Бәйгедегі ысырапшылдық: Сарапшы не дейді, атбегі не дейді?

3757

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ірілі-ұсақты бәйгелер ұйымдастырылып келеді. Бірақ бәйгенің мән-маңызына шынайы үңіліп жатқан адам аз.

Қазақ тарихында «Ботай мәдениеті» деп аталатын ескерткіш бар. Ол жылқының алғаш қазіргі біз өмір сүріп жатқан далада қолға үйретілгенін дәлелдейді. Уақыты энеолит дәуіріне, демек мыс-тас ғасырына жатады. Орналасқан жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының маңы. Аталған мәдениет Еуразиядағы сақ-сармат, қаңлы, түркі-қыпшақ секілді далалық мәдениеттер арқылы дамып отырған. Мұны қалай бағамдасақ та, бұл Қазақстанның жылқыны алғаш қолға үйреткен һәм атбегілік өнердің негізін қалаған ел ретінде әлемдік мәдениетте тарихи тұрғыдан ойып тұрып орын алатынын білдіреді. Сонау ежелгі дәуірден бастап, адамның айырылмас досы, қиын сәттерде қасынан табыла білген жәрдемшісі, ауырған кезде шипасы, жесе азығы болған жылқының – жалпы әлем үшін және оның ішінде қазақ үшін маңызы зор десем, артық айтқандық емес.

Сол Ботай мәдениетін ашқан ғалым, «Ботай» кітабының авторы Виктор Зайберт бір пікірінде «жылқы – жаңа коммуникацияның бастауы» екенін айтады. Ал мұны сол кезде ғұмыр кешкен біздің бабаларымыз жақсы білген болуы да мүмкін. Кім не десе де, жылқы қазіргі өркениетті көштің негізін қалады. Ол арқылы адамзаттың әрісі шалбар киді, арбасына арнап тегершік жасады, берісі көліктің күшін атпен өлшеді, қымызын медицинада кеңінен қолданды. Қайткен күнде де жылқының бүгінгі адам үшін тигізген пайдасы зор болды.

Ал сол тарихи тізбектің заңды жалғасы болса керек, біздің жұрт, біздің ел ат спортына көңіл бөліп, республикалық деңгейде бірнеше дүбірлі дода, үлкен бәйгелер ұйымдастырылып келеді. Бірақ бәйгенің негізгі мәні мен мағынасы хақында көпшілік терең біледі деу қиын-ақ.

Бекен Қайратұлы

Бұл туралы «Қазақтың атбегілік өнері» кітабының авторы Бекен Қайратұлының пайымы бөлек.

Бәйге – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі ұлттық құндылығы. Жалпы бәйге – ұлттық бәсеке. Өйткені жүйрік ат шыққан жердің абыройы артады. Демек жүйрік ат дегеніміз – көшпелі қауымның, елдің беделін көтеретін ұғым, түсінік және символ. Жүйрік атты табу, баптау деген секілді ғылыми негіздер қазақта ежелден қалыптасқан. Соның ішінде екі нәрсе бар. Ат сыншысы деген бар да, атбегі деген бар. Жалпы қазақ – жылқытану ілімін өте ерте кезде игерген халық. Сондықтан қазақ халқының жылқыны игеру барысында, пайдалану барысында будандастыру, тұқым алу, тек алу деген сияқты атты сапаландыру әрекеті көп болған. Жылқының ішінде бәрі бірдей емес. Мысалы, соғымға соятын, мал баққанда мінетін және жауынгер жылқылар болады. Ал жүйрік ат – бөлек. Жүйрік атты «керемет» дейміз, «ғажап тұлпар» дейміз, бірақ оның қиын түгі жоқ. Ол – тек қана шабатын жылқы. Жылдамдыққа жүгіретін жарыстарда спортшының аяғы бота тірсек келеді ғой. Мысалы, Кенияның жүйріктері. Сол сияқты олар да. Қауқары да жоқ, түк те жоқ, сайысқа да келмейді. Ал адамның сыншысы оны сынайды. Сынның да өз методологиясы бар. Қубас дейді, тұрқына, дене бітіміне қарап, баға береді, сағағындағы ойықты қолмен ұстап көрсең, баланың басы сыйғандай екен дейді. Немесе қалбағай шығыпты дейді. Немесе алды-арты тең екен дейді. Оның сыртында мына қазақ жылқысының генеологиясын сапаландыру тұрғысынан жұмыс істеген адамдар бар. Әсіресе Ордада Жәңгірхан жылқының тұқымын сапаландыру үшін «жабының шоқысы» деген жаңалық ойлап тапқан – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі таңда «бәйге» дегеніміз өмір сүрудің коммерциялық жобасына айналып кеткенін айтады. Әрі еліміздегі ірі-ірі бәйгелерге ұрғашы жылқының қатысуын «үлкен қасірет» деп есептейді екен.

«Байтал шауып, бәйге алмас» деген сөз бар қазақта. Байтал дегеніміз – ұрғашы жылқы. Бұны ешқашан қазақ бәйгеге қоспайтын. Ол ұрғашы жылқы, құлындайды. Былайша айтқанда, өсімі көп пайдаланатын нәрсені бәйгеге қоспаған. Ал байтал қосқан адам, байтал қосқан ел, байтал қосқан жұрт ұятқа қалады. «Байтал бәйге бермейді» деп алып тастайды. Ал қазір қазақ даласындағы барлық жүйрік – байтал, ұрғашы жылқы. Міне, қасірет, тек, таным қайда жатыр? Қазір жылқыны баптамайды да, сынамайды да, тек қана генеологиясына қарайды. Ал «мынаның әкесі – ағылшын жылқы», «атасы – араб жылқы», т.б. деген сияқты допингпен жаратады да, 2-3 айналдырады, 4-5 жылқы алады, 4-5 көлік ұтады да, сосын қалады. Болды, қазіргі жылқының жағдайы – осы – дейді Бекен Қайратұлы.

Оған қоса ол елімізде өтетін үлкен бәйгелердің алдында жүрген «ақауыздар» «осы бәйгеде мынаның аты келсін» деп мәселені шешіп тастайтынын айтады. Сонымен бірге, қазіргі бәйге «бәйге» сияқты сипаты болғанымен, этникалық, ұлттық, байырғы танымдық еш сипаты қалмағанын сөз етеді.

Жылқытанушы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабының авторы Бекен Қайратұлы бізге айтқан пікірінде бәйгелерде болатын ысырапшылдық туралы да сөз қозғады.

Біздегі бәйгелерде ысырапшылдық бар. Сосын «мен машина тігемін, ал ол оны ұтып алады» деген сияқты келісім де бар. Ең өкініштісі: бәйгеге қатысып жүрген бірде-бір қазақы жылқы жоқ. Бәрі – будан жылқылар. Сондықтан жарыс та қазақы жарыс емес. Отарлық саясат кезінде қазақтың жылқысына да жүрген ғой. Сөйтіп танымсыз, белгісіз жылқыларды қойып қойған. Былай қарасаң, сұлу, оқыранып тұрады, дене тұрқы қалай деп таңғаласың. Бір жағынан, еуропалық кейіптегі, бірақ танымы қазақ емес жылқылар. Сосын мына батырлар жыры, ғашықтық дастандар, хикаялық дастандар деген дастандардың жүлгесі бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы 100 том «Бабалар сөзі» деп еңбек шығарды. Сондағы батырлық дастандардың өзі – 20 том. Осы 20 томда жылқының дастаны болды. Дәлірек айтсақ, батыр мен жылқы дастаны. Сондағы аттардың сипаты керемет қой. «Қоңырбайдың Күреңі», «мынадай батырдың Көкаласы келе жатыр» дейді. Сол кезде енді сыншылар бәйгеге түседі. Олар атты жақсылап сынайды, кімнің аты не себепті бірінші келетініне дейін, талдап айтып береді. Мысалы, Сағынайдың асында сыншы не дейді? Бәрі Құлагердің нағыз жүйрік екеніне сенбей, арық екенін, дене бітімі жүйрік атқа келмейді ғой. Бірақ танымы тереңі сыншы: «шын жүйрік мүсін жасырып тұрады, білдірмейді, шапқан кезде құлпырып кетеді» деп жауап береді – дейді сарапшы.

Міне, қазақтың атбегілік өнерін жетік білетін маман сөзі – осылай. Десе де осы саламен өз күнін көріп, бәйгеге ат қосу арқылы отбасын асырап жүрген атбегілер де бар. Соның бірі – батысқазақстандық атбегі Құбайдолла Биғазиев. Ол қазақтың төл кәсібі атбегілік өнермен біраз жылдан бері айналысып келеді. Бірнеше бәйгеге өз атын қосу арқылы автокөлік ұтып, қомақты қаржыға ие болып жүр. Сондықтан да қазіргі бәйгелерде әділдік бар ма, ат баптаудың азабы қандай және тағы да басқа сауалдарға жауап алу үшін БҚО-ның тумасы, атбегі Құбайдолла Биғазиевпен тілдесіп, бүгінгі қордаланған мәселенің ақ-қарасын анықтадық.

— Құбайдолла мырза, қалай ойлайсыз, қазір елімізде бәйге қалай ұйымдастырылады? Ысырапшылдық бар ма?

— Қазір бәйге елімізде өте көп ұйымдастырылады. Мен де жиі қатысамын. Бәйгенің мақсаты – келешек ұрпақты ұлттық құндылыққа баулу, қазақылықты насихаттау деп білемін. Сондықтан шығар, айналамнан атқа қызығатын, оны бағуды кәсіп қылған жастарды көп көремін. Ал ысырапшылдыққа қатысты әркімнің көзқарасы әр түрлі деп ойлаймын. Себебі бәйгенің қалай ұйымдастырылатыны тікелей ұйымдастырушыға байланысты.

— Биыл қандай бәйгелерде жүлделі болдыңыз?

— Биыл мына Батыс Қазақстан облысында маусымашар бәйге болды. Яғни бұған Орал, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстаудан атбегілер келіп, қатысты. Мұнда біз Аламан бәйгеде жеңімпаз атандық. Ал Атырауда өткен жарыста қысқа қашықтыққа арналған бәйгеде ұттық. Одан кейін елімізде қолтумаларға арнап, бәйге ұйымдастырылады. Ол жерде де жүлдегер атанып келемін.

— Ат баптаудың азабы қандай? Шығыны қанша?

— Аттың дайындығына келер болсақ, ол – өте ауқымды шаруа. Көбіне күнделікті жем-шөбін береміз. Дәрумендер де міндетті түрде беріледі. Сәбіз бен алма береміз. Шығынсыз ештеңе болмайтыны анық. Бір аттың шығынына шамамен айына 80-100 мыңдай қаржы кетеді. Әрине, еш нәрсе оңай келмейді. Аттың бабын келтіру – әсіресе ең қиын дүние. Атты баптау үшін не керек? Менің ойымша, атты баптау үшін онымен сырласуды, дос болуды меңгерген жөн. Бір сөзбен айтқанда, аттың психологы болуың керек. Мысалы, оның бүгін жаттығу жасауға зауқы соқпай тұрса, қинаудың қажеті жоқ. Аттың өзі көңіл-күйіне қарап, жаттығуға сұранып тұрады. Әбден бапталып, дайын болған кезде міндетті түрде белгі береді. Жүні жалтырап, қабырғасы ашылып, ойнақшып, көзі жанып тұрады. Міне, сол кезде бәйгеге қоса бастаймыз.

— Тағы қандай қиындықтар болуы мүмкін?

— Атты үйретіп, баптау кезінде атбегінің қиындыққа тап болатын кезі аз емес. Мысалы, ағылшын аттары көбіне адамға бейім келеді. Ал қазақы аттар олай емес. Одан бөлек кез келген үйретілмеген, асау атты басында сипалап, үйретіп аламыз, қолға жуасытып, қант беріп, жақын тартамыз. Аздап жуасыған соң, шағын көрпеше салып, жетектейміз. Үстіне шабандозды мінгізіп, бұрылуды, жүруді үйретеміз.

— Ал бәйгенің әділ өтпейтініне күмән келтіретіндер бар. Оған не дейсіз?

— Басқа облыстарды білмеймін. Бірақ біздің облыста әділетсіздік бар деп айта алмаймын. Қазір БҚО-да да Ұлттық спорт федерациясының филиалы бар. Ол жерде құрылғалы бері тәртіп орнап келеді. Ережеге сай, шабармандар бір-бірін балағаттап сөйлеуіне, бір-бірін қамшымен ұруына, өзге қарсыластарының алдын кес-кестеп жүруіне, төрешінің белгі беруінен бұрын бәйгені бастап кетуіне қатаң тыйым салынады. Яғни шартты бұзған, шабандоз өз атымен бірге жарыс жолынан қуылады. Кейде бақ, кейде бап шабатыны да жасырын емес.

— Қазақы аттар жарыс жүлдесінен жиі бой көрсетіп тұра ма?

— Қазір бәйгеге қазақы аттар көп қатысады деп айтпас ем. Көбіне ағылшын, ағылшын-араб, араб жылқылары қатысады. Ал көп жағдайда бәйгенің басын бермейтін аттар – ағылшын жылқысы. Бізде атбегілер жылқыны таңдар кезде негізінен 7 атасына, қанына баса мән береді. Өз арамызда бұларды «қанды жылқылар» дейміз. Себебі бұлардың қаны мықты. Сосын аттың сүйегіне қараймыз. Ат қабырғалы, жалпақ сауырынды, тірсекті, қамыс құлақты, бөкен қабақты, белі қысқалау болғаны жөн. Ондай аттар жүйрік келеді.

— Қазақы аттардың бәйгеге көп қосыла бермейтініне қынжылатын сәттеріңіз болмай ма?

— Заманына қарай адамы деген бар. Қазақы аттар дегеніміз – жабы. Ал қазақта «жабы мініп, жауға шап» деген аталы сөз бар. Сондықтан қазақы аттардың бәйгеге көп қатыса бермейтініне қынжылудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі ол оған жаратылмаса, басқа амал жоқ.

— Тұлпарыңыздың бабы қалай?

— Бабы ылғи уақытылы жасалады. Таңғы 6-да тамағын берсек, түске қарай жаттығу алаңына барады. Бірақ ол да өзгеріп отыруы мүмкін. Бәрін аттың қас-қабағына қарап жасаймыз. Ең кемі: 6 не 8-9 км қашықтыққа шапқызып, жеңілдетіп аламыз. Ал 15-20 км-ге шапқызған кезде, үш рет тер аламыз. Нағыз ащы тер шыққанда, оны бәйгеге шығуға дайын деуге болады.

— Ат спортын мемлекеттік деңгейде қолдаған дұрыс па?

— Әрине, ат спортын қолдаған жөн. Ұлттық спорт – ұлттың жаны. Өз басым осы саламен, осы кәсіппен отбасымды асырап отырмын. Биыл қателеспесем, 4-рет облысымызда Жайық жүйрігі бәйгесі өткелі отыр. Ондай дүбірлі додалардың үзілмей, жалғасын тапқанын қалаймын.

— Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге көп рақмет!

— Сізге де!

Р.S. Иә, шынымен қазір ат спорты саласында қордаланған өзекті мәселе көп. Бірі оның құлдырап бара жатқанын айтса, бірі сол кемдікті жою үшін көбірек қаржы бөлінгенін қалайды. Десе де сын түзелмей, мін түзелмейді. «Қазақ» десе «жылқы» елестейтін халық үшін глобалдану дәуірінде өзінің ұлттық бірегейлігін, тарихи һәм мәдени жадын сақтап қалу маңызды. Себебі жылқы – пікір барысында сарапшымыз айтқандай, тек жануар ғана емес, ұлттық код, символ және ең бастысы ұлттық болмыс еді. Ал жалпы жылқыға қатысты спорт түрлерін қолдау, соның ішінде бәйгені кеңінен насихаттау, дәріптеу – сіз бен біздің, сосын Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Ат спорты федерациясының құзырындағы іс.

Алтынбек Мерсадық,

Айқын.кз

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.