Финляндияда бәйге алған қазақ жүйрігі
Сырдың бойынан Финляндияға жеткізілген сәйгүлік жат жұртта 8 жыл бойы бас бәйгені бермеген. Бұл – осыдан 29 жыл бұрын болған жағдай, деп хабарлайды «Хабар 24».
1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Осында халық шаруашылығының көрмесі өтіп, онда жер тарпыған арғымақ «Анонс» Фин елі Президентінің көзіне түскен екен. Сөйтіп қонағын құдайындай сыйлаған дархан қазақ халқының атынан Елбасымыз әлгі тұлпарды мәртебелі мейманға сыйлайды. Қазір Хельсинки шаһарында һас тұлпардың тас мүсіні тұр (Бірақ біз ғаламтордан ол мүсіннің суретін таба алмадық — Argymaq.kz).
Финляндия Президентіне «Анонсты» жеткізген екеудің бірі – Тыныштықбай Сыздықов. Бүгінде ақсақал сексеннің сеңгіріне шыққан.
Мына суретке Шиелі ауданындағы ветеринар дәрігер Қыдырия Күлібаев пен Тыныштықбай Сыздықовтың Финляндияның сол кездегі Мемлекет басшысы Мауна Койвистоға Елбасы аманатын тапсырып тұрған сәт түсірілген.
Алайда біз мәртебелі қонаққа ұнаған жылқыны емес, соған ұқсайтын «Заслон» атты күреңқасқаны апарып бердік. Оны «Анонстың» құжатымен рәсімдеген болатынбыз. Бірақ ол шетелге барып әйгілі жүйрікке айналады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Ол жергілікті күреңқасқа жылқы, бірақ онымен шауып көрмеген ғой. Ол ана жаққа барған кезде шапқан. Бір аттың ол жақта аяғы жарамай қалып, соның орнына қосқан екен. Сөйтсе, ол бірінші орын алып келіпті. Содан бастап атағы шыға берген ғой. Бәрі риза блып, ескерткіш қойып, мәз болып жатқан жоқ па енді. Онымен шапқан бала былай деп айтыпты ғой: «Мен атқа мініп жүріп, құстың үстінде келе жатқандай болдым. Мынандай атты шауып көргенім жоқ» — депті — дейді ақсақал.
«Анонстың» Финляндияға аттанбаған себебін айтайық. 6 рет қатарынан аламан бәйгенің алдын бермей, ақырында жақсы ат аяғынан қалған екен. Оны Мемлекет басшылары тамашалаған көрмеге де жарақатымен апарған көрінеді. Жарамсыз атты сыйға бергеніміз жараспас деген оймен, «Анонстың» атын жамылып, «Заслонды» шетелге аттандырудың басты себебі осы болса керек. Бірақ қос тұлпар бір-біріне қос тамшыдай өте қатты ұқсаған.
Мауна Койвисто бір көрген қазақ жылқысын ұмытпаса керек, орнына басқа жылқы әкелінгенін бірден байқапты. Дегенмен ашып ештеңе айтпаған. Бір қуантарлығы – сыры белгісіз Сыр сәйгүлігі сыртта жүріп «жұлдызға» айналған. 8 жыл бойы бас бәйгені бермеген. Оған лайықты құрмет көрсетіліп, Финляндияның атақты жылқыларына арналған арнайы аллеяға жерленіп, тас белгі де қойылыпты. Ал арада 29 жыл өткеннен кейін ерекше сыйды аман-есен жеткізген Тыныштықбай ақсақал мен Қыдырия Күлібаевты Финляндия мемлекеті биыл қыркүйек айында өтетін король кубогіне арналған аламан бәйге мен басқа да салтанатты шаралардың құрметті қонағы ретінде қатысулары үшін арнайы шақыру қағазын жолдаған.
Ол үлкен абырой емес пе? Қазақстаннан барып, уақытысында апарған сәйгүлігіміз қандай тамаша үлкен жетістіктерге жеткен екен. Біраз Президенттің үлкен аллеясы бар екен, жылқыларына тас белгі қойылады. Соны еске алады, аламан бәйге, ғылыми конференция өтеді екен. Соның бәрін «қызықтап көрсін» деген олардың адамгершілік қасиеттеріне мың да бір рақмет — дейді Шиелі ауданының тұрғыны Қыдырия Күлібаев.
Тыныштықбай ақсақал алыс жолға жарамайтынын, сондықтан бүгінгідей індет өршіп тұрған сәтте шетелге шығудан бас тартқанын айтты. Ал Қыдырия Күлібаев қазақ тұлпары туралы аңызға бергісіз әңгімеге көз жеткізу үшін фин еліне аттанбақ ниетте.
Естеріңізге сала кетейік, фин еліне жеткізілген бұл жүйрік туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.
Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев