Айгүл Амандықова: 2 айғыр, 8 биемен зауыт жұмысын бастадық

3414

Соңғы кезде еліміздегі ең таңдаулы жылқы тұқымы – Қостанай жылқысына қатысты мәселе жылқы жанашырларының арасында жиі талқыланып келеді.

Осыған орай Қостанай жылқысын шығаратын «Қазақ тұлпары» зауытының директоры Айгүл Амандықовамен әңгімелескен едік.

— Қостанай жылқысының, зауыттың қазіргі жағдайы қалай?

— Зауытты, жылқы тұқымын дамытуға қатысты Жол картасы енгізілді. Осы жылға Қостанай жылқысының жарыс күнтізбесі бекітілді. 6 дистанция бойынша 22 жарыс өтеді. Жүлде қоры да бекітілді. Негізінен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының» қолдауымен өтеді деген жоспар бар. Қазіргі жағдайда 30 қарашадан бері карантиндік режимде жұмыс істеп жатырмыз.

— Өткен жылы зауытта 48 бас жылқы қалғаны айтылған. Артынша сол 48-дің 30-дан астамына инфекция жұққан деген ақпарат тарады. Шынымен сондай ма екен?

— Жоқ. Ол шындыққа жанаспайды. Дегенмен инфекцияның зауытқа келгеніне 4-5 жыл болған. Бірақ ол туралы ешкімге ештеңе айтылмаған. Зауыт қызметкерлері инфекцияны өз күштерімен жоймақшы болған. Алайда оған шамалары келмей қалған. Ақыры соңы өздеріңіз естігендей болды.

Қазіргі таңда зауытта бар жылқының бәріне анализ жасалынды. Екі-үш қайтара алдық десем де болады. Бәрі де инфекциядан таза екені анықталды. Ал заң бойынша жұқтырғандары жойылады. Инфекция анықталғаннан бастап әр екі апта сайын дезинфекция жасап отырдық. Бүгінгі күнге дейін зауытқа толықтай 10-12 рет дезинфекция жасалынды. Жақында соңғы рет анализ алдық. Толықтай тазарғаны анықталды. Карантин жылқы зауттан шешті.

— Зауыттағы жылқы санын көбейту үшін қандай шаралар қолданасыздар енді?

— Қостанай жылқысын дамыту бойынша қабылданған Жол картасының бір пункті осы мәселеге арналған. Яғни жылқы санын көбейтуге арнайы бап қарастырылған. Соның негізінде біз бие сатып аламыз. Себебі бізде бие аз. Бірақ зауыттың өзінде ондай қаржы жоқ. Болса да жетпейді. Сондықтан Үкіметтен қолдау күтеміз. Ол жақ қалай шешім шығаратынын білмейміз. Облысқа жүктеуі мүмкін немесе жеке инвесторлардың көмегіне жүгінуге ұсыныс жасауы мүмкін. Қалай десе де әзірге нақты шешім жоқ.

— Жоғарыда 6 дистанцияда 22 бәйге өтетінін айттыңыз. Ал өткен жылы Елбасы кубогіндегі жабық бәйгеде 11 ат шапқаны есімізде. Өздеріңізде 40-қа жуық жылқы болса, 6 дистанцияға шабатын жүйрікті қайдан аласыздар?

— Бізде бар жылқының жартысына жуығы тай-құнандар. Соларды дайындау үшін арнайы бапкер алдық жұмысқа. Қазір аттарды бәйгеге дайындау бойынша жұмыс басталып кетті.

Ал Елбасы кубогінде неге 11-ақ ат шапты дегенге келер болсақ, ол кезде уақыт тығыз болды да, жекелеген адамдар аттарын дайындап үлгермеді. Алыс өңірлерде тұратындар жарыс өтетінін естімей қалды. Оның сыртында олар бәйгеге қатыстыратын аттарының ДНК-сын анықтап үлгермеді. Сондай себептерге байланысты бәйгеге аз ат қатысты.

— Қазіргі таңда зауытта сапалы тұқым бере алатын неше айғыр бар?

— Қостанай жылқысының таза тұқымын бере алатын екі айғыр бар. «Рабат» және «Ағыс» атты айғырлар зауыттық тұқым үшін ең сапалы айғырлар ретінде таңдалған. Екеуі де 2016 жылы туған. Үйір ұстауға сақадай сай.

— Ал таза тұқым бере алатын неше бие бар?

— Қостанай жылқы зауытта қалған биелермен жұмысын жүргіземіз деген үміт бар. Үкіметтің қолдауымен эмбриондарды трансплантация жасау бойынша бір бағдарламаны бастадық. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша арнайы мамандармен бейне байланыс арқылы ақылдасып, мәселені талқылап жатырмыз. Егер Қаржы министрлігі қолдау білдірсе, осы бағдарламаны аяқтауға мүмкіндігіміз бар. Бәрі қаржыға байланысты.

— Бейресми дерек бойынша Қостанай жылқысын дамыту Жол картасына 60 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді деген ақпаратты естіп едім. Ол қаржы сіздердің қолдарыңызға әлі тиген жоқ па?

— Иә, 60 млн теңге бөлінетіні туралы айтылған. Бірақ әлі бөлінген жоқ.

— Ал сіздер еліміз бойынша қанша Қостанай жылқысы барына есеп жасап көрдіңіздер ме?

— Мысалы біздің зауытта қазір 34 бас жылқы болса, ел бойынша 120-150-дей ғана таза Қостанай жылқысы бар деген болжам жасап отырмыз.

— Бүкіл Қазақстан бойынша ма?

— Иә, бүкіл Қазақстан бойынша осынша ғана Қостанай жылқысы бар.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай,

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!