Шеңгелбай қасқа. Ауылға келген асыл айғырлар

2707

(Деректі әңгіме)

1979 жылдың сәуір айы. Жылқы тұқымын асылдандыру жолында совхоз, аудан, облыс басшылары, КСРО-ның ауылшаруашылық министірлігі мен бірлесіп бірқатар жұмысты ілгерілетіп-ақ жатыр. Қостанай облысының «Луговой» асыл тұқымды жылқы зауытында аймақтарға асыл тұқымды айғырлар, қаны таза қостанайлық биелер жоспарға сәйкес жан-жаққа жөнелтіліп-ақ жатыр. Сыбағадан құр қалмаған біздің «Крупская» совхозына да (қазіргі Қабанбай батыр ауылы) тиесілі төрт асыл тұқымды айғырды, арнайы совхоздың жүк көлігімен, сонау ит арқасы қияңнан ауылға алдырды.

Ферма меңгерушісі істің жайын, жұмыстың жөнін жақсы білетін Жүкең (Жұман Ибрагимов) бұл істі ферманың бас зоотехнигі, жылқыға жуық, атбегі Амантай Шеңгелбаевқа жүктеді.

Күндегі әдетінше таңнан ерте тұратын Амантай аға бүгін бірден жұмысқа бет алып, конторға кіре берісте қарсы жолыққан Жүкеңмен жылы амандасып, кешегі шаруалардың жөнін ақылдасып, «Қостанайдан» жолға шыққан асыл тұқымды айғырлардың аман-есен келгенін және соны қабылдап алу үшін, өз көзімен көріп қайтуға «Кәркес» қыстауына бірге баруын өтінді. Созхозға одан әрі аудан орталығына баратынын айтып, Жүкең жеңіл көлігіне мінді де асығыс жолға шығып кетті. Жасыл москвичіне міне салып Амантай ағада Шеңгелдінің шаңды жолын бұрқыратып Кәркеске келіп тоқтады.

Бір күн бұрын уәделескендей совхоздың жұмысшалыры төрт айғырды әкеліп, бас жылқышы Тоқтақын ағайдың ат қорасына түсіріп, шөпке қойыпты. Түгі түкті кілемдей түлеп, құндыздай құлпырған бірінен-бірі аумайтын төрт жирен қасқа айғыр көздің жауын алардай.

Бұл – Мәскеудің тікелей нұсқауымен Қазақстандағы жылқы тұқымын асылдандыру жолындағы алғашқы ірі жобалардың бірі болатын. Ол айтарлықтай нәтиже берді. Қостанай қанды жүйрік жылқылар, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай, өңірлерде қаптап шыға бастады. Ерекше күтімді талап ететін, асыл тұқымды айғырларды әры-бері айналып, қарап шыққан Амантай аға, Тоқаң мен ақылдаса отырып,

— Тоқа, сіз аттың жайын жақсы білетін адамсыз. Созхоздағыларға рахмет! Үкіметтің малын аман-есен қолымызға жеткізді. Жігіттердің жолдары болсын. Енді бұған үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Кімдерге бекітіп береміз, кімге сенуге болады? Ойыңызды айтыңыз — деді.

Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Тоқаң, ұзын бойы сораң етіп орнынан түрегеліп, қызыл шырайлы жүзіне қан ойнап, атты айнымай танитын отты көздерімен төрт айғырдың оң жақ, сол жағына шығып, сынай әрі сүйсіне қарап, былай деді.

— Амантай, атты өзің де жақсы білесің. Менің көзім алдамаса, мына келген айғырлар, кілең арғымақтар екенін сыртқы сыны ғана емес, мінез-құлқы да айтып тұрған жоқ па? Соншама ұзақ жолдан жүк көлігімен, жол-жөнекей дұрыс тамақтанбай, иіні қанып су да ішпей, жол соқты болып келген жылқы, бір түнде, жылдам ес жиып, таңнан бері міне, жер тарпып тұр.

— Иә, Тоқа, оны өзім де байқадым.

— Байқасаң, Амантай, былай істе. Бұларды бізге тауға жіберіңдер, үйірге қосыңдар деп отыр ғой — деп, сұраулы жүзімен ұзын мойынын бұра қарады.

— Иә, тапсырма дәл осылай, үйірге салуымыз керек.

— Онда екеуін тауға жібер, екеуін ауылда алып қалайық. Бұлар зауыттан шыққан жылқы, Тарбағатайдың тау-тасында ит-құспен алысып, үйір ұстау «клеткадан» шыққан жылқыға оңай тимейді. Ертең өлтіріп алсақ, қол-аяғын сындырып алсақ, обал болмай ма?

— Иә, Тоқа! Ондай да қауіп жоқ емес. Екеуін бірдей алып қалсақ, екеуімізді де қызметімізден қуып жүрер. Сондықтан мен Жүкеңнен рұқсат сұрап, біреуін алып қалуға тырысайын. Қалғандарын қайткен күнде тауға апаруымыз керек. Ол – одназначонна — деді бас зоотехник орысшасын қоса сөйлеп. — Кімдерге табыстаймыз, Тоқа, міне мәселе осында?

— Жақсы Амантай. Онда бас жылқышы Көпірбаев Әнуарбек ағаны білесіз, жылқы жайына жетік. Ұлы Жұмабек те атқұмар, өте малсақ жігіт. Асаудың құлағында ойнайды. Екі айғырды сол кісіге, ал біреуін сол кісінің көмекшісі Қытайдан келген, әлгі Қызыл-Сейіттің жиені Байғалиев Ақанға бергіз. Ақан да аттың жайын жақсы білетін адам ғой, ұятқа қалдырмас.

Міне бағанадан бергі ой-санасында жатқан сансыз сауалдардың жауабы, табан астынан табылғанына Амантай аға жадырай күліп, конторға қарай келген жолымен кері қайтты. Кешкісін ауданнан оралған Жүкеңе арнайы барып, өз жоспарымен бөлісті. Клекеңнің (Клара апай) иісі мұрын жаратын «индийский» шайынан сораптап отырып, мол дастарханынан аздап дәм татып, Амантай аға ақырын ғана, баппен ойын ортаға салды.

— Жүке, асыл айғырларды қабылдап алдым. Енді сіздің тапсырмаңызға орай тауға жібереміз. Бас жылқышы Әнуарбек ағай мен оның көмекшісі Ақан Байғалиевқа міндеттеймін.

— Өте дұрыс, Амантай. Әнеш аға, жауапкершілігі зор, ұяты, ақыл-парасаты биік адам. Жылқыны да жақсы бағады. Білесің бе? Ол кісі мына Қарасу совхозының жылқысынан «Шеке» деген атты, тырдай арық кезінде танып, орынына мініске мықты бір атын беріп, ауыстырып алып, содан күтіп, баптап әлгі аттан бәйге ат шығарғанда, бүкіл қарасулықтар біздің ат деп бәйгесіне таласа жаздады емес пе – деп, Жүкең кеңкілдей күлді.

Осы көңілді сәтті пайдаланып, Амантай аға назарын тура бұрып,

— Жүке, үш айғырды «Қызылқайыңға» қоя беріп, біреуін фермада алып қалсақ, қалай қарайсыз? — деді.

— Неге? – деп, жұлып алғандай Жүкең жалт қарады.

— Кім біледі? Зауытта клеткада күтімде ғана тұрған мал, тауға барып тасырқап жүре алмай қалмасына кім кепіл? Төртеуінен бірдей айырылып қалсақ немесе өлтіріп алсақ қайтеміз деген қауіпте жоқ емес. Мына жерде көзіміздің алдында, көндіктің үйірінде, Тоқаңның жауапкершілігінде болады – деп, өтіне сөйледі.

Бауырының бұл өтінішін аз-кем үнсіздікпен тыңдай отыра, ферма басшысы Жүкең, толқынды шашын салалы саусақтарымен қайыра тарап, жүзі сәл нұрлана түсіп, былай деді.

— Жақсы, солай-ақ болсын. Бірақ, Амантай, ұмытпа, таудағы, ойдағы, қырдағы малдың жауапкершілігі өзіңде болады – деп шегелеп тұрып айтты.

— Жақсы, Жүке! Алаң болмаңыз. Ал, жеңеше, рахмет – деп дастархан басынан көңілді көтеріліп, таяқ тастам жердегі үйіне қарай бет алған бас зоотехник, ойындағы шаруасының оңай шешілгенін ойлап, жүз жадырай түсті.

Ертесін Тоқтақын ағаның үйіндегі таңғы шайдың үстінде, Кәмаш апайдың дастарханынан дәм татып отырған Амантай аға кешегіденде көңілді болатын.

— Ал, Тоқа! Рұқсат алдым. Енді ЛСП-дағы Қараханов Қазбек ағаның ұлы, мал дәрігері Сайлау бауырымызды шақыртып, айғырлардың денсаулығын бір тексертіп, актілеп «Қызылқайыңға» қоя беруіміз керек.

Ал бұл кезде Тоқаңның өз ойы, өз ішінде, үнсіз отырған болатын. Енді ғана естігендей басын тіктей көтеріп алды.

— Ия, Қазбек аға мен Бикен апай да бір жақсы адамдар. Сайлауды мал дәрігерлікке оқытып, үнемі жанында ұстап, жақсы, малсақ жігіт қылып өсірді. Келін де бір мың болғыр бала – деп, Тоқаң сабырлы қалпымен сырттай ризашылығын білдірді.

— Сонымен қай айғырды қалдыратын болдыңыз басеке? — деп, көңілді, көтеріңкі дауысымен әзілдей тіл қатты.

— Ал, онда жүріңіз, барып таңдайық төртеуінің біреуін – деп, Амантай аға сыртқа қарай бет бұрды.

Саман кірпіштен соққан қораның алдында қостанайлық асыл айғырларды, Тоқаңның көмекшілікке жарап қалған ұлдары – Асқар мен Сләмбек бірінен кейін бірін жетектеп алып шығып көрсетіп жатыр. Өзгелерінен бойы мен денесі жағынан сәл кесектеу төрт аяғы түгел ала, Жирен қасқа айғырды алып қалатын болып шешті. Осы шешімді Тоқаңның ұлдарыда қостап, қуанып қалды.

Межелі уақытында ЛСП-дан мал дәрігері Сайлау да келді. Атын байлай сала, аға үйінен бір-екі шыны шайдан дәм ауыз тиіп, атқораға қарай беттеді. Айғырларды бажайлай қарап, тегіннен ат танитын Сайлау мыналарды көргенде, көзі тостағандай болып, шынымен сүйсіне түсті. Тоқаңнан айғырлар тауға кетеді дегенді естіп, «зауыт жылқылары ғой, тауда жүре алар ма екен?» — деген өз күдігін жасырмады…

(Жалғасы бар)

Аслан Ғафуров, Шеңгелді ауылы,

Argymaq.kz

ФОТО: krasivosti.pro

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.