Тұлпартанушы Тоқтабай
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті этнолог-ғалым Ахмет Тоқтабай Экономикалық ынтымақтастық одағының (СЭС) Ташкент саммитінің қорытындысы бойынша тарих, мәдениет, әдебиет және бейнелеу өнері саласындағы Халықаралық сыйлығының жеңімпазы деп танылып, Алтын медалімен және дипломымен марапатталды.
Қомақты жүлдесі қоса берілді. Марапат ғалымға еліміздің Сыртқы істер министрлігінде табыс етілді.
Құтты болсын!
Мен осы Ахметті сонау жетпісінші жылдардың аяғында Алматының «Горный гигант» ауданында кісі үйінде пәтерде көрші тұрған кезден білемін. Сол кездің өзінде ол жылқы тарихын зерттеп жүретін.
Бұл күнде Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы», «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті», «Қазақ тазысы», «Түркі халықтарының этномәдениеті», «Түрік халықтарының этнографиясы», «Төрт түліктің қасиеті», «Конный мир казахов», т.б. қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шыққан аса құнды кітаптарымен және әр жылдарда мерзімді басылымдарда жарық көрген «Төле бидің Ташкентте жерленгені шын ба? (Төле би кесенесі туралы зерттеу)», «Барымта — батырлық мектебі», «Жылқының қазақтың әдеттік құқығындағы орны мен ролі», «Ғұндардың атты әскері және ұрыс жүргізу тактикасы», «Барымтадан — батыршылдық дәстүрге», «Ер-тұрман (қазақ ер жабдықтарының атаулары, түрлері, аймақтық ерекшеліктері, жасалу технологиясы мәселелері», «Ғұндардың атты қосындары», «Қазақ хандығының тұсында 4-5 миллион жылқы болған», «Әйтеке би өмірінің соңғы жылдарында Нұратаның бегі болған», «Көкебелден шыққан генерал», «Еленбай келген еңбек», «Қазақтың тұңғыш сәулетшісі (сәулетші Баязит Сәтбаев туралы)», «Қазақ дәстүріндегі адамдарға жанама (лақап) ат қою мәні», т.б. көптеген зерттеу мақалалардың авторы ретінде танымал.
Семей өңіріндегі Қалбатауда жатқан Ер Жәнібек батырдың қабірін нақтылап, тарихи дерекке айналдырғаны тағы бар.
Тарихшы ғалым А.Тоқтабай, сондай-ақ, 300 ден аса ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, оқу құралдары мен монографиялардың авторы. Көптеген еңбектері АҚШ, Германия, Италия, Англия, Ресей, Түркие, Қытай елдерінде жарияланған. Мамандығы бойынша бірқатар археологиялық қазбаларға қатысқан.
Қазақ тарих және этнология ғылымына осыншама ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп, ортаймас олжа салып, әр туындысымен қазақтың рухани қазынасын еселеп толтырып жүрген және қарапайымдығы сондай, ешқашан өз еңбегін бұлдап көрмеген Ахмет досым 70 жасқа келгенде халықаралық сыйлық алғанына шын жүректен қуанғанның бірі менмін. Және бұл жаңалық туралы маған өзі айтқан жоқ, көлденеңнен кездейсоқ естіп, құттықтадым.
Халықаралық қауымдастық танып, бағалап, жеңімпаз деп сыйлық беріп жатқан осындай мықты ғалымды осыншама маңызды, іргелі еңбектері үшін өз елінің, қазақ Үкіметінің ескермеуі, тым болмаса 70-ке толып жатқанда бір алғыс қатырма қағазы мен қаңылтыр төсбелгісін қимағаны қалай? Бірақ сол шын ғалымға керек пе екен?
Жыл басында Ахмет Тоқтабайдың бір-екі керемет кітабын сәлемдеме ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бауырымызға автордың қолтаңбасымен табыс етіп едім, қуана қабылдаған болатын. Оның көрнекті ғалымды мерейтойымен құттықтауына риза болып, місе тұттық. Оған да шүкір.
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Argymaq.kz