Түркістан облысында егінге түскені үшін 14 жылқыны бауыздап кеткен

4942

Нұрлайым Батыр есімді әлеуметтік желі қолданушысы айдың күннің аманында 14 жылқыны жайылымға түскені үшін әлдекімдердің бауыздап кеткенін жазды.

14 жылқымызды жауыздықпен өлтірді. Бұл жазбаны жазу мен үшін өте ауыр… Әйтсе де, әділетсіздікті… әділетсіздік емес-ау, қасиетсіздікті көріп, шыдап отыра алмадым. Кеше ғана өзім туып-өскен жерім Түркістан облысы Келес ауданы С.Саттаров ауылында сұмдық оқиға орын алды. Бұл хабарды анама күндегідей алаңсыз телефон шалғанда естідім. Ойымда ештеңе жоқ. «Халіңіз қалай?» десем, анамның дауысы біртүрлі дірілдеп естілді. Жағдайды сұрадым. «Қазір ғана әкең мен ағаң жайылымдағы жылқылардың өлгенін алып келді» деді. Басында түсінбей қалдым. Ойлаңыздаршы, өрісте жайылып жүрген жылқылар жақын маңдағы ауылдың егініне түскені үшін сол ауыл адамдары (нақты кімдер жасағаны әлі анықталмады) он төрт жылқыны жауыздықпен өлтірген!!! Әкемнің маңдай терімен ішпей-жемей жинаған малы еді… Әкем мал-дүние үшін ешқашан өкінген емес. Қайта «өлуші мал болсын» деп отыратын. Бірақ бұл жолғы тірлік мүлде басқа. Адамдардың мейрімісіздігіне, жауыздығына куә болып отырмыз. Тілсіз жануарларды, мейлі, қамап қойсын, немесе сатып жіберсін, бірақ бір жолғы егінге түсті деп, айуандықпен өлтіруге бола ма? Жылқыларымыз үнемі жайылымда жайылатын, егінге түсті деп, осы күнге дейін ешкім шағымданған жоқ еді… – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Өзі журналист болып қызмет істейтін Нұрлыайым анасына аудандық телеарнаны шақыруға кеңес берген.

Сол айтқаным ақыл болыпты. Келген полицейлердің сөзіне қараңызшы, «Бұл жылқыларды көлік қаққан» депті бой берместен. Қалайша қан-жоса болған он төрт жылқыны бірдей көлік қағуы мүмкін? Кейіннен белгілі болғандай, оларды (жай халық қолдануға рұқсат етілмейтін) шекарада қолданатын колючая проволкамен жауыздықпен қансыратып өлтірген екен. Жергілікті депутат Еркін Рысбаев атты азамат келіп, мәселе ушыққан соң ғана полицейлер кінәліні іздестіреміз деп уәде етіпті. Әйтсе де, олардың қаншалықты қимылдайтыны белгісіз болып отыр… – дейді мал иесі.

Ол өзіне келген видео-фотолардың жүрек сыздатарлық екенін айтады.

Маған келген видео-фотоларды көріп жүрегім аузыма тығылды. Адам баласы қалайша осыншалықты зұлымдыққа баруы мүмкін?! Құлындары ішінде өлген жылқылар да бар екен… Соны естігенде төбе-құйқам шымырлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, кішкентай құлындарға дейін аямаған. Өліп жатқан биенің жанында екі аяғы сынған құлынының шырылдап кісіней бергенін бір ауылдасымыз көріп, жан-дәрмен үйдегілерге хабар беріпті. Көзге елестетіңізші. Бүгінгі жиырма бірінші ғасырда болып жатқан оқиға! Онсыз да малдар аштықтан қырылып жатқан тұста адамдар қалайша бұндай әрекетке барады? Біз жылқы мінезді халықпыз дейміз. Жылқы малының қасиетін, киесін ауыз толтырып айтамыз. Ал жылқыны осындай халге душар еткен адам кейпіндегілер ертең өзімізге шабуыл жасамасына кім кепіл?.. – дейді ол.

“Сіздерден сұрарым, жазбаны барынша таратсаңыздар” – деп өтініш жасайды мал иесі.

Бұндай оқиға бұрындары да ауыл-аймақта болғанын естідім. Әйтсе де, кінәлілер табылмай, іс «жабулы қазан» күйінде қалған. Қоғам болып осындай әділетсіздікке қарсы тұрып, кінәлілердің табылып, заң жүзінде жазаға тартылуына септігіміз тисе екен. Батыраштардың бүгін де алдымыздан шығып, арғымағымыздың аяғын сындыратыны қандай өкінішті!.. – дейді Нұрлыайым Батыр.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!