Жылқы ауруы. Екпе салдырмаса, қайталануы мүмкін

826

Атырау облысындағы мал өлімінің ең басты себебі төрт түліктің әртүрлі ауруларға қарсы уақытылы егілмеуі. Егер бұл емдік шаралар жасалмаса, аталған аймақта тағы да ауру өршуі мүмкін. Мұны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары да, ғалымдар да растап отыр.

Атырау облысында наурыз айында жаппай мал ауырып, соның ішінде жылқы малы шығынға ұшырады. Жергілікті мал дәрігерлері індеттің салдарын таппай, кейін ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері сынамалар алып кеткен. Осыдан кейін көп ұзамай гастрофилез кеселі екені анықталған. Мамандардың айтуынша, бұл жылқының асқазан-ішек жолдарына түскен құрттың көбеюінен пайда болатын ауру.

Қазір өңірде мал ауруы сейіліп, жылқы өлімі тоқтаған. Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аудандарда ауру малдарды емдеу жұмыстары жасалып жатыр. Жалпы аймақта наурыз-сәуір айларында Исатай, Құрманғазы, Махамбет аудандарындағы онға жуық ауылдан 211 мал ауруға шалдығып, оның 80-ге жуығы өлген. Бұдан 56 жеке тұрғын мен 5 шаруа қожалығы зардап шеккен. Дегенмен індет ошағы толықтай жойылған жоқ.

Атырау облысындағы жылқының жаппай ауруы тоқтады. Ғылыми зерттеу ветеринария институтының қорытындысына сәйкес жылқылар гастрофилезбен ауырған. Бұл ағзаға түскен құрт. Ақпан айында аурудың клиникалық белгілері пайда болған. Ал наурыз айында өршіп, тағы басқа гельминттермен қосылып, әбден әлсіреген жылқылар арам өлген. Яғни бұл гастрофилюстің былтырғы генерациясы. Енді осы ауру жылқылардың нәжісімен құрттың жұмыртқалары жайылымға, қора-қопсыға таралды. Бұл өте қауіпті. Салдарынан күз айларында, не келер жылғы көктемде мал қайта ауруы мүмкін. Сондықтан малшылар төрт түліктің емдік шараларына аса мән берулері керек, – дейді ҚР Ауыл шаруашылғы министрлігінің бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев.

Алайда атыраулық малшылар зерттеу институтының нәтижесіне күмәнмен қарайды. Бұрын-соңды малдан мұндай ауруды көрмегендерін айтады.

Бір үйір жылқым түгел өлді. Алдымен екі артқы аяғын баса алмай құлайды. Кейін жем-шөп жеместен жатып қалады. Сөйтіп, арам өледі. Меніңше мамандар айтқан құрт ауруы емес, қандай да бір радиация болуы мүмкін. Екпе жасалмаған деп жатыр. Бірақ өмір бойы жылқы өсіріп келемін. Вакцина салып көрмедік. Дегенмен елмен біргеміз. Аурудан аман қалғанын  егіп жатырмыз. Сондай-ақ, бізге қиын боп тұрғаны індеттен өлген малға үкімет тарапынан өтемақының төленбеуі, – дейді Исатай ауданы тұрғыны Бораш Есенов.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облысындағы жылқылардың ауруы аса қауіпті жұқпалы аураларға тән емес. Сондықтан өтемақы төленбейтінін айтты.

Жылқытанушы-ғалым Қайрат Исхан гастрофилез ауруы әр аймақта кездесетінін айтады.

Қыстан арып шыққан малға түскен бөгелек құрт көбейеді. Сөйтіп, көмекейге қарай жылжып, паразитке айналады. Сол кезде жылқы ауруға шалдығады. Сондықтан малды тым арықтатып алуға болмайды. Бірақ жылқы малы қолға қарамайды. Қысы-жазы далада жүреді. Малшылар жылқыларын жылына екі рет паразиттік құрттардан тазартып отыру керек. Яғни, екпе салдырулары тиіс. Қазір дәрінің сан түрі бар. Сонда малдың қонымдылығы, асқорыту процесі жақсы жүреді. Кәсіпке шығын келмес еді. Мұны мал дәрігерлері шаруаларға түсіндіру қажет. Өзім жылқытанушы ретінде осы шаруашылықпен айналысатын шаруалардың көптеген әлеуметтік желідегі топтарында бармын. Мал ауруның алдын алу бағытындағы бар білгенімді айтып отырамын. Малшылар мамандардың кеңесіне құлақ асулары керек, – дейді Қайрат Исхан.

Дейтұрғанмен ғалым Атырау өңіріндегі жылқы малының ауруын жіті зерттеу керек дейді. Ғылыми-зерттеу институты мамандары өз сараптамаларын жария еткенмен малшыларда әлі де болса күдік барын айтады. Сондықтан мұны патологоанатом, паразитолог, эпизоотолог, вирусолог, микробиолог және жылқытанушы ғалымдардан құралған топ қолға алуы тиіс. Әлбетте бұл зерттеу жұмыстарына мемлекеттік қолдау қажет.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу институтының бір топ ғалымы Атыраудағы жылқы малының ауруы туралы өз арамызда пікірталас болды. Ол жерде паразитолог, эпизоотолог, вирусолог, микробиолог, патологоанатом, жылқытанушы ғалымдар бар. Барлығы да бұл ауруды басқаша зерттеп көрейік деген еді. Алайда бұған мүмкіндігіміз болмады. Оған үкімет тарапынан қолдау керек. Ғылыми зерттеу институты паразиттік ауру деп танып отыр. Клиникалық белгілері расында ұқсас. Бірақ басқа да себептер болуы мүмкін. Әлі де патологиялық анатомиясы толық зерделеуі тиіс. Ол үшін ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі осы құрт ауруына қарсы вакцинаны тегін жүргізуді ұйымдастыруы тиіс, – дейді ғалым.

Айдана Дидар,

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!