Әйгілі Талисманға ескерткіш орнатылды (ВИДЕО)

6163

Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер ауылында әйгілі жүйрік Талисманға ескерткіш орнатылды.

Талисман 1991-1992 жылдары бағы жанып, бабы келген жүйрік еді. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында Дегересте өткен аламанда бас бәйгені ұтып, даңқы дүниежүзіне тарады. Осы бәйгеде Талисман «Бойтұмар» деген атпен қатысты.

Таза қанды ағылшын мен араб жылқысының буданынан шыққан Талисманның сол кездегі ел берген атағы – «Замана тұлпары» болатын.

Талисманның иесі – Тұрсынбек Ыбырайымов.

Талисманды иесі тайында «Дегерес» жылқы зауытынан бір машинаның бағасына сатып алған. Иесінің ат танығыштығын айғақтаған айтулы жүйрік 1991 жылы Сыпатай батырдың тойында 45 шақырым аламанда топ жарып, бас бәйгеге тігілген автокөлікті ұтты. Жалпы, әйгілі жүйрік өз өмірінде иесіне 7 автокөлік мінгізген екен. Одан бөлек кілем-кілше, ат-атан, т.б. жүлделерді алған.

Талисман маңдайыма, бағыма біткен тұлпар болды. Талисманды жүйрік ат деп жеке қарап, ерекше күтім жасаған жоқпыз. Үйірден ұстап алып, бәйгеге қосам, бірінші келеді. Көп жаратпаймын. Өрісте жүргенде өзін-өзі жаратып жүреді. Шауып келеді де төбенің басына шығып, желге қарап жүреді. Суға аяғын малып тұрады. Республика бойынша 100-ден аса ат қосылған жарыстарды ұттым. Атымды шығарды, абыройымды асырды. Талисман – қасиетті тұлпар болды – деген еді ат иесі Тұрсынбек Ыбырайымов. Бұл туралы Бағдат Мұхтарұлы құрастырған «Арғымақ» кітабында жазылған еді.

Бүгінде Тұрсынбек ақсақал өмірден өтіп кеткен. Талисманға ескерткіш қойған қазіргі Қордай өңіріне белгілі атбегі азаматтар. Соның ішінде Қордай ауданына қарасты Қызылсай ауылының тұрғыны Еркебек есімді атбегі жігіт мұрындық болды – дейді Талисманның алғашқы шабандозы Бақытбек Уәсиев.

Бақытбек Талисманға Сыпатай батырдың асындағы 45 шақырымдық аламанда шапқан шабандоз.

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!