Ат сыншысы Мінайхан Тотайұлы

2407

2022 жылы жарияланған бұл мақалада атбегілік өнерге, бапкерлікке, жылқы тануға қатысты ерекше құнды мәліметтер берілген. Ахмет Байтұрсынұлы әлібиімен жазылған мақаланы крилшеге түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Мақала өте көлемді болғандықтан, бірнеше бөлікке бөлініп берілді.

Argymaq.kz

Өнер көбінде қос қолға дариды. Ал жалғанда жұмыр басты пенденің қолына емес, қарашығына даритын өнер бола ма?

Бұл сауалға жөпелдемеде не деп жауап береріңізді білмей дағдарып қалуыңыз мүмкін. Бұған қос қолға ғана емес, қос қарашыққа да даритын ерекше киелі өнер бар деп кесетіп айта аламыз. Ол – қыл құйырықтың қылпынан жүйрік-шабандығын айыратын қыран жанарлы сыншысының сыншылық өнері болмақ. Ондай болса, бүгінгі таңда, жұрт жаппай таныған қандай сыншымыз бар? Сыншылық өнеріміздің деңгейі қандай? Дүние таныған қандай тұлпарымыз болған?

Мінайхан сыншы

Шіңгіл ауданы Сарытоғай ауылында Мінайхан Тотайұлы деген жасы жетпістен асқан ақсақал бар. Ол Өр Алтайдағы алыс-жуыққа даңқы шыққан, сәйгүлікті бір көргеннен жазбай танитын ат сыншысы және ат бапкері. Ол ұшқыр аттың маңдайын бәйгеден жарқыратушы, сыншылық өнері айырықша дарыған ерекше жарық жұлдыз, сыншылардың тұлғалы алыбы.

Оның өз кезінде Қамбар атаның дөңгелек тұяқты қылқұйрықтарының ішінен таңғажайыптарын, ерекше өзгешелерін жазбай танып, аңызға айналған жүйрік тану хикаяттары ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жайылып кеткен еді.

Шынында, аламан жарысқа керекті жүзден озатын жүйрікті, мыңды шаң қаптыратын тұлпар-дүлдүлді тану, таңдау, баптау осы заманғы спорттық ат ойындарындағы ең озық өнер. Бағымызға жарай, бұл өнер – ұлтымыздың төл өнері. Әлмисақтан бері ат құлағында ойнап өскен ұлтымызда тұлпар мен дүлдүлді, жүйрік пен жорғаны құлын-тай кезінде мүшесінен, қылаяғы енесінің ішінен-ақ дөп басып, жазбай танитын жылқы мамандарының сыншылық, атбегілік өнері аңыз-ертегі болып кеңінен тарған. Осындай сыншы, атбегілерін ертеде халық ішіндегі қаракөктің тұқымдары құрметтеп, ардақтап, жандарынан тастамай ертіп жүрген. Ал бүгінгі таңда сахара төсінде жөңкілген сан мыңдаған жылқының ішінен ұшқыр шабысты сәйгүлікті жазбай танитын сыншы, бапкерлердің ұрқы үзілмеді. Мінайхан Тотайұлы болса, ұлтымыздың ат сыншылық киелі өнерді қос қарашығына дарытқан айтулы ата-баба мұрагері. Ат сыны өнері білімін жинақтаушысы, молықтырушысы және ат сыншылық өнеріне көрнекті үлес қосқан жылқы маманы.

Мінайхан Тотайұлы 1951 жылы 15 наурызда дүниеге келген. Биыл 71 жаста. 1972 жылы қызметке қатынасқан. Университет бітірген. 10 жыл оқытушы, 28 жыл мектеп меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің бастығы міндетін өтеген.

Ол – ел-жұрт жаппай таныған сыншы. 1980-1990 жылдардағы қалың бәйге кезінде оның үйінің маңын кежімдеген, үкілеген ат басып қалатын. Ол жиналған төрт қаракөз алдында сәйгүлік аттардың кежімін алдырып, арлы-берлі жетектетіп, тезегін байқап: «Бүгін пәленнің аты бабында екен, ал сенің атың сәл ашығып қалыпты, сенің атың сәл тоқтау екен» — деп дәл бағасын айтып жүреді. Оның айтқаны айна-қатесіз аумай келіп, қайсы атқа көңілі толса, сол ат көмбеден бірінші болып келіп, жаппай жұрт ықыласына бөленген сыншыға айналады.

Алғашқы қадам

Тұңғыш рет тұтқиылдан тайынан таныған арғымаққа жолығуының ұзын-ырғасы мынадай еді: 1975 жылдың маусымы. Күн күркіреп, ат тойынып, қара ніл болған көктемнің соңы, жаздың басы еді. Мінайхан Тотайұлы Шіңгіл ауданы Сарытоғай ауылының көктеулігі Секпілтай деген жерде отыратын. Ауа райы жанға жайлы, айнала жасыл желек жамылып, алуан түрлі гүлдер құлпыра шешек атып, хош иісін аңқытады. Ол кезде көшпелі мектеп тас-тастың түбін паналап, далада бала оқытатын. Сондай бір күні бала оқытып отырғанда жанындағы суға өрістен дүркіреп 17-18 тай келіп түседі. Мінайхан пәлендей мән бере қоймаған, тайларға бір қарағаннан алдағы қолына қонатын арғымақ осы оқиғадан басталатынын ойламаған. Алдымен суға түскен өлі жүні түспеген кішкене қотыр кер тай болады. Қылқұйрықтың қыбыр еткенін қалт жібермей қарайтын Мінайхан Тотайұлы қотыр кер тайға қарап, сұмдық қайран қалады. Тай арғымаққа тән бірнеше мінезін байқатады. Қотыр кер тай бастаудың аяғында созылған бұлақ суын өрге қарай сүзіп ішіп, шамасы 50 метр жерге барғанда басын судан бір-ақ көтереді. Басқа тайлар бір ішіп, бір қойып жүріп судан олар да шығады. Судан шыға сала бірнеше тай құмдауыт жұмсақ құмға барып аунайды. Ал әлгі қотыр кер тай тастақтың үстінде аунайды. Қотыр кер тайдың осы екі қылығы оған қатты әсер етті. Мінайхан іштей: «Су ішкеніне қарай бір татары деген осы болар, тастаққа аунағанына қарай, құлан тастаққа аунайды деуші еді ғой» деген ойды көңілінің түкпіріне түйіп қойды. Көп өтпей көз қиығымен тайларды ұзатып салады.

Қотыр кер тайға аңсары әбден ауады. Әлденеше күн сандалып, қотыр кер тайдың жайын білейін деп төңіректен суыртпақтап сыр тартса, өздерінің отряд бастығының орынбасарының ат бағып жүрген атшысының қосып бағып жүрген тайы екен. Не болса да осы қотыр тайды сұрап алсам деген ойға бекінеді. Сонымен сәлем-сауқатын молынан алып, отряд бастығының орынбасарының үйіне барады. Бұйымтайын сұраған кезде пәленше тай демей: «Бір тайды бұрыштап берсеңіз, баптап ат етіп мінейін» — деп өтінеді. Ол табанда қағаз, қалам сұрап алып жылқышыға: «Мына Мінайханға бір тай беріңіз» — деп қағаз бұрыштап береді.

Өзін зарықтырған, сандалтып, сарсаңға салған қотыр кер тайды қолына түсіріп, жақсылап бағып, баптайды. Зар күйіне келтіреді. Оған ешқандай атты теңгермейді. Кейін осы тай ас пен тойда бәйгеде алдына ат салмады. Шынын айтқанда, ол кездері жер-жерде бәйге де көп болмайтын. Ал бәйге бола қалса, қотыр кер тай көмбеден маңдайы жарқырап келетін. Бұл кер тай оның қолында 11 жыл тұрып, маңдайын шаң шалмай, бәйгені бермей, оның мерейін өсірді. 1986 жылы мертігіп, келесі жылы соғымға сойылады. Қайран жануар құландай жүйрік еді. Онымен қарақұйрықты да соғатын. 1986 жылға дейін бір түйе, екі ат, бір бие бәйге алды.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.