Белгілі атбегі Ерлан Байбатыров өмірден өтті
(Көңілқос)
«Үкілеген үміті Әбіші қайтыс болғанын естіген Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті. Қайғы жанын жегідей жеп, жер-көкке сыймай күңіренген Абайдың қасына елдің не бір жақсы-жайсаңы келіп көңіл айтса да, үнсіз мелшиген қалпы төбеден түспей отырып алыпты. Бір кезде қасына Қиясбай келіпті: — Абай аға! Ел Әбіш деген ақылды баласынан айырылып қалды. Елге көңіл айтпайсыз ба? – депті. Сонда Абай таңырқаған бейнеде басын шайқап: — Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп көз жасын тыйып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен». Абайдай алыптың тағдырындағы бұл әңгіме де біраз жұрттың аузында, құлағында.Қазақтың көңілқос, көңіл айтуы дәстүрі бойынша Қазақ елінің барша атбегі азаматтарына қайғыларынызға ортақтаса көңіл айтам! Қазақ қоғамында өзіндік жеке орны бар, қазақтың қолтума жылқысын дамытуға ерекше үлес қосқан, соңғы уақытта қазақтың өнімді бағыттағы жылқысын дамытуға аса көңіл бөліп, асыл тұқымдық мәртебесін көтерген. Қазақтың «Тасқын» атты тұлпарын өмірге әкеп, мәпелеп өсіріп, тұғырлы бәйгелерде топ жарғызып қазақтың қазанатына айналдырған тұлға, Алматы қаласының «Ат бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігін басқарған, Бағдат Мұхтарұлының авторлығымен шыққан «Арғымақ» атты кітапқа демеушілік жасаған ер тұлға азамат еді. Енді, міне ортамызда жоқ! Ерлан Байбатыров ағамыз өмірден өтіпті деген суық хабарды естіп, көңіліміз ортайып қалды!
Арқада өткен атақты Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда, аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, көңіл айтса да басын көтермей, сартөсек боп сарғайып жатып алған оқиғасын біраз жұрт біледі. Сонда суық хабар тигеннен кейін Сыр бойындағы Досбол мен Шоқай ел арасы шалғайлықтан жетінші күні жетіпті. Үйге кіріп, көңіл айтып, бет сипаған соң арғы бергіні ақтара сабырға шақырып Досбол сөйлейді. Ерден оған да мызғи қоймайды. Сонда Шоқай дауға түсер адамдай қатулана шарта жүгіне отырып:
«Ей, батыр Ерден!
Басыңды көтер жерден!
Құдайға құдіреттімін деп,
Мейманаң тасып,
Кеткен екенсің кердең?!
Мыңды айдаған әкең –
Сандыбай да қара жерге енген!
Оны мына Шоқай көзімен көрген!
Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да
Алып қалуға әлің қане, келген?!
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді,
Ауырды жер көтереді!
Ер емес пе едің
Талай құқайды көрген!
Тағы да айтамын,
Басыңды көтер жерден!
Құнсыз берді, пұлсыз алды,
Нең бар еді Құдайға берген?!» — депті.
Сонда Ерден төсегінен басын көтеріп:
«Уа, асып туған асылдар!
Қайғырсаң да қаншама,
Өлі артынан өлмек жоқ.
Құрдымға хайыл кеткен соң,
Екі айналып келмек жоқ!
Көтермесем басымды,
Көңілім өксік қаяулы!
Ардақтыларым едің аяулы,
Саңлақтыларым едің санаулы!
Көңілде қайғы, шемен-шер,
Төбелерің көрінбеген соң,
Күтіп жатыр едім,
Өздеріңдей асыл ерлерді жараулы!», — деп, құшақтаса көрісіпті.
Сонда атақты Ықылас қобызын күңірентіп «Ерден» деген күй шығарыпты. Оның өзі анау «Ақсақ құланнан» жалғанған желідей болып бүгінге жетті.
Бұл фәни жалғанда адам көңілінен құнды нәрсенің жоқ екенін дәлелдеп, Қазақтың қазанатын, тұлпарын өз халқына қайта қайтарып, дәлелдеп кеткен асыл тұлға, ТМД елдеріне белгілі атбегі Ерлан Байбатыров еді.
Ата – салт, асқаралы дәстүрімізбен ағамыздың ағайын туыстарына, жекжат-жұрағаттарына, атбегі достарына және барша қазақ қоғамының жылқышы қауымына қайғысын бөлісіп, көңіл айтамын!
Исхан Қайрат Жәлелұлы,
Ауыл шарушылығы ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.
Argymaq.kz
[…] аяулы Ерлан ағамыздың іс сапарда жүргенде фәнидегі сапары аяқталыпты. Жанашыр қамқор ағадан қапияда көз жазып қалғанымыз […]
Иман байлығын беруге жазсын. Жақсы азамат еді….Қайрат бауырым «көңілдің кірі айтса кетеді» деген аталарымыз, Алла жар болсын. Бұрынғының Қиясбай шешені өзің болдың. Рахмет