Сырым Ізбасаров: Өзге жерде өз еліңнің туын желбірету — мүлде бөлек сезім

3084

Аударыспақтан Азияның үш дүркін, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы Сырым Ізбасаров аударыспақ спортының дамуы, өзінің спорттық жолы туралы әңгімелеп берді.

— Сырым, өзіңді толығырақ таныстырсаң, қай жерде өмірге келдің, қай өңірденсің?

— Аты-жөнімді өзіңіз білесіз, Ізбасаров Сырым Нұржанұлы. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысына қарасты Төле би ауданының Қаратөбе елді мекенінде дүниеге келдім.

— Мектепті де сол ауылда бітірген боларсың?

— Иә, Қаратөбе орта мектебінде 11 жыл білім алдым. 2007 жылы мектепті тәмандаған соң, Марлан Сапарбаев атындағы оқу орынның Физкультура факультетіне оқуға түстім. Сол жерде спорттық жолым басталды десем болады.

2008 жылдан бастап облыстағы ұлттық спорт мектебіне барып, сол жерде жастар арасындағы көкпар құрамасында өз өнерімді көрсеттім. Өнерім жақсы бағаланып, бірден командаға алындым.

— Ең алғаш командалық көкпарда кімдерге қарсы ойнадыңдар?

— Ең бірінші жарысым Көкшетау қаласында өткен жастар арасындағы ел чемпионаты болатын. Ол кезде біздің команда екінші орын алды.

Ұлттық спортқа, көкпарға алғаш келген жылдар мен үшін жеңісті жылдар болды. Сол жақсы нәтижелер мені қанаттандырып, содан бері ұлттық спортқа деген қызғушылығым артты.

— Жастар құрамасында жүріп бірден аударыспаққа келдің бе?

— Жоқ, жастар құрамасынан кейін ересектерге ауыстым. Нақтырақ айтсам, Түркістан облысының «Құлагер» командасының сапында ойнадым. Көкпар да мен үшін бөтен емес, көкпардан да Республикалық деңгейде спорт шеберімін.

— Аударыспаққа қалай келдің? 

— Бұл спортқа келуіме «Құлагер» командасының аға жаттықтрушысы Ақылбай Манкеев дейтін ағамыз себепкер болды. Көкпарда жүргенімде Бижан Айнабеков деген аударыспақ палуанымен салмағымыз бір болды. Ол кезде Бижан жастар арасындағы аударыспаққа дайындалатын. Бижанмен салмақтас болған соң, Ақылбай аға үнемі екеуімізді күрестіретін. Мен – көкпаршы, ол – аударыспақ палуаны.

Бижанмен бірге жаттығып жүріп, аударыспақты үйреніп алдым. Содан жайлап, ауыл арасындағы сайыстарға түсіп жүрдім. Біртіндеп 80 келіде жастар арасындағы жарысқа шыға бастадым. Ал 2009 жылдан бастап көкпар мен аударыспақты қатар алып жүрдін.

— Қазір де екеуіне бірдей қатысасың ба?

— Жоқ. Өздеріңіз білетіндей, кейін ұлттық спорт түрлерінің ережесі өзгерді. Яғни, көкпар шапқан адам аударыспаққа қатыспайды немесе керісінше аударыспаққа қатысқан көкпарға шаппайды. Екеуінің біреуін таңдау керек болды. Мен аударыспақты таңдадым.

— Аударыспақтағы дәрежең қандай?

— Бүгінге дейін аударыспақтан Қазақстанды 11 рет ұттым. Азияның үш дүркін чемпионы атандым. 2016 жылы Қырғызстанда өткен «Дүниежүзі көшпенділер ойындарын», сондай-ақ 2017 жылы EXPO аясында өткен турнирге қатыстым. Одан бөлек «Ақбидай» ойынының бірнеше дүркін жеңіпазымын.

— Түркістан облысы ұлттық спорт түрлерінен жақсы нәтижелер көрсетуде. Осы орайда сіздерде қандайда бір мектеп немесе жағдайы жасалған дайындық орындары бар ма? 

— Ұлттық спорт мектебіміздің директоры Ғани Ахметбаев ағамыз жақсы жағдай жасап келеді. Жалып Ел чемпионатына басқа командалардай 18-20 күн емес, 1,5-2 ай дайындаламыз. Қазіргі кезде біздің дайындығымыз үшін барлық жағдай жасалған. Облыстық спорт басқармасының тапсырмасымен спорт мектептеріндегі жаттығу залдары тегін. Оның сыртында Ғани ағамыз керек дүниенің қаржысын өз қалтасынан да төлеп, біздің жақсы нәтиже көрсетуімізге мүмкіндік жасап отырады.

Осылай жағдай жасап отырған соң, біз барынша дайындалып, сайыстарда жоғары нәтиже көрсетуге барымызды саламыз.

— Қазіргі жағдайда елімізде сені жеңетін аударыспақтан палуан бар ма?

— Бұл – спорт. Бірден пәлен деп айтуға болмайды. Қазақ жігіттері бірінен бірі асқан мықты. Халқымыздың «Күш атасын танымас» деген сөзі бар. Спорт болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Менің қуанатыным, қазір бізден кейінгі өсіп келе жатқан жастар өте мықты. Олардың арасында білекті, жүректі жігіттер көп. Жастардың біз шықпаған биікке шығып, ел абыройын көтере берсе деген тілегім бар.

— Білуімше, жарақат алып, екі жыл жарыстарға қатыса алмай қалдың?

— Дұрыс айтасыз. Тараз қаласында болған Ел чемпионатында жарақат алдым. Ол кезде қосымша көкпар шабамын ғой. Тараздағы жарыс басталар алдында көкпар шауып жүріп, саусағымды сындарып алған едім. Оқу жаттығу кезінде чемпионатта ойнауға тырысып, біраз жаттықтым. Бірақ болмады. Болмаған соң ел чемпионатына қатыспадым. Сол жарақаттарымнан болып бір жылдан астам уақыт жарыстарға қатыса алмай жүрдім. Бірақ биыл төрт жылда бір рет өтетін «Ақбидай» ойынына қатысып, 100 келідегі өз салмағымда жеңіпаз атандым.

— Абсолютке түсіп көрдіңіз бе?

— 2016 жылы Қытай елінде өткен жарыста абсолюттік салмақта белдестім. Азия біріншілігі еді, сол жарыста жеңімпаз атандым.

— Біржан Қосағалиев екеуің бірге жүресіңдер. Ол кісінің салмағы 100 келінің үстінде. Екеуің белдессең кім жеңуі мүмкін?

— Біржан екеуіміз бір-бірімізді бес саусақтай жаттап алғанбыз. Қыр-сырымыздың бәрін білеміз. Бұл жерде кім бірінші әдіс істейді сол алып кетеді. Арамыздағы бәсекеде көбіне Біржан алады. Өйткені Біржан күші көп палуан әрі ағам.

— Қазір Түркістан облысынан кейін аударыспақ дамып келе жатқан облыс – Ақтөбе. Олардың палуаны Арман Сағымбаев сенімен әжеутәуір тақымтірестіреді. Ол туралы ойың қандай?

— Арман өте мықты спортшы. Өте жүректі, қарулы, спортта мінзеді жігіт. Өз басым Арманды ерекше сыйлаймын.

— Қазақстанда жеңіске жетіп, өз облысыңның атын шығару бір бөлек. Ал Қытай мен Қырғызстанда ел намысын қорғап, жеңіске жету бір басқа. Қандай сезімде болдың?

— Иә, ол кезде мүлдем басқаша сезім болады. Мәселен, ел чемпионатында жеңіске жетіп, облысыңның туын биікке көтергенде бір қуанып қаласың. Ал өзге елде көк туымызды көтеріп, жеңіпаз атанған бес есе қуаныш деуге болады. Ол кезде бүкіл қазақ халқы сенім артып, көк туымыз көкте желбіреп жеңіпаз атанғаннан артық қуаныш сезімі жоқ шығар.

— Ұлттық спорт еліміздегі басқа спорт түрлерімен салыстырғанда дамуы баяу. Десе де осы спорттың алдағы болашағына қандай баға бересің және нені ескеру керек деп ойлайсың?

— Меніңше, ұлттық спортты бірінші орынға қою керек. Мысалы, еліміздегі командалық ойындарға, әсіресе футболға қарағанда ұлттық спорт ақсап жатыр. Ал оны дамыта түсу үшін жарыстар көптеп ұйымдастырылса. Азия чемпионаты жыл сайын өткізілсе, аударыспақтан әлем чемпионаты ұйымдастырылса, бір сөзбен айтқанда сайыстарымыз жиі болса, соғұрлым ұлттық спорт дамиды деп ойлаймын.

— Әңгімеңе рахмет!

Дерек:

Сырым ІЗБАСАРОВ – 1989 жылы туған. Туған жері – Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы Төле би ауданы, Қаратөбе ауылы. Аударыспақ спортына 2008 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 11 дүркін жеңімпазы. Ауыр салмақта үш дүркін Азия чемпионы атанған (2014, 2016 ж.ж). 2016 жылы Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жеңімпазы. 2017 жылы 90 келіде Халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін аударыспақ спортының майталманы Біржан Қосалиевтен сұқбат алған болатынбыз.

Ержан Жаубай,

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!