын болмаған. Тек, табғаштармен салыстырғанда табиғатынан аз халық үшін үнемі қоныс-тұрақтарын ауыстырып, әскери жағдайда көшіп-қонып жүру өздерін аман сақтап қалудың бірден бір жолы болған. Сол тұрғыдан ғұндар атты әскерлер қосынын жетілдіргені сонша, олардың саны, тіпті, жарты миллионға жақындайды. Тәңірқұт өзінің 400 мың атты әскерімен Қытай императорын қоршап алады. Сол кезде ол әрбірін 100 мыңнан етіп, батысқа кілең ақ боз атты, шығысқа қара көк атты, терістігіне қара атты, түстігіне шымқай жирен атты жасағын орналастырады (Шицзи, 110 цзуэн, ғұндар баяны).
turkilerДүниенің төр бұрышын ақ, көк, қара және қызыл түстермен белгілеу олардың мұрагері түріктерде ХІІ ғасырға дейін жалғасты. Ескі түріктердің ұғымында сары түс орталықты, яғни түріктің кіндік жұртын білдіретін. Ол байлық пен парасаттың, елдіктің символы еді.
Ат үстінде ұзақ жортқан қағандар ілгеріге — күншығысқа, алдына — «күн ортасына» (оңтүстікке), артта — күнбатысына, сыртқа — «түн ортасына» (солтүстікке) дейін жетіп, ондағы елдердің «сары алтын, ақ күмісін, кенерлі (қамқа) жібегін, мас болдыратын арағын, өздік атын, айғырын, қара бұлғынын, көк тиынын» түркіне, халқына алып беріп отырған. Елін мұңсыз қылған. Түрік қағанаты енді ғана құрылған кезде;
Мұқан қағанның «садақ тартатын неше жүз мың атты сарбазы» (Суйшу, Ашына қатун баяны);
Одан кейінгі Диту қағанның да садақ тартатын «неше жүз мың шабандозы»;
Ал Ышбара қағанның «400 мың атты сарбазы» (Суй шу, түріктер баяны);
Шеби қағанның да (Құтлық шад) «неше жүз мың атты жасағы» (Суй шу, Янди цзи);
Батыс Түрік қағаны Істемидің «жүз мың атты жасағы» болған (Көне таншу, түріктер баяны).
Датоу қағанның Апа қағанға бөліп берген атты сарбазының өзі «жүз мың» болған (Жаңа таншу, түріктер баяны);
Тон-ябғұ мен Ышбара (Ашына Хэлу) қағанның әр екеуінде жүз мыңнан атты сайлауыт болған (Көне Таншу, түріктер баяны);
Ілік қағанның да бір жолы жорыққа шығарған атты әскері жүз мың болғаны;
Кейінгі Түркінің Бөгічор (Қапаған) қағанының да жорыққа жүз мың қол сайлағаны (Жаңа таншу, түріктер баяны) тарихтан мәлім.
Бұл мәлметтерге қарағанда сол кезде қағанаттың бір шетін ұстап тұрған кіші қағандардың өзінде жүз мыңдап атты жасақ болған. Бұл дегеніңіз өз кезінде орасан зор күш-қуат еді. Оның үстіне осыншама көп жасақты мініс атпен қамтамасыз ету — елде жылқы шаруашылығының жоғары деңгейде жолға қойылғандығынан дерек беретін.
«Чжоу тарихы, Шинин баянында» жазылуынша, 552 жылы түріктер тарапта болып жужандарды талқандап, тұйғындарға тойтарыс берген, бір сөзбен айтқанда Түркі қағанатының құрылуына қолғабыс еткен қытайлық Батыс Чжоу патшалығының атақты қолбасы Шининге (?-563) Мұқан қаған бір жолда 500 ат және 10 мың қой тарту еткен. Кейін келе 588 жылы қағанаттың бір байы Табғаш ордасына өз тарапынан 10 мың жылқы, 20 мың қой, 500 түйе және 500 қой сыйлаған. Сондықтан 599 жылы Замған (Идұқ Ямығ) қағанның табғаштарға «түріктің қалың жылқысы мен қойы тау-даланы түгел жайлап жатыр» деп мақтануы тегін емес еді (Суйшу, түріктер баяны).
Ортағасырда араб авторы Ибн Батута мен атақты саяхатшы Плано Карпинидің Дешті-қыпшақ туралы жаза келіп, қыпшақтардың малындай мал, сірә, жер жүзінде жоқ шығар деп бір ауыздан таң қалуы да осы дәстүрдің жалғастығынан еді.
Айтып айтпай, ол кездегі қыпшақ жылқысы көп әрі сапалы болған. Саяхатшылардың айтуынша, оларда 10 мың жылқысы бар байлар болған. Көне түркі жылқысының жалғасы есептелетін қыпшақ аттары Ауғаныстан, Иран, Үндістан, Египет, Византия базарларына апарып сатылып отырған. Ибн Батутаның айтуынша қыпшақ аттары Үнді базарында сатылғанда, әдеттегілері 100 динарға, ал жақсылары 500 динардан көбірекке бағаланады екен. Демек, бөрілі байрақ көтеріп, күн батысқа жебелей жортқан түріктер, Дешті-қыпшақта тиянақ тапқан соң Сарақаны самалдап, мал мен басын емін-еркін қабындатқан тәрізді. Сол дәстүрді ұстанған қазақтар бертінге дейін тек жылқы саны 5 мыңға толғандарды ғана бай санатына қосқан.
Түріктер сонау Өтүкен қойнауындағы кездерінде-ақ, малдың көптігінен бірінікі біріне араласып кетпес үшін жылқыға ен-таңба салған. Бұл дәстүр де қазақ арасында күні кешеге дейін жалғасып келді. «Таң хуэй яо» кітабының 72 бабының «Шет елдердің жылқы таңбасы» атты бөлімінде Барқын таудың (阴山) теріскейіндегі Ашына тектің, Баян Ашнатектің, Ысқының, яғни Құмдықтың түстігіндегі түріктің, Ашына хэлудың, Сатоның таңбасы деген таңбаларды бір-бірден жазып көрсетеді. «Вэшу. Қаңлылар баянында»: олардың малының басқалардан алабөтен ен-таңбасы болады, қорада жатсын, далада өрісте жүрсін ешкім соқтықпайды дейді. Бұл таңбалардың бәрі жылқының оң-сол жаясына, қолына (шүйденің төмен тұсына) күйдірілген темірмен қарып түсірілетін. Ен құлаққа салынатын. Қазақта еннің «ойық», «тілік», «кесік» т.б. деген түрлері бар.
Қазақтың ақбоз ат сойып анттасу, қанға қолын малып серттесу салты да бағзы ғұндар мен түріктерден, ортағасырлық қыпшақтардан қалған. Сонау ертеде ғұндар қытайлармен келісімге келгенде осылай еткен. Бір деректе: «Олар тәңірге айтып ақ боз ат шалды. Содан ханзада Тәңірқұт қыңрақ (қытайша—геңлак) деп аталатын алдаспанмен және зер нақышты қасығымен араластырған шарапты юэчжи ханының бас сүйегінен жасалған тостағанмен ішті» (Хань шу, 94-цзуэнь, ғұндар баяны-ІІ) десе, сондай деректің тағы бірінде 626 жылы Түріктің Ілік қағаны Табғашқа шабуылдап, кері қайтар жолында «ертемен ақ боз ат сойып серттесіп, Бянь-цяо көпірінің үстінде одақ жасасты, шегініп кетті» делінеді (Син Таншу, цзуэнь -215, Шан лэ-цзуэн 140, Түрік-І).
Көне түріктер жылқы малын туыстықтың, достықтың тәбәрігі ретінде де жоғары бағалаған. «Вэй кітабында» жазылуынша олар құдаласқанда мүйізді ірі қара мен жылқы бергенді үлкен мәртебе санаған. Құдалықтан соң жігіт жақ арбалармен қоршалған күренге жылқысын иіріп, қыз тараптың қалағанын ұстауына жол қойған. Бірақ олар ұстаған атқа жайдақ мінуі шарт еді. Жылқы иесі күреннің сыртында тұрып қолдарын шапалақтап атты үркіткенде одан жығылмағандар ғана сол атқа ие болатын. Ал жығылып қалғандары қайтадан басқа аттарды ұстайтын. Осылайша құдалар жағы түгелімен ат алып болғаннан кейін ғана барлық жора-жосын аяқталатын (Вэйшу, лэ-цзуэн-103, 91-Гаошэ).
syilikТүріктер Қытаймен арада бейбіт қатынас орнаған жылдары олардың патшасына да небір жақсы аттарды сыйға тартқан. Сондай аттардың бірі — патша жанындай жақсы көрген Тегінпырақ (Текин-пяо) болатын. Оның мүсіні өзге бес аттың мүсінімен бірге (олардың ішінде парсылар сыйлаған қан жирен Шыбаш деген аттың мүсіні де бар—Т.З.) VІІ ғасырдың бас кезінде император Тан Тайцзунның Цзючжун-Шань тауындағы қабір кесенесінің алдына қойылған. Өкінішке орай, ол мүсіндердің екеуі 1914 жылы американдықтар тарапынан қолды болып, ақыр соңында АҚШ-тың Филадельфия штатындағы Пенсильвания университетінің мұражайынан бірақ шыққан. Қалған төртеуін кейін бөлшектеп әкетіп бара жатқан жерінен ұстап алып қалған. Бүгінде аталмыш император кешеніне археологиялық қазба және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Соған байланысты қытай тілінде «лю-жунь» (алты пырақ) аталып кеткен бұл аттардың мүсіні шымыр көк гранит тастан қайта жаңғыртып жасалып шықты.
Ата-бабаларының ат тарту ету дәстүрін қазақтар ХҮІІІ ғасырға дейін жалғастырып келді. Оған дәлел жақында Фариждегі мұражайлардың бірінен табылған “қазақтар тарту еткен арғымақтар” атты сурет. Осынау қымбатты картинаның көшірмесін елге жеткізген Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарихшы, проф. М.Әбусейітова ханым екенін айырықша атап өткен жөн. Ғалымның жазуынша оны кезінде Манчжу императоры Цянлунның ордасында қызмет еткен испандық суретші Джузеппе Кастильони (қытайша аты—Лан Шинин) салған. Онда қазақтардың 1757 жылы император Цяньлунге “одақ пен достықтың белгісі” (суреттің түсіндірмесінде солай) ретінде үш бірдей арғымақты сыйға тартып тұрған көрінісі суреттелген (8.10-б.).
Үш арғымақтың бірі — сүттей шүлен, байсалды айманбоз;
Бірі жан жағына елеңдеп, жай тастап, орғып, ойнақшып тұрған ала қасқа;
Енді бірі кеудесін кере ұмтылып, қылаң ұрып тұрған сүмбіл қара.
Суретші үшеуінің де характерін дәл бергені сондай, адамға құдды сол сәтті көзбен көріп тұрғандай әсер береді.
Ал ертеде түріктер Қытай императорына сыйлаған Тегінпырақтың түсі құла-шұбар болған. Патша оған мінгенде өзін «күш-қуаты қабындаған қанатты жолбарысқа мінгендей» сезінген. Біздіңше Ақтұяқ (Байти, қазақша—Ақбақай) бастаған қалған төрт пырақтың да түріктерден барғаны күмән тудырмайды. Себебі, ол кезде табғаштар тек түрік жылқысына ғана ерекше ықылас танытқан. Түрік жылқысын «сымбатты, сіңірлі әрі сүйекті, алысқа шабатын, далада аң аулауға атап соққан» деп бағалайтын. Сондықтан, олар соғыс қажеті үшін солтүстіктен және Орта Азия аймағынан жылма-жыл көптеп жылқы сатып алып отырды. Бұл үрдіс тіпті, сонау Хан патшалығы кезінен басталған еді. Олар ат саудасын ғұндардың қарсыласы үйсіндермен, ферғаналықтармен сәтті жасады. Өздері «Батыс өңір» деп атаған бүгінгі Шығыс Түркістан мен Орта Азияның қан жирен тұлпарлары (қытай деректеріндегі үйсін жылқысы) сол кездің өзінде-ақ Табғаштың астана байтағы Чан-анға мың-мыңдап айдалып жатты. Табғаштар бұл жылқының қарымжысын Үйсін күнбилеріне ұзатқан қыздарымен қайтарып отырды. Сөйтіп, қытай қолы б.д.б. ІІ ғасырда әлде қашан жартылай атты жасаққа өзгертілген болатын.
Б.д.б. 119 жылы табғаштардың атты қосыны Гоби шөлін кесіп өтіп, Ғұн державасының кіндік тұсына — Орхон мен Тоғла өзендерінің бойына дейін шеру тартты. Кегін алуды ойлаған олар ғұндардың жай бұқарасынан 19 мың, ақсақалдарынан 80 адамды тұтқындады. Бірақ осы жорыққа қолбасшылық еткен генерал Хуо Цуйбин қайтып келісімен ауырып, ажал құшты. Сол кезде табғаштар оның қабір кешенінің алдына әлде қалай бір ғұнды тарпа жаншып айбарланып тұрған аттың мүсінін орнатады. Сондай-ақ, мүсінге «Аттың ғұнды жаншуы» деген ат қояды. Мұның мағнасы ғұнның киесі (аты, қанатты пырағы) өзіне қарысы шықты, тарих кері айланды, кеткен есеміз қайтты, біз олардың атымен олардың өзін құрттық дегеннің белгісі еді.
turki-4-1Ақыры «ұлы жоспарлар жөнінде ұсыныс жасағанда сан ғасырлық берік те, ұзақ нысананы емес, бір мезеттік табысты ғана негізге алсақ, ондай табыс баянды болмайды» (Ханшу, ғұн баяны) деп есептеген орда ақылшылары өз дегендеріне жетті. VІІ ғасырдың орта шенінде олар өздерінің толық құрамдағы атты қосынын жасақтай алды. Мұның соңы табғаштардың Орта Азияға дейін кеңеюіне (VIІ ғ. орта шені) жол ашты. Күлтегін ескерткішінің тілімен айтқанда түркі халқы «елдік құрып отырған елін күшпен жойды, қағандық құрып отырған қағанын жойды, …елу жыл ісін, күшін берді, ..табғаш қағанға елін, төрін алып берді», өкінді, налыды. VІІ ғасыр соңында олар өз тәуелсіздігін қайта алса да, бәрібір табғаш дипломатиясының қитұрқы құрығынан құтыла алмады. ІХ ғасырдың орта кезінде түркі халқы өзінінің ұйық жұрты Өтүкен қойнауын тәрк етуге мәжбүр болды. Сонда да толықтай емес, жартылай. Көне қоныста қайтадан мемлекет құрған түрік тайпаларының соңы (наймандар, керейлер, меркіттер, қоңыраттар, жалайырлар, уақтар т.б.) бертін — ХІІІ ғасырдағы монғол аламаны кезінде ғана сарқылды. Бұл тұста бұрынғы табғашпен болған қайшылықтан көрі солтүстіктегі көшпенділердің өз ішіндегі текетірес алдыға шыққан еді.
Атты ұлттардың мұндай ұзаққа созылған қақтығысының соңы Шыңғысханның әлемді жаулап алуымен аяқталды. Осынау үлкен жаугершілікте шыныққан атты жасақ кейін Қытайды бағындыруға қатысып, Юань мемлекетінің атты сарбаздарының сабын нығайта түсті. Кейінгі манжулар (олар да көшпелі ұлт) билеген Қытайдың Цин патшалығы кезінде де осылай болды. Сол себепті, XVІІІ ғасыр соңында Цин империясының 300 мың атты қолы ортағасырда Мин патшалығының 500 мың қолын бір жолда талқандаған ойраттарды жер бетінен жойып жіберді. Бұл осында ата-бабасынан келе жатқан көшпенділердің соңғы үлкен һәм ең аянышты жеңілісі еді. Содан бастап көшпенділердің Азия төсін ат тұяғымен дүбірлеткен тарихына нүкте қойылды. Жылқы өзінің соғыс шебіндегі тарихи маңызын жоғалта бастады.
Бірақ солай екен деп, жылқының экономикалық және спорттық маңызы еш уақта әлсіреген емес. Тумысынан жылқымен етене болған дала халықтары ғана оның қасиетін елден ерек бағалай білетін-ді. Басқалар жылқыға тек мал ретінде ғана қараса, көшпенділер жылқыны серігіне, «ер қанатына» балады. Қазақтың адам жылқы мінезді дейтіні де сондықтан. Мыңдаған жылдар бойы жылқыны кие тұтып, әспеттеген халқымыз оны байлықтың басы деп білді. Жақсы көретін тұлпардың бас сүйегін таудың сеңгіріне қойып, тау жоқ жерде биік ағаштың басына іліп қоятын болды. Сақ, ғұн дәуірінде қағанның, батырдың жақсы көретін атын ол өлгенде қабіріне бірге көмсе, кейін қазақ хандығы кезінде аттың құйрық-жалын кесіп, жылына арнап соятын болған. «Көшкенде қайтыс болған адамның ер-тоқымын теріс ерттеп, қамшысын ерге қыстырып, тымағын басына кигізіп, шапанын ерге жауып, атты жетектеп алатын болған» (9.52).
Қазақ халқының ұғымында атты басқа, көзге сабаған кісі оңбайды, құриды. Қазақтың көптеген жыр–дастандарында батырлар өздерінің сүйікті атымен адамша сырласады, олардың ғашық жарлары батырдың мінген атын көргенде оның өзін көргендей күй кешеді. Демек, жылқы адам мен адам арасындағы рухани дәнекер. Достықтың, сенімнің, махаббаттың жаршысы. Ел мен жердің көркі.
Өкінішке орай, бір кездері алалы жылқы, ақтылы қойға толған даламыз бүгінде аңырап иен жатқаны жанға батады. Мұндайда халқымыздың «дала көркі — мал, қала көркі — тал» деген аталы сөзі еске түседі.
Деректерге сүйенсек, 1880 жылы Австрия-Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3 миллион жылқы болса, Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болған екен. 1920 жылдардағы нәубеттерден кейін Қазақстанда небары 8 миллион жылқы қалыпты (10.119).
Бір шындық бар — коммунистік асыра сілтеу кезінде, неге екені белгісіз, орыс немесе қытай билеушілері болсын, олардың әр екеуі де қазақ халқының жылқы мен түйе түлігін өсіруіне аса мүдделі болмады. Керісінше түліктің бұл түрін тезірек қырып түгетуге асықты. Халыққа еш түсініксіз бұл үрдіс Кеңес Одағында 20, 30 жылдарда белең берсе, Қытайда 50 және 60 жылдарда пайда болды. Қазірдің өзінде де арғы бетте шекараға маңындағы қазақтардың түйе мен жылқы ұстауына белгілі шектеу қойылған. Үкімет жылқы түлігін нәсілдендіруге, саны мен сапасын өсіруге құлықсыз. Сөйтіп, бүгінде тұтас ұлт болып жылқыдан жүген ұстаған жағдайға жеттік. Атқа байланысты жүздеген атау-термин күнделікті қолданыстан шығып қалды. Бұрындары бес жасында ат жалын тартып мініп, аламан бәйгеге шабатын қазақ баласы енді ат көрсе таң қалатын болды. Оны қойып, ересектеріміздің өзі атқа мінудің мәнері мен мәдениетінен жұрдай болды. Осының өзі де ұлттық менталитеттің, мінездің жойылуына алып келе жатқан себептің бірі ме деп ойлайсың.

Әдебиеттер
1. Rene Grousset. The Empire of the Steppes – a History of Central Asia (Дала империясы—қытайша аудармасы), Пекин, 2004, -364 б.
2. Цай Хоншэн «Түркі қағанатының әскери құрылымы және тактикасы»//Туцзюэ юй хуэйхэ лишэ луньвэнь суаньцзи, Пекин, 1987, -276 б.
3. Сэ Чэнся. Чжунго ян ма ши, Кэсуэ шубаньшэ, Бэйцзинь, 1959. -326 б.
4. Қ.Сартқожаұлы. Орхон мұралары, Астана, Күлтегін баспасы, 2003, -392 б.
5. A.V.Gabain. Das leben im uigurischen Könıgreıch von Qoco (850—1250)— Гаочан ұйғыр патшалығының өмірі (қытайша басылымы), Тұрфан, 1989. -299 б.
6. Су Бэйхай. Синьцзяндағы петроглифтер. Үрімжі, 1994, -614 б.
7. C.D’ohsson. Histoire des Mongols (Доссон Монғол тарихы—қытайша аудармасы), Шанхай, І т., 2001.-367 б.
8. М.Әбусейітова. Олжа // Егемен Қазақстан, 22 ақпан, 2006. 10-б.
9. М.Кемелхан. Түлік атаулары тарихтың айғағы // Мұра, Үрімжі, 2004, № 4. -76 б.
10. Б.Қинаят. Жылқы // Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 2002, ІV т., -119 б.

Tursynkhan agaТұрсынхан Зәкен,
тарих ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!