Ерланның елден ерек тұлпарлары (ФОТО)

3928

Шарт түйіп жал-құйрығын Аламанға –
Тұрқы ерек тұлпарымды қосып тұрмын…
/Ғалым Жайлыбай/

Тәуелсіз ел атанғаннан бері жылқыға жақын, атқұмар азаматтар өз қаржысына алыс-жақын шет елдерден асыл тұқымды арғымақтар алып бәйгеге қосып келеді.

Ат төбеліндей атбегілердің арасында санаулы жылда елеулі табысқа қол жеткізген азаматтар бар. Дүйім елдің арқасын қоздырған, алқалы топта ат оздырған атбегі – Ерлан Байбатырұлы. Жылқыны жақсы көрген, күлікке көңіл бөлген, жүйріктің бабын білген атбегінің босағасына біткен, белдеуге байлаған дүлдүлдері жыл сайын дүбүрлі тойларда топ жарып, бас жүлделерді қанжығаға байлады.

Жылқы біткеннің бәрі тұлпар болмайды. Жылқы көп болғанымен, жүйрік аз. Атты тану да, бабын табу да үлкен өнер. Атбегі жайлы сөз қозғағанда алған жүлдесін емес, жабулап жаратқан жүйрігін, бәйге деп батқан бейнетін, тұлпар деп төккен терін айтуымыз керек.

Кейіпкеріміздің атақты арғымақтары аз емес. Ерлан атбегінің елден ерек тұлпарлары қазақ бәйгесінің тарихына алтын әріппен жазылары анық. Ата заң күніне арналған ат жарысында төрт тұлпары топ жарып, Президент кубогын 4 мәрте иеленді. Елбасы жүлдесіне арналған аламан бәйгеде жүйріктері үш жыл қатарынан алдына қара салған жоқ. 2006 жылы Президен кубогында «Легеттамен» топ жарса, 2007 жылы «Легетта» мен «Сұңқар» атты қос тұлпары қатар келіп, бас бәйгелерді алды. Екі тұлпарды тізгіндеген шабондоздар мәреден қол ұстасып өткені де әлі күнге ел есінде. Қос жүйріктің жиырмадан аса ат жарыстарында бас бәйге алғаны тарихи оқиға.

 

2008 жылы «Жезкиік» деген жүйрігі шашасына шаң жұқпай дара шықты. Араға алты жыл салып 2014 жылы «Тасқын» атты арғымақпен Президент кубогын ұтты. Қос тұлпары қатар келіп, әрі төрт дүркін Президент кубогын иеленген жалғыз атбегінің ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Сейістің ауыздық салған арғымақтары айтулы аламандардың ажары, бәйгенің базары болды. Ат сайыста алғаш атын шығарған жүйріктері – «Легетта» мен «Сұңқар». Түр тұрпаты, сырт сипаты екі бөлек қос тұлпардың шабысын көрген ел, жылқы ұстаған жұрт жыр қылып айтып жүр. Президент кубогында аламаннан төрт тұлпары бас бәйге алса, құнан бәйгеде – «Еркетай», «Балауса», «Қыран», «Жезқара» бас жүлдені жеңіп алды.

Ерлан Байбатырұлы 2007 жылы тұлпарлары қосылған жерде топ жарып, бір бәйге маусымында 33 көлік мінген атбегі. Жалпы ат жарысынан 200 ден аса автокөлік ұтқан екен.

«Легетта» мен «Сұңқар», «Жезкиік», «Бақторы», «Еркетай», «Жетісу» мен «Жезқара», «Тасқындардың» шабысы да, табысы да бөлек тұлпарлар. «Сұңқар», «Легетта» иесіне талай темір тұлпар мінгізсе, «Жезкиік» те үлкен жарыстарда топ жарды. «Еркетай» 10 бәйгеге қосылып, тоғызында бас жүлде алған. «Жетісу» жүлделі орындардан көрінсе, «Жезқара» желмен жарыса шапты. «Тасқын» 2014-2017 жылдары аламан бәйгелерде алдына ат салмаған жалғыз тұлпар.

Ат иесі біз атын атап, түрін түстеген тұлпарларды бәйгеге қосып қана қоймай, тұқым алып, жылқыны асылдандыруда да толайым табыстарға жетті. «Еркетай», «Қыран», «Балауса», «Жезқара», «Тасқын», «Оқжетпес» жеке жылқы шаруа қожалығынан шыққан қолтума жүйріктер.

Белгілі атбегі Ерлан Байбатырұлының оза шауып олжа салған соңғы тұлпары –Тасқын.

Бүгінгі күні бәйге көп. Жарысқа қосылатын ат та жетерлік. Десек те қосылған жерде топ жарып, бас жүлде алатын тұлпар аз. Жылдар бойы шабысынан танбайтын жүйріктер жоқтың қасы. Жыл сайынғы ат жарыстарда санаулы сәйгүліктер ғана алдына ат салмай жүрген. Саусақпен санайтын жүйріктердің санатындағы тұлпар – Тасқын. Ерлан Байбатырұлының жүйрігі. 2014, 2015 және 2017 жылдары республикалық аламан бәйгелерде бірінші келіп, тек қана бас жүлде алған. Атбегінің үміті ақталып, сәйгүлігі сенімінен шықты. Тұлпар үшін төккен тер текке кеткен жоқ. Барған жерден бас бәйге алды.

Қас жүйріктің мінез-құлқы да қызық. Талғампаз ат. Иесі мен мінетін балаға ғана басын ұстатып, жүген салғызады. Жабу жабқызады. Өзге жан, бөтен адамды жанына жолатпайды. Алдынан келгенді тістеп, артынан барғанды қос аяқтап тебеді. Жануарды тағалау да, тағасын алу да атпаздарға біраз қиындық келтірді. Мінезді жылқы. Алуан-алуан жүйрік болады деген осы. Топқа түссе таралып, ауыздықпен алысады. Жарысқа шыға, жол бастайды. Алдына ат түссе басын жоғары шұлғып, аспанға қарғи түседі. Тізгінін ұстаған шабандоздың тақымын талдырып, қолын қарыстырады. Басы қатты. Жай күндері де, аламан жарыста да адам ырқына көне бермейді. Бәйгеде өз дегенін істейді. Бұл тек тұлпарға ғана тән қасиет болуы керек. Сәйгүліктің адамға сырын айтатын тілі болмаса да, адамды мойындататын қасиеті болады екен. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктің бәйгеде шабысын, арынын, аяқ алысын көргендер бас шайқап тұрып айтады. Бұл тұлпардың бүкіл жұртты, мұқым елді мойындатқаны емес пе?!

Тағы бір ерекше айтатын қасиеті бар. Ол жануардың жер талғамайтыны. Ауа райына да қарамайды. Жауынды күндері де шапты. Толарсақтан саз болған бәйгеде бауыры, борбайы балшыққа шыланса да шабысынан танған жоқ. Әрі, сүріну дегенді білмейді. Шапқанда да жеңіл шабады. Қамшы салдырмайды.

Осы тұлпарды былайғы жұрт бәйгеде ғана көрсе, мен шауып келгеннен кейін талай мәрте көрдім. Қасында болдым. Шылбыр ұстаған балаға бой бермей, жабу жапқызбай жүргеніне куәмін. Көмбеден көсілгенін көріп бір таң қалсам, бәйгеден кейінгі кең тынысын, еркін жүрісін көріп тағы да қайран қалдым. Ат жарыстарға жиі қосылды. 2014 жылы екі айда төрт бәйгеге түсті. Төртеуінде де топ жарып, бас бәйгені қанжығаға байлады. Бұлай тұлпардың тұлпары ғана шабады.

2014 жылы Президент кубогын иеленді, Жанқожа батырдың тойында топ жарды. Алматыда болған аламанда оқ бойы озып алдымен келді. Алматы облысының ат жарыс маусымының жабылуындағы бәйгеде бас жүлдені қанжығаға байлады. Жыл тұлпары атанды.

2015 жылы Қазақ хандығы мен Сүйінбай атамыздың тойындағы аламан бәйгелерде дара келіп, дүйім елді тағы бір мойындатты.

Екі жыл бойы жүйріктің бабы мен бағын тайдырмай ұстап, жарысқа салған иесі Ерлан Байбатырұлының еңбегі екені даусыз. Араға жыл салып қайта бабына келіп, тобына түскен жануар бәйгелердің алдын берген жоқ.

2017 жылы Тасқын жарысты Қазақстан чемпионатынан бастады. Тұңғыш өткізілген аламан бәйгеде дара келіп, Қазақстан чемпионы атанды. «Экспо-2017» кубогындағы аламан бәйгеде екінші орын алды. «Экспо-2017» көрмесіне орай тағы да Астанада өткен аламан бәйгеде топтан озды.

«Алаш арғымағы» атты республикалық аламан бәйгеде топ жарып, дара шықты. Тасқын үш жылда республикалық аламан бәйгелерде алдына ат салмаған жалғыз арғымақ. Шабысты, табысты тұлпар еді.

Ал ат иесі, белгілі атбегі Ерлан Байбатырұлы ұлттық ат спортына, әсіресе бәйгеге қатысты дүниелерге келгенде үнсіз қарап қалмайтын. Қайта қолдау танытып, қол ұшын созып, қолдан келгенше көмегін аямайтын. Маған да көп көмектесіп, ақылын айтып жүретін жанашыр жақсы ағаларымның бірі болды. Жақын араластық, жақсы сыйластық. Жер жердегі бәйгелерге барып, атшабардың шетінде тұрып, топжарған жүйріктерді суретке түсіріп, қойын дәптерге жазып жүргенімді көріп, «Бұның бәрі әр жерде қалмауы керек. Тым болмаса тәуелсіздіктен бергі тұлпарларды түгендеп, бүкіл атбегілердің басын қосқан бір кітап шығару қажет. Сен журнал шығарып еңбек етіп жүрсің, оған рақмет. Осы уақытқа дейін де журналдар шықты, бірақ әрбіреуі әр жерде қалды. Сен әр жерде қалмайтын тұтас дүние жаса, біз қолдаймыз», – деп қолқа салып, қолдау білдіріп еді. Сенім артып тұрған аға сөзін жерде қалдырмай, кітап шығаруды қолға алдым. Араға 3-4 жыл салып, атбегілер мен хас жүйріктерге арналған «Арғымақ» кітабым Ерлан Байбатырұлының бас демеушілігімен жарыққа шықты. Белгілі атбегінің сол кездегі бізге жасаған жақсылығы туралы «Арғымақ» кітабының алғашқы беттерінде жазылған.

Бұл дүниәнің жалғандығына көзіміз тағы да жетті. Жұрты тегіс жақсы көретін, аяулы Ерлан ағамыздың іс сапарда жүргенде фәнидегі сапары аяқталыпты. Жанашыр қамқор ағадан қапияда көз жазып қалғанымыз жанға батады. Сең соққандай көңіліміз астаң-кестең…

Ераға, бұ дүниеде мінгеніңіз тұлпар еді, мәңгілік мекеніңізде мінгеніңіз пырақ, тұрағыңыз жұмақ болсын!

Әумин!

Бағдат Мұхтарұлы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!