Қарлығаш Рамазанова: Оңтүстіктің мықтылығы өзге өңірдің жетістігін байқатпай келеді

1422

Астана қаласында 4-10 қыркүйек аралығында өткен ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі аяқталды. Осы орайда жарыстың бас төрешісі, РМҚК «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова пікірімен бөлісті.

— Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальді Астана қаласында өткізуге не себеп болды?

— 2019 жылы V ұлттық фестивалі Ақтөбе қаласында өткен соң, эстафета Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлға берілді. Алайда ол жақта ипподром жеке меншіктің қолында болғандықтан, мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Сондықтан ипподром талапқа сай келмеді. СҚО тарапы министрлікке өткізе алмаймыз деген соң, 2 айдың ішінде жаңа жерді іздедік. Алғашында ипподромы жақында ғана ашылған Шымкент қаласына қолқа салдық. Олар құжат жағынан мәселе толық шешілмегендіктен, бас тартты. Нәтижесінде Астана қаласы қабылдай алатындығын айтты. Дегенмен, ұлттық спорт фестивалі біткеннен кейін, бұл ипподром келесі жылы өтетін көшпенділер ойындарының талабына сай болу үшін, жөндеу жұмыстарына жабылады.

— Келесі 2027 жылы болатын Ұлттық спорт фестивалі қай қалада өтетіндігі белгілі болды ма?

— Ұлттық спорт фестивалін өткізуге ипподром қажет. Біз мейлінше инфрақұрылымы бар, лайық деген облыс орталықтарымен сөйлесіп, анықтаймыз. Ал ең кейінгі салынған ипподром Шымкент қаласына тиесілі. Ол жерде алаңы кең, көрермендер мен қатысушыларға тамақтанатын арнайы бөлмесі, бәйге мен көкпар өткізе алатын аймағы бар. Сол себепті, 2027 жылы фестивальді Шымкент қабылдайды.

— Биылғы фестивальде қатысушылар неше спорт түрінен бақ сынады? Алдыңғы жарыстарға қарағанда өзгеріс бар ма?

— Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша ең мықтыны анықтады. Бірақ үнемі 11 спортпен қатып қалмаймыз. Мысалы, бұған дейінгі фестивальдерде 7 кейін 8 спортта жүлдеге таласса, 2019 жылы Ақтөбеде 10 спортқа өсті. Биыл дәстүрлі садақ атуды қостық. Неге? Себебі, бұл спортқа деген қызығушылық қоғам тарапынан өсіп келеді. Дәстүрлі садақ ату 2021 жылы тіркелгенімен, 2 жыл ішінде 2 рет Қазақстан чемпионатын өткізіп үлгерді.

— 2019 жылы өткен спорт фестивалінде Түркістан облысы мен Астана қаласы алғашқы орындарды алды. Осы жолы да көрініс қайталанды?

— Астана қаласында аяқталған ұлттық спорт фестивалінде 11 спорт түрінен жалпы есепте Түркістан облысы (574 ұпай) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Астана қаласы (549 ұпай) алса, үздік үштікті Жамбыл облысы (460 ұпай) түйіндеді. Жасыратыны жоқ, дәл қазір Түркістан облысы ұлттық спорттың отаны болып тұр. Жарыста өнер көрсетіп жатқан өзге облыстардың сапында оңтүстіктің тумаларын жиі кездестіріп жатырмыз. Неге? Өйткені, кей азаматтар оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасына қатысқан. Өзгелері басқа облыстарда тіркелген. Солтүстік облыстардың өздерінің спортшылары да бар. Бірақ оңтүстік облыс дәстүрді берік ұстанатындықтан, қарсылас шыдатпай тұр.

Ал Астана командасы командалық бәсекелерде жақсы өнер көрсетті. Осы жолы командалық жарыста көкпар, асық ату, тоғызқұмалақтан бақ сынады. Бір ерекшелігі, командалық сайыста жеңсең, 86 ұпай беріледі. Ал жеке сында 43 қана ұпай беріледі. Олар тек көкпарда ғана 4-орын алды. Қалған екеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондықтан Астана қаласы 2-орынға табан тіреді.

— Ал ең әлсіз облыс атағы кімге бұйырды?

— Өкінішке қарай, жаңадан құрылған Абай облысы соңғы 20-орынға жайғасты. Себебі, облыс бөлінген сәтте кей спортшылары ШҚО командасына кетіп қалды. Осы жолы олар 3 спорт түрінен ғана жүлдеге таласты. Жалпы барлық облыстар ұлттық спортты дамытуға әрекеттеніп жатыр. Алайда Оңтүстік өңір ешкімге дес бермегендіктен, басқа облыстардың даму қарқыны көзге білінбейді. Мысалы, биылғы фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты. Ал 4 жыл бұрын Ақтөбеде қатысушылардың саны 900-дан астам болған еді.

— Ұлттық спорт фестивалі қашаннан бері ұйымдастырылып жатыр?

— Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін құндылықтарымызды жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Осыған орай, ұлттық спорт фестивалі 1999 жылы алғаш рет елорда төрінде жалауын көтерген. Дегенмен, ол кез бен қазіргі сәтті салыстыруға келмейді. Себебі, инфрақұрылым нашар, ұйымдастыру деңгейі төмен, нақты ереже бекітілмеген болатын. Артынша фестиваліміз Қарағанды, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өтіп үлгерді.

Қанат Байұзақов,

elorda.info

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.