Қимадиден НЫҒЫМАНОВ. Бежудің Бәйгеторысы
Қимадиден Нығымановтың Жақсыбай абыз туралы «Атырау» атты туындысының қолжазбасында Бежудің Бәйгеторыны қалай сатып алғандығы туралы да жазылған. Сонымен…
«Ауылдың енді қалған еті тірісі Бежу ағасы малсақ, жасында жетім өскен адам еді. Кәсіпті жақын жердегі Песчан қамалына отын апарып сатудан бастаған. Ақырында адал еңбегімен алдына мал салып, қатын алған інісі Тоғжанды Далабайдың жесірі Жанкүміске үйлендірген. Далабайдың құны елу жылқы Байқұттының жылқысынан төленген. Жанкүмістің қалың малы қырық жетіні Бежу төлеп, Жанкүмісті інісі Тоғжанға әперген.
Бежудің бар мақсаты бір бәйге атына тақым басу еді. Бабақ жылқысын түгел көз алдынан өткізгенмен көксеген бәйге атын таппады. Ағайын көрші елдің жылқысын да аралады. Жаналының Қара аты, Есеттің Көктұйғыны, Молдабайдың Көк дөнені деген жүйріктерді де көрді. Олар талай бәйгеде жүлде алған жүйріктер болатын. Осы мақтаулылардың бәрі де сынына жарамай қалды. «Бежу бәйге атына ие болуы керек» деген оймен арнайы айлап араламаған жылқысы жоқ. Есін жинап, етек жапқалы бері «менің бәйге атым болуы керек» деген арман құшағында жүрді. Осылайша құмар болған бәйге атына кезікпей қырық екі жасқа келді. Кездеспесе де, күдер үзбейді. Бежу бір күні жатар алдында білетін ата-бабасының барлығына сиынды. Жылқы пірі Қамбар атаға жалынып барып ұйқыға кетті. Ұйқыда жатып көрген аяны бойынша, «бір бәйге атын Бұқардың пұл сататын саудагерінің дүкенінен мініп шығып, жарысқа түсті де, күллі сәйгүліктерден озып кете барды. Құйғытып шауып келеді екен. Алдында да, артында да еш қара жоқ. Онымен жарысқан аттардың бәрі шаңына да ере алмай қалған. Бөрігін қолына алып, ауылына «Барлыбайлап» шауып бәйгеден озып келе жатқан» тұсында өз дауысынан өзі шошып оянып кетті. Тұра сала ішінен күбірлеп «иә, аруақ» дей берді. Ол ойын да, сырын да ешкімге айтқан жоқ. Құдды бір айтса қолынан біреу тартып алатындай.
Таңғы шәйін ішіп алғаннан кейін атын ерттеп алып өзі білетін Бәйгел ауылындағы Бекнардан әка саудагерге тартты.
Соңғы күндері Бежу сарт саудагердің дүкеніне келіп, іштегі орындаққа жайғасып алып, дүкен жабылғанша келген-кеткен аттардың пошымын қарайды. Сынына толтыра алмаған Бежу сол қалпында отыра береді. Осылай бірнеше күн қатарынан отырған ол түс көргеннен кейін бір апта уақыт өткен соң дүкенге жабайы киінген екі жігіттің келгенін байқады. Сәлемін алғаннан кейін, тысқа шықса бір жуан қарын құла бие мен тісеу болып қотырдан жүні қырқылған арық торы тайдың тұлғасы көзіне оттай басылады. Тайды айналып көріп, дүкенге қайтып кірсе екі жігіт әр бұлды бір көріп тамашалап жүр екен. Мынаны аламын деп айтпайды. Тегі ақшалары, не айырбасқа малдары жоқ. Кедей жігіттер екен. Сырттарынан белгілі болып тұр. Бежу әңгімені өзі бастады.
-Анау қотыр тай қайсыңның малың?
-Біздікі, оны неге сұрадыңыз, таныдыңыз ба? – деді үлкендеуі.
-Иә таныдым, танығанда қандай, соны сатып алайын дегенмін, маған сатыңдар қарақтарым, — деді Бежу.
-Сіз құмартсаңыз бағасын асырып төлеңіз, кедейге артығы жақсы, — дейді әлгі жігіт.
-Тайыңа анау мен мініп келген қара атты ал, тағы не сұрайсың үстіне, — деді Бежу шын саудаға кірісіп. Тайдың иесі жас жігіт Бежуге бір, жолдасына бір қарап не дерін білмей састы. Ол елде кедейдің жалғыз атын жала жауып аударып алатын әлділер көп, солардың бірі ме деп те ойлады.
-Ағатайжан-ау, екі жыл жалданып жүріп орыс қолынан еңбегіме алып едім, тіпті қазақ ауылының жылқысы емес, — деп жалына сөйледі.
-Бәсе, — деді Бежу. – Бөтен тұқым мал екенін көріп тұрмын, тек сат қарағым, мінуіңе осы күрең жарайды. Ал сауыныңа бір құлынды бие қосам, ал тағы не сұрайсың, айта бер.
Жігіттер өтірік-шынына жете алмай сасып қалды.
-Рас қарағым, тағы не сұрайсың, айта бер, — деді Бежу қыспақтап.
-Бұл жігіттің өзі кедей жігіт, үстіндегі жамау киімі мынау, — деді жанындағы екінші жігіт сөзге араласып.
-Әй, сарт, өлше мынаған бір шапандық бұл, — деді Бежу іркілместен.
-Тағы не сұрайсың, іркілме қарағым.
-Мұның үйінде қарт шешесі, бой жеткен қарындасы бар еді, — деді тағы да ана жігіт.
-Анасына бір көйлек, бір жаулықтық бұл кезде, қарындасына ана биқасаптан бір камзол, нарт қызыл сәтеннен бір көйлектік кес, — деді Бежу мырзалықпен.
Сұраса жаны қалмай артығымен өлшейтін саудагер айтқан бұлдарды кесіп дайындап берді.
-Тағы не аласың? – деді Бежу.
-Ағажан-ау, шын айтасыз ба? Осының бәрін бересіз бе маған, — деді тайдың иесі.
-Атың кім қарағым, — деп сұрады Бежу сәл кідіріп.
-Атым — Ахмет.
-Ә, бәсе, атың Құдайдың аты екен ғой, қарағым мына бұлды алдағы, ана атқа мініп үйіңе бар. Сосын келіп құлынды биеңді алып кет. Ахмет атыңа соғым боларлық құр атты тағы сыйладым. Тек осыған риза бол, көңілің толмаса тағы сұра, — деді Бежу.
-Ақсақал осының бәрі шын болса, осы алғаным да жетеді, — деді Ахмет.
-Олай деме қарағым, маған да Құдай бергізіп тұрған шығар, саған да Құдай кез қылып тұрған шығар. Көңіліңде барын айт, қапы болма, тек шын көңіліңмен сат маған, — деді Бежу.
-Шын көңіліңізбен берсеңіз, соған ризамын, — деді Ахмет ілтипат танытып. Қасындағы жігіттің Ахметті түртіп қалғанын Бежудің көзі шалып қалды.
-Әй сарт, мына жігітке де астарымен бір шапан кездеші. Сен саудамызға куәсің, — деді Бежу оған бұрылып. Бекнардан ака құлдыраң-құлдыраң етіп оны да өлшеп, жыртып тастады. Шотын қағып-қағып есептеген болып:
-Отыз жеті тоқты қойдың құны, ака, — деді.
-Жарайды, айдап әкелдірем, міне залогы, — деді Бежу белдегі кісесін алдына салып.
-Ақсақал құлынды биеңіз бен құр атыңызды қазір ере барып өзіңізбен ала кетсек болмай ма? – деді жаңағы пысық жігіт.
-Ол да болсын, жүріңдер. Олар бұлдарын алып, қунақтарын толтырып тысқа шықты. Бежу қаракердің Ахмет торы тайдың ерін алды. Сауда сақал сипағанша, сатып алған аттың жүгені жаңа иесіне тиесілі. Олар ертоқымын ауысып ерттесті. Бежудің күмістеген жүгені аттың басында кететін болды. Қотыр тайға қолы жеткендігіне қуанған ол жүген туралы тіпті ойға да алған жоқ. (Ел ішінде Бежудің: «Бәйгеторының құнында тек қана жүгенім той иесінің жүгенінен артық еді, әйтпесе өзге бағасын алды, — деген сөз бар.)
-Аға, бір сөз сұрауға бола ма? – деді Ахмет Бежуден.
-Е, неге болмасын, сұра.
-Осы тайға неге осыншама артық баға төлеп алып жатырсыз. Мына астымдағы аттың өзі де көп қой андағы тайға.
-Әй, қарағым-ай, мен жаман тай алып жатырмын ба? Мен Бәйгеторыны сатып алдым ғой, — деген Бежу біссімілләсін айтып армандаған атына қонды. Екі жігіт бірге ере жүрді.
-Олай болса Бәйгеторыңызбен жарысайық, — деді әлгі қу жігіт.
-Жарыссақ жарысайық, — деп Бежу төбесі көрініп тұрған ауылға қарай астындағы тайды тебініп, айқайлап, қамшысын аспанға бұлғап, тікірең-тікірең шаба жөнелді. Екі жігіт біраз ілесіп отырып, ақыры қотыр тайға жете алмастарын түсініп, аттың басын тежеді. Құр қуғаннан қайыр жоқ еді. Бежу далақтап үйінің қасына шауып келіп:
-Бәйбіше бармысың, шақыр балаларды. Бәйгеторы сатып алдым. Бәйге торы, — деді. Соңынан ілесіп біраз уақыттан кейін келген екі жігітті ақсарбасымды жейсіңдер деп жібермей, қой сойып, қонақасы беріп, қондырып сыйлайды. Ертеңінде екі жігітке бір құр ат пен бір құлынды бие ұстап беріп аттандырып салады. Отыз жеті тоқтыны айдатып апарып сарттан құтылды.
Сөйтіп торы тайды кермеге байлап қойып сабынды сумен өне-бойын жуып, саумалмен суарады. Біраз көтерілгеннен кейін арық торы мен торы тайды қорыққа әкеп салды. Мен Бәйгеторыны сатып алдым деп елін жинап, ақ боз байтал сойып құрмалдық берді. Міне осындай уақиғалар болып өткен кезде алты ай 12 күн жол жүріп Бұқарға кеткен жігіттермен Жақсыбай абыз келді» — деп жазады Қимадиден Нығымановтың Жақсыбай абыз туралы «Атырау» атты еңбегінің қолжазбасында.
Бежудің қолына Бәйгеторының қалай түскендігі туралы мынадай да әңгіме бар. Желдей ескен жүйріктерге құмар атбегі Кенжебай руының бір адамының астынан дөнен ақалтекені көріп, маған сат деп жабысады. Ол жалғыз атын не құн берер екен деген оймен сатпай қояды. Көзінің құртын жеген қылқұйрыққа қолы жетпей Дауылбайды жайлаған жылы Көктоқалға қызылжарлық сарт саудагер қызын ұзатар алдында жасауына қажетті дүниелерді сатып алуға келіпті. Ол кезде «ішіктен 22 кез, тыстықтан 15 кез, бір тұсақ» деген сауда болып тұрады екен. Бежу дүкенге барғанда дөнен торыны көреді де сат деп жабыса кетеді. Саудагер болса мініп жүрген мына күрең төбел атыңды беріп, жасауға қажетті заттарды алып берсең, қалаған атты сатамын деген шарт қойыпты. Бежу мырза қыз ұзатар дүниені түгел әперіп, 22 тұсақ берешек болады. Айырбастап алғаннан кейін 42 тұсақ алсаң да беруші едім деген екен. Армандаған арғымаққа тақымы тигенге қуанып, үйге басындағы бөркіне дейін шешіп жалаңбас шауып келіп:
-Жәудіркөз, Жәудіркөз, әкел қойды, сой ақсарбас, Құдай берді, қолға түспей жүрген ат еді, — деп үйді айналып шаба беріпті. Атты алған саудагерге және бір соғым беріпті. Бір жыл бойы бір таймен қатар қазөтіге салып атты оңалтады да, тайды сойып халыққа таратады. Бәйгеторы ат берген сүтті ішпей, тірісінде тісін көрсетпей өткен екен жарықтық. Бежу бәйге атына сұлыны сүтке бөртіп берген екен.
Қимадиден ақынның баянауылдық Мағзұм молдадан, атбегінің немересі Сәбит Нұрпейісовтен және өз әкесі Нығыманнан жазып алған әңгімесі бойынша Қараөткелде съезд ұйымдастырылып, соның құрметіне үлкен бәйге болған екен. Қараөткел дуанына жиналған үш дуан елдің съезі 14 күнге созылыпты. Сонда 15 ұлық ел үлкені Иван Семенович Горбочев болыпты. Қаралған мәселе оқ шығармай қазақты дуанға бағындыру. Ұлықтардың күзетінде 150-дей әскері, 20 пушкасы, көптеген қару-жарақтары болыпты.
Ат бәйгесі Көкшетаудан 70 шақырым жерден жіберіліпті. Бәйгеге тоқсан ат шапқан. Бежудің Бәйгеторысы алдымен келген. Сыншы Бежу бәйге аттарын аралап жүріп:
-Бәйгеторы бір аяғы сынса үш аяғымен болсын бәйгені алады, — деген екен. Айтқанындай Бәйгеторы көп аттың ішінен көмбеге алғашқы болып келіпті.
Күреске бұрын бас бәйгені алып жүрген түйе палуан деген балуанды (түйе бастатқан үш тоғыз бәйгені алған палуанды түйе палуан деп атайды) Алпыс жығады. Жыққанда солақай көп үйіріп жүріп барып оңқай бұрап соққан дейді. Түйе палуан намыстан болса да денесі ауырса да сол орнынан тұрмай, жатыңқырап қалған екен. Сөйтіп Алпыс алғашқы күресінде Ақ нарға мінген жетім қыз алыпты.
Полковник Иван Семенович Горбачев:
-Қазақта да мұндай кіршіксіз ақ кісі болады екен, — деп Алпыс атын қағазға жазып алыпты дейді. Бежудің немересі Сәбит Нұрпейісұлынан жазып алынған деректерге қарағанда, аталмыш бәйге 1840 жылы өткен. Бәйгеторы ол кезде он екі жасар ат екен.
Бәйгеторымен қасқыр соғу
Бежу Бәйгеторымен іш жақта жүріп қасқыр аулайды екен. Уақ ішінде Құрмантай-Қаракүшік-Тұнақ, Әлі деген екі бай болады (Майке байдың үйі деген де нұсқа бар). Соның Тұнағының үйіне түсіп ас ішіп отырғанда:
-Сенің қасқыр ішігің жоқ па? — деп сұрайды Тұнақ кекесінмен.
-Ертең менімен еріп шық, мен саған бір ішіктік қасқыр соғып берейін, — дейді Бежу. Олар сенбей ереді. Айнала із кескенде 7-8 қасқырдың қопаға кіргенін байқайды. Бежу Шөркені бауырға жіберіп, өздері өрге ауысып қасқырға айғай салып шошытып алады. Сонда 8 қасқыр шұбала қашады. Бәйгеторының үстіндегі Шөрке екі соқпайтын адам екен. Шоқ ағашқа жеткізбей бәрін соғып тастайды. Сонда Тұнақ риза болып үйіне шақырғанда Бежу:
-Саған сегіз ит соқтым деп үйіңе барам ба, өзің жинап ал, — деп жүріп кеткен екен.
Бежу жайлы қысқаша:
Бежу (Бекжан) Итемгенұлы – Арғын-Бәсентиін руыныңАқтілес тармағынан шыққан, аттың сынын жете танып, өз өмірінде аузымен құс тістеген жүйріктері Алқакөл болысының намысын талай аламан бәйгелерде қорғап, аталы елдің атағын шығарып батасын алған, елге сөзі өткен би болған адам.
Бежудің арғы тегін Қимадиден Нығыманұлы былай таратады. Бұл шежіре тармағын Бежудің немересі Сәбит Нұрпейісұлынан 1961 жылы 28 ақпанда жазып алған екен.
Сонымен, Арғыннан: Бәсентиін, Бәсентиіннен: Ақтілес тарайды. Ақтілестен: Жауғаш, Биғаш, Жауғабар. Жауғабардан: Өріс, Мәмек. Мәмектен: Бабақ. Бабақтан: Есен, Қамбай, Байназар. Соның Байназарынан: Сүйіндік, Қылыш, Балта.
Сүйіндіктен: Итемген (Итеңмен деп те атайды), Құттықадам, Дат.
Итемгеннен: Бекжан (Бежу), Тоғжан деген екі ұл тарайды.
Бекжаннан: Құдайберген, Тәжік, Нұрпейіс, Нұржігіт, Кеңесбай.
Құттықадамнан Жақсыбай абыз тараса, жастай аттан құлап мерт болған Даттан қалған жалғыз тұяқ Шеге. Бежу Жақсыбай абыздың немере ағасы болып келеді.
Белгілі өлкетанушы Тілеке Жеңіс «Шежіре, Ертіс-Баянаула өңірі» атты кітабында Бежу шамамен 1800 жылы туып, 1860 жылы қайтыс болған деп көрсетеді. Ал атбегінің өміріне қалам тербеген Қимадиден Нығыманов Бежудің туған жылын ел ақсақалдарының аузындағы мысалдармен пысықтайды. Яғни ел аузында Бежу Итемгенұлы мешін жылы туылған деген сөз бар. Сонымен қатар Бежудің Құдайберген деген үлкен баласынан туған Оспан атты немересінінің аузынан ол туған жылы атасы қайтыс болғанын, Бежудің басындағы құлпытаста 63 жасында ит жылы қайтыс болған деген жазу бар екендігін жазып алған. Ал Оспан 1850 жылы туған. Соған қарағанда Бежу Итемгенұлы 1788 жылдар шамасында туып, 1951 жылдары дүниеден озуы бек мүмкін. Нақтылап алатын қия бастырмас тарихи құжаттар болмағандықтан әйгілі бидің, атбегінің туған және о дүниелік болған жылын дөп басып айту да қиын.
Қолжазбадан дайындаған Бейбіт БӨЖЕН,
argymaq.kz (жалғасы бар)