Шеңгелбай қасқа. «Қостанай қасқа»

1612

(Деректі әңгіме)

Тоқаңның күдігі дәл келді. Тауға барған асыл тұқымды айғырлардың тек біреуі ғана үйір ұстап, табиғат заңына көндіге алды. Ақан аға мен Жүкейдің қарамағындағы екі айғыр күзге жеткенімен, қыстан шыға алмай арам қатты. Тек Әнуарбек ақсақалдың ғана қарауындағы Жирен айғыр, қарт жылқышының қалт жібермей қадағалауымен үйірге түсіп, айғырлық етіп қалды.Ал көндіктің сауын биелерін қайырып, айғырлық етіп қалған «Қостанай қасқа» атап кеткен жирен қасқа айғырды Тоқаң көзінен таса қылмай, үнемі өзінің бақылауында ұстады. Қанша дегенмен ұлы әкесі «Әжіке» қажыдан бері келе жатқан, босағасынан бәйге аты үзілмеген әулет емес пе, өзінің меншік жылқысының тұқымы «Көкжал» биесін осы айғырға қосып, қайтсе де бір жүйрік құлын алу, сыралғы жылқышының әу-бастан жоспарында жоқ емес-ті. Құдай бұйырса құлын да алар, тек артын қайырлы қылсын деп іштей тілеу тілейді. Кәркестен әрі қарай шыққанда біздің «Бозай» шіліктің күн шығыс жағы, сазданып сонау көз ұшындағы «Қазақстан» фермасының шөп жинайтын «сенавазына» дейінгі аралықты бірыңғай сөлі нәрсіз, өлең шөп қаптай өсетін еді. Совхоз трактористері жылда шапқанымен осы бір бор топырақтың дегдігенін бір көрмедік. Керісінше «Бозай» шіліктің күн батыс жағы» Жәжәңнің Қызылқорасынан «Көңмолаға» қарай аралық тағы алаңқай, ат аяғын аттатпайтын қалың томар сазды болып келетін де, Қарашеңгелге тура шығатын қалың шиді қақ жарып өтетін ұзын жолдың бойы қысы-жазы малға айтарлықтай пана болатын. Тоқаң көбінде жылқысын солай қарай салатын. Аяқты мал бір орнында тұра ма, кейде көл асып, кейде қыр асып талай сабылтқан еді.

Шеңгелбай қасқаны жетелеген Сайлау Қараханов, шабандоз — ұлы Ержан

Жер жағдайын жақсы білетін Тоқтақын аға, мезгіл-мезгілімен, көндіктің жылқысын бірде қырға шығарса, бірде Деңгелбай, Башықпайға дейін, тіпті Лениннен өтіп көл жағасына дейін жусатып жүретін.

Күні келіп Көкжал биенің күйлеп тұрғанын көріп, «Қостанай қасқа» айғырға тоқтатып, өзінің жіті бақылауында ұстады. Қыс кетіп көктем шыққанда «Көкжал» биесінің айы-күні жақындағанын сезіп, ұлдарына, көмекшілеріне «Көкжал» биені көзден таса қылмаңдар деп тапсырды. Тіпті Кәмаш апайға дейін ескертіп кететін болды.

Міне қар кетіп, күн жылына салысымен сәуірдің соңына қарай, мамырдың басында «Көкжал» бие де құлындап, төрт аяғы ала, маңдайында жалпақ келген жолақты қасқасы бар, көздері ботадай мөлдіреген, жұмыр тұяқ, сүп-сүйкімді жирен қасқа еркек құлынды жарық дүниеге алып келді. Енесінің желінін еркелей емген қасқа құлынын құрсағы құтты «Көкжал» бие емірене иіскеп, бауырына қыса түсті. Бұл 1980 жылдың мамыр айының басы болатын.

Он күндей үйінде ұстап, аяқтандырып барып, буыны бекіген соң «Көкжал» биені құлынымен қоса «Қостанай қасқа» айғырдың үйіріне қосып жіберді. Жаз өтіп, Күз келгенде, қасқа құлын өзі қатарлас туған жабағылардан әлдеқайда бойы биік, бітімі сұлу бірден көзге түсерліктей мүсінді болып құлпырып шыға келді.

Көкжал биенің аман-есен құлындап, еркек құлын туғанын Амантай аға, Тоқаңнан алғашқылардың бірі болып естіп, Кәркеске келіп көзімен көріп те кеткен.

Қасқа құлын құнаннан асып, дөненге шыққанда тұрпаты тіптен сұлуланып, маңайдағы қысырақтарға маза бермей, айғырлығы ұстап, асау мінез көрсетіп, өзгеріп сала берді. Осы кезде әрбір ойдан күдіктеніп секем алған Тоқтақын аға: «Әй, бұдан айырылып қалуым мүмкін»-деп көршілес «Қазақстан» фермасында тұратын сыралғы досы, мал дәрігерлік саласының жетік маманы, Түсіпов Рахымбек ағаны шақыртып, жағдайын айтып, жартылығын қойып қасқа дөненді піштірді де тастады. Жынын алған бақсыдай, қасқа дөнен жуасыды да қалды. Әйтеуір ұлдарға дөненнің сулы жерге жатып қалмауын тапсырып, үлкейіп кеткен умасының ісігі қайтқанша қатаң бақылауға алды. Сөйтіп қыс өтіп, көктем келді. Күздей жақсы күй жинаған пішпе қасқа дөнен қыстай күтімде болып, көктемде жұнттай семіз әрі түгі құндыздай құлпырған шағы болатын. Амантай аға Тоқаңа келіп, енді қолқалай бастады.

— Тоқа, мына қасқа дөненді совхозға сатыңыз. Мен өзіме мініс аты ретінде алып, бәйгеге дайындайық. Бәйге аттың бағын ашайық әрі ауылдың атын шығарса, абыройы бәрімізге ортақ емес пе? — деп ойындағысын айтты.

Ішінен сатуға қимай тұрғанымен, тумаса да туғанындай болып, сыйласып-араласып кеткен інісінің бұл қолқасын тереңінен түсінген Тоқаң келісімін беріп екеу-ара өздері келіскен пішінде қол алысты. Амантай аға есепке жүйрік, қағазға, құжатқа өте сауатты адам еді. Тоқаңа алдымен ведомостқа қол қойдырып, содан кейін барып үлкен аттың құнына танитын «Лениннің» басы суреттелген қызыл он сомдықтардың бір бумасын қолына ұстатты. Ферма бастығы Жұман ағаймен келісе жүріп, өзіне мініс аты ретінде актілетіп алды. Өзі мініп, өзі суытып, қара күзде қатырып мініп, қыстай сылап-сипап баптады. Көктемде Тоқаңның өз қолына әкеліп табыстады. Кәркесте суытып, қырда терін алып, Тоқаң жарата бастады.

Ауыл халқы «қара жарыс» атап кеткен көктемгі ат бәйгесіне Амантай аға мен Тоқаң дөненнен, бестіге шыққан жүйрік қасқаны үкілеп алып келді. Тоқтақын ағаның екінші ұлы Сіләмбек қасқа аттың үстіне қонғанда, аты мен шабандозы тіптен жарасып-ақ кетті. Сләштің ұзын аяғы, тақымын қысқан кезде астындағы атының қабырғасын орап алатындай. Қолына қызыл тобылғы сапты, иі қанған жұмсақ сары қайыстан өрген төрт таспа ықшамды қамшысын алып, Сіләмбек маңайындағы шабандоздарға «Қәне! Маған жетіп көріңдерші» — деп, қолын шошаңдатып қояды.

Бұл жолғы бәйге өзіміз «Зайсан-Өскемен» бағытындағы тас жолдың жиегінде өтетін болыпты. Ойдан-қырдан жиылған малшы біткеннің бәрі үміттерін арқалап, бір-бір атын баптап, осы дүбірлі додаға жиылыпты. Бұл кезде «Крупская» өңірінде Трамвайдың (ел солай атап кеткен) бір жүйрік жирен аты бәйге бермей жүрген кезі еді. Амантай аға қасқа атты бұл бәйгеге «Орлик» деген атпен қосқан болатын. Кім біледі еркелеткені шығар бәлкім. Сіләштің тақымындағы сол Орлигі орынынан шыққан беттен құйындай ұшып, мәреге тіпті жеке дара келді. Он шақырымдық бәйгені тіпті шапқан құрлы сезбеді жануар. Трамвайдың жирені шаң қауып айдалада қалды. Қасқа аттың аяқ алысына таң қалып, таңдай қақпаған бір адам қалмады. Шыққан бетімен екпіндетіп, шабысына шабыс қосып, Сләмбек тіпті мәреден көз ілеспес жылдамдықпен құйындай орағытып өте шықты. Міне бұл «Қостанайқасқа» мен «Көкжал» биеден шыққан асыл тұқымды арғымақтың ауылдан басталған ең алғашқы жеңісі еді.

(Алдыңғы бөлімдері мына жерде. Жалғасы бар)

Аслан Ғафуров,
Шеңгелді ауылы.
Argymaq.kz

ФОТО: krasivosti.pro

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.