Павлодарлық ғалымдар шұбар жылқы тұқымын өсірмекші
Павлодарда жылқылардың «Бай-шұбар» зауыттық тұрпатын өсіру бойынша жоба әзірленуде. Мұндай жобаны С. Торайғыров атындағы ПМУ мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті бірлесіп жүзеге асыруды көздеп отыр.
Бұл туралы республикалық жылқы шаруашылығы кеңесінің мүшесі, ПМУ «Зоотехнология, генетика және селекция» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Төлеген Асанбаев мәлім етті.
«Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Алпамыстың Байшұбарын алатын болсақ, қазақ халқы ғасырлар бойы тұлпардың кіл мықтысын сұрыптап өсірген. Жылқы жануарының мұндай бірегей түрі көптеген туристердің назарын аударатыны сөзсіз. Оны иппотерапияда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге бүкіл әлемде кеңінен қолданады. Біріншіден, жылқыға отырған кезде дененің барлық бұлшықеті жұмыс істейді. Екіншіден, өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезіну арқылы жағымды эмоция пайда болады. Болашақта Павлодар облысында осындай жылқылармен емдеу пункті ашылады деп үміттенеміз. Әсіресе, Баянауыл тауларында жылқы туризмін дамыту қолайлы болар еді», — дейді ол.
Бұдан басқа, профессор жылқы шаруашылығына қатысты тағы бір тың жоспарымен бөлісті.
«Мал шаруашылығында қой мен ешкілердің сүтті түрі бар болғанымен, жылқылардың арасында кездеспейді. Сондықтан біздің университеттің ғалымдары осы жағынан бір жобаны жүзеге асыруды қолға алуда. Бұған қоса, мұндай тәжірибе жүргізу үшін Екібастұзда «Жаңа ауыл», «Тұрар» және Аққулы ауданында «Алтай» шаруа қожалықтарында 10 жылдан бері қазақ жылқыларының салмағын арттыру бойынша жергілікті селекциялық жабы биесі мен жаңа-алтай өндіруші тұқымын будандастыру жұмыстары жүргізілуде», — дейді Төлеген Асанбаев.
Профессордың айтуынша, ет және сүт беру қасиеті бойынша жоғары нәтиже беретін жылқының бірегей түрі 2000 жылы Таулы Алтайда жергілікті алтай биелері мен орыс және кеңес ауыр жүк тартқышы, литва ауыр жүк тартқышын будандастыру арқылы пайда болған.
Ауыр жүк тартқыштардың кейбір чемпиондары сүттілігі жағынан лактация кезінде 5-7 мың литрге дейін сүт бере алады.
«Демек, жаңа-алтай тұқымы жылқылардың қазақы түрін ет жағынан ғана емес, сүттілігі жағынан да қасиетін жақсарта түспек. Оған Екібастұзда бірқатар шаруа қожалықтартында жүргізілген тәжірибе дәлел бола алады. Мысалы, «Жаңа ауыл» шаруа қожалығында өткен күзде туған бір жарым жастағы құлынның таза салмағы 240 келі тартқан. Әлбетте, мұндай жануарда екі және екі жарым елі қазы болады. «Тұрар» қожалығында жүргізілген тәжірибе нәтижесінде орташа сүттілік лактация кезінде 2300-2500 литрге дейін артады деген болжам жасауға болады», — деді Төлеген Асанбаев.
Сөз соңында ол болашақта осының барлығы қазақ жылқыларының етті және сүтті түрі пайда болады деген жорамал жасауға жол ашатынын атап өтті.
Ақбота Сейсенбаева, pavlodarnews.kz