Мінайхан Тотайұлының жүйрікті тану қасиеті

1716

(Жалғасы. Басы мына жерде)

1984 жылғы қазан. Егін орағы енді аяқтала бастаған кез еді. Сарытоғайда, ауылдық тұрған жерде қыз ұзату тойы болады. Мінайхан Тотайұлы әлдеқашан сыншы ретінде жұрт аузына ілінген болатын.

Осы тойда үкілеген жүйріктер кермеге тізіліп байланды. Мінайхан әдетінше кермедегі аттарды айналып көріп, көңіліне онша толмайды. Осылайша аттарды аралап жүргенде Құрышқарын деген топтықтың ешкісін бағатын Шаймардан Матайбайұлы деген азамат келіп, аттан түсіп, сәлемдеседі. Мінайхан оның мініп келген атына көзі түсіп, қапысыз таниды да, жалма-жан: «Әй, бауыр, мына атты бәйгеге қосайын, ерін ал» — дейді. Ол қайтерін білмей, дағдарып: «Қойыңыз, аға, мынау жүйрік ат емес, ешкі қайырып, мініп отырған бір шабан ат, бұл ат шаба ма? Бәйгеге қосамын деп байлап та көрмедім, қайтіп шабады?» — деп сенер-сенбесін білмейді. Мінайхан оған: «Жоқ, бауыр, бұл атты қазір ерін алып, бәйгеге қосамын» — деп, қояр да қоймай ерін алғызып, бір баланы дүкенге жұмсап, 20 ш/см ақ кездеме алдырып, құйрығын ортасынан бір, кекілін бір буып, бесінші класс оқитын бір балаға мінгізіп қоя береді. Сол күні 30 шақырым аламан бәйгеге қосқан әлгі ат бірінші болып келіп, бір бие бәйге алады. Бұл ат кейін осы төңіректегі бәйге тойларды үзбей қара үзіп келіп, атты да, түйені де алып жүрді.

1985 жылы Сарытоғайда мектептің бір мұғалімі баласын сүндеттеп той жасап, ат шаптырады. Мінайхан Тотайұлымен бірге істейтін Қабдолла деген мұғалім торы дөнен мініп тойға келеді. Ол кезде ат сыншының аса қадірлі кезі, аудан болып алақанына салып, басына көтеретін. Мінайхан Тотайұлы әдетінше кермедегі үкілеген жүйріктерді аралап шығады. Жақсы аттар бар екен. Бірақ көңілі әлгі торы дөненге ауа береді. Қабдолла өзімен бірге істеген қызметтес болғандықтан оған: «Жә, Қаба, мына торы дөненді бәйгеге қосайын деп тұрмын. Бүгін маған бере тұршы» — дейді. Ол: «Сенің сыншы екеніңді білемін, бірақ бұл пішпе еді, жұп жасы, төрт жасында бәйгеге қоспаңдар деуші едің ғой, оның үстінде бұл байланған да жоқ. Мәтқапыл жағдайда қалай болады?» — дейді. Мінайхан оған: «Бұл ат бүгін бабында екен, қоя бер» — деп атты қоймай алып, той жасаған үйден 30 см ақ кездеме алып, құйрық-жалын сүзіп, төртінші класс оқитын балаға мінгізіп, 30 шақырымдық аламан бәйгеге шапқан 70 атпен қосып қоябереді. Екінші болып, бір құнан алады. Бұл ат үшқарауылы тең жүйріктің дәл өзі еді. Киік аяқ, ұзын, сидам, үшқарауыл, жаясы, шоқтығы бірдей, ой желке, төбесі шығыңқы, жайлы, төбе жүні селдір, тазғыр, жалпы жүнді тұлғасы киік жүнді, сүйегі жұқа, желтабан, алдыңғы аяғының сіңірі жұмыр, қол-аяғы ұзын, талма аяқтау керемет дөнен еді. Бәйгеде шапқанда желдей есетін.

2009 жылы қазан. Құс қайтар қоңыр күз келіп, аспан астында тырналар керуені жіпке тізген моншақтай тыраулап өткен кез еді. Шіңгіл ауданының кезекті ақындар айтысы Сарытоғай ауылында өткізілетін болды. Ауыл басшылары тойға соятын ат тауып бер деген соң Қайшы деген жерде жатқан жылқымды берейін деп Мінайхан баласын ертіп жылқы ұстауға барады. Күздің соңы болғанымен күн қабағат ыстық еді. Ат ұстап болдырады, сонымен ат шалдырып, шайға отырады. Дәл сол кезде Бәйтік жақтан ат жетектеген бір адам келіп, мінген атын тұсап, жетек атты мойнына байлап қойып, сәлемдесіп, шайға отарды. Жөн сұраса шынын айтпай, таныстық бермейді: «Арал ауылынан боламын, Ебіден келемін, мынау ат осы Ебіні мекендеген ат еді, қашып кеткен. Хабарын естіп, ұстап алдым» — дейді. Мінайхан Тотайұлы жолаушының жетегіндегі атына қарап қалғанын өзі де аңғармай қалады. Өз қылығына ыңғайсызданып, орнынан тұрып, атты бір айналып келеді де: «Азамат, мына ат жер көксеп, қарсы жаққа шыққандай ат екен. Ерен жүйріктің дәл өзі ғой» — дейді. Жолаушы: «Мынадай ат жүйрік бола ма?» — деп, сыр бермей тұрып алады. Мінайхан: «Жүйрік болғанда қандай, атың ноқтасымен болса адам сүйрейтін ат екен. Бұл – бір міні, екінші – атың қызғаншақ ат екен, алдына ат түссе шаппай қояды. Бұл – екінші міні. Үшінші – атың ерекше тоғын сүйіп шабатын ат екен» — дегенде Мінайханның өткір байқампаздық танытқандығына іштей қайран қалған жолаушы орнынан ыршып түрегеліп, кешірім сұрап, шытжаңа амандасады. Ол: «Неткен көріпкелсіз! Дәл қолмен қойып қойғандай айттыңыз!» — дейді де: «Кешіріңіз, Бәйтіктен келемін. Атым – Кәлім, мал шипагері боламын. Атым ерен жүйрік ат. Шонжы мен Бәйтіктен алдына ат түспеген, сіз айтқан екі міні, бір бабы дәл сондай еді. Сарытоғайда аудандық ақындар айтысы болады, ат шабады деген соң соған келе жатқан едім, қандай әулие едіңіз?!» — деп Мінайханға ілесіп, үйіне екі күн қонады. Екі күн өткен соң бәйге болады. Мінайхан Тотайұлы Кәліммен бірге келген жүйріктерді аралап көреді. Ол да ат танитын жігіт екен: «Ал ағасы, осы аттардың ішінде қайсы ат алдымен келеді?» — деп сыр тартады. Сонда аттарды бір шолып шыққан Мінайхан оған анадай жерде кермеде киіктей ырғып тұрған сандалкөк атты нұсқап: «Анау көк ат бүгін сенің атыңа жеткізбес пе екен…» — депті.

Ауылдың 30 шақырым айналып шабатын алаңы бар еді, дәл айтқандай, үш айналғанша алдында үздік шапқан Бәйтіктің аты енді жарым майданда алдына әлгі көк ат түскен соң шегіне берді, шегіне берді. Қара жерді жүнше түткен тұлпар тұяғынан көтерілген шаңнан маңдайын шаң шалмай көк ат қара үзіп, бірінші болып келсе, әлгі Бәйтіктің аты төртінші болып ұсталады. Осы аттың міні осы болған соң иесі де, Мінайхан Тотайұлы да қабағат ғажаптанады.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.