Гүлзат ШОЙБЕКОВА. Торытөбел

9267

(повест)

…Бірде әкем намаздыгер-намазшамда терезені қамшымен қағып, «қораның есігін ашыңдар» деп дауыстады. Інім екеуміз сүріне-қабына далаға атып шықтық. Шықсақ есік алдында сіңіріне ілінген, әліне қарамай әкемді атымен қоса сүйреп кетердей шылбырын тарта шіреніп жабағы тұр екен. Інім Әріпхан көргеннен-ақ «менікі» деді, мен иеленіп қоя ма деп алдын-ала сақтық жасап. Інім аузын жабар-жаппаста арт жағымыздан «иә-ә, саған, ол мені-кі-і» деп төрт жасар сіңілім қарды жалаң аяқ кешіп келе жатыр еді.
– Әкет ананы! – деп әкем саңқ етті. – Мына жабағы асау, тебеді, – дегенше болған жоқ әлгі жабағының артқы қос аяғы сарт етті. Құдай сақтағанда Мархабат әкемнің сөзінен сескеніп, шегіншектеп кетті де жабағының аяғы жетпей қалды.
– Бәрібір менікі! – деді інім қораның есігін ашып жатып маған жалтақтап. Мен келмей жатып мінезін көрсеткен жабағыны жақтырыңқырамай «ала ғой» дедім.
Таңертең мектепте бара жатып қора жаққа көз тастасам әлгі жабағы басқаларға қарағанда алабөтен елеңдеп есікке қарап тұр екен. Мені көре сала осқырынып, қораның арғы бұрышына барып тығылды. Өзі тым жүдеу көрінгенімен қанында бір сұлулық бар сияқты. Маңдайында қолдан бояп қойғандай сүйірленіп біткен әп-әдемі төбелі бар екен. Мен кешегі асығыс шешіміме өкіндім. Қора тола жабағы бөлек те, мына жабағы бір бөлек. Жаратылысы өзгеше көрінген жабағы сабақта отырғанда да көңілімнен кетпей қойды.
Әріпханды қанша азғырсам да көнбей, басыбайлы иемденіп алды. Мен амал жоқ келістім, өйткені қорадағы жиырма шақты жабағының барлығы «менікі» болатын. Менен үлкен ағаларым қалаға оқуға кеткендіктен, менен кейінгілердің мал жайғастыруға шамасы келмейтіндіктен барлық мал менің құзырымда-тын.
Жабағыға біз «Торытөбел» деп ат қойдық. Атын ешқашан ұмытпасын деп құлағының түбінен үшеуміз үш рет «Торытөбел» деп айқайладық. Бірақ үшіншісі «Тойытөбел» болып айтылды.
Торытөбел бізді әбден қызықтырды. Алғашында көпке дейін басқа жабағыларға қосылмай, олар жақын келіп қалса құлағын қусырып, жақтырмай жүрді. Жем-шөпке тола қораны жерсінбеді білем, ертеден қара кешке дейін тұмсығын желдің, аяздың өтіне қаратып айдалаға аңырып алабөтен қарайды да тұрады. Аш та болса емін-еркін жортатын кең даласын аңсайды ма, көздері боталап кейде қораға сыймай ерсілі-қарсылы тыпыршиды. Кейде тоқтай қалып не шөп жей алмай, не су іше алмай малжаңдап тұрған басқа жабағыларға ұзақ қарап қалады.
Торытөбелдің күрт жүдегенін байқап, бұл да «сақау» ма деп інім екеуміз қатты уайымдадық. Әкеме айтайық деп қанша оқталсақ та жамандық шақырғандай боламыз ба, аузымыз бармады.
Торытөбел үшінші күн дегенде су ішті. Ішті деген аты болмаса езуі шелек ернеуінен төмен түсе бергенде селк етіп аяғымен қағып жіберді де, тұяғына тиген шелектің даңғұр-дұңғырынан үркіп қораның арғы бұрышына мысықша ыршып түсті. Сонан кейін су ішпек түгілі шелек қойған жерге екі-үш күнге дейін жоламай жүрді.
– Үркек кірпігін жұлайық, – деді Әріпхан бір күні Торытөбелді кезекті бір тамашалап тұрған сәтімізде жерден жеті қоян тапқандай.
– Жұлсақ жұлайық, – дедім інімнің басына бұл ұлы ой сап ете қалғанына қуанып. Әкем аса үркек құлын-жабағылар әкелгенде алдымен үркек кірпігін жұлып, сонан соң қант беріп қолға үйрететін. Біз енді бұл тәжірибені өзіміз жасап көрмекші болдық.
Сонан інім екеуміз әкемнің асау ұстайтын ұзын құрығы мен шылбырын алып қораға ентелей кіріп келгенде Торытөбел «бұлар не істегелі жүр» дегендей көздері шарасынан шыға бақырайып, құлақтары едірейіп, тұрған орнында қатты да қалды. Қора толы ауру жабағылар қабақтары кіртиіп бізге назар да салмады. Арагідік аздап сауыққандары болмаса шын жанына батып ауру меңдегендері сезіну қабілетінен айрылған. Оларды үркітпек түгілі жонынан салып жіберсең де меңірейіп тұра береді. Кейбіреулері жығылуға сылтау таппай, жығылса бізге және көкке қарап телмірумен жан тапсырады. Мұндайда біз жасымызды бір сығып алып, кешкілік келген әкемізге көзі ұйқыға кеткенше еркелей алмай қашқақтап жүреміз.
Жауын аз жауып, жерде от болмаған жылдары қысқа салым қораның іші көтерем жылқы мен жабағыға толып кетеді. Әкем үнемі мал қайырумен түзде жүретіндіктен, інім екеуміздің сабақтан кейінгі бар ермегіміз де, жұмысымыз жа жабағыларды жайғастыру. Далада қыстыгүні азық таппай ашқұрсақ жүрген жылқы малының құрт қарнындағы ас қорытатын қызыл құрттар да ашығып жылжи-жылжи жұтқыншаққа келеді. Мұны қазақтар «сақау» ауруы дейді. Бұл ауру жылқыда ғана болады. Сақауға әсіресе сол жылғы туылған құлындар ұшырайды. Сақаудың бір жаманы әбден өңеш пен жұтқыншаққа келген қызыл құрттар жабағының аузына қанша атала құйсаң да орнына – құртқарынға бармай, ішкен асы қорытылмай, жабағылар әбден аштықтан әлсіреп жан тапсырады. Құрттар жұтқыншақта жыбырлағанда жабағылар жанын қоярға жер таппай, қаусай-қаусай ауыздары көпіріп кетеді. Інім екеуміздің жұмысымыз – әкем іріктеп берген мал болуға жарайтын жабағыларды аз-аздан, мезгіл-мезгіл азықтандырып, астын тазалау, аязға тоңдырмау. Біз әкемізге және жылқы малына деген ерекше ықыласымызбен мал болмайды деген жабағыларды да жазып алып жүрдік, кейде әп-әжептеуір жабағыларды ойынға алданып кетіп өлтіріп алып та жүрдік. Әкем күнде кешкілік есіктен кіре сала «ана жабағы бүгін су ішпедім деді, мына жабағы жем жемедім, ал анаусы аталаны көп ішіп қойдым деді» деп біз күндіз қайсысына қандай азықты дұрыс бермесек соны тұп-тура көзімен көргендей айтатын. Мұндайда біз түн ортасы болса да біріміз шелек, біріміз дорба алып жабағыларды жақтырмай қораны бір кезіп шығатынбыз. Неге екенін үйдегі мал жайғастыруды әкем шешемнен емес, бізден талап ететін. Шешемнің де бізге сеніп алғаны сонша су тарту үшін мұзға тайып құдыққа түсіп кетсек те шаруасы жоқ еді. Оның талабы – далада мал жайғап қанша сүрлігіп келсең де мұнтаздай тап-таза болып тамаққа отыру, сабақты жақсы оқу және ішкен ыдыс-аяғыңды жалтыратып орны-орнына қою.
…Біз есіктен кіргеннен-ақ Торытөбел ығысып, қораның арғы бұрышына тығыла түсті. Біз жақындаған сайын көздері шатынап, атылатын жолбарыстай дегбірсіздене тырбиған ұзын сирақтарымен жерді теуіп-теуіп қалды да інімнің үстінен секіріп кетті. Құдай сақтағанда Әріпхан отырып үлгерді, әйтпегенде тұяғы тисе осып өтетін еді.
Әкеміздің ескі фуфайкасын киіп алған біздің түріміз қытымыр аязда танауларымыздан будақтаған бумен қоса Торытөбелге құбыжық көріндік білем, дала тағысы болып өскен текті басына адам-бейбақтардың есерлеу екі баласының құрық салғалы жатқанына қорланды ма, анадайға барып қалт тұра қалды да бізге одырая қарады. Қарағаны шіркіннің өзгеше еді. Оның көздерінен байқағанымыз – қорқып-үрку емес, ерекше өжеттік еді. Ал біздің көзімізден не байқағанын ол әрине, бізге айта алмай-ақ қойды. Ол бізбен біршама уақыт көзбен арбасып тұрды да бір жетіден бері бірінің жанына жоламаған туыстарын енді ғана танып, адамдардан құтқарыңдар дегендей ортасына қойып кетті. Бізге де керегі осы еді, аузынан көбігі ағып, өзімен-өзі әуре-сарсаң болып тұрған жабағылардың бауырларының астарынан өтіп Торытөбелдің кергиіп тұрған басына шылбырдың бір ұшын сала қойдық. Мұны күтпеген Торытөбел қапылыста қолға түскеніне назаланып туласын келіп. Осқырынып, шылбырды өзімізге тартқан үстіне ерегесіп, төрт аяғымен жер табандап тұрып алды. Біз де адам баласы екенімізді мойындатқымыз келгендей шылбырды жібермеуге тырысып бағудамыз. Торытөбел бой берер емес. Әбден қалжыраған соң біз әкемнің асауды бас білдірердегі әдісін қолданып, шылбырдың өзіміздегі ұшын қораның ортасындағы үлкен пұтқа бір орап алып тарттық. Торытөбелдің тұмсығы пұтқа әбден тақалғанда ғана байлап, үйден қант әкелдік. Бірақ ол қасарысып жемек түгілі жағын қанша қыссақ та ашпай қойды. Оның жағын аштыруға біздің әлсіз саусақтарымыздың шамасы да келмеді. Оның бізді жеккөрушілікпен қараған қанталаған көздері өңменімізден өтіп барады. Шылбырды үзіп жіберердей қылқына шіренген Торытөбел кең далада болсам шіркін, сендейлердің жандарыңнан желдей есіп өтер едім дейтіндей.
…Сауырынан сипадық, құлақ шекеден, сонан соң басынан. Саусақтарымыздың ұшы тиер-тиместе осқырынатын Торытөбел өз танауынан ышқына шыққан будан үркіп пыр-пыр етеді. Алғашында бұлар не істегелі тұр деп сескенген ол аздан кейін-ақ денесін сәл босатқандай болды. Әріпхан екеуміздің де күткеніміз осы сәт еді, оның жанына жаққанын біліп, сипалай түстік. Тамағын, тұмсығын қасып, онан жағын сипалап, құлақ шекеге көтеріліп, онан қайта төмен түсіңкірей көзін жұма ұзақ сипалап тұрдық та інім екеуміз ымдасып тұрып бір мезгілде қас пен кірпіктің арасындағы бес-алты тал үркек кірпіктерін бірдей жұлып алдық. Торытөбел ұйқысынан шошынғандай бақшаң ете қалды. Осылай көздері аларып біраз тұрды да біздің алақанымызға қайта елітіп тұмсығын көтере түсті. Сөйтіп тұрып қантты қалай жеп қойғанын өзі де байқамай қалды.
Сонымен не керек Торытөбел қолға үйрене бастады. Қантқа дәндеген торымыз бірте-бірте біздің төбеміз көрінсе қораның ернеуінен басын қылтитып, кісінейтінді шығарды. Біз оны ауру жабағылардан бөліп бағып күттік.
Көктем келіп, көкке аузы тигеннен соң Торытөбел жабағы жүні түлеп, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңалып қалды.
Кейде бізбен бірге қыраттардан бәйшешек теруге ілессе, бірде қозы-лақ бағуға, енді бірде мектепке дейін, әйтеуір біз қайда болсақ ол сол жерден табылатын. Сіңіріне ілініп көктемге әзер жеткен тұяқты туыстарынан алыстап бізден бір елі ажырамайтын халге жетті. Торытөбел деген атын естісе, дүниенің қай бұрышында жүрсе де даусымыз құлағына тиісімен кісінеп, шауып келеді. Сосын ертегідегі тұлпарлардай құлақтарын қайшылап бізден бұйрық күтетін.
Бұйрығымызды бұлжытпай орындайтын ерекше қабілеті біздің ғана емес, бүкіл ауыл балаларының қызығушылығын туғызды. Күніге кешкісін мал өрістен қайтқан соң біздің есіктің алды шағын цирк алаңына айналатын.
– Қане, жүреңнен отыр деші!
– Жат деші!
– Кісіне деші!
Осылай… деші… деші… деп жарыса шуласқан қарасирақ балалардың дауысы қас қарайғанша, кейде әкем келгенше басылмайтын. Мұндайда Торытөбелінің қылығына масаттанған інім:
– Ертең бұдан да қызық қимылдар көрсетеміз иә, Торытөбел, – деп Торытөбелдің басын изетіп, жонынан қағып мақұлдатып алатын да, – барыңдар енді, Торытөбел демалу керек, – деп жетектей ала жөнелетін. Әбден қызыққа батып, желпініп алған балалар қораға дейін ере-мере барып «ең болмаса кісінейтін жерін тағы бір қайталасыншы» деп жалынатын.
Мұндайда Әріпхан ноқтасынан босатып жатып алдымен өзі кісінейді. Әріпхан қанша рет кісінесе Торытөбел сонша рет қайталайды. Бұған таң-тамаша болған балалар кейде өздері де қораның ернеуінен жағалай жармасып кезек-кезек кісінейтін. Торытөбел оларға жауап қатпақ түгілі бұрылып та қарамастан кете барады.
Мақтау сөз әбден буынына түскен Әріпхан кейде:
– Шіркін, Торытөбел Алпамыстың атындай сөйлейтін болса ғой!.. – деп қиялданып кететін.
– Онда мен – бәйгеден келер тұлпар едім, сенің қолыңда қор болып, сайқымазақ халге жеттім дер еді, – деп анам ойындағысын айтып салады.
– Жоқ, апа, онда ол маған да сабақ оқытыңдаршы дер еді, – деп қиялына шектеу қоя алмай қалады.
Бірде Торытөбел кезекті мектепке барған жерінде қолды болды. Әдетте ол Әріпхан сабақтан қайтқанша мектеп ауласындағы әртүрлі шөптерді ермек етіп, күтіп жүретін. Апам Торытөбелдің жоғалғанын ести сала:
– Өткенде әкең ен салайын дегенде Торытөбелдің құлағын аяп салдырмадыңдар, тұс-тұстан шулап. Ал, енді қайдан табасыңдар, біреу қорасына кіргізеді де, ен сала салады, сосын мал сенікі екенін дәлелдеп көр. Барыңдар түге, әкелерің келгенше табыңдар! – деп бұйырды. Ересектеу деп менімен тете Ләззатты да қосып берді. Әдетте Ләззат маған қарағанда нәзіктеу болғасын ба, үй ішілік ұсақ-түйек шаруадан аспайтын. Малмен мүлдем ісі болған емес, кейде-кейде, онда да апамның қолы тимей жатқанда бізге көмектесем деп жүріп қораны бөтен малмен толтырып, өзіміздің қойды қайырып, қуалап жіберген күндері болған. Оның ең жаман әдеті, артық қимылдап жұмыс істесе мұрны қанайтын. Құдықтан екі шелек су артық әкелсе жарты жолда мұрнының қаны сау етіп, әкеле жатқан суының бір шелегін жолай бет-аузын шайып, қалғанын сүйретіп үйге жететін. Үйге келген соң да бір сағатқа жуық танауын аспанға қаратып жатып алатын. Ләззаттың осы әдетінен жалыққан мен бұны оның аурушаңдығы емес, ауыр жұмыс істегісі келмеген қиқарлығы деп ұғатынмын. Ал апам оны «нәзік қызым, аурушаң қызым» деп көтермелеп, «ойбай, байқа, мұрның қанап қалмасын» деп үнемі бәйек болып жүретін. Мен кейде апамның ылғи да жақсы назарында жүретін Ләззатқа ұқсап ауырайын десем де ауыра алмай, мұнымды ұрсам да қаната алмай әлектенетінмін.
– Ләззат үйде қала берсін, өзіміз-ақ… – деп Әріпхан екеуміз қосарлана берік едік – Торытөбел танығанмен ұрлаған кісі сендерді баласынады, – деп апам бізді тыйып тастады. Торытөбелді адам ұрлағанына апам сенімді.
Ләззат үнсіз алдымызға түсті. Ауладан шыға бере ауыл сыртындағы төбеге беттеді. Әріпхан екеуміз бір-бірімізге кінәлі жүзбен ұрлана көз тастап еріп келеміз. Ләззат жол-жөнекей ләм-мим демеген күйі төбенің басына шықты. Біз де шықтық. Жан-жағына қарап біраз тұрған соң ғана Ләззатқа тіл бітіп:
– Сонда Торытөбелді кім ұрлады деп ойлайсыңдар? – деп сұрады.
– Кім ұрлағанын білсек, соның қорасын қарар едік қой, – деді інім дегбірсізденіп.
Ләззат тағы үнсіз қалды. Әлден соң Әріпханға қарап:
– Сенімен бүгін мектепке еріп барғаны рас па еді? – деді сенімсіздікпен.
– Иә, күнде барады ғой, бірақ мен сабақтан шыққанда есік алдында жүретін.
– Сен үзіліске шыққанда көруші ме едің? Бүгін соңғы рет қай уақытта көрдің?
– Төртінші сабақтан шыққанда бар-тын, бесінші сабақтан шыққанда жоқ.
– Демек, түске қарай оны ұрлаған. Үлкен сыныптың балаларының көзі түсіп жүрген жоқ па еді?
– Бәрі қызығып жүрген.
– Демек, Торытөбелдің жоғалуына өзің кінәлісің. Бар баланы жинап алып концерт қоясың. Әрине қызығады. Әрине ұрлайды…
– Ләззат, сен үйге қайта берші, төбенің басына шығып алып бізді кінәламай, – дедім мен одан арыға шыдай алмай.. Ләззәттің тергеушілік жұмысынан ештеңе шықпасын, босқа уақыт өткізу екенін түсініп.
Ләззат үйге қайтудың орнына, қайта төбенің басына жайғасып отырып:
– Сен де кінәлісің, – деді енді маған шүйлігіп, – қой деудің орнына ананы істет, мынаны істет деп осыған үйретумен келесің.
Тете өскендіктен бе, Ләззаттың өзіме айтқан тіке сөзін көтере алған емеспін. Кейбір сындарын іштей мойындасам да, оны сыртыма шығармай текетіресіп, кейде соңы төбелеспен аяқталатын. Мен тағы да сол әдетіме басып:
– Үйге кете бер дедім ғой, әйтпесе тағы мұрның қанайды, – дедім кекесінмен. Әріпхан да маған қосылып мырс етті.
Ол мұрнының беймезгіл қанай беретінінен қиналатын, намыстанатын да. Ол екеуміздің бірдей келекелегенімізге қызарақтап қалды да:
– Торытөбелді неғыласыңдар, қора толы жабағы емес пе, тура сондай жем берсеңдер басқалары да қутыңдап шыға келеді, – деді.
– Торытөбел қазір жабағы емес, тай, – дедім оның мал жайынан сауатсыздығын бетіне басып. Ол тағы да шамданып қалды да маған тиісе сөйледі.
– Тай ма, басқа ма онда шаруам қанша, Торытөбел енді сендерге жоқ. Ұрланды. Енді таба алмайсыңдар.
– Табамыз!
– Осы саған ұлдардың арасында не бар? Малда нең бар? – деді мұқатпақшы болып. Қашан қарасам шашың жалбырап футбол, хоккей ойнайсың да жүресің. Орсаңдаған жүрісіңнен адам шошиды.
– Әрине, сенің ойнамақ түгілі қозғалсаң мұрның қанайды, сосын менің ойнағанымды қызғанасың.
Ол күліп жіберді.
– Ақымақ. Ой, сен қандай ақымақсың.
Ләззаттың сықылықтап күлген күлкісі менің шымбайыма бата түсті. Мұнан арыға шыдай алмай жұдырықпен жағына бір қойдым. Ол шалқалай барып, қолын тіреп қалды. Әдеттегідей мұрнының қаны сау ете түсті.
– Кеттік! – дедім Әріпханға, — өзіміз-ақ табамыз.
– Таба алмайсыңдар! – деді ол мұрнын төмен қарата еңкейіп отырған қалпы, – Қыз сияғы жоқ, еркекшора.
Біз артымызға бұрылып қарамастан ауыл-үйлерге беттедік. Сәске түстен қас қарайғанша кездескен кісілерден сұрап жүріп Торытөбелдің дерегін естіп, ауылдың арғы шетіндегі Бәйгетақырға бардық. Бірақ ол жерден тірі жан баласын көре алмай, салымыз суға кетіп үйге қайттық.
– Торытөбелді енді шынында да таба алмасақ қайтеміз, – деп інім көзінің жасын сығып алды.
– Табамыз! – дедім өзім күдіктеніп тұрсам да, сеніммен інімді жұбатып, – ол ешқайда кеткен жоқ, ауыл ішінде жүр. Қазір көресің, алдымыздан шығады «Торытөбел» деп тағы да айқайлашы.
Оның айқайлай-айқайлай қарлыққан дауысы бырылдап менің жанымнан аспады.
– Әкем ренжитін болды ғой, – дедім мен уайымымды білдіріп.
Жан баласына дауыс көтермейтін, тау қопарылып, топан су қаптап жатса да үндемейтін әкем менімен ғана көп әңгімелесетін, әлде өзім ананы-мынаны сұрағыштап сөйлей берем бе, әкем менің бір сөзімді жауапсыз қалдырған емес. Басқа балалары түгілі шешемнің өзіне де мың сөйлеп жатқанда бір ауыз тіл қатпай сағаттап отыра беретін. Бір баласының маңдайынан шертпесе де әкем кереметтей сұсты еді. Кейде жақпас қылығымызды байқап, қабағын түйіп, көзін алартса кіретін тесік таппай тыпырлап қалатынбыз.
Әкемді мен шексіз-шексіз жақсы көрдім. Оны ренжіту маған кешірілмейтін күнә болып саналатын. Әкем мені малға қарайсың деп үйреткен жоқ. Әкемді риясыз жақсы көргендіктен, әрдайым жанынан табылғым келгендіктен малға үйірсіктеу өстім. Әкем де мұның дұрыс емес деген жоқ, қайта қолқанат болғаныма қуанып, екінің бірі біле бермейтін мал жайғаудың жолдарын да айтып жүретін. Қолы қалт етсе менің үйдегі басқа қыздарынан ерекше біткен қолаң шашымды қамшының өріміндей неше түрлі өрімге салып, ұшына әжемнің шашбауын тағып беретін. Әкем өрген шашымды кейде мен бір жетіге дейін тарқата алмайтынмын, тарқатқым да келмейтін. Қыз баланың отырып-тұруында, шәй құйып, ыдыс жинауында, кесте, кілем тоқуын да әкемнен үйрендім. Ол әйелдің де, еркектің де жұмысына пысық еді. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп мақалдап бастайтын маған әрбір нәрсені үйретер алдында.
Менен бүгінде біреу жер бетіндегі ең ақылды, ең мейрімді адам кім деп сұраса, мен қасқайып тұрып «менің әкем» дер едім.
Бала күнімде мен әрбір ісімді әкемді ренжітпеу үшін, әкемді қуанту үшін ойланып істейтінмін. Әкемнің маған сөйлемей қойғанынан қорқынышты күн жоқтын.
Бүгін де қобалжып келем. Дарбазадан күбірлеп кіре бергенімізде бізді таныған Торытөбел оқыстан кісінеп қоя берді. Біз жүгіріп қораға ендік. Қуаныштан қайта-қайта кісінеген ол тұмсығымен біздің бетімізді, мойнымызды кезек-кезек түрткілеп, «адасып қалдым, мені неге іздемедіңдер» деп сағынышын білдіріп жатқандай. Арғы жақтан мініс атына жем беріп әкем келеді екен, біз кінәмізді мойындасақ та Торытөбелдің жанынан кете алмай, әкемізді көрмегенсіп тұра бердік.
– Ауыл балаларына енді осылай қор қылатын болсаңдар, Торытөбелді үйіріне қосып жіберемін, – деді әкем біздің жанымыздан өтіп бара жатып. Біз «қайдан таптыңыз» деп сұрауға баталмадық. Әкемнің сөзінен Торытөбелді Бәйгетақырдағы балалардың қолынан алып келгенін түсіндік.
Сонымен Торытөбелдің біздің үйдің ауласындағы тегін концерті сап тыйылды. Біз сабаққа кеткенде Торытөбел байлаулы тұратын болды. Шыбын-шіркей, маса, сонадан тыжырынып басын шұлғып, құйрығын екі жағына кезек-кезек шапаттап желпінетін. Біздің дарбазаға беттегенімізді көрсе тыпыршып, оқыранып, әлек-шәлегі шығатын. Біз қанша босатқымыз келсе де апамнан сескеніп артымызға қарай-қарай кете барамыз. Оның бізді іздеп кісінеген даусы кейде мектепке дейін жететін.
Бірде Торытөбел көзіне ақ түсіп ауырып қалды.
Көзіне ақ түскен сиырды қант шайнап бүркетін, соны жасап көрейін, – деп апам бізбен бірге үйден қант ала шықты да, оны күтірлете шайнап-шайнап бісмілләсін айтып, Торытөбелдің ауырған көзіне бүркіп-бүркіп жіберді. Торытөбел алғашында тіксініп, шегіншектеп кетті де қант толып жасаураған көзін жыпылықтатып ұзақ тұрып қалды.
– Бір жазылса осыдан жазылады, болмаса әкелеріңнен сұрарсыңдар, – деп апам екіұштылау сөйледі де үйге кетіп қалды.
Кешкілік әкеме айтқанымызда әкем:
– Көзі жазылады, бірақ Торытөбел одан ауырып тұрған жоқ, оның ауруы басқада. Торытөбел текті үйірдің төлі, шапқанда басын бос ұстаңдар, сосын көп байламаңдар, өз аяғымен оттасын, – деді.
– Торытөбелді енді бәйгеге баптау керек, – деді әкем малға шығып бара жатып.
Бұл сөз біздің құлағымызға онша жақпай қалды. Өйткені, бапталған тайды әкем біздің ойынымызға да, мінісімізге де бермейді.
Сөйтіп жүргенде оқушылардың жазғы демалысы да келіп жетті. Торытөбелді енді бір минут та жанымыздан тастамайтын болдық деп қуандық біз.
Торытөбелді жемдеп ұстауда әкемнің әрбір сөзі мен Москвадан шығатын «Ат спорты» журналының да бізге көп көмегі тиді. Орысша түсіне алмаған жерімізді әкемізге аудартып алып, оны Торытөбелге қолданатынбыз. Бір күні сол журналдан жылқы малын сабындап, шампундап жуатынды оқып, ауыл шетіндегі каналға жиі баратынды шығардық. Сол күннен бастап біздің үйге сабын шақ келмейтін болды. Торытөбелге жаққанын білген соң әкемнің мініс аттарын да жуындыратынды шығардық. Әрине, әкем мұны сезіп жүрді, дұрыс-бұрыс деп ештеңе айтпаған соң, құп көргенін түсініп жалғастыра бердік. Жылқы малы жарықтық, бабын жасаған сайын сұлуланып, құтырына түседі ғой. Торытөбел жуынуға үйреніп алғаны сонша каналға қарап кісінеп, шылбырын босатсаң тура сонда шабады. Барған бойда суға қойып кетпейді де, тізерлігіне дейін кешеді де, тұнықтау жерінен бір ұрттап аузын шаяды, сонан соң барып тағы да бір-екі қадам жүріп, судың тұнықтау жерінен сіміріп ішеді. Сонан соң «енді жуынуға болады» дегендей бізге жақындайды. Кейде Торытөбел суға келгенде суды иіскелеп, тыжырынып ішпек түгілі аузын да шаймай каналды бойлап жүріп алады. Демек бұл жерден сиыр өткен немесе су ішкен деген сөз. Әдетте жылқы малы өте жиреншек, кірпияз келеді. Олар әсіресе сиырдан жиіркенеді. Сиырдың науасына аштан қатса да ауыз салмайды.
torytobel1Апам сезіктеніп қалғандықтан біз енді сабынды қойып Ләззаттың шампунына көштік. Ол «шампунь сабыннан қымбат қой, тиіспеңдерші» деп зар жылайтын. Оны тыңдап жатқан біз бар ма. Өз басыма шампунь мен сабынның құны бірдей, ылғи да айранға, күріштің суына ғана жуылатын менің шашым шампунь көрсе он күн тарасам да шатысы жазылмайтын.
Шампунмен жуынған Торытөбел бұрынғыдан да жылтырап, құлпырып шыға келді. Баяғы баяғы ма, енді ауыл балаларының мүлдем көз құртына айналды. Олар енді үйге емес, Торытөбел шабатын, Торытөбел жайылатын, Торытөбел жуынатын жерлерге жиналып, ауыздарының суы құрып тамсанатынды шығарды. Торытөбелге де осы көпшілік ұнайтындай. Балалар қаумалап жинала қалса арқасы қозып, тыпыршып бір орнында тұра алмай кететін. Тұяғымен жерді тебініп немесе көкке шапшып жұлқынып, кейде шылбырын жұлып үйге қашып кететін қылық шығарды. Бар баланың аузында жатса да, тұрса да Торытөбелдің ерекше қылықтары. Олардың келген сайын бір-ақ өтініштері бар: «Торытөбелдің көктемдегі концерттерін қайта көру. Сол концертті өзіміз де қалап тұрғанмен әкеміздің Торытөбел жоғалғандағы айтқан сөзі заң. Оны бұзсақ Торытөбелден айрыламыз. Бізге сөзі өтпеген ересектеу балалар:
– Өй, қызғаншақтар;
– Жаман тайын әлдеқандай ғып қарашы өздерін;
– Керек еді бізге сендердің жаман торыларың;
– Осыдан көр де тұр, бұдан да кереметін әкеме тапқызып алам, – деп тарқасып жататын.
Бір күні Торытөбел тағы жоғалды. Бұл жолы даладан емес, қорадан түнделетіп келіп әдейі ұрлаған. Әкем із кесті де:
– Ол бұл ауылдың ұрысы емес, – деді. Сөйттті де атына мініп, оразасын да ашпастан жедел жүріп кетті. Содан үш күн дегенде арып-ашып әрең жеткен әкем келе сала «киініңдер» деді бізге. Бір сұмдықтың болғанын ішіміз сезе қойды. Шешемнің мың сұрағына әкем тіл қатқан жоқ. Өзі атын ауыстырып, Әріпхан екеумізді бір атқа мінгестіріп әкем үшеуміз жолға шықтық. Сәске түсте үйден аттанған біз күн ұясына қона көрші ауылға келіп жеттік.
– Ана көк қақпалы үйді көрдіңдер ме? – деді әкем, ауылдың шетіне кіре бергенде, бес-алты үйден кейінгі үйді нұсқап, – сол үйдің дарбазасына кірген соң Торытөбел деп айқайлаңдар, мен арттарыңнан барам! – деді де әкем қайта бұрылып атын тебіне шаба жөнелді.
Біз әкемнің не ойластырғанын түсінбесек те көк дарбазадан ентелей кіріп, жан-жағымызға қарап «Торытөбел, Торытөбел» деп бар даусымызбен айқай салдық. Кенет Торытөбелдің әлгі үйдің бастырмасынан ышқына кісінеген даусын естідік. Інім шыдамай аттан секіріп түсті де үй иесінің жолын кес-кестегеніне қарамай дауыс шыққан жаққа жүгірді. Мен де жалма-жан аттан түсіп сонда беттедім. Қапсағай денелі үй иесі артымыздан жүгіре жетіп:
– Кімсіңдер өздерің, қайдан жүрген баласыңдар?! Мыналар қайтеді-ей баса-көктеп! – деп бізді қораның аузынан жіберер емес.
– Менің балаларым! – деген әкемнің даусымен бірге бастырма ішінен Торытөбелдің қылтиған басы көрінді. Әкем Торытөбелдің тұсауын сыртқа шыққан соң ағытып үй иесінің аяғының астына лақтырып жіберді. Жүгіре жеткен бізді оқырана кезек-кезек иіскелеген Торытөбел сағынышын баса алмай ұзақ тұрды. Өзі әжептәуір жүдеп қалыпты.
– Мұны көрген балаларың ертеңгі күні не істемейді?! – деді әкем атына мініп жатып.
Үй иесі де, есік алдында жүрген әйел, бала-шағасы да үн қатпақ түгілі орындарынан қозғала алмаған күйі айран-асыр болып қалып қойды. Тек біз дарбазадан шыға бергенде ғана әйелі: «Айттым ғой саған, өткен жолы келгенде беріп жібер деп, осы әдетің-ақ сенің қалмайды. Енді оның жүзін қалай көрмекшісің?!» деп бізге естірте бажылдап жатты.
Жол жөнекей әкем үйге жеткенше аузы жабылмастан әңгіме айтты. Бақсақ, ізімен тауып барған әкеме ұры: «бұл тай торы биемнің құлыны болатын» деп бетбақтырмапты. Әкем Торытөбелді, Торытөбел әкемді таныса да «дәлелің жоқ» деп жолатпапты. Содан әкем «балаларымның баққан тайы еді, егер оларды әкелсем сенің масқараң шығады» деп ашумен бізді алып келген екен. Ал бізге үйді нұсқай салып кейін қайта шапқаны ұрының қарсыласатынын біліп, біз барам дегенше қораның арт жағынан кіріп, Торытөбелдің шылбырын босатқан екен.
Торытөбелдің жайын баяндап болған соң әкем аз-кем үнсіз қалды. Осы кезді пайдаланған мен:
– Көке, сен үндемей қалған кездеріңде не ойлайсың? – дедім мен үшін ең жұмбақ құпияның бетін ашқым келіп. Осында келе жатқанда ғой жақ ашпадың, енді…
– Бәрін ойлаймын, – деді әкем күлімсіреп, – бәрін.
Әкем күлімсірегенде ерекше мейірімді көрініп кететін.
– Сонда нені? – дедім мен әкемнің ішкі ойына тереңдей түскім келіп.
– Бірінші сендерді ойлаймын, – деді әкем қатарласып келе жатқан менің арқамнан қағып.
– Сосын.
– Сосын тағы да сендерді ойлаймын.
– Қызық екен, – деді інім де біздің сөзімізге араласып, – сосын не ойлайсың көке?
Сірә, Әріпхан да көкемнің көбіне тұңғиық ойда жүретінін байқайтын болса керек.
– Сосын тағы да, тағы да сендерді ойлаймын.
– Сосын, – дедім мен де қоса-жармаса.
– Со-сын, тағы да, тағы да, тағы да…
Біз қашан тоқтатқанша әкемнің «тағы дасы» таусылмады. Әлден соң барып Әріпхан:
– Ту-у, көке, шыныңды айтшы! – деді өтініп.
– Сендерден ойым босаса басқа нәрселерді де ойлаймын, – деді сөзін келте қайырып.
– Бізді сонша көп ойлайтындай біз жаманбыз ба не? – деді інім мазасызданып.
– Жо-оқ, жақсы адам болып өсулерің үшін тағы да не істеуім керек деп ойлаймын.
– Жамалхан мен Әділханды да ойлайсың ба? – дедім мен қалада оқып жүрген ержеткен ағаларымды сұрап.
– Әрине.
– Олар енді үлкен болды ғой.
– Бәрібір ойлаймын.
– Ал, олар сені, бізді ойлай ма?
– Әрине ойлайды, сағынады.
– Ендеше жазда демалысқа келгенде неге саған пішен шауып, мал жайып көмектеспейді.
– Е-е, деді әкем жауап беруден бұрын ауыр күрсініп алып, – мен сендердей кезімде аштықтан, жалаңаштықтан, жалғыздықтан жапа шегіп, көзім жастан босамайтын. Сонда ойлайтынмын, ертерек ер жетсем, балаларым көп болса, бәрінің шекесінен шертпей, жоқшылық көрсетпей, жылатпай өсірер едім деп. Бір баламды да жұмсамай, бәрін өзім дайындап, жақынымның көптігінен салтанат құрсам деп…
Менің жүрегім шым ете қалды. Көзіме үйіріліп жас толып, оны әкеме көрсетпеуге тырысып атымның тізгінін тартыншақтай бердім. Ал, ағаларым әкемнің бұл ішкі ойын түсіне ме екен. Түсінбек түгілі әкемнің шаршаған сәттерін сезіне де алмайды-ау.
– Сонда сені кім жылатты? – деп сұрады Әріпхан балалығына салып.
– Тағдыр! – деді әкем тағы да ауыр күрсініп.
– Оны әкеңе айтып бермедің бе?!
Жауап орнына әкем ішек-сілесі қатқанша күлді. Інімнің сұрағы менің де күлкіме ерік берді. Әріпхан ештеңе түсінбесе де бізбен серіктесіп біраз жерге дейін күлкімізді тия алмадық. Әлден уақыттан соң әкемнің қайта көңілденген сәтін пайдаланып:
– Перизатты да ойлап жүресің бе? – дедім, өткен жылы тұрмысқа шыққан әпкемді де білгім келіп.
– Онша көп ойламаймын. Ол енді өмірден өз жолын тапқан адам ғой.
– Апамды да ойлап жүресің бе? – деді Әріпхан төтесінен қайта килігіп.
– Иә, – деді әкем күлімсіреп, – Марханы да, мысықты да, күшікті де, бәрін-бәрін.
Біз осылай мәз-мейрам болып ауылға қалай жеткенімізді де білмей қалдық.
– Торытөбелді көздеріңнен таса қылмаңдар, енді жоғалса, бізге қайта бұйыруы қиын, – деп тапсырды әкем аттарымызды қадаға байлап үйге кіріп бара жатқанымызда.
Ертесіне таңғы аста апам әкеме қарап:
– Мен жіптерді иіріп бітірдім, сен енді маған қаладан бояу мен желі әкеліп берсең жарар еді, қыздар демалысында кілемді тоқып тастаса, құдай қаласа күзге салым Перизаттың дүниесінен құтылар едік, – деді шәй құйып отырып.
Көкем үн-түнсіз, естімеген адамша шәйін сораптап отыра берді. Бізге бұл үйреншікті жағдай, бірақ сыртқа сөз шығармаса да әкемнің ішкі әлемін көздері айтып қоятын. Аздан соң әкемнің жүзінен қуаныш табы байқалды, артынша ол киініп алып қалаға кетіп бара жатты.
Көкем қалаға кеткенде біз асыға жолын тосатынбыз. Өйткені, бас-басымызға әкелетін базарлығынан басқа әкем жан қалтасын толтырып тиын әкелетін. Оны бәріміздің ортамызға қанталапай асығындай шашып жіберетін де біздер жанталса шапырлап жинап алатынбыз. Сосын әрқайсысымыз тиынымыздың көптігіне мақтанып, бір-біріміздің көзіміз түспейтін жерге тыққыштап, көкем қалаға келесі барғанынша ұқыптап жаратуға тырысатынбыз. Әрине, менікі қанша ұқыптасам да ұзаса үш күнге әзер жететін. Ал Ләззат мынау Түркістаннан, мынау Ташкенттен, ал мынау Қызылордадан келген тиын деп біздің көзімізді қыздырып, ішімізді күйдіретін.
Ертесіне кешкілік арқаланып әкем келе жатты. Біз жапатармағай алдынан жүгіре жөнелдік. Ләззат бізбен бірге дарбазаға дейін барды да есейіңкіреп қалғаны есіне түсті ме, не бізбен бірге ілесерін, не үйге қайтып кетерін білмей қалып қойды. Біз жеткен бойда біріміз әкеміздің құшағына қойып кетіп, біріміз балағына, біріміз сөмкесіне жармасып жатырмыз. Бұл да біз үшін әдеттегі құбылыс. Сосын бір-бір сөмкені құшақтап әкемізге қарамастан үйге жүгіреміз. Әкеміз үйге кірем дегенше керегімізді тауып, кейде киіп те үлгереміз. Әкем демін алып, жайғасып отырам дегенше біз де базарды тарқатып, енді әкемнің қалтасына қолын салар сәтін күтеміз. Тура сол көріністер бұл жолы да қайталанды. Әкем қалтасындағы ақ тиындарды біраз шылдырлатып отырды да ортамызға шашып жіберді. Төртеуміз төрт жақтан бассалып, жанталаса қолымыз жеткенше жинап алдық. Тек Мархабатқа жиырма-ақ тиын ілінген екен.
– Менікі бійеу-ақ, – деп бұртиды да, артынша бұған не келеді, – деді жадырап.
– Көп кәмпит, печенье, әдемі көйлек, шешеңе орамал келеді, – деді әкем күліп.
– Көке, көп тиынды қайдан тауып аласың? – деп сұрады Мархабат одан бетер жадырап.
– Қалаға барсам, көшеде шашылып жатады, менің балаларыма осы керек-ау деп жинап алам, – дейді әкем елжірей.
– Е-е, – дейді Мархабат сұрағына қанағаттанған жауап алғандай.
Бізді әбден жарылқап болған соң әкем шешеме қарап:
– Мақта жіп таба алмадым, ешкінің қылынан иіре салсаңшы, – деді.
– Ешкінің қылынан иіруді білмей қалғаным жоқ, пұшығымның қолына обал ғой, ол бұрын кілем тоқып көрмеген, саусақтарын қиып кетеді, – деді әкемнің бос қайтқанына кейіп.
Мен осы сөздерден кілем тоқуға отыратынымды біліп тыжырынып қалдым, апам мені маңызды шаруаға жұмсарда ғана басқа балаларына қарағанда танауымның келтелігін жұмсақтап сөзге араластыратын. Желі алып келсеңші дегенде әкемнің жүзі жылып қуанып қалғанының да сырын енді ұқтым. Былтырдан бері кілем тоқып үйренсең жақсы болар еді деп жүретін. Екеуі мені қыз баланың жұмысына қырсыз, шынында еркекшоралау боп кете ме деп ойластырса керек.
Сонымен не керек, бір жетіден соң апам асай-мүсейінің бәрін дайындап біткен соң мені күштеп Ләззатпен бәрге кілем тоқуға отырғызды.
– Ойбай, – деп шошып кеттім мен төрт-бес метрлік ағашқа керілген кілем желісін көргенде, – осының бәрін біз тоқимыз ба, мынау бір жылда бітпейді ғой.
– Бір айда бітіресіңдер, – деді апам мен көкем қосарлана.
– Бір-р ай, бір ай бойы осында отырам ба сонда мен. Белім майысып, бүкір болып қалам ғой.
– Өлмейсің, – деді апам қатқылдау, – атқа шапқаннан қиын емес.
Кілем тоқығаны құрысын, Ләззат екеуміздің ұрысқанымыз былай тұрсын, күнде тауықша жұлысатын болдық. Қалай тоқысам да Ләззатқа жақпайды, қайта сөктіріп, қайта тоқытқызады. Өзі еш жалықпайды жарықтық, ми айналар жіптерді ерінбей күніге мың санайтын шығар. Мына жерге су жүреді, мына жерге гүл түседі деп маған түсіндірумен әлек. Ал кілем сөздігі менің бір құлағымнан кірсе, бір құлағымнан ағып кете береді. Кейде қолымды бір сілтеп шығып кетемін. Артынша апамнан сескеніп қайта келіп отырамын. Ал Ләззат кілем тоқуды іштен оқып туған секілді, іші де пыспайды, зерікпейді де, таңның атысы, күннің батысы тық-тық, тық-тық еткізіп мықшыңдап отырғаны.
Торытөбелдің алғаш біздің қораға қамалғандағы кейіпі менің басымнан осылай өтіп жатты. Күні кешке дейін менің ойымда кілем тоқу емес, Әріпхан қашан кірер екен, Торытөбел бүгін қандай қылық көрсетті екен деумен аңдығаным есік.
Бір жетіге жетер-жетпесте мұндай жұмыс істеп көрмеген менің саусақтарым жіпке қажала-қажала қанап кетті.
– Болды, – дедім мен көзімнің жасы бырт-бырт шығып, – ашып барады, тез, байлап берші.
Ләззат маған қарап жымың етті де арғы бөлмеге барып йод пен бинт әкеліп жараланбаған саусақтарымды да қосып байлап берді де:
– Құдайың берді, бар, шапқыла, сен де бір, Торытөбел де бір, – деді зілсіз.
Тасырлай қуаныштан далаға атып шықсам есік алдында Торытөбел ерттеулі тұр екен. Мен жүгіріп барған бойда секіріп міндім де Бәйгетақыр қайдасың деп тарттым да кеттім. Торытөбелдің көптен бері жер иіскемеген тұяғы даланы күңгірлетіп жіберді. Бейне тұяғымен күй тартып келе жатқандай. Жарықтық, шапқан сайын денесі бусанып, мойнын соза түсіп ауаны қақ жарып келеді. Әп-сәтте ауыл көз ұшында қалды. Оны елеп жатқан біз жоқ, еркіндікке шыққанымызға мәз болып шапқан үстіне шаба бердік, шаба бердік. Әбден денесі қызған Торытөбел бір уақытта басы ауған жаққа қарай шапсын, тіпті ырық берер емес. Шындап қорқайын дедім. «Торытөбел тоқта, тоқта, жетеді енді!» деймін тізгінге ие бола алмай келе жатып. Торытөбел мені мүлдем тыңдаудан қалды, естімейді де. Сол шапқаннан шауып отырып Торытөбел қалың тоғайға қойды да кетті. Бетіме шып-шып еткен бұталардан қорғанып, ерді етпеттей құшақтаған күйі Торытөбел тоқтағанша көзімді аша алмадым. Әлден соң шабысы саябырсыған Торытөбел баяулап барып кілт тоқтады. Көзімді ашсам, жап-жасыл тоғайда, үйір-үйір жылқының ортасында тұр екенбіз. Мен өз көзіме өзім сенбедім, небір сұлу жылқылардың бәрі осында, бауырларында тұмсықтары сүт-сүт болған құлындар. Бәрі бізге бұрылып, жын көргендей одырая қарап тұр. Әлден соң адамдардың күңгірлеген дауыстары естілді де, артынша ағаштардың арасында қасында екі-үш ауыл жылқышылары бар әкем шықты. Әкем мені көргенде селк ете қалды да:
– Сен қайдан жүрсің?! – деп шошына атын тебініп қасыма жетіп келді.
Мен Торытөбелдің қорлығына ызаланып емес, әкемнен қорқып жылап жібердім. Әкем онан бетер шошып:
– Тыныштық па? Не болды деймін, айтсаңщы! – деді шыдамсыздана.
– Ештеңе де болған жоқ, Торытөбел осында алып қашып кетті! – дедім кемсеңдеп.
Мән-жайды сонда ғана түсінген әкем күнге киетін жұқа ақ шапанын шешіп:
– Мә, мынаны киіп ал, – деді жақтырмай.
Сонда ғана байқадым, көйлегімнің бұта тырнап сау жері қалмапты.
– Жарықтық, – деді осы кезде Орынбасар жылқышы, – текті биенің төлі еді ғой, туған жерін бір көргісі келген шығар.
– Әбден сілесін қатырыпсыңдар ғой, – деді әкем маған ренішті кейіпте, – жетектеп жүріп суыт, әйтпесе аяғына жем түседі.
Сол күні кеш батып, әкемнің шаруасы біткенше Торытөбелді суытумен уақыт өткіздім.
Ауылға ел орнына қона жетсек біздің үйдің шамы әлі сөнбеген екен. Кілем тоқпағының дыбысы да қосарлана тоқылдап далаға естіліп жатты. Әкемді көлегейлеп үйге енгенімде кілем құрған бөлмеде апамның жарқылдай әңгіме айтып отырған дауысын естідім. Табалдырықта бес-алты бөтен аяқ киімдер жиналып қалыпты. Мен қуанып кеттім. Үйге қонақ келгенде апам бізге қатты сөз айта алмайтын. Апамның осы әдетіне арқа сүйеген мен әкеммен ілесе-мілесе кірдім. Әкемнің қашықтау ауылда тұратын әпкесі баласымен және ауылдың кілемші екі қызын апам ортаға алып қызына әңгіме айтып отыр екен.
Әкем әпкесін көріп, ал мен кілемші қыздарды көріп мәз болдық. Менен ештеңе шықпасын біліп апам кілемші қыздарды шақырғанын көрдім де арқамнан ауыр жүк түскендей отыра кеттім. Расында апам мені кінәлап жақ ашпады. Айналайын, әкемнің әпкесі-ай, қайдан ғана келе қалып едің. Ол кісіге мен оңашалап үш-төрт күн жатуын өтіндім, сағындық, ауылға сирек келесіз деп бар бауырмалдығымды білдіріп бақтым. Ондағы ойым үш-төрт күнге дейін апамның ашуы да, менің бұта тырнаған жарақаттарым да жазылуы тиіс.
Алда жарығым-ай, мені сағынған жүрегіңнен айналайын сенің, – деп әкемнің әпкесі мәз болып қалды. Сонымен маған берген уәдесі бойынша әкемнің әпкесі үш-төрт күн жатып, ал баласы Бақыт демалыс біткенше біздің үйде қалатын болды.
Торытөбелді көрген сәтте-ақ Бақыт ес-түстен айрылды. Тамағынан су да өтпей, ас та батпай күн ұзақ қорадан шықпайды. Торытөбел әр қадам басқан сайын «паһ, паһ» деп таңданумен жүреді.
– Көзін қарашы, көзін
– Тұрысын қарашы, тұрысын!
Әйтеуір не керек, Торытөбелдің бүкіл мүшесіне теңеу таба алмай әлек.
– Көзің тиеді, түкіріп қой! – деймін Бақыт өзіммен жас жағынан шамалас болған соң ойымды еркін білдіріп.
Оның атқұмар екенін біздің үйдің бәрі білетін. Ауылға анда-санда келген екі-үш күннің өзінде кімнің үйінде қанша ит, қанша есек бар екенін, олар қалай үріп, қалай ақыратынына дейін дауыстарынан ажыратып отыратын. Ал оның атқұмарлығын бұрын-соңды байқамаппыз. Әкем шабуға рұқсат бермеген сайын ол ес-түстен айрылды.
Ол біздің үйден сабақ басталғанша кетпеді. Әкем апарып салайын дегеніне де көнбей «осы ауылда оқимын» дегенді шығарды.
Әкем оған Торытөбелді шабуға рұқсат етпейтін себебі бұрын келгендерінде қандай атты мінсе де жауыр қылып жіберетін.
– Осы баланың тақымының не бәлесі бар?! – деп жан баласына қабақ шытпайтын әкем кейіп жүретін.
Сонымен, жаңа оқу жылы басталып мектепте алғашқы қоңырау өтіп жатқанда біз Торытөбелдің бірнеше рет ышқына кісінеген дауысын естіп үйге қарай тұра жүгірдік. Шаңдатқан көше ортасында тұрған апам екі өкпемізді қолымызға алып жеткен бізді көріп:
– Жетпегір-ай, алып кетті-ау! – деді кінәлі жүзбен.
– Торытөбел! Торытөбел! – деп айқайлаған Әріпхан екеуміздің жандаусымыз күңірене шықты. Торытөбелдің тұяғының шаңы басылмаған жолмен жүгіріп келеміз, жүгіріп келеміз. Жетіп алсақ Бақыттың желкесін үзердей булығып, жылап келеміз.
Торытөбелдің бірнеше рет ышқына кісінеген дауысы талып-талып естілді де басылды.
Біз қанша жер қуғанымыз белгісіз, өкпеміз өшіп, жығылған жерімізде өкіріп, топырақты сабалай-сабалай артымыздан апам келгенше жатыппыз.
Апам бізді жұбатарға сөз таппай топырақ пен жасқа малшынған бетімізді кезек-кезек етегімен сүртіп алып қайтты. Торытөбел келеді деген жоқ, жыламаңдар да демеді.
Біздің ендігі бар үмітіміз әкемізде еді. Әкеміз кешкілік келіп естігенде:
–- … Ел болмас жүгермек-ай!!! – деп жер таяна отыра кетті.
«Алып келемін» деген әкемнен де сөз шықпады.
– Көке, көке, баршы, алып келші, – деп тұс-тұстан шуласа жалындық.
– Жоқ, – деді әкем өз-өзіне келген соң, – ол жиендік жасады, қайтып алуға болмайды. Әкелген күнде де ол енді бізге мал болып жарытпайды.
Осы сөзі үшін мен әкемді алғаш рет жек көрдім.
Қазақтың жазылмаған заңын – ата салтын жек көрдім.
Кісінеген аттың дауысы құлағыма тисе әлі күнге Торытөбелдің үні ме деп жүрегім шым ете түседі. Бірақ, жер бетіндегі бірде-бір жылқы малының кісінесі Торытөбелдің сол күнгі азалы даусын қайталай алған емес.

GulzatГүлзат Шойбекова, жазушы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.